Шығарма: «Ұлтын ұлықтаған ұлтжанды азамат»
Жумалиева Айдана
10 сынып, Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп Отырар ауданы
Жетекшісі: Ноғайбекова А.
Ұлтының жүгін ауырсынбай арқалаған, аумалы төкпелі заманда қазағының сөзін сөйлеп, жанынан табылуы, озбыр саясаттың бүкір пейілін, ішкі арам ниетін көрегендікпен танып, бұқпантайламай өз ойын , өз шындығын халық қамы үшін ашық айтқан Алаш көсемі А.Байтұрсыновтың тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей бермек. 1873 жылы дүние есігін ашқан Шошақтың немересі – Ахмет кеңестік жендеттердің қанды шеңгеліне арандап бақиға аттанғанға дейінгі 64 жылдың саналы ғұмырында өлшеусіз еңбек, ғасырлар бойы зерттелсе де түгесілмейтін мол мұра қалдырды. Азаматтық үні, қайраткерлік өнегесі, пендешіліктен биік тұрған өресі, қаптаған қара ниетті жауларына білімімен, көрегендігімен, алғарлығымен қарсы тұрып, есе жібермей, өркөкірек өзімшілдерге, қазақты қан қақсатуға бел шеше кіріскен ішкі-сыртқы қысымға жүректілікпен жауап беруі А.Байтұрсыновты ұлт батыры деп тануға негіз бола алады. Заман талабы қазақ қамын қарапайым мұғалім – Ахметке ақындықтың, көсемсөздің, ғылымның, қоғамның көшін сүйреуге мәжбүр етті. Оның жан-жақты болмасына лажы жоқ еді. Ғалым А.Байтұрсыновтың әдебиетші ретінде танытатын құнарлы материалдары
қазақ жұртына мәңгілік азық. Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «[[Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де
сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады , себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі . Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды — жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу- ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі — ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды . Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасыАхмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетик. сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек.
Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді . Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б . «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарма психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.
Демек, Ахмет Байтұрсынов – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл. Ахмет Байтұрсыновтың ақын , көсөмсөз шебері , ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі , тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа деген үміт-арманы-баршасы ұлы міндетті орындауға, туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Кеңес империясы кезінде Ахмет Байтұрсынов есімін атаудың өзі қылмыс саналса еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр . Тау сілеміндей мол мұра болып оқырман қолына тие бастады. Баспалар ақын , ғалым зерттеушінің біртомдық, көптомдық шығармаларын басып шығарды. Қазақстан өкіметінің арнаулы қаулысы бойынша республикамыздың әр жерлерінде шаруашылықтарға мектептерге көшелерге және Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл білімі инстутына Ахмет Байтұрсынов есімі берілді.
Сөйтіп, тарихи әділет , шындық салтанат құрды, халқының бостандығы тәуелсіздігі еркіндігі үшін тар заманда жан аямай күрескен ұлы азамат Ахмет Байтұрсынов ұлт күрескерлерінің сапына келіп қосылды.
Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!