Шығарма: Туған жер деп соқса дағы жүрегім
Сопбек Ақбота
11 сынып, № 4 мектеп
Шымкент қаласы
Жетекші: Барболова З. Е.
Туған жерім — Отаным — Қазақстан. Отанымның мен үшін орны әрдайым ерекше. Қазақстан дегенде естір құлақ өзгеше. Тіпті сол сөздің өзі ыстық секілді.
Қанша жерге, қандай жерге барсақ та үйімізді, отбасымызды сағынып тұратынымыз рас. Ия, тіпті сол уақытта жүрегің әлденеге елпілдеп, «туған жер, туған жер» деп дамыл қағып соғатындай көрінеді. Әр адамның туған жері өзіне ыстық көрінеді емес пе? Мен үшін өзімнің Састөбем айдан да, күннен де артық. Қызық, қазірдің өзінде сәл бір жаққа аз ғана уақытқа шықсақ , дереу сағынып, үйге қайтқымыз келеді. Ал кейін оқуға түсіп, уйден, туған жерден жыраққа кетсек не істер екенбіз? Нендей сезімде болар екенбіз?
Туған жерді сағыну — маған кереметтің кереметі сияқты. Алыстан сағынып кеп, ата — анаңды, бауырларыңды құштарлана сүйгенге не жетсін?
Састөбемнің әр тасында, әр төбесінде ашылмай қалған сыр бар сияқты. Тіпті басқа мекеннен келіп, өз жеріме жеткен кезде ауасы да таза, жері де кең сияқты, кең демалып қаламын.
Шыны керек, маған өз жерімнің гүлі де ерекше өсіп шығатындай. Адамдардың жүзі де жылы…Кейде ыстықтап келгенде, анам құдықтан алған суды ішіп, мейірімім қанып қалады. Құмарлана, шөліркей ішемін.
Кейде бала көңіл ғой, есіп тұрған самалмен жарысқым кеп, ат үстіне отыратұғын әдетім де бар.
«Ауылым — алтын бесігім» демекші, өз бесігіңде тербеле ұйықтағанға жетер ғажап бар ма ? Маған өз ауылымның қатты ұнайтын бөлігі — түнгі ауылым. Биік төбеге немесе үй төбесіне шығып ,түнгі ауылды тамашалау — керемет көрініс. Аспандағы жұлдыздардың жымың қағуын , әр үйден көрінген шам жарығын күнде көремін, сонда да әр көрген сайын менде бірінші рет болған сияқты. Үрген ит, пырылдаған мысық, шырылдаған шегіртке, төрт түлік дауысы ,үй маңындағы өзен сылдыры, бір- біріне сыбырласқан ағаштар саған да бірдеңе дейтін сияқты. Кейде түсінгендей боласың.
Ауылымның тынысы — менің де тынысым. Ауылым қалай тыныстаса, мен де солай тыныстаймын. Тіпті елімнің, Отанымның, туған жерімнің киесі тартады — ау?!
Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!