Шығарма: Шарықтап шыңға шыққан Қазақстан

0

Шығарма: Шарықтап шыңға шыққан Қазақстан казакша Шығарма: Шарықтап шыңға шыққан Қазақстан на казахском языке

Садирбекова Мадина
11 сынып, №68 мектеп
Октябрь ауданы, Қарағанды қаласы
Жетекшісі: Әбілғазин С.И

Отан. Атамекен. Атажұрт. Тарих. Бұл қай құлаққа да жағымды естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп,ес жиып,етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды.
Қазақ елі тарғалаң тарихты бастан кешкен батыр халық. Оның батырлығы да, елдігі де бір күндік жеміс емес. Тәуелсіздік жолында сан қилы заманды өткерген Қазақстан-бүгінде үлкен жеңіске жетіп отыр. Еліміз Тәуелсіздік жолында тарғалаң тарихты бастан кешірді. Біз бейбітшілік төріне оңайлықпен шықпағанымыз айтпаса да белгілі. Қазақ- ержүрек те намысшыл халық. Ел басына қиын қыстау күн туғанда ата-бабамыз намыс отын жағып, туған топырағын шырылдап жүріп, ештеңеден тайсалмай қорғағанына өткен тарих та, кешегі сұрапыл заман да күә. Сондықтан да ержүрек ағаларымыз бен апаларымыздың рухын құрметтеу әр қазақ азаматының борышы. Жүрегі «қазағым» деп соғатын, «елім» деп тыныстайтын қазағымның ұландары барына балаша қуанамын. Оларға сенемін де!
Қазақстан-қазақ халқының ата -баба мекені, ежелгі қонысы. Қазақстан-болашағы жарқын ел. Жерімнің көркіне таңырқап , тамсана қарауға ешбір жалықпаймын. Білектің күшімен, найзаның ұшымен қасық қандары қалғанша аянбай күрескен ел жанашырлары да аз емес. Бүгінгі Қазақстан сол халық зиялылыларының, халық батырларының жемісінің айнасы.
Міне, бүгінде еліміз зор табысқа жетіп, жиырма екінші рет көк аспанымыздың төрінде тәуелсіздік әні шырқалды. Қанаты талмас қырандай уақыт ағынымен бірге жылжып, күннен күнге өрлеген — Қазақстан!
Қазағым менің өрлесін,
Жамандық енді көрмесін.
Қызықта қайнап қазаны,
Бақыт құсы төрлесін!
«Ұлтқа құрмет жөргектен» демекші, азат еліміздің асыл ұрпағы да ертеңі де біздерміз! Ертеңгі Қазақстан елінің қабырғасын қалайтын мына сен, келер ұрпақ! Қазақстан-құс ұшса қанаты талатын байтақ мекен. Күн санап елмен бірге жасап келе жатқан бақыт ошағы. Дүние жүзін дүрліктірген үлкен монархия іспеттес.
Арман, тілек айтылады бар сырым,
Өзіңменен ұштасады ғұмырым.
Мен кәдеңе жарап жатсам қазағым,
Тәуелсіздік асқақтаған тұғырым!
Осы күнге дейін жету халқымыз үшін ауыр болғаны сөзсіз. Тәуелсіздіктің мәні мен маңызы еліміздің ілгері жылжуына мол септігін тигізді. Еліміз өз алдына дербес мемлекетке айналды.
Қазақ елі тәуелсіздік күнін бақыт құсына балап, оны сан ғасырлар бойы армандап келді. Сол құс аспанымызда бүгінде қалықтап, қанатын кең жаятынына еш күмәнім жоқ. Себебі «Бірлік түбі-тірлік» демекші, барлығымыз да бір кісідей жұмылсақ, аспайтын асуларымыз, бағындырмайтын қамалдарымыз болмас.
Тәуелсіздік үшін арпалыста намысшыл аға-әпкелеріміздің жүрегіне батыр бабаларымыздың батыр рухы дарып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, көк темір құрсаған мыңдаған әскерлерге қарсы шығып, өр мінез танытып, келешек ұрпақ үшін талай қан майданда жанқиярлықпен күрескенін білеміз. Еркіндікке ұмтылған халық арманын ешкім де өшіре алған жоқ. Ұзақ жылдар бойы халқының еркіндігіне, игілігіне бүкіл күш-жігерін аямай жұмсаған абзал жандарымыздың есімдері қайта оралды.
Тәуелсіздік-халықтың үні, ұлттың тілі мен діні. Тәуелсіздік-халықтың тойы, елдің тойы. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында еркін көсілген Қазақстан- біздің мәңгілік еліміз. Біз шекарамызды шегендеп іргемізді бекіттік. Көршімен тату, алыспен сыйлас, ісі ілгері басқан жасампаз ел бола білдік. Қазақ үшін байлық та, бақ та- ынтымақта ғой. Менің ойымша, ұлтымыздың бірлігі- татулыққа, тұрақтылыққа темірқазық болып тұр. Біздің туған еліміз бейбітшіліктің бесігіне айналғанын барша ел мойындауы тиіс. Мен тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тілімізбен мақтанамын ! Азаттықпен бірге ұлттық рухымыз да асқақтады. Ата дініміз оралып, ана тіліміз төрімізге орнады. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тілдерінің біріне айналып келеді.
« Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау жиырма екі жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді»- деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде бүкіл ел таныды.
Жиырма екі жыл ішінде Қазақстан таңқаларлықтай үлкен жеңіске жетті, беделді мемлекеттердің қатарына ілікті. Не бары жиырма екі жылда еліміз тіл жетпестей көркейіп, бір көруге құштар арманға айналды. Алаштың қазынасы
– Астана болды. Елордамыз күннен күнге биіктен көріне береді. Бұл ешкімнің қолынан келе бермейтін осынау ерлікті жасаған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі.
Елімнің патриоты ретінде бақытты өмірге халықты адастырмай апаратын, жалғыз ғана жарық жұлдызымыз, темірқазығымыз бар — ол біздің тәубе ететін, тәу ететін ұлы Тәуелсіздігіміз деп нық айта аламын. Себебі, Тәуелсіздігіміз жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ беретін кәусар бұлағамыз. Мен кемеңгерлігі мен көрегендігі, бірлігі мен бірегей мақсаткерлігі қатар өрілген мәңгілік елімді, қазақ елімді мақтан тұтамын! Тәуелсіздіктің туын тігіп, оны баянды ету бағыты біздің маңдайымызға жазылды. Қазақ елі мәңгілік елдің іргетасын қалады, мәңгілік елдің мәңгілік жүрегіне айналған Астанамызды тұрғызды. Мәңгілік мызғымас экономика қалыптастырып, өшпес мәңгілік болашаққа жол салды. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің тартуы, азаттығымыздың асыл қазынасы деп білемін.
Елім үшін суға түсіп, отқа күйем,
Тәуелсіздік тәу етер жалғыз кием.
Шарықтап шыңға шыққан елімді,
Қолдасыншы әрқашан Тәңір ием.


Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!