Шығарма: Қазақстанның астанасы – Астана!

0

Шығарма: Қазақстанның астанасы – Астана! казакша Шығарма: Қазақстанның астанасы – Астана! на казахском языке

Тукенова Арайлым
3 курс, Б. Ахметов атындағы колледж

Жер бетіндегі барлық адамның туған жеріне деген ыстық ықыласы мен сезімдерін жинаса ғой… Мүмкін ол шалқар мұхиттай болар ма еді, мүмкін ол асқақ Алатаудай болар ма еді?!
Иә, әр адамға сүйікті Отанынан , туған елінен қымбат ешнәрсе жоқ. Мен де Қазақстанымды адал жүрегіммен сүйемін . «Қазақстан» деген кезде менің ойыма бірден небір тарих сынынан өткен, батыл да батыр, ержүрек, қандай қиындыққа болса да шыдап, төзе білетін рухы берік Қазақ халқы елестейді. Ғасырлар бойы батыр бабаларымыз білектің күшімен , найзаның ұшымен қорғап қалған кең жері – менің мақтанышым. Қазақстан жері ұлан байтақ: ол Алтай тауларынан Каспий теңізіне дейінгі аралықты алып жатыр. Оңтүстігіміз бен шығысымыз биік тау сілемдерімен көмкерілсе, орталық бөлігіміз кең жазираға ұласады. Ал батысымыз Каспий теңізіне барып тірелсе, солтүстігіміз Сібірмен шектесіп тұр. Менің Қазақстаным жер көлемі жағынан Франциядан 5 есе, Жапониядан 17 есе, Италиядан 9 есе, Англияның жер көлемінен 12 есе артық. Бұл – әр қазақ баласы үшін үлкен мақтаныш, баға жетпес байлық. Осындай жер байлығы бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа сақталып, оңайлықпен келмегені аян. Ғасырлар бойы жаумен жұлқыласып, басқыншыға бас имей, езілсе де еңсесі түспей, қиналса да қажыры қайтпай, жер байлығын қорғап қалған батыр бабаларымыздың ерлік істері көкейімізде сайрап жатыр. Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Әйтеке би, қаз дауысты Қазыбек, Төле би үш жүздің басын қосқан Абылай, Райымбек батыр. Айта берсек толып жатқан ұлы да ұмытылмас есімдер тізбектеледі.
1991 жылы еліміз тұңғыш рет егемендік алды, тұңғыш президентін сайлады. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген үлкен жетістіктеріміз ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ел рәміздерінің қабылданып, өз валютамыздың айналысқа енуі. Егеменді елімізді күллі дүние танып үлгерді. Мен осыныңбәрін бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың ерен ерлігінің және елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің жемісі деп білемін. Қазақстанның президенттігіне сайланғаннан кейін Елбасымыз 1992 жылы Ақмолаға келіпті. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып өзенге қарапты. Елбасына қашанда қаланың ортасынан ағып жататын өзен ұнайды екен, өзен қалаға ерекше көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзеннің жағасына
салынған. Санкт-Петербор – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде , Париж – Сенада, Лондон – Телезада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл еуразияның орталығында орналасқан.
1997 жылы 10-желтоқсаннан бастап Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы жарлыққа Қазақстан Республикасының президенті қол қойды. Сонымен Есіл өзені бойынан елбасымыз сызып берген жоба бойынша қала бой көтерді. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретінде ресми тұсаукесері 1998жылы 10 -маусымда өткізілді. Ақмола астана болып дәйекті түрде өзгертіліп, тәуелсіз ел егемен қазақстанның кіндік қаласына айналды. Елорда болып жарияланған жылдан бастап Астана қаласының сәулеті мен дәулеті артқаны сондай, бұл қаланы теңдесі жоқ сұлулық қаласы деп атасақ та болады. Еліміздің елордасы – Астананың тарихи тамыры тереңде. Сарыарқа қазақтары Есіл өзенінің, қазіргі Астана қаласы орналасқан, көшкен ел аттылы-жаяу өте беретін тайыздау тұсын ежелден Қараөткел деп атаған. Ал, Ақмола атауы ХІІІ-ХІV ғасырда осы өңірде тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты туған. Астананың әсем ғимараттары ерекше сәулетімен еріксіз назар аударады. Мұражайлар, ескерткіштер, саябақтарды сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Астана қаласының ажарын ашып, көз тартар ең бір көркем ғимарат «Бәйтерек» деп аталады. Оның ең басындағы алтын түстес жұмыр шар сәулесін шашып, жарқыраған күнге ұқсайды. Осындай ерекше сұлулығы мен мәні бар «Бәйтерек» – астананың рәмізі, бақыт пен құттың белгісіне айналды. . «Бәйтерек» монументінің жалпы биіктігі – 97метр. «Бәйтерек» сөзінің мағынасын энциклопедиядан қарасаңыз – жас, мықты, өсіп келе жатқан ағаш деген ұғымға саяды. Сондықтан дәл осы ескерткіш әлемдік қауымдастықтағы жаңа астананың рәмізі болып табылады. Күн сайын өсіп келе жатқан Астананың сұлулығына, тіпті шетелдік қонақтар қайран қалды. Москва – Кремлімен, Вашингтон – Ақ үйімен, Санкт-Петербург – Эрмитажымен әйгілі болса, Астана – Бәйтерегімен әлемге әйгілі. Тоғыз жылдың торабында, Республика территориясының төрінен, жүрегінен орын тепкен елордамыз Астана, ертегідегі ғажайып қаладай жыл, ай сайын емес, күн, сағат санап қарқындап, өсіп, өркендеп келеді. Еліміздің азаматтары үшін, әсіресе жастар мен балалар үшін «Астананы бір барып көрсем» — деген аңсарлы арман қалаға айналды.
Астана – білім ордасы. Еліміздің бас қаласы мектептерінде ұстаздық ететін мұғалімдер қамқорлыққа бөленген. Астана әкімінің тағайындауымен «Үздік кәсіптік мектеп», «Үздік мұғалім» және сол сияқты білім саласына арналған бірнеше гранты бар. Астана болашағы жарқын қала. Онда алдағы күндерде неше алуан сәулет ескерткіштері мен таңғажайып алып кешендер бой көтерері анық. Осындай сұлу да сәулетті Елордамыз – Қазақ елінің мақтанышы болып табылады. Қалай десек те, атақты ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай «Батырлар сайран салған сарыарқаға» астананы көшіру көп қазақтың жүрегіне жылы тиді. Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, бүгінгі бақытты өмірге жеткен туған халқымыздың қуанышында шек жоқ. Астана –Еуразия құрлығының кіндігінде, Сарыарқаның солтүстігінде орналасқан., Еуропа мен Азияны көне заманнан бері жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолының бойындағы көлік жолдары Қытай мен Ресейді, Батыс Еуропа мен Таяу шығысты байланыстырып жатқан Қазақстандықтардың мақтанышына айналған, Қазақстан Республикасының елордасы.
Сырт көз – сыншы. Астанасына қарап елін тану, еліне баға беру – әлемнің қашаннан қалыптасқан салты. Алыс-жақыннан келген қонақтардың сүйсінбейтіні кемде-кем. Елбасы «Еуразия жүрегінде» кітабының қорытындысында өркен жайып, кемеліне келетін Астананың ертеңгі күні туралы әдемі арманын баяндайды. Мен Қазақ елінің жаңа дәуір ұсынар міндеттер мен талаптарды абыроймен игеретініне әр кез сеніммен қараймын. Астананың бүгінгі таңда ел сенімін бекітер осындай қуат көзіне айналып отырғаныныа қуанамын. Астанасы айбынды да, айдынды елдің болашағы да асқақ болуға тиіс. Астана – елдің ертеңі.
Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі! Абыройы асқан Астана! Әлемді сүйсіндіріп таңғалдырған Астана! Дүниеге даңқы жайылған Астана! Қазақ елінің бағын жандырған Астана!
Адамзат осы бір таза да сағынышты және де адал көңілдерімен табысып, қауышып тұрулары арқылы ғана бүгінгі дүниені де, оның тіршілігін де , өздері мен өз мәдениеттері һәм өркениеттерін де сақтап қала алатындығы жайлы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып келе жатқан ой мен пікір сөзінің әуелі өз Астанамызда жүзеге асырыла бастауы да қазақ елі елордасының әлемдік деңгейге көтерілгендігінің бір айғағы деп бағалануы керек. Астана – әлемнің үмітті астанасы!


Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!