Шығарма: Мен — ұлттық бояуы сіңген елімнің перзентімін

0

Шығарма: Мен - ұлттық бояуы сіңген елімнің перзентімін казакша Шығарма: Мен - ұлттық бояуы сіңген елімнің перзентімін на казахском языке

Журсынбай Зияда
11 сынып, Созақорта мектеп
Созақ ауданы, Созақ ауылы
Жетекшісі: Нұрбекова Г.

Қызық… Бұл жолы жан дүниемді белгісіз ойлар арбап, жүрегімнің дүрсілі әлденені сезгендей ме? Бұрындары ойыма келген әр нәрсені ақ қағазға түсірудің өзі мен үшін бір ләззат болса, ал бүгінгі сезім одан да күштірек, одан да беймәлім болады- ау. Кеудемдегі жүрек дүрсіліне құлақ салсам «жаза түс және тағы жаз» дегендей үн қататын секілді. Осы үнмен жалғасқан ойды мына параққа түсірмесем сірә, мұным тағы әбестікке жатар.
Сайын даланың атырабында, ақша бұлттың арманында, жазиралы асқар ала таудың бауырында, тұғыры биік , талғамы таза, тарихы тереңде жатқан дархан халқымның даласы қашанда әр перзентіне аналық рух берері хақ. Құлынымен көк жайлаудың бойында жарысып ойнап асыр салған жас ененің кейпіндей бұл қазақтың сахарасына қанша теңеу, қанша мақтау айтсақ та еш артықтық еткен емес. Қазақтың басында қан төгіскен соғыс пен ащы кектің болғаныдығын сонау тарихтың сары түске боялған парақтарынан айқын аңғаруға болады. Қаншама қанды кектің әсерінен бұқара жұрттың алды өліммен, арты аумалы- төкпелі заманның атуымен қаза болып, мәңгі бақилық сапарға аттанып жатқаны да болды емес пе? Бұл ащының дәмі кетіп, сонау сексен алтыда жалмап шыққан тағы да бір қантөгіс соңғы шайқастың нүктесі болғандай- ақ . Сол жылдары құрбан болған аянышпен күйінішті, ащы кек пен ар- намысты үстем қойған қазақ жастарын көз алдымызға елестеткенде жанарымызға ыстық жастың лебі ұрары сөзсіз. Сол кездегі асыл мұратты мына пәниден артық санап, бостандықтың туын біздерге тарту еткен аға-апаларымызға мәңгілік рахмет айтып, елімізді қорғау біздердің мәңгі борышымыз іспеттес. Осы отты алаудан кейін шығыстан атып шығып, өз сәулесімен болашақ нұрын шашып, алып империяның бостандық таңының атуы тоқсан бірдің желтоқсанымен тығыз байланысты еді. Өз кезегінде басшысын сайлап, ендігі әлемді мойындатқан еліміздің байтақ байрағы әлем таныған мемлекеттің символына айналып отыр. Осының өзі біздер үшін қандай қуаныш десеңші!
Бүгіннен емес, бұрыннан , беріден емес ежелден өзінің ұлттық құндылықтарымен салт- санасын бәрінен үстем қойып келе жатқан қазақтың бұл қалпына бас имеске тағы болмас. Ұлын ұлықтап, қызын қорғаған ата салтынан арамдыққа жау, адалдыққа құрбан болған қазақтың дәстүрінен асар байлығы бола ма? Салтымен жүріп, санасын өзгеге үйрете білген, әдет-ғұрыпты дұрыстап дәріптеп, болашақтан үмітін зор күткен қара шаңырақтың киесі мен қара ошақтың иесінен шатаспауды мақсат еткен бұрыннан- ақ өз бұқарасының қамын жеп өскен бұл қазақтың тынысы қашанда өзгенің қызығушылығын танытып отырды. Өз кезеңінде серілермен семсер тірестіріп, той- думанмен күнін өткерген,жазы- жайлауда, қысы- қыстауда өткен көшпелі елдің өнері қанша мақтағанмен артық болмасы хақ. Айтыс пен тартыста сыналған би- шешендердің от ауызды , орақ тілді, қылышты сөзімен сермеген, шешімдерінен асып жан пендесі өтіп көрмеген қазақтың байырғы тынысына қазіргінің ешбірі жеткен емес. Жайлаудан асық пен атты ермек еткен, жамандықты білмей, жақсылыққа құрбан болған жиырма бірден арғы ғасырдың барлығынан қаймағы бұзылмаған нағыз қазақтың қараша үйінен шыққан түтіннің өзіне жететін не бар шіркін , десеңші! Домбыраның күйімен күмбір қағып, жақсылықты да, жамандықты да тілмен жеткізіп отырған сол күндегі өнерге басымды ию парызым деп білемін.
Анам тілі- қазақ тілім. Сен менің жүрегімнің бөлшегісің, бөлінбейсің. Сен маған ана сүтімен дарып, бірде бойымды да, бірде ойымды да, ал бірде жан дүниемді жандандыруға өз септігіңді тигіздің. Алғаш анамның бауырынан шыққан сәттен бастап- ақ сенің тынысыңмен күн кештім, сен арқылы тіршіліктің тіліне түсінісіп, тіл қаттым, анашымның әлдиін естіп, әлдимен өсіп жетілдім. Сен маған жарық дүниенің жанарына қадам тастаған кезден бастап, ерекше ыстық, ерекше қымбат қазына болып табылдың. Мен сенің әліге дейін перзентіңмін. Сенің алдыңдағы борышымды қай жағынан өтемек болсам да өтелмесіне сенімдімін. Өйткені мен саған бәрібір қарыздармын , ал сені қорғау мына менің парызым. Анамды ренжітуден қорықпадым, өйткені ол кісі менің қателігімді түзеп, жол сілтеп, ақылымен мені кешіп, өмірдің қиынынан сүрінбеуге үйретті. Бірақ та мен тек қана сені ренжітуден сескенемін. Өйткені, сені ренжітсем бәрін қайта бастай алмас едім. Саған титтей де жауыздық жасау менің қолымнан келмес те еді. Себебі, сенің алдыңдағы сенің азаттығың үшін күрескен қаншама жанның қаны мен көз жасы сені ренжітуге жібермес те еді.
Тіл, тарих, дін, мәдениет тұрғанда қай елдің болмасын өзіндік ерекшелігі мен ұлттық құндылығы болады. Сондай құндылықтарымыз- әуені көркем, сөзі үстем- Әнұран, мағынасы терең, суреті көркем- Елтаңба, қалқыған қыраны бар шалқыған байрақ- көк Ту. Міне, осы үш- ақ нәрсе біздердің ең басты рухани қазынамыз болмай ма? Егер бұлар болмаса мемлекеттің аты шықпайды да. Көк аспанның бұлтсыз бейнесінде емін- еркін қалықтаған қыранның суреті, шетіне көрік берген қазақилықтың көрінісі- ою- өрнектің бейнеленген бейнесі, сары түсті шапағатын шартарапқа шашқан алтын күннің шуағы айтпасақ та біздерге ұлттық тәлімнің бастамасы болып табылмай ма? Күннің бейнесін көріп- ақ бейбіт өмірдің болашақ ұрпағы болғанымызға, болашақта сол бейбіт тұрмысты жандандыру туралы ойлағанда шыны керек ерекше бақытқа кенеліп, қай- қайсымыздың болсақ та жүрегіміз дуылдап кете барары анық. Ту дегенде тұғыры еске түсетін еліміздің еңсесін биіктен көтертетін осы байрақтың өзі емес пе? Байқайсыз ба , жүлделі жарыстарда әлем туларының ішінен біздің көк туымыз үстем тұрса қандай бақытты күйде боласыз? Тіптен бақытыңыз сізге ерекше қуат беріп, бір үлкен мақтанышпен жүретініңіз де ақиқат қой. Әсіресе, теледидардан туымыздың ең жоғары дәрежеде көтерілгенін көріп отырып, өзге емес өзім сол жарыста болып қайтқандай күй кешемін. Меніңше, осының өзінен- ақ мен өз ұлтымның болашағы Аллаһ бұйыртса, бұдан да биіктерден көрінеді дегенге сенемін!
Әнұраным- мақтанышым. Өйткені сол мәтіндердің ішінен өз басым айтып тұрып бар қазақтың тынысын көріп, барлық тіршілік атауымен танысқандай күй кешемін. Әр мәтіннің мағынасы үстем, айтар ойы өзге. Әнұранды айтып тұрып- ақ «мен қазақтың патриотымын!» деп бар дауыспен бітіргім келеді.
Ал Елтаңбаға келгенде, оның орны тым бөлек қой. Онда бейнеленген екі пырақтың бейнесі, қара шаңырақтың көрінісі, ондағы дәл ортада жарқыраған жұлдыздың бейнесі кімді де болмасын өзіне елітірері хақ. Бұл Елтаңбадан түйерім, қазағымды әсемдік пен еңсесі биік ел екенін, жұлдызы жарық тату шаңырақ екендігін бір көргеннен түсіндірер осы деп түйемін.
Қанша қайнап тасыса да берекесі бұзылмаған, ар- ожданын, қанын төксе де таптатпаған , қаншама ұлт өкілдерін бір шаңырақта тату ұстап, елімізді жандандырған , әр сөзімен нұр игілік істердің бастамасы жасаған,осы елдің басшысы ғана емес үлкен әкесі атанып отырған президентімізді шығармама жазбай кетсем, бұл тағы күнә болар. Өйткені, біздің осылай еркін күліп, терең біліп, ғажап өмірде бейбіт кешуіміздің өзі- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірден- бір септігі ғой. Елім деп еміренген әр азамат өз басшымыздан, мықты саясаткер ағамыздан, құрметті азаматымыздан үлгі алып жатса, бұл жақсылықтың жаршысы емес пе? Отанына адал ұл болып, еліне ақылы арқылы тамсандырған қыз балалар өсіп жатса, еліміздің әл- ауқаты, қарым-жігері, экономикасы мәңгі биікте тұрады. Болашақта еліміз үшін күресер, Отанымызға қызмет етер, келешегі айқын, дәрежесі үстем жұртымыздың жолын ақ қылып арманына, діттеген мақсатына жеткізу жас ұрпақ, мына біздердің парызымыз.
Жарқыраған, жанданған осы өмірдегі жалғыз арманым- Қазақстаныма өз үлесімді қосу. Қайтсем де елім үшін қызмет ету менің алға қойған мақсатымның жеңісі болмақ. Қазіргі таңда мен сол үшін еңбек етіп, күресудемін. Болашақта өзімді әдебиет саласында көрсем деймін. Арманым- филолог болу. Алға қойған мақсатым- болашақта өз еліме қызмет етіп, әдебиеттей буырқанып тасыған алып мұхитқа бір тамшы су болып сіңсем, маған осының өзі үлкен жетістік. Әдебиеттің майданында күрессем, осының өзі зор мәртебе. Жан мен тәнімнен артық көргенім де, бар дүниеден артық санағаным да осы сала. Көп адамдар әдебиетке ат үсті қарап, дұрыс баға бере бермейді. Ал менің мақсатым- сол әдебиеттің қыр- сырын, мол мұрасын, тағылымын жас ұрпақтың бойына дарытып, Абай, Шәкәрім беттеген тұңғиықта өмір сүру мен үшін зор қуаныш болар еді. Болашағым әдебиеттен басталып жатса, еш ерінбей сол ғылымның құлы болуға даярмын. Себебі, мен әдебиетті мәңгі сүйіп, оған бас иіп өтушілердің бірімін. Өмірден көрген-білгендерімді өзгелерге үйретіп, қажымай еңбектенсем, сол еңбегіммен нанымды тауып , болашақ патриот ұрпақтарды тәрбиелеп шықсам қандай ғажап болар еді. Иншаллаһ осы тілегіме бұйыртса жетемін деп сенемін!


Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!