Шығарма: Ерлікке тағзым
Нуридин Гүлнүр
9 сынып, «Қоссейіт» орта мектеп
Шардара ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы
Ерлікке тағзым жасау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Жылма — жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18 — 19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан — жазықсыз құрбан болды.
Ауған соғысы — КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. 1978ж Ауғанстанда сәуір айында билікке таласқандар арасында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды.
Аса құпия қаулымен бекітілген шешімнің салдарынан Орта Азия Республикаларының түпкілікті ұлтынан жинақталған арнайы әскер құрамы жасақталды. Бұйрық бойынша жасақ «мұсылман» ұлты өкілдерінен құрылуы керек болды.
Батальонға аулымыздан бір отбасының » көзінің ағы мен қарасы» болып отырған жалғыз ұлы Ташенов Құрманбай да алынады. Бұл жағдайдан ата — анасы мүлдем хабарсыз болатын. Құрманбайлар Ауғанстанға жеткеннен кейін ғана ауылға хабар келген. Олар жаз бойы арнайы мамандықтар бойынша дайындалыпты . Әрине ,бәрі де жасырын түрде болатын. «Жалғыз баласы бардың, шығар -шықпас жаны бар» деген сөзді халқымыз босқа айтпаса керек. Ата — анасына қосылып, бүкіл ауыл болып , күндіз — түні құдайдан тілеуін тіледі.
Бұл соғыс ешкімге абырой әпермеді. Жаңа билік ауған жеріне үстемдігін жүргізе алмады. Оны мемлекет басшылары кеш ұқты. Балшыққа белшесінен батқан басшылар енді былғанбай шығудың жолын іздестіре бастады.
Өздерінің «Ауған халқы үшін күресте жеңіліс тапқандығын» мойындады. Талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысы 10 жылға созылды .Жауынгерлердің бірі ғана міндеті — бала жастан санамызға сіңірген патриоттық тәрбие — Отан алдындағы борышын өтеу, қабылданған антына берік болу еді. Олар борышын адал атқарды. Әттең, қаншама қазақ отбасы қасіретке душар болды. Бұл соғыста көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Қайсыбір ана боздағынан айырылса, кейбір әйел жесір, кейбір бала әкесіз, кейбір отбасы панасыз қалды. Енді ғана азамат атанып, әскер қатарына алынған жігіттеріміз ауған даласында жан тапсырды. Ал кейбіреулері із — түзсіз жоғалып кетті. Аяқ — қолдан айрылып, қан төгіп, мүгедек болғандар қаншама?!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ауған соғысы туралы: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскерлеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?»- деген ойлы сөзі бар.
Жиырма бес жыл. Биыл ауған соғысының аяқталғанына 25 жыл толып отыр.Бірталай уақыт өтсе де, соғыстың зардабын тартып жатқандар қаншама?
Аллаға шүкір! Осындай қиыншылықтарды көзімен көріп басынан өткізіп, аман — есен отбасына оралған ағамызды бүкіл ауылымыз, бүкіл оқушылар әр жыл сайын құрметтеуде. Әңгімелерін тыңдап, ұлтжанды азамат болуға талпынудамыз. «Біз көрген қасірет, көз алдымда жоқ болған жолдастарым ешқашан да есімнен шығар емес», — дейді ағамыз өз сөзінде.
Бүгінгі жастар, біздер, ағаларымыздың Отан алдындағы борышын адал орындағанынан, олардың патриоттық сезімінен тағылым алуымыз керек. Қорыта келгенде, әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы — Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарды мәңгі есте сақтап, құрметтеу . Тарихта ерекше орын алатын » Ауған соғысы — жүректе жазылмайтын жара» ретінде азаматтардың бойында мәңгі есте сақталып қалатынын ешқашан ұмытпайық дегім келеді. Себебі олар берілген тапсырманы орындау кезінде мерт болды, ерлік жасады. Ерлік пен елдіктің тамаша үлгісі болып қала береді.
Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!