Шығарма: Елге саяхат
АнафияеваАрайлым
11 сынып, №38 қазақ мектеп-лицейі
Жадырап жаз келгенде, жылда отбасымызбен елге жинала бастаймыз… Бұл дәстүрге айналған.Ата-анамыз елдегі тума-туыспен араласып, елден алшақтап кетпей, түп тамырымызды біліп жүру үшін осы саяхатты үлкен мән бере ұйымдастырады. Біздер балалар қуана жолға шығамыз.
Әкемнің туған жері – киелі Түркістан шаһарынан 30 шақырым жерде, Қаратаудың күнгей бетінде орналасқан Игілік, тарихта жергілікті халық «Мес-Ата» атап кеткен кішкене ауыл. Табиғаты сұлу ауыл. Бұл — менің бабаларымның мекен еткен жері. Осы мекенге жеткенше , қазақтың сұлу да көркем жерлерін тамсана да, таңғала да, қызыға да, қызғана да тамашалаймын.
Астанадан шығып, ең алдымен жүріп өтетін жеріміз бұл — Қазақстанның ірі өндіріс орталығы Теміртау қаласы.Анам:
«Нұрлы Нұра даласы,
Міне, бүгін қарашы.
Жасұландай жайнап өскен,
Теміртаудай қаласы»,- деп әндетеді.
Теміртау қаласында елбасымыз Н.Ә. Назарбаев еңбек жолын бастаған. Содан соң еліміздің ең ірі қалаларының бірі – Қарағандыға келіп жетеміз. Қарағанды – қазіргі таңда, Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, экономикалық орталығы болып саналады. Сапарымызды одан әрі жалғастырамыз, көкжиекте сағымдай боп көрінген көк жолақтардың, жақындаған сайын жасыл қамысты көкпеңбек су екендігі байқалады. Бұл шөлдің нақ ортасында орналасқан, табиғаттың нағыз сыйы, кереметі десе де артық айтқандық емес- Балқаш көлі. Әрі-бері өтіп жатқан жолаушылар Балқаш көліне бір тоқтамай, тамашаламай, шомылмай кетпейді. Суы көкпеңбек, тұнық, тұщы, денеге жағымды. Жағалауында демалыс орындары жылдан жылға көбейіп келеді. Нағыз туризм орталығы десе болады. Шет елдің демалыс орындарынан артық болмаса кем
емес. Гүлшат, Сарышаған елді мекендерінен өткеннен кейін Бетпақдалағабет бұрамыз. Аптап ыстық , аспан айналып жерге түскендей болса да жолшыбай Шу, Талас өзендеріне шомылып, салқындап, шыңдарын мәңгі қар басқан Қырғыз Алатауын, Мақпал тауларын терезеден тамашалай, ертедегі ірі сауда орталықтары болған Құлан, Меркіден өтеміз.
2000 жылдық тарихы бар көне Тараз қаласына «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» тас жолымен келіп жетеміз. Жол оқтай түзу, кең, жалтырап жатыр. Соңғы кезде елімізде болып жатқан оң өзгерістер көз қуантады. Жолдар жөнделіп, қалалар көркейе тускені байқалады.
Таразға жақындағанда менде бір ерекше толқыныс болады. Өйткені бұл менің туған қалам, кіндік қаным тамған жер.
«Туған жер өзің дегенде,
Жүрегім әр кез елеңдер.
Бір сезім билеп барады-ау,
Жүрегім дүрсіл қағады»,- деген өлең жолдары еріксіз тіліме оралады.
Әрине, 10-12 ғасырлардың сәулет өнерінің туындылары «Айша Бибі» күмбезі, Бабаджа Хатын мазарына соқпай өтпейміз.
Әрі қарай қазақтың ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлы, ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов ауылдарынан өтіп, Машат асуынан асып, табиғаты керемет Түлкібас кентінен Шым қалаға жол тартамыз.
Шәмшінің атақты «Арыс жағасында» әніне арқау болған Арыс өзеніне де тоқтап, аздап дамылдап алдық.
Елге деген сағыныштан күннің ыстығы да, қапырығы да байқалмай, киелі, күмбезді, шығыстың шырайы Түркістанға да жеттік.14-15 ғасырдың сәулет өнерінің тамаша үлгісі-Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне ат басын тіреп, құран бағыштаймыз. Бұл жерде қазақтың ұлы хандары, төре-сұлтандары, би-батырлары жерленген.Содан кейін:
«Ауылымның түтіні қымбат маған,
Қымбат маған белдері-ай күн қақтаған»,- деп Бабай-Қорған ауылына тартамыз.
Таныс көшелермен жүріп отырып, үйге де жеттік. Таныс көк қақпа. Сексеннің бесіне келген әжеміз көз ілместен, ақ жаулығы желбіреп, иегі кемсеңдей, қуана бізді құшақтап айналып, толғана бастайды. Біз мәзбіз.
Бір айдай демалып, үлкендерге сәлем беріп, сағынышымызды басып Астанаға жиналамыз. Енді Созақ арқылы Қаратау тауларын тамашалай, Шолаққорғанға қарай жол тарттық.
Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!