Шортанбай жыры — заманның жыры |

0
163


Оқылды:
19

Жуырда академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультеті қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шортанбай ҚАНАЙҰЛЫНЫҢ 200 жылдығына арналған әдеби- сазды кеш өткізді. Кешке ақын-жазушылар, ұстаздар және студенттер қатысты.

Шараны өткізудегі басты мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру, ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеу. XIX ғасырдағы отаршылдыққа наразылық танытып, заманның зарын жырлап, имандылық пен ізгілікті шығармашылығына арқау еткен Шортанбай жырау мұрасы – қазақ халқының рухани бай қазынасы. Жырау шығармашылығы патша үкіметінің езгісіне қарсылық танытқан, қазақ халқының қасиетін, ұлттық болмысын сақтап қалу жолындағы алтын қазық екені сөзсіз.

ҚарМУ-дың тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнара Мұратбекқызы нақты дәлелдерге толы тартымды баяндамасында Шортанбай Қанайұлының өмір сүрген кезеңі мен оның алдаспан жырларының өзектілігіне кеңінен тоқталды. Жастарды ақын жырларымен сусындап, рухты болып өсуге шақырды.

Ал, модератор Айтбай Жұмағұлов Шортекеңнің өмірі мен шығармашылығынан үзінді келтіре отырып, оның туындыларының мән-маңызын айрықша атады. Ақынның өз дәуірінде халықты соңынан ерте алатын, тіпті, атақты төрелер, ел ағаларының өзі іздеп келіп сәлем беретін, өте абыройлы, атақты болғандығын нақты мысалдармен көмкеріп жеткізді. Сонымен қатар, жыраудың құранды жатқа білгендігін, ақырзаман белгілерін де болжағандығын тілге тиік етті.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ, ақын:

 – Шортанбай жырау – қазақ поэзиясындағы «Зарзаман» дейтін тұтас кезеңнің көш басында тұр. Оның отты жырлары талай заман езгісінен өтіп, бүгінге жетті. Мұхтар Әуезов өз зерттеуінде «Зарзаман ақындары» деуі де бекер емес. Шортанбай өлеңдерінен жас ұрпақтың алатын тәлімі мол. Оны насихаттау – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі.

Кешті «Арқа сазы» ансамблі әсем күйлерімен сүйемелдеп, көрігін қыздырса, Ержан Базарбеков, Ришат Шабденов сияқты күміскөмей әншілер, қазақтың халық әндерін тамылжыта шырқап көрерменді серпілтті.

Сондай-ақ, жыраудың мұрасын зерттеуші, этнограф, абыз ақсақал Кәмел Жүністегі Шортанбай Қанайұлының жырларының әлі де толық зерттеліп, насихатталуы толық қолға алынбай отырғанын айтты

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы:

 – Шортанбайды «Қаратауда туды» деген талас бар. Ол – Шет өңірінің тумасы. Осында өмірден өткен. Шетте құлпытасын орнаттық. Кенесарымен тұстас, оның өлеңдерін Кене ханның сарбаздары жатқа оқиды екен. Кенесары көтерілісінің басты идеологы. Көтеріліс басылып, жанышталған соң, түсіп кеткен елдің рухын көтеріп, күреске, бағынбауға, азаттыққа шақырып, болашақты ащы әрі нақты болжай білген. Біз әлі еңсемізді толық тіктеп, жоғымызды түгендеп болған жоқпыз. Шортанбай атымен аталатын, өзен, бұлақ, тау және ауылдар бар, еліміздің түкпір-түкпірінде. Демек, Шортанбай күллі қазақ даласын аралап, еліміздің рухын көтеру жолында аянбай, саналы ғұмырын арнаған.

Кейін сөз алған филология факультетінің деканы Мұхаметқали Әбдуов, ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсенбекова да жырау жырларының өзектілігіне, рухымызды сақтап қалу жолында ақын мұрасының зор үлес қосқанын атады. Салт-дәстүрге, дінге берік болуға, ұлтты сүюге үндеді. Айтыскер ақын, жырау, анасы жағынан Шортанбай Қанайұлының туысы Тілеген Әділов тақырыппен үндес «Жоқ іздеу» дейтін өлеңін оқып, көпшілікті рухтандырғанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР