Шетелдік студенттерді тілге оқытуда жаңа технологияларды қолдану

0

Дөңгелек үстел өтті
Жуырда әл — Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Білім беруді цифрландыру жағдайында әл — Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасының заманауи интерпретациясы» атты профессор — оқытушылар құрамының 50 — ші Халықаралық ғылыми — әдістемелік конференциясы аясында жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Шетелдік студенттерді тілге оқытуда жаңа технологияларды қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелді өткізудегі мақсат білім беруді сандық жүйеге көшіру жағдайында университет оқытушыларының құзыреттіліктерін жетілдіру, сонымен бірге оқытушылардың педагогикалық қызметінің уәждемелерінің механизмдері, білім беру үдерісінде жаңа ақпараттық технологиялар бойынша тәжірибе алмасу және ұсыныстар жасау.
Оқытушы шетелдік студенттерге тіл үйретіп, білім беру үшін алдымен оқу үдерісінің дұрыс жүргізілуін жетік меңгеруі тиіс. Педагогикалық қабілеттілік пен ұстаздық өрелік, кәсібилік жоғары дәрежеде дамитын орта — кафедра. Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ғылыми — әдістемелік базасы дамып, қасиетті қара шаңырақ аясында көптеген жас мамандарының топшысын қатайтып, қияға самғатып келе жатқанына да биыл 35 жылдың жүзі болыпты.
Бұл кафедра шетелдік жастарды тәрбиелеуде өте жоғары маңызға ие. Шетелдік азаматтарды қалай оқыту керек, студент бойына қандай қасиеттерді сіңіріп, нені үйретуді басты назарға ұстаған жөн деген сияқты тәрбие сауалдарына жауап беретін бірден бір орта. Ұзақ жылдар бойы кафедрада педагогика саласында білікті мамандар даярлап, республикалық, әлемдік деңгейде ғалымдар қалыптастырды.
Дөңгелек үстел барысында шетелдік студенттердің тілдік дайындықтарын оңтайландыру, шетелдік тыңдаушылардың сөйлеуін дамытудағы икемділік пен дағдыларын жетілдіру жолдары және қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде оқытудағы халықаралық аудиториядағы халықаралық коммуникация, шетелдік аудиторияда тыңдалымға оқыту, оқылымға оқыту технологиясы, халықаралық мәдениет парадигмасындағы коммуникацияның рөлі жайлы мәселелер талқыланды.
Келесі кезекте шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының доценттері Г. А. Мұсаева, А. А. Райымбекова, Л. С. Торохтий, Т. В. Курманова, А. К. Ахмедованың баяндамалары тыңдалды. Онда қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде шетелдік тіл үйренушілерге оқытудың тиімді жақтары, осы бағытта дайындалған жаңа инновациялық технологияларды қолданудың, кәсіби бағдарлық оқытудың жүзеге асу жолдары сөз болды.
Барлық дөңгелек үстелге қатысушылар рет — ретімен түрлі тақырыптарда өз баяндамаларын оқыды, әртүрлі тың тақырыптар тыңдалды. Баяндамашылар баяндама барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп, қызу талқылауға қатысты. Осылайша дөңгелек үстел барысында осындай өзекті де ауқымды мәселе талқыланып, мамандар өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды. Белсенді және өз іс — тәжірибесімен бөліскен қатысушыларға Сертификаттар және Алғыс хаттар табысталды.

А. Е. Саденова., Л. С. Торохтий
Әл — Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасы