«Сарыарқа» магистральдық құбыры: 171 елді мекенге газ тартылады |

0


Оқылды:
8

Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін магистраль құрылысы «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша алдымыздағы жылы «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын іске асыру жоспары тұр. Аталған газ құбыры еліміздің Орталық және Солтүстік өңірлерін, оның ішінде бас қаламыз Астананы да көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде жобаның сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамалық оң қорытынды алынды. 2019 жылы құрылысы басталатын газ құбырының бүгінде қаржыландыру кестесі мен шарттары әзірленіп Үкіметтің тиісті шешімдерімен бекітілді», — деді ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Энергетика вице-министрі жоғарыда аталған қалалардан бөлек газ құбыры өтетін трассаның бойындағы 171 елді мекен, оның ішінде Астана қаласы маңы мен Қарағанды облысының 119 елді мекені және Ақмола облысының 51 елді мекені табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілетінін айтты. Сондай-ақ, жоба құрылысы 1690 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Сонымен қатар, вице-министр еліміздегі газ өндірудің көлемі мен оны тұтыну туралы мәліметтермен де бөлісті.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 53,4 млрд текше метрді құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 млн текше метрге артық. Тауарлық газ өндіру көлемі 31,9 млрд текше метр немесе 2017 жылмен салыстырғанда 300 млн текше метрге өскен. Ал газды тұтыну көлемі 14,9 млрд текше метр, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге жоғары екені байқалады», — деді ол.

Оның айтуынша, елімізде газ тұтыну деңгейінің қарқынды өсуі байқалады, бүгінгі таңда халықты газдандыру деңгейі 47,38% құрайды немесе 8,5 млн тұрғын газбен қамтылған. Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан газдандыруға 18,4 млрд теңге, ал ұлттық оператор тарапынан 1,5 млрд теңге қарастырылды. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындар саны тағы 129 мыңға артады деп күтілуде, қазіргі таңда еліміздің 17 өңірінің 11-і табиғи газбен қамтылған.

«Энергия ресурстарының өңірлік транзитіндегі Қазақстанның рөлі артып келеді. Ағымдағы жылы Қазақстан-Қытай газ құбырының екі станциясы пайдалануға берілді. Нәтижесінде аталған трансұлттық газ құбырының өндіру қабілеті 5 млрд текше метрге артып, жылына 55 млрд текше метр газ өндіруге қол жеткізілді. Одан бөлек, 2017 жылдың қазан айынан бастап қазақстандық газ Қытай нарығына экспорттала бастады. Бүгінде осы бағытта шамамен 6,1 млрд текше метр газ экспортталды. Келесі жылдан бастап отандық газды экспорттау көлемін жылына 10 млрд текше метрге дейін ұлғайту туралы келісімге қол қойылды», — деді М.Мырзағалиев.