Сақтықта қорлық жоқ! — Пешті қысқа дайындау
-Бексұлтан Ержарықұлы, алдымызда қыс күтіп тұр, осы орайда жылыту жүйлерінде келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін алдын алуда қандай жағдайларды атап өте аласыз?
-Иә, күз басталып, қыс мезгілінің жақындап, күн суытып келе жатыр. Бұл дегеніміз жаппай жер үйлерде пештерді қосатын уақыт. Барлық өрттер осы жылыту кезеңінің бастапқы айларында болады. Себебі, қолданар алдында пештерді дайындап алуды көбісі ұмытып кетіп жатады.
Елімізде өрттердің көп бөлігі осы тұрғын үйлерде орын алады. Тұрғын үйлерде болатын өрттердің басты себептерінің бірі болып, түтін шығатын құбырлардың және пештің ағаштан жасалған материалдармен жанасуы, пеш қабырғасының басқа заттармен ара қашықтығының сақталмауы табылады. Сонымен қатар, пеш жағу кезінде тұтандыру үшін керосин мен бензинді және басқа да тез жанғыш заттарды қолдану да өрттің шығуына алып келеді. Денсаулық пен өмір үшін зор қауіп-қатерді тұншықтырғыш түтін тудырады, ол тұтану кезінде оттегі (кислород) тапшылығы салдарынан пайда болады, осындай жағдай түтіндіктердің жеткіліксіз түтін тартуынан болады. Қысқы кезеңде осындай жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін пештерді уақытылы дайындау керек.
Пешті қолдану шаралары:
— Жылыту мезгілі басталмастан бұрын пешті және түтін құбырларын тазартып, жарықтарды бітеп, сыртын ақтап шығу қажет;
— Пештің және түтін құбырларының ағашпен жанасқан жерін қосымша кірпіштер қалап қалыңдату қажет;
— Жанып тұрған пештерді қараусыз немеесе балаларға қалдыруға болмайды.
— Кез келген пештің өзіндік жеке іргетасы және ағаштан жасалған қабырғаға немесе жанғыш бұйымдарға жанаспауы керек;
— Пештің оттығы алдында еденге ені 50 см кем емес, ұзындығы пеш бойынша 70 см кем емес металдан жасалған табақ төселеді;
— Пешті салу кезінде өртке қарсы өңдеужүргізілуі керек, яғни үйдің үстіңгі жабынында түтіндік қабырғасы 38 см кем емес қалыңдап салынуы керек;
— Пештің оттығы, ілмекті құрылғысы берік болуы керек;
— Ұйықтар алдында 3 сағат бұрын пешті жағуды доғару қажет;
— Түтіндіктің үйдің үстіңгі жабынынан өту орнында шатыр құрылымында 20 см кем емес өртке қарсы шегініс қарастырылуы міндеттеледі;
— Пештің үстіне киім,ағаш және басқа да жанғыш заттар кептіруге болмайды;
— Пайда болған жарақтар мен бұзылыстарды дер кезінде жойып отыру керек;
— Пешті қалау үшін силикат кірпішті қолдануға тыйым салынады.
Көптеген адамдар өрттің өз үйінде болып қалуы мүмкін екеніне сене бермейді. Есте сақтау керек, өрт ол кенеттен пайда болады, адамның тікелей қатысы арқылы немесе оның әрекетсіздігінен туындайтын, қоршаған ортаға зиянын алып келетін оқиға. Есте сақтаңыз, өртпен күрескенше оның алдын алған жөн. Сол себепті, өрт қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, сіз өз өміріңізді және мүлкіңізді қорғап қаласыз.