Саяхатта қиындыққа тап болмау үшін қалай дайындалу керек?

0
Жазғы демалыс, саяхат, туризм… Мұның бәрі үлкен дайындықты талап етеді. Саяхат кезінде қиындықтар кездеспес үшін қандай шаралар жүргізу керек? Сапарға шықпас бұрын мыналарды ескерген жөн.

Шет тілі

Саяхатта қиындыққа тап болмау үшін қалай дайындалу керек?

Демалысқа баратын орынның жергілікті тұрғындары қандай тілде сөйлейтінін анықтап алғаныңыз абзал. Ағылшын тілі халықаралық тіл болғанымен, кейбір елдердің тұрғындары бұл тілді еркін меңгермеген болуы мүмкін. Сондықтан, өзіңіз саяхаттайтын елдің тілін “нан сұрай алатын” деңгейде болсын меңгеріп алуға тырысыңыз. Әйтпесе, ауаға сурет салып әуре боласыз.

Дәрі-дәрмек жинағы

Саяхатқа өзіңізбен бірге дәрі-дәрмек алып шығуға ерінбеңіз. “Қажетті тастың ауырлығы жоқ”. Төтенше жағдай орын алған жағдайда жақын жерде қандай емхана бар екенінен хабарсыз болғандықтан тез арада дәрігерлердің көмегіне жүгіне алмайсыз. Сондықтан, алғашқы көмекке қажетті негізгі базалық дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар өзіңізбен бірге болғаны дұрыс.

Артық ақша

Саяхаттау барысында әр түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Оны ешкім болжап біле алмайды. Банк картасының бұғатталуы, әмиянның ұрлануы сияқты жағымсыз жағдайлар орын алып жатса, өзіңізбен бірге бөлек артық ақша болғаны жөн. Оны әмияндағы, картадағы ақшадан бөлек, жүк салғыштың ішінде немесе киіміңіздің ішкі қалтасында сақтасаңыз болады.

Туристік сақтандыру

Сақтандыру жүйесінен ешқашан бас тартпаңыз. Сапар барысында қандай жағдайға тап болатынын ешкім білмейді. Ал сақтандыру жүйесін қажет етпей, ақша үнемдегіңіз келсе, ұтылыуыңыз мүмкін. Егер сапар барысында түсініспеушіліктер мен қиындықтарға тап болып қалсаңыз, сақтандыру жүйесінсіз көп қаражат жұмсауыңызға тура келеді.

Құжаттардың көшірмесі

Туристер үшін ең басты қажетті нәрсе – оның құжаттары. Саяхат барысында құжаттарыңыз бен билеттеріңізге, ақшаңызға абай болыңыз. Қажетті құжаттарды телефонға, фотоаппаратқа суретке түсіріп алудың еш қиындығы жоқ. Алдын-ала барлық қажетті құжаттарыңыздың көшірмесін жасатып, бөлек сақтаңыз. Электронды билеттеріңізді де шығарып алғаныңыз абзал. Себебі, телефон мен ноутбук, техникаға да сенім жоқ.

“Жедел қызмет көрсету” номерлері

Әр елде, әр аймақта төтенше жағдайда жедел қызмет көрсететін орталықтардың байланыс телефондары әр түрлі. “Сақтансаң – сақтайды”. Өзіңіз баруды жоспарлап отырған елдің жедел қызмет көрсету номерлерін телефоныңызға сақтап алыңыз. Олардың көмегі сізге кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін.