Режиссерлік жолдың алғашқы сатысына айналған фестиваль өз мәресіне жетті

0

VII Bastau: Режиссерлік жолдың алғашқы сатысына айналған фестиваль өз мәресіне жетті

Кеше Алматы төрінде  VII «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептер Халықаралық фестивалінің жабылу салтанаты болып өтті. 

Шараға жиылғандар қатарында кинематография өнеріне тікелей қатысы бар кәрі-жастың бәрі жиылды. Арнайы қонақтарға бөлінген орыннан кинофестивальдің қазылар алқасына енген грузин кинорежиссері, сценаристі, жазушысы әрі педагог Ираклий Квирикадзе (төраға), монтаж режиссері Сильван Кутандин, ресейлік актриса Эльвира Болгова, қырғыз кинорежиссері, сценарист және продюсер Темірбек Бірназаров, сондай-ақ, отандық режиссер Сәбит Құрманбековтен құралған топты көрдік. 

Осы қазылар алқасы мен көрермендер назарына қарашаның 5 мен 8 аралығында Еуропаның, Азияның және ТМД елдерінің жас режиссерлері түсірген фильмдер ұсынылған болатын. 

Шара жүргізушілерінің хабарлауынша, биыл «Бастау» кинофестиваліне әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ұсыныс жіберілген екен. Іріктеу комиссиясын басқарған режиссер Әділхан Ержанов конкурсқа 22 елден келген 47 фильмді таңдап алған. 

Әдемі би мен фестивальдің 7 жылдық тарихынан сыр шертетін презентациямен басталған шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Ең алдымен, сахна төріне аса талантты режиссер, мэтр Дарежан Өмірбаев шақырылған. Оған «Отандық кинематографияға қосқан үлесі және Қазақстанның жас кинематографистерін өсіргені үшін» арнайы марапат табысталды.

«Мен Сіздерге бір кеңес берейін. Өмір деген қызық дүние. Ол Сіздерге ауыр сынақтар жіберуі мүмкін. Сондай сәттерде өнердің Сізге жұбаныш бола алатын құдіреті бар. Сүйікті істеріңізбен айналысыңыздар», — деді режиссер өз сөзінде.

Одан әрі жастар тағатсыздана күткен конкурс нәтижесін жариялайтын сәт те келіп жетті. Сонымен, биылғы үздіктер тізімі төмендегідей:

Гран-при – «Зәуре туралы хаттар», режиссер Адам Дунаев, Ресей

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – «Әлем адамы», режиссер Данияр Әзімов, Қазақстан

«Ер адам рөлін үздік сомдағаны үшін» марапаты – Ахмед Варли, «Кешегі қалдық», Түркия

«Әйел адам рөлін үздік сомдағаны үшін» марапаты – Эльмира Рахимжонова, «Ана», Өзбекстан

«Үздік операторлық жұмыс» номинациясы – Вахтанг Кхубитя , «Айқай», Ресей

«Үздік сценарий»– Ийе Ким, «Бірге барамыз» деректі фильмі, Оңтүстік Корея

Қазылар алқасының арнайы аталымы – «Ашық аспандағы симфония», реж. Синье Кольэ, Германия

Ораз Әбішев атынан берілетін жүлде «Атакәсіп» деректі фильмінің режиссері Берік Жахановқа табысталды.

«Бастаудың» негізгі қазылар алқасымен қатар Белоруссия, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның өкілдері кірген студенттік қазылар алқасы да жұмыс істеген. Бұл қазылар алқасын VI Халықаралық «Бастау» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған испаниялық режиссер Яго Матео басқарды. Студенттік қазылар алқасы Гран-приді Қазақстаннан қатысқан Әлішер Жәдігеровтың «Отау» фильміне табыстап, ерекше аталымды Сингапурлық режиссер Тэнг Ван Синьнің «Ақ қалампыр» картинасына берді. 

Жабылу салтанатында фестивальдің президенті Сергей Әзімов: «Біздің жас фестиваліміз биыл жетінші рет өтіп жатыр және студенттік кино мен кинобілімінің өзекті мәселелерін талқылайтын нағыз кәсіби ортаға айналды. Біздің кішкентай ғана фестиваліміз қаламыздың мыңдаған студенттеріне, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас кинематографистерге пайдалы болғанына сенімдімін», — деді.  

Сондай-ақ фестиваль президенті сахна төрінен фестивальдің ұйымдастыруына белсене араласып, қолдау білдірген демеушілерге, серіктестер мен фестиваль достарына алғысын айтты. Әсіресе фестиваль президенті Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, Қазақ ұлттық өнер Академиясы мен «Тұран» Университетінің басшылығына ерекше алғысын білдірді.