Қытай тілін үйренудің себептері, салдарлары
Жаңа тілді меңгеруге кірісу жайлы шешімнің қабылдануына кәсіптік қажеттілік те, сонымен бірге заман ағымына сай болуға деген тілек те себеп болуы мүмкін. Егер өтіп кеткен екі жүзжылдықта француз немесе неміс тілін меңгеру білімді адамның артықшылығы болса, бүгінгі күні ағылшын тілі нық түрде көш бастап келе жатыр. Бірақ алаңда бақталастарын аздап ығыстыра бастаған жаңа ойыншы пайда болды. Ол ойыншының есімі — қытай тілі.
Қытай тілі бар күрделілігіне қарамастан, соңғы жылдары өзінің «жанкүйер» санын батыл түрде арттырып келеді. Жыл сайын Қытайда өмір сүру, жұмыс істеу, тіл үйрену үшін көшіп жатқан шетелдіктердің саны арта түсуде. Бұл, әрине, Қытайдың ұлы мәдениеті мен бай тарихына емес, оның экономикасына байланысты. 2008 жылғы дағдарыс кезінде бүкіл әлемдегі жұмысынан қысқартылғандарды өзіне магнитше тартқан Қытайдың жаңа экономикалық кереметі көптеген білімді жандардың назарын аудартып: «Қытай тілін үйреніп алсам ба екен?» деген ойға қалдырды.
Қытай тілін үйренудің қажеті бар ма дегенді түсіну үшін, өзіңіз үшін екі сұраққа жауап беруіңіз керек:
1. Қытай тілі маған не үшін керек?
2. Мен оған қанша уақыт бөлуге дайынмын?
Қытай тілін үйренудің себептері әртүрлі болуы мүмкін
1. Ой — өрісіңізді кеңейтіп, жаңа нәрсені білу.
2. Тағы бір шет тілін меңгеріп алу (біледі деген ат үшін, түйіндемеге, өзбағаланымыңды арттыру үшін…).
3. Қытай мәдениетіне бойлау, философиялық трактаттарды және ежелгі қытай тіліндегі поэзияны түпнұсқа тілде оқу.
4. Джеки Чан, Джет Ли және Брюс Лидің фильмдерін түпнұсқалық дауыспен көру.
5. Қытаймен іскерлік қарым — қатынас жасау.
6. Қытай университетіне түсу.
7. Қытайға отбасыңызбен көшіп бару.
8. Қандай да бір тілді үйренгім келеді, бірақ еуропалық тілдерге ықыласым жоқ.
9. Өзімнің қытайлық курстастарыммен ауызекі тілде сөйлесуді үйренгім келеді.
Осы кезеңде ең бастысы — өзіңіздің себептеріңізді анықтау. Оларды түсінгеннен «қытай тілін үйрену» сөзінің мазмұны өзгереді. Қытай тілін үйренуге қатысты жоғарыда аталған себептердің барлығы әртүрлі бірнеше дайындық әдістемесі мен түрлі уақыт мөлшерін талап етеді, сондықтан мақсатыңызды алдын ала айқындап алғаныңыз жөн.
Қытай тілін үйренудегі өз мақсаттарымызды анықтаймыз
1. Қытай тілін «ермек үшін» үйренген жағдайда қандай да бір курстарға жазылып, подкасттарды тыңдау, қытайлық таныстардан иероглиф үйретуді өтіну жеткілікті болады. Бұл деңгейде қытайлықтармен «Сәлем, халің қалай?» деп бір ауыз тіл қатысудың өзін қытай тілін үйренудегі ең үлкен жетістік деп есептеуге болады.
2. Егер адам тілді «біледі деген ат» үшін немесе өзін кереметтей сезіну үшін үйренгісі келсе, бұл жерде қандай да бір айқындылық болмайды. «Ұмтылыстардың шегі» мен мақсат қалай анықталады? Таңертеңгі газеттерді еркін оқу? Көркем әдебиетті сөздіксіз оқу? Немесе теледидардағы жаңалықтарды түсіну мен қытай саясаттанушысымен еркін сөйлесу ме? Егер қытай тілін үйренудегі мақсатыңызды анықтамасаңыз, онда ешқашан көңіліңіз толып, місе тұту дегенді біле алмайсыз. Мұндай көзқараспен тілді өмір бойы үйренумен өтіп, мақсатыңызға ешқашан жетпеуіңіз мүмкін (өйткені, мақсатыңыз жоқ!).
3. Егер адам, мысалы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янды немесе басқа да қытай әдебиетін түпнұсқада оқуды қаласа, онда жазбаша қытай тіліне назар аудару керек. Егер мақсат — оқу болса, онда уақытты мәтел, тұрақты тіркес, астарлы әдеби сөздер мен Қытайдың тарихын үйренуге арнап, айтылуы мен тыңдалуы бар ауызша қытай тілін шетке ысыра салуға болады.
4. Қытай фильмдерін түпнұсқа тілінде көру үшін, тыңдауға деген бейімділік пен тіл білімі керек. Ауызекі қытай тілінің, әсіресе айтылуының да маңызы жоғалмайды, өйткені адам жақсы сөйлеген жағдайда ғана жақсы тыңдай алады. Фильмдерді көру қытай тілін жан — жақты білуді талап етеді және мұнда бір ғана жеңілдік бар, ол фильмді тоқтатып, таныс емес сөзді қарап алуға болатыны (ал сөйлеу кезінде бұлай істеу мүмкін емес). Қытай фильмдерін түпнұсқада көргісі келетіндердің кино жанрын да анықтап алғаны дұрыс. Сөзі аз атыс — шабыс кинолары үшін айтарлықтай қысқа мерзімде меңгеріп алуға болатын тұрмыстық лексика жарайды, ал тарихи эпопеяларды көру үшін астарлы сөз тіркестері мен атам заманғы сөздерді үйренуге тура келіп, фильмнің тым болмаса жартысын түсінуге бірнеше жыл арнау керек болады.
5. Кәсіпкерлер үшін бәрі айтарлықтай қарапайым. Мұнда жақсы деңгейдегі ауызекі қытай тілі (тіпті, тіліңіз келіңкіремесе де), қытай сандарын түсініп, олармен жұмыс істеу, логистика саласының терминологиясын білу, Қытаймен іскерлік қарым — қатынас жасау ерекшеліктерін түсіну керек. Тіпті қытайлықтармен жеке келіссөздер жүргізетін ойыңыз болмай, бұл мақсаттар үшін кәсіби аудармашы алуды жоспарласаңыз да, бәрібір қытай тілінен хабарыңыз болғаны маңызды. Біріншіден, аудармашыңыз бен серіктестің жалпы не айтып жатқанын түсінесіз, ал екіншіден, шетелдіктердің өміріне аса қолайлы емес Қытайда аудармашының көмегінсіз де еркін жүре аласыз.
6. Егер сіз Қытайдағы университетке түсуді жоспарлап отырсаңыз, онда назарыңызды HSK (TOEFL — дің қытай тіліне арналған баламасы) тапсыруға аудару керек болады. Бұл үшін HSK тапсырумен әуре болуыңыз керек, бұған айтарлықтай аз уақыт кетеді. Менің білімді екі құрбым аспан асты еліне шықпай — ақ, 8 — 9 (12 — ден) деңгейлі HSK тапсырды. Бірақ HSK — ны 4 — 6 деңгейге тапсырып, университетке түсу — бір бөлек, ал ол жерде қытайлықтармен тең қатарлы оқу — мүлде басқа нәрсе. Тақтадағы қолжазба иероглифтерді оқып, қытай оқытушыларының сөйлеудегі қалыпты емес айту мәнерін түсіну үшін, HSK тапсыру жеткіліксіз болады. Сондықтан көптеген талапкерлер 1 — 2 жылға созылатын дайындық курстарына жазылады. Және бұл дайындықтар да көбінесе аздық етеді. Сондықтан Қытайдағы жоғары білімнің — бірнеше жыл бойы уақыт пен күшті толық арнауды талап ететін ұзын — сонар жыр екенін естен шығармауға тиіссіз.
7. Аспан асты еліне қоныс аудару жағдайында бәрі айтарлықтай оңай. Сіздің міндетіңіз — қытай тілінің негізін біліп, тұрмысыңызды жайлырақ ету. Мұндағы қуанарлық нәрсе, қытай тілін қандай да бір деңгейде меңгеру үшін бұдан былай оған уақыт арнаудың керегі болмайды — сіздің деңгейіңіз үнемі төмен болады.
8. Егер әншейін бір шет тілін меңгеріп, мәселен, жадыңызды дамытқыңыз келсе, онда қытай тілін таңдауға аса тырыспаңыз, өйткені бұл тіл, мәселен, испан немесе тіпті неміс тіліне қарағанда, әлдеқайда көп уақыт пен еңбекті талап етеді. Оны асығыс меңгеру мүмкін емес: қытай тілінде ең төменгі деңгейге ілгерлей алу үшін күніне кем дегенде 3 — 4 сағат сабаққа арнауыңыз керек. Одан аз оқысаңыз, ілгерілеуді сезбейсіз, сондықтан тілді үйренуге деген ниетіңіз де біртіндеп жоғалады.
9. Қытайлық достарыңызбен сөйлесу үшін де барынша тер төгіп, ұзақ айлар бойы қарқынды оқуыңызға тура келеді. Жоғарыда айтқанымдай, қытай тіліне тез кірісу мүмкін емес, сондықтан «Ал мынаны қытай тілінде қалай айтуға болады?» дейтін аңғал адамдар бірдеңе біліп те жарытпайды.
Қытай тілін үйренудегі себебіңізді анықтап алған соң, екінші (уақыт жайлы) сұраққа жауап беретін кезіңіз келді.
Мен қытай тілін үйренуге бәлен ай/жыл бойы күніне осынша сағат уақыт бөлуге дайынмын ба? Бұл сұраққа жауап бергенде, қытай тілін меңгеруге деген ұмтылысыңыздың оған жұмсай алатын уақытыңызбен сай келмей қалуы мүмкін. Мәселен, қытай тілін фильм көру үшін үйренгіңіз келсе, бірақ қытай тіліне күніне небәрі 1 — 2 сағат арнай алсаңыз, онда бұл күмәнді ісіңіздің айтарлықтай нәтиже берместен ұзақ жылдарға созылып кетуі мүмкін.
Қытай тілінің басты қиындығы мыңдап саналатын иероглифтерде. Және олардың барлығы, мәселен, 人 (rén — адам) деген аяғы ұзын, адымдап келе жатқан адамды дәл елестететін иероглиф сияқты қарапайым, әрі есте сақтарлықтай қисынды бола бермейді. Немесе, мәселен, 口 (kǒu — ауыз), ауызға ұқсап тұр. Осы екі иероглифті үйренген студент бұл екі иероглиф қосылғанда — 人口 (rénkǒu) — «тұрғындар» дегенді білдіретінін біліп таңырқап қалады. Қисынды емес пе?
Бірақ бұл қытайлық балалар жүруді үйренбей тұрып — ақ түсіне бастайтын қарапайым иероглифтер, бұл сіз қытай тілін үйренудің алғашқы айларында — ақ ішіп алатын теңізге түскен бір тамшыдай. Әуезділік, дыбысталу, лексика сияқты қытай тілін үйренудегі басқа да сіз білмейтін қиындықтар — бұл бөлек мақала арнайтындай тақырып.
Қытай тілін үйренудегі тұзақтар
Қытай тілін үйренудегі басты тұзақ, бұл — негізгі иероглифтер түріндегі алғашқы кедергіден өтіп, әуезді дыбыстауды аз — аздап үйреніп, тыңдауды сәл — пәл меңгере бастаған адамның тиісінше тер төгіп және өзі Қытайда тұратын жағдайда қытай тілін үйренуде айтарлықтай ілгерілеуді байқауы және оған үнемі осылай жалғаса беретіндей көрінуі. «Самғаудың» бұл алғашқы кезеңі бір — екі жылға созылуы мүмкін. Әрбір келесі жартыжылдықтарда тағы сәл тырыссаңыз, тағы бір жарты жылдан кейін өзіңізге қытай тілін меңгеріп алатындай көрінесіз. Бірақ шамамен үшінші жылы, неге екені белгісіз, қытай тілін үйрену бірте — бірте қиындап бара жатқандай көрінеді.
Әдетте, 3 — 5 жылдан кейін қытай тілін меңгерушілер жағдайларының мәз емес екенін сезе бастайды. Бұған тек ең төзімділер төтеп береді, олардың өзі шығыстық дүниетанымы мен дәстүрлері бар жартылай қытайлықтарға айналады.
Қытай тілін үйренудегі тағы бір «жағымды» тосын сый — сіз Қытайда жүріп, жақсы, сапалы путунхуаны (Аспан асты елінің ресми тілі) өте сирек естисіз. Халық тығыз орналасқан алып Қытайда Аспан асты тұрғындарының сөзді дыбыстауына сөзсіз із қалдыратын жүздеген (егер мыңдаған болмаса) жергілікті диалектілер бар.
Қытай тілін жақсы деңгейде меңгеру үшін жұмсаған уақытыңызда (оның өзі анық емес ұғым), 2 — 3 еуропалық тілді жоғары деңгейде меңгеріп алуыңызға болар еді. Сондықтан қытай тіліне «сүңгіп кетуден» бұрын, алдымен бәрінің тиімді — тиімсіз жағын қарастырып, бұл өзіңізге қажет пе дегенді ойлауыңыз керек.
Дереккөз: http://bilimsite.kz/