Қыста көңіл көтеруге болады

0
155

Қыста көңіл көтеруге болады

Осында отырған әрбіріміздің өз әлеміміз бар. Біздер сол бір әлемге тұйықталып, белгілі бір шекарадан аса алмай қаламыз да, өзгелердің әлеміне жиі үңіле бермейміз. Мәселен, сіздің ішіңіз пысып, әр нәрсені шұқылап, не істеріңізді білмей отырсыз немесе ұйқыңыз келер емес… Осындай сәтте басқа елдерде, басқа қалаларда шырақтар жағылып, отшашулар ұйымдастырылып, ән мен бидің салтанаты асқақтап, түрлі мерекелер өтіп жататындығын ойлап көрдіңіз бе? Иә солай, жер шарында әрбір сағат, әрбір күн, әрбір апта сайын түрлі көңілді іс-шаралар мен мәртебелі мерекелер өткізіледі. Мерекеге, шат-шадыман думанға не жетсін, шіркін? Неге солардың біріне қатысып, өзгенің әлеміне үңіліп көрмеске? Мүмкін емес дейсіз бе? Мүмкін емес нәрсе болмайды, армандай біліңіз! Бар өміріңіз алда емес пе?

Адам баласының жаны мұндай көңілді думандарды әсіресе қыз мезгілінде қатты қажет етеді. Осы орайда, назарларыңызға планетамыздағы ең көңілді, ең таңдаулы фестивальдардың тізімін ұсынамыз.

Аспаздар кубогы, Альта-Бадия, Италия (22-27 қаңтар)

Альта-Бадия жеріндегі Шеф-аспаздар кубогы – асхана саласындағы ең үлкен іс-шара. Норберт Нидеркофлер есімді аспаз-ұстаз әлемдегі ең мықты 400 аспазды бір ортаға жинап, аспаздық саласындағы соңғы жаңалықтарды талқылап, тәжірибе алмастырады. Шара барысында қар үстінде түрлі аспаздық сайыстар ұйымдастырылып, конкурсқа қатысқан әлемдегі ең дәмді тағамдарды тегін жеп, арнайы курстарға қатысып көруге болады. Ас үйдің ханшайымы болсаңыз, фестиваль нәтижелерінен хабардар бола жүріңіз.

TEVA Mountain Games, Вэйл, АҚШ (10-12 ақпан)

Кәсіпқой спортшылар мен шытырман оқиғаларды, әдемі әуен мен 60 мың доллар сыйақыны сүйетін оқырмандарымыз осы бастан қамдансын. Аталған фестивальда спортшылар қысқы ойындардың барлық түрінен бақ сынасады. Сондай-ақ, әлемнің танымал жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертті тамашалап, мұз мүсіндерінің көрсетілімін қызықтауға болады.

Momentum тау шаңғы фестивалі, Кран-Монтана, Швейцария (16-18 наурыз)

Тау шаңғы спортының әуесқойларына арналған ең үлкен мереке – Кран-Монтане жерінде өтеді. Тек қана мықтылардың қатысуын талап өтетін сайыс ережелері өте қатал. Кәсіпқой спортшы Уоррен Смит және оның тобы сайыс алдында шынықтыру жаттығуларын өткізеді. Ал белгілі әзілкеш Маркус Бригсток барлық іс-шараларды жүргізіп отырады. Сайыс соңында мерекелік дастархан жайылып, көңілді кештерге ұласады.

Jazz Up, Авориа, Франция (наурыз айының соңы)

Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан джаз фестивалі Авориадағы Порт-дю-Солей шаңғы аймағында өтеді. Дәстүрлі шара барысында 40-тан астам концерт тамашалау мүмкіндігі бар. Әрине, сайыста тек мықтылар ғана бақ сынай алады.

Француз карнавалы, Ницца (18 ақпан-8 наурыз)

Франция жеріне саяхатты жоспарлап жүрген болсаңыз, ақпан айының орта тұсына жоспарлаңыз. Себебі, дәл осы уақытта мемлекеттің оңтүстігінде әлемдегі ең үлкен карнавалдардың бірі өтеді. Ақпан айының он сегізінен наурыз айының алтыншы жұлдызына дейін жалғасатын шара Ницце қаласында өтеді. Массена алаңындағы шеруде ерекше безендірілген таңғажайып 20 платформа жүріп өтеді. Әсіресе, гүлді платформаларды көрген де арманда, көрмеген де арманда! Мереке күндіз демей, түн демей тойлана береді екен. Сондай-ақ Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған үздік биші мен музыканттардың өнерін тамашалауға болады.


Дереккөз: https://massaget.kz/