Құдай мейірімін төккен жер

0

Құдай мейірімін төккен жер

Жер жұмағы. Сейшел аралдарына ат басын тіреп, табаны жерге тиген саяхатшы әуелі осы теңеуге жүгінеді. Африка материгінің шығыс аймағында, Үнді мұхитының орта жағалауында жатқан аралдың басты құндылығы – табиғаттың өзі. Жылдың төрт мезгілі бір мезгіл. Мәңгі жаз. Жан-жағын ірілі-ұсақты 115 арал қоршап жатыр. Басым көпшілігі адам көлеңкесі көрінбейтін ну орман, тау мен тас қыраттар. Жай тас емес  мәжһүр гранит. Ең үлкені Майе. Ұзындығы 27, ені – 12 шақырым. Сүтқоректі жануарға өте-мөте жұтаң. Адам баласына қауіпті жырқыш аңдар кездеспейді. Тілімен тіршіктеп шағатын улы жылан да, зәрлі қорқынышты шаян түрлері де жоқ. Ызылдап шағатын масаңыз біздегідей түрлі кесел таратпайды.

Сейшел аралдарының негізгі бағыты жағажай демалыс орындары. Суы тап-таза, мөлдір келеді. Тропикалық табиғат, ақ майда құм, пальма, салқын тартқан түрлі-түсті мәрмәр тас және су асты өмірі барлығы бір жерде тоғысқан.

Сейшел аралдарына келіп демалатын саяхатшылар өте ауқатты отбасынан болуы тиіс. Неліктен олай деп жар салып тұрғанымды түсінген шығарсыздар. Қызмет түрі, конақүйлер, ас мәзірі барлығы-барлығы қалтаңызға салмақ түсіріп, шығынға ұшырап қалуыңыз мүмкін. Әйткенмен қалталы, қызыққұмар азаматтар жазғы уақыттарын осы жерде өткізгенді жөн көреді екен. Себебі жергілікті халық жәннат қонысы туралы айтқанда қысқа қайырады: «Құдай мейірімін төккен жер».

2002 жылы «Битлз» тобының мүшесі болған Пол Маккартни бал айын тап осында жасаған. Бұл аймақ туризм саласымен 1971 жылдан бері айналысып келеді. Жан-жаққа арпадай шашылған аралдар жеке дара адамдардың қолына  өткен. Қазіргі таңда Франция елі қызығушылық танытып инвестиция бөліп жатыр. Суреттерге зер салып қарасаңыздар құйған қаржының далаға кетпегендігін оңай байқауға болады. Аралға келушілердің 80%-ынан көбі Еуропа Одағынан ағылады.