«Құбыжық шәкірті»: Хосода анимесінің сыры неде?

0

Жапон режиссері әрі сценарисі Мамору Хосода тұрақтылық шеберліктің ерекше белгісі екенін дәлелдегендей. Араға уақыт салып, Хосода толықметражды анимелерді жиі жарыққа шығарады. Оның әр туындысы көрермен үшін ерекше. Соның бірі –  “Құбыжық шәкірті”.

2015 жылы режиссердің “Bakemono no kо” атты аниме-фильмі жарыққа шықты. Ол қазақ тіліне тікелей “Құбыжық баласы” деп аударылады. Сол жылы Хосода жұмысы жапон киноакадемиясының арнайы марапатына ие болып, сатылымда миллиардқа жуық иен табыс әкелген болатын.  Ал, Ресейде тұсаукесері небәрі 2018 жылдың 18-қазанында ғана өтті. Тек бұл жолы аниме фильмнің атауы “Құбыжық шәкірті” болып өзгертілді.

Басты кейіпкер Реннің оқиғасы бірден екі аймақты қамтиды: бірі – адам тіршілік ететін мегаполис болса, екіншісі – жапон аңыздарына сәйкес құбыжықтар мекендейтін орта. Режиссер бар зейінін суреттеу мен стильден гөрі, оқиғаны аударуға жұмсағанын аңғаруға болады. Өйткені, сурет стилінен заманауи анимеден гөрі, 90-жылдары жарыққа шыққан ескі суреттеу байқалады.
Сюжет желісі бойынша Рен есімді жетім бала антропоморфты (адам тәріздес) аю Медвежуттың шәкірті болады.  

Адам баласы мен өзге әлемнің өкілінің арасындағы қарым-қатынас бірден түзеле қоймайды. Екеуі де қырсық әрі жабайы. Оның үстіне, Медвежут ашуға тез бой алдырады. Дегенмен, уақыт өте екеуінің қарым-қатынасы жақсарып, жетім Реннің өміріне өзгерістер ене бастайды.

Фильмде Реннің есею шағы, ата-анасымен қарым-қатынасы арқылы өзін іздеуі, шынайы туғандарын іздеу барысында қай әлемге жататынын білмей дал болған бала ойлары анық көрсетіледі.

Хосода аниме арқылы тек ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты ғана емес, адамдардың өздеріне ғана белгілі ішкі әзәзілдерімен күресі, қоғамда орын алатын тұлғалық бөлінулер, жалғыздық, достық және махаббат мәселесін де көтереді.
Анимеде оқиға желісінің аумалы-төкпелі болуы, оқиғаның шиеленісі көрермендердің ойын бір арнаға бұрып қана қоймай, үздіксіз бақылауда ұстауға мәжбүрлейді.

Сонымен қатар, фильм графика мен анимациясы арқылы ғана әсемдікке ие емес. Авторлардың метафораны қолдана білуі көрерменге әсер етпей қоймайды.
Ақ жүзгіш кит жалғыздықтың белгісі ғана емес, сол уақытта мақсаттың соңынан еру дегенді де білдіреді. Кеудеге түскен дақ адамның ішкі жан дүниесінің бостығын, қара ниетті ұқтырады.

Хосода тағы да шеберлік танытып, ертегіге тән оқиға желісін құра отырып, тұрмыстық, адами мәселелерді көтереді. Осылайша, көрерменді еріксіз жылатып, өз өміріне тағы бір үңіліп қарауын сұрайды. Бір біріне сәйкес келмейтін қарама-қайшылықты шебер үйлестіре білетіндігі үшін бұл авторды ерекше құрметтеуге болады.

Ал, сіз анимені қаншалықты жиі қарайсыз?


Дереккөз: https://massaget.kz/