ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Қытайға іссапармен барды

0

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Қытайға іссапармен барды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Қытайдың Бас кеден басқармасының төрағасымен кездесу барысында 2019-2020 жылдарға арналған өзара келісімшартқа қол қойылды. Екіжақты келісім бойынша, Қазақстан алдағы 2 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 20 түрін Қытайға экспорттайды.

Қазіргі уақытта 13 түрлі тауар бойынша жекелей хаттамалар дайындалып, қол қойылды. Бұдан бөлек тағы 3 хаттамаға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қытай Халық Республикасына іссапары кезінде өзі қол қоятын болды.

Қазақстаннан Қытайға құс шаруашылығының өнімдері, жылқы мен шошқа еті, тоңазытылған ет түрлері, союға арналған тірі мал, өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ішінде сафлор, қарақұмық, рапс, нут, бұршақ, күнжут, пісте, жаңғақ, көкеністер мен жеміс-жидектердің кейбір түрлері экспортталмақ.

Қазақстаннан аттанған делегация сапар барысында «CHINA INTERNATIONAL IMPORT EXPO» импорттық тауарлардың халықаралық көрмесін тамашалады. Шара барысында Өмірзақ Шөкеев «Сауда және инновациялар» атты форумда баяндама жасап, Қазақстан ауыл шаруашылығын инвестициялаудың негізгі артықшылықтарын атады.

Жоғарыда атап өткен «Сауда және инновациялар» форумына әйгілі Microsoft компаниясының негізін салушы Билл Гейтс, Alibaba компаниясының басшысы Джек Ма қатысып, өз ойларын ортаға салып, сарапшы есебінде сөз сөйледі. Одан бөлек, бұл форумға Еуроодақ елдерінің премьер-министрлері және түрлі сала бойынша министрлері, ЭЫДҰ-ның басшылығы, Ұлттық делегация басшылары қатысты.

Халықаралық көрме барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыстық әкімдік өкілдерінің және «ҚазАгро» АҚ басшыларының қатысуымен екі елдің іскерлерінің арасында кездесулер өтті. Екіжақты  келіссөз барысында Павлодар облысында қант зауытын тұрғызу мәселесі қаралып, нәтижесінде жақын арада Қазақстанға 3 бірдей қытайлық компанияның өкілдері іссапармен келетін болды. Бұдан бөлек, Астанада астық өңдеу және кеспе өндіру зауытын салу мәселесі талқыланып, екіжақтың келісіміен Меморандумға қол қойылды.

Қытайлық компаниялар еліміздің ауыл шаруашылығына қызығушылық танытып отыр. Дәлірек айтсақ, ет өңдеу, логистика, машина жасау салалары оларды қызықтырған. Алдағы уақытта қытайлық компания өкілдері осы салаларға инвестиция құюды жоспарлап отыр.