Қостанай облысының диқандары төл мерекелерін тойлады
Республика бойынша астық өндіруден жыл сайын жоғары нәтиже көрсететін облыс биыл да толайым табыстарға жеткен. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне ұйымдастырылған мерекелік жиында бірнеше қызметкер ауыл шаруашылығының үздігі төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, құрмет ардагері төсбелгісіне ие болған еңбеккерлер де болды. Бірқатар серіктестік басшылары ауыл шаруашылығы министрлігінің мақтау қағазына ие болды.
Мереке барысында арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмеге облыста өндірілетін барлық ауыл шаруашылық өнімдері қойылды. Сөредегі сан алуан өнім биылғы жылдың сала қызметкерлері үшін қолайлы болғанын айтып тұрғандай. Жиынның соңы мерекелік концертке ұласты. Астана қаласынан келген қонақтар өңірдегі кәсіпорын басшыларымен кездесіп, алға қойған жоспарларымен танысты.
Қара жерді баптап, науқан бойы тер төккен облыстың диқандары биыл ауа-райының қолайсыз болғанына қарамастан өнімді жылдағыдан көп жинады. Дәлірек айтсақ, гектарына 13 центнер. Халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын сала қызметкерлерін құттықтау үшін облыс әкімі Архимед Бегежанұлы бұл жиынға арнайы келді.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы шетелдік және отандық инвесторлар үшін өте тартымды болып отыр. Ең бастысы егін жинау науқанын аяқтадық. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан 5 миллион тоннадан астам астық жинадық, – дейді Архимед Мұхамбетов.
– Егістіктік өнімдерін өз уақытында сәтті жинап алдық. Өзім комбайн рөлінде отырдым. Күні-түні тынбай жұмыс істедік. Қазір сол еңбектің жемісін көріп отырған жайымыз бар, – дейді «Жаркен» шаруа қожалығының жұмысшысы Мұхаммед Қанафия.
Төл мерекені облыстағы Қарабалық ауданының азық-түлік тауарларын өндіретін қызметкерлер де тойлады. Биыл өз салалары бойынша жылдағыдан жоғары нәтижеге қол жеткізген еңбеккерлер түрлі инвестжобаларды да жүзеге асырған.
Облыста биыл мал басының саны өсті. Олардың ішінде асыл тұқымды ірі қараның саны көп. Биыл ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция былтырға жылмен салыстырғанда 16 пайызға өскен. 212 жаңа трактор, 235 комбайн, 64 дән себу кешені, 508 түрлі техника сатып алынды.
Айта кететін тағы бір жайт, жиын барысында сауыншылар мен механизаторлар да марапатталып, бір жыл ішінде жасаған еңбектері үшін алғыс хаттарға ие болды. Осылайша, қыс маусымына сақадай сай отырған Тобыл топырағының шаруалары төл мерекелерін тоқ көңілмен, жоғары нәтижемен қарсы алды.