Қонақ күту ережелері
Үйімізге қонақтарды біз түрлі себептермен шақырамыз: әдетте Жаңа жыл, Наурыз сияқты мейрамдарда, мерей той, туған күн деген сияқты атаулы даталарда немесе жай кездесіп, әңгімелесіп қайтуға. Себебіне байланысты қонақтарды да соған сай шақыру керек.
Егер үлкен той болса, онда арнайы шақыру билеттерін жібереді, ал отбасылық кішігірім отырыстарға қонақтарды ауызша, телефонмен де шақыруға болады. Қонақтарға да дайындыққа уақыт беріп, алдын ала шақырған абзал. Сондықтан, мысалы, үйлену тойға белгіленген датаға дейін бір ай бұрын шақырады, ал туған күн немесе отбасылық мейрамдарға – бір-екі апта бұрын.
Қонақ шақырар алдында, кездесу уақытын қай уақытқа белгілеуді анықтап алу керек. Қонақ күту уақыты тамақ ішу мезгіліне тұспа-тұс келгені абзал. Этикет ережелеріне сай, қонақтарды таңғы асқа, яғни сағат 10 мен 12 аралығында, түскі асқа – сағат 15 пен 19 арасында, кешкі асқа – сағат 19 бен 22 арасында шақыру керек. Егер «толыққанды» отырыс жасау ойыңызда болмаса, онда шай мен кофеге – сағат 17 мен 19 арасында шақыруға болады.
Сонымен, кездесу уақыты белгіленді, қонақтар шақырылды. Енді үйді дайындап, қонақтарды қарсы алу, оларды мерекелік дастарханға жайғастыру, мерекелік дастарханды жабдықтау, көңіл көтеру бағдарламаларын ұйымдастыру, отырыста айтылатын әңгімелерді ойластыру, қонақтарды шығарып салу деген сияқты қонақ күту ережелерін еске алу ғана қалды.
Қонақ күткенде үй иелері әдемі киініп, көңілді шырай танытып, мерекелік көңіл-күйде, нұр шашып жүруі тиіс. Егер қонақ қожайындарға сыйлық алып келсе, олар оны қуанышпен қабыл алып, міндетті түрде ризашылығын білдіруі қажет. Сыйлықты сол жерде ашып көруге де болады. Бірақ сыйлықты қалған қонақтарға көрнекі түрде көрсету әдепсіздік саналады.
Этикет бойынша, қонақтарға үй шәркесін ұсыну міндетті емес, алайды бүгінде бұл әрекет кең жайылып кетті. Сондықтан егер шәркей ұсынатын болсаңыз, шәркейлеріңіз таза, жинақы болсын.
Келесі кезең – қонақтарды дастарханға жайғастыру. Қонақтарды жайғастырғанда үлкен адамдарды төрге шығарып, сонымен қатар көршілер бір-бірімен ортақ әңгіме таба алатынын ескеріп, ерлі-зайыптыларды бірге отырғызуды ойластыру керек.
Қонақтарды толық жабдықталған, дайын үстелге отырғызу шарт. Дастархан мен майлық та таза, әдемі әрленген болуы қажет.
Отырыс кезінде қонақтарға тамақ же деп ұсынуға болады, бірақ мәжбүрлемеу керек. Қандайда бір тағамнан бас тартса, демек өз қалауы және оны ұсына бермеу керек. Және үй иелері қонақтарының жайлы отырып, тойымды тамақ ішіп, әдемі әңгіме айтып қайтуына бар жағдайды жасауын қаперінде ұстау қажет.
Отырыс кезінде әңгіме легін үй қожайыны басқарады. Үй иелері қызықты әңгімелерді демеп жіберіп, қауіпті тақырыптардың өрбуінің алдын алып, кей қонақтардың өткір мәлімдемелерін жұмсартып жіберулері міндетті. Мереке, мейрам болғандықтан, соған сай жайдары әңгімелер айтылуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар қожайындар қонақтарына өнімдердің қымбаттағанын, денсаулықтарына шағымданып, отбасылық мәселелерін айтпауы тиіс.
Отырыс аяқталуға жақындағанда, қонақтар кетуге жинала бастайды. Үй иелері қонақтарды тезірек шығарып салуға ынталанбау керек, тек белгі берсе болады. Мысалы, этикет заңы бойынша, шай ұсыну отырыс аяқталуға жақын екенін білдіреді. Егер қонақтардың дерлігі кетіп, бірен-сараң адам қалса, қожайындар олардың көзінше үй жинауды бастамау керек: оны тек барлық қонақтарды шығарып салған соң ғана іске асырады.
Байқағандарыңыздай, қонақ күтудің негізгі ережелері аса қиын емес және іске асыруға оңай. Қонақ күтуге салғырт қарамай, аса дайындықпен келсеңіз, онда кеш қызықты өтіп, дос-жарандарыңыз риза болып қайтады және өзіңіз де қонақ шақырудан ләззат аласыз.