Қоянды: қайыры мен қалтарысы |
Оқылды:
20
Халқымыз үшін тарихи-әлеуметтік маңызы бар Қоянды жәрмеңкесінің көпшілік қауымға беймәлім деректерін ұсынамын.
Қазақстанда 1848 жылдың көктемінде Варнава Ботов деген көпес өзі де ойламаған жерден Қоянды жәрмеңкесінің дүниеге келуіне тікелей атсалысты. В.Ботов тауарларын Құлжадан Қапалға, Аягөзге, Бақанасқа одан әрі Қоянды-Талды шатқалы арқылы Қызылжарға жеткізбекші болып жолға шығады. Дегенмен, көпес Қоянды мекенінде Қарқаралыдан елу шақырым жердегі шатқалда айырбас сауда өткізуге белін бекем буады. Көпестің айырбас саудасы жақсы жүріп, В.Ботовқа көп пайда түседі. Сондықтан, 1849 жылдан бастап Қоянды жәрмеңкесі Сарыарқа аймағында сауда орталығына айналады. Мысалы, 1905-1906 жылдардағы сауда көрсеткіштеріне көз жіберсек, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 94957 қой мен ешкі, 20062 қара мал, 930 жылқы ұзын саны 26040 сомға сатылады. 154 түйенің құны 800 сомға бағаланады. Қоянды жәрмеңкесіне сол кезеңдегі Қытай империясынан да 4720 бас қой, 1225 ірі қара саудаға түседі. Сондай-ақ, Жетісудың Лепсі, Қапал, Жаркент уездерінен әкелінген мал сатылады. Семей облысының Қарқаралы уезінен 53118 қой, 2604 қара мал, 550 жылқы, 154 түйе айдап әкелініп, саудаға түседі.
Бір қызығы, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде тек қана Қарқаралы тұрғындары 154 түйе сатқан екен. Әкелінген барлық мал түгелімен сатылып, оның жалпы қосынды құны 686980 сомға жетті. Жүн-терілер де байлықтың көзіне айналды. Көптеген текеметтер саудаға түсті. Қысқасы, шикізаттардың өзінің құны 454091 сомға жетіпті.
Семей мен Жетісу өңірінің қазақтары Ресей базарларына және Сібір өлкесіне қолдарындағы малдары мен шикізаттарын 1 миллион 141071 сомға сатқан. Сауда көбінесе қолма-қол есеп айырысу арқылы жүргізілді.
1906 жылы Қоянды жәрмеңкесіне әкелінген шикізаттар Омбы, Кереку, Қызылжарға жөнелтіледі. Осы айтылған қалаларға 59791 дана әр түрлі былғары бұйымдары, 53627 пұт жүн, 553 пұт жылқы қылы жіберілген. Сондай-ақ, 43521 тері, 3916 пұт жүн, 1622 пұт жылқы қылы Нижний Тагил, Новгород, Түмен қалаларына сатылды. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесіне Қытай империясынан (Шығыс Түкістан – Қ.Е.), Жетісу өңірінен – Қапал, Лепсі, Жаркент, Пржевальск уездерінен көптеген мал жеткізіліп, саудаға түсті.
Ерекше мән беретін бір жайт, ол Қоянды жәрмеңкесінде енді мал өнімдері ғана емес, сонымен қатар, ағаш сандықтар, ағаш ыдыстар, киіз үйлердің қанаттары саудаға түсті. Сондай-ақ, мануфактуралық, бакалеялық, галантереялық заттар, темір бұйымдары және басқа тауарлар Қоянды жәрмеңкесіне Омбы, Барнаул, Ақмола, Қазан, Жетісу өңірлерінен, Мәскеу, Семей, Кереку, Түмен, Томск, Тәшкент, Сырдария облыстарынан, Қарқаралы қаласынан, Зайсаннан әкелініпті.
Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің пайда сын сол тарихи кезеңнің өзінде бүкіл қазақ елі көрді. Сонымен қатар, мына бір ерекше жайды да айта кеткен жөн болар. Қарқаралы уезінің 1 бөлімшесінің ветеринары К.Саулить деген азамат 1906 жылы Қоянды жәрмеңкесі кеңесінің төрағасы болған екен. Сол жылы К. Саулить былай деп жазыпты: «Өкінішке орай, Қоянды жәрмеңкесі кезінде далалықтарға (қазақтарға – Қ.Е.) өте төмен сапасыз тауарлар сатылады. Ұятсыз көпестер небір қылықтарға барып, көшпенділерге ешбір жерде сұраныс көрмеген тауарларын неше түрлі айла-шарғылармен өткізеді. Жәрмеңке көпестері 60 процентке дейін өздерінің пайдасына жеп үйренген». Адал жүректі ветеринар К.Саулить ашкөз көпестердің тойымсыз қарекеттерін дұрыс әшкерелеген. Осындай шындықты ашық айтқан Қоянды жәрмеңкесінің төрағасы К.Саулить көпестерге ұнамайды. Сондықтан, 1907 жылы көпестер Семей губернаторына резолюция жөнелтіп: «Бұрынғы заңдылықтарды пайдалана отырып, жәрмеңке төрағасын қарқаралылықтардан әрі ветеринардан тағайындамау керек» деп жөнсіз талап қойған
Сонымен, Қоянды жәрмеңкесінің сол кезеңдегі көпестері қазақтың Ұлы Дала елі халқының кең пейілді ниеті мен дархан мінездерін өздерінің тойымсыздығына және қалталарының қалыңдауына ұтымды пайдаланды.
Қоянды жәрмеңкесі кеңесінің төрағасы К.Саулить секілді адал мамандар сол кезеңде саусақпен санарлықтай аз болды. Өткен ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қоянды жәрмеңкесінің рационалды әлеуметтік-экономикалық тәжірибелерін қазіргі Қазақстанның нарық экономикасының шеңберінде ұтымды пайдалану абзал болар еді.
Қарлығаш ЕРҒАЗЫ, тарих ғылымдарының кандидаты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері.