Қазақстаннан Қытайға қандай өнімдерді тасымалдауға болады?

0

Қазақстаннан Қытайға қандай өнімдерді тасымалдауға болады?

4 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мәселесі қаралды.

Жиналыс барысында ҚР Ауыл шаруашылығывице-министрі Арман Евниев арнайы баяндама жасап, ауыл шаруашылығындағы бүгінгі уақытта жасалып жатқан жұмыстар жайында хабарлады. Вице-министердің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстаннан Қытайға балық, қой еті, сиыр еті, асыл тұқымды жылқы, бидай, бидай кебегі, бал, соя бұршағы, ұн, рапс, жонышқа, өсімдік майы, арпа, жүгері сияқты өнімдер экспортталып жатыр.

«Осының арқасында 9 айдың ішінде Қазақстаннан Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 процентке ұлғайды. Иран тарапынан тірі қойды, тоңазытылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, жұмыртқа жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды», — деді Арман Евниев.

Қазіргі уақытта қазақстандық 171 кәсіпорынның ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттауға мүмкіндігі бар. Оның ішінде, 153 кәсіпорын әр түрлі агроөнеркәсіп өнімін Қытайға экспорттай алады. Ал қалған 18 кәсіпорын балық өнімдерін өндіретіндіктен, өз тауарларын Еуропа елдеріне сатып жүр.