Қазақстандық екі боксшы қыз әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

0

Қазақстандық екі боксшы қыз әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Үндістан елінің астанасы Нью-Делиде бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтуде. Қазақстандық боксшы қыздар Карина Ибрагимова мен Жайна Шекербекова жартылай финалға шықты.

Ширек финалға Қазақстаннан бес боксшы қыз шыққан. Алайда оның үшеуі жарысты жүлдеге бір қадам қалғанда аяқтады.

51 кг салмақта Жайна Шекербекова 1/4 финалда поляк қызы Сандра Драбикті жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 23 қараша күні жапон Цукими Намикимен жұдырықтасады.

Карина Ибрагимова (60 кг) ширек финалда қытайлық Венлю Янгты айқын жеңді. 1/2 финалда ертең ирландиялық Келли Харрингтонмен кездеседі.

Өкінішке қарай, Ләззат Күнгейбаева (+81 кг), Милана Сафронова (64 кг) мен Фариза Шолтай (81 кг) ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп, жарысты жүлдесіз аяқтады.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 10-шы рет ұйымдастырылып отыр. Үндістанда екінші рет (бірінші рет 2006 жылы) өткелі жатыр. Соңғы рет 2016 жылы Астанада өткен. Назым Қызайбай (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) алтыннан алқа тағынып, Жайна Шекербекова (51 келі) мен Айжан Ходжабекова (57 келі) қола медальға қол жеткізген еді.

Бокс бәсекесі 24 қарашаға дейін жалғасады.