Қазақша реферат ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ | Оқу материалдары Әдебиет
ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ
(1909-1998)
Әбділда Тәжібаев – осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә.Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы.
1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. «Сыр елі-жыр елі» атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.
Әбділда Тәжібаев «Күй атасы»,»Ақын», «Портреттер» аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.
Ә.Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді.
Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.
Өмірбаяны. Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (казіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келеді. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүл күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.
Жаңа бір түсіп, шам сөнді,
Ашыла түсіп, гүл солды, –
деген, ол кезде мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған.
Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің «Еске алу» деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі.
Тек елестей бұлдырайды
Әлдекімнің көлеңкесі, –
десе, өмірге де, еңбекке де, өнерге де бейімдеп тәрбиелеген аяулы нағашы атасы туралы «Сыр жырлары» топтамасында жер ортасы жасқа келген ақын:
Кейде түске кіреді,
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін,
Нағашы атам таяғын.
Жүгіремін жағалап,
Сырдың жайпақ жағасын.
Кәрі көзбен сығалап,
Қарар маған нағашым.
Бірде қуып жүремін
Шіркей мен шыбынын.
Айдап бірде жүремін
Нағашымның шығырын…
Босайды екен көңілің
Туған жерге келгенде:
Көрініп тұр жып-жылы
Көп тырнаған шеңгел де.
Кейде түске кіреді
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін
Нағашы атама таяғын, –
деп еске алады. Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес.
Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:
Қар да құйды жапалақтап,
Тоқтамастан бастым алға.
Тұңғыш ізім бақыт қуған
Тұңғыш жауған түсті қарға, –
дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді. ПІынында да, ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді Еңбек жолын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небары 4-5 жылда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың «Жұмысшының гудогі» өлеңі 1926 жылы «Жұмысшы» газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері «Жұмысшы» және «Еңбекші қазақ» газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады.
30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. «Жаңа ұрпақ» (1935), «Лирикалар» (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп (1939) бағалайды.
Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. «Қазақ әдебиеіті» газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды.
“ – ӘБДІЛДА! – ДЕДІМ АЙҚАЙЛАП, ӘБДІЛДА! – ДЕДІ ЖАҢҒЫРЫҚ…”
Шымкент жақта жеті жылдықты бітіріп, туған топырағы – астана Ақмешітке қайта оралған кезінен-ақ Әбділда бала жұрт назарына ілікті. Өйткені, ол Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Дұрыстың Сейілі сынды Сыр сүлейлері жырларын жатқа айтатын. “Төрт дәруіш”, “Қамыр заман хикаясы” сияқты зәру кітаптар Әбділданың қолынан түспейтін. Өлең болып таң атырып, өлең болып күн батыратын балаң бозбаланың өз қатарынан оза шауып, дарабоз дарынды ағаларының жанынан ертерек табылуына жүрегін жылытқан сол жырлар мен қисса-хикаялардың әсері көбірек тисе керек.
“Еңбекші қазақтың” корректоры Әбділда да алдыңғы толқын ағаларынан қалыспайтын. Кешегі “Елім-айлап” еңсе түсірген жұртының жайлауын жайнатып, қыстауын көркейтуге келгенде алдына жан салмайтын оның маңдайынан сипаушылар көп болды. Бір ағасы “Ал, кеттік!” десе, бұл жүгіре жөнелетін. Ұлы Ленин, ұлы Октябрь деп көзін ашқан ол ұстаздары сияқты жүрер жолының түбі тұйыққа тірелетінін білген жоқ, әрине. Сол тұйық жолда бұл талай соғылған. Бұл да талайды соққан. Сол Әбділда соққысына ұшырағандардың бірі Мағжан еді. Оған түрткі болған Мағжанның “Еңбекші қазақта” жарық көрген “Тоқсанның тобы” атты өлеңі еді. “Бұл оның советтік қазақ халқына ағынан жарыла шынын айтқаны, өз кінәсін мойындағаны еді. Бірақ біз оған сенбедік. Сол кездегі он сегіздегі бала, мен, “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша “Тоқсанның жырын тоқсанның өз ұлы жырлайды” деген өлеңмен жауап жаздым. “Еңбекші қазақ” газетінде ол да басылып шықты. Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді” деп жазды кейін Әбділда.
Әбділда және былай деп жазды: “Біз бүгін ертеңгі күнімізге қарап, жарық болашағымызды көрсек, кешегі күнімізге қарап, өткен жолдарымыздың қияметтей ауырлықтарын да көреміз. Культ дәуірінен басталған қанды қырғын, шегінен асқан заңсыздық қазақ халқы мен оның интеллигенциясын қоса қиратқан сұмдық соққы еді. Біз бүгін әділдік орнаған заманда өшкеніміз қайта жанып, өлгендеріміз қайта тірілген қуанышты күндерді басымыздан кешіре бастадық. Солардың бірі поэзиямызға алтын қазынасын көтеріп қайта оралған Мағжан Жұмабаев және оның ескірмес, өлмес жырлары”.
Тағы бірде былай деп те жазыпты: “Өзі жиырманың ішіне жаңа кірген жас Мағжан махаббаттың бұлбұлындай сайрады. Орыс поэзиясының ең дүлдүл ақындарымен, сонау Блоктың өзімен үндесе білген ол:
“Сұлу әйел идеал,
Сұлу әйел бір қиял!” – дегенді қазақ ақындарының ішінде бірінші боп айтты. Сөйтіп, ол біздің поэзиямызда махаббат тақырыбын тіпті биік шарықтатып, аспандатып әкетті”.
Осындайда Мұхтар Әуезовтің осыдан тура 80 жыл бұрын жасаған көріпкелдігі еріксіз еске түседі: “Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін” деп жазған-ды ол. Күмәнді, сенімсіз сөздерді қойдай тоғытатынымызды қайдан білген десеңізші! Білген. Білетіні: үкімет пен партияның социалистік реализм дейтін әдеби асарында жағымды кейіпкерге жағымсыз кейіпкердің аузын ұрғызбаған, “Партия – жыр-әнім, партия — ұраным!” деп зікір салмаған кім бар еді? Күмәнді, сенімсіз сөздерге кейін өзі де барған Мұхаңның. Абайды Абай ету үшін заманның ыңғайына есіп, ақылман әкесі Құнанбайды “құрбандыққа” шалған. Бірақ ол бәрі бір қуғыннан көзін ашқан жоқ. Дұрысы: көз аштырғанымыз жоқ. “Абай советтік заманның ақыны емес”, “Абай – қара халықты қанаған байдың баласы”, “Абай – ұлтшыл, діншіл, құдайшыл ақын” десіп, жоғары жаққа арыз домалатқандардан қазір ешкім қалмаған да шығар.
Домалақ арыздармен Әбділданы да домалатып жататынбыз. Сондай доңғалақсыз домалақ арыздардың бірі “Москва. Кремль. КПСС Орталық комитетіне” деп жол тартар еді. Аты жоқ затсыз қазақтың Әбділдаға орталықтан ор қазбақ болған орысшасын ана тілімізге жолма-жол, сөзбе-сөз аударар болсақ, былай боп шығар еді: “Жамбыл деген дүниеде ақын жоқ. Ол – блеф, оны ойлап шығарып жүрген айлакер Әбділда Тәжібаев. Біз Әбділда Тәжібаевты әшкерелей отырып, оған қатал жаза берілуін сұраймыз”.
Арада көп уақыт өтпей әлгі Мәскеуге домалап барған домалақ арыз Алматыға домалап кері қайтар еді. “Жамбылды қолдан жасаған” Әбділда өзіміздің Орталық комитет бюросына шақырылар еді. Жалғыз шақырылмайды, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастаған біраз мықтылармен қоса шақырылады. Арсыздың арызы оқылады.
– Бұл арыз Москвадан оралып келді, — деп ресми сөзді екінші хатшы Журин бастайды. – Көтеріп отырған мәселені өздеріңіз біліп отырсыздар, өте шатақ, өте ойландырарлық мәселе. Орталық партия комитеті өз пікірін айтпастан бұрын сіздермен кеңесуді дұрыс көрді. Бәріңіз де мәдениеттің, әдебиеттің білгір адамысыздар және Жамбылды да жақсы білесіздер. Сондықтан сіздердің сөздеріңізді тыңдағымыз келді. Енді кезектесіп өздеріңіз айтыңыздар.
Екінші хатшы сөйдеді екен деп елпілдеп, екпіндей қоятын ешкім көрінер емес. Бірі ырғатылып, бірі қозғалақтап, Әбділдаға қарасады. “Бізді қайтесің, Жамбылдың басы-қасында болған өзің айтсайшы!” дейтіндей. Әбділда болса, “Сөйлемейтін, үндемейтін болсаңдар неге келдіңдер?” дегендей жан-жағына барлап қарайды. Сол ұзақтау үнсіздікті “Жарайды, мен сөйлейін” деп орнынан тұра берген Сәбит аға бұзып үлгірер еді.
– Мен бұл арызды кім жазғанын білемін, – деп Сәбең бюро мәжілісін басқарып отырған Журинге қарайды.
– Иә, иә… – деп Журин бұған қарайды. Отырғандар “Е, бұл кім болды екен?” – деп бір-біріне қарасады. Бәрі де қызыққа кенелуге асық.
– Ол маған оқып берген соң, осы арызды Мәскеуге жіберейін бе, жібермейін бе деп ақыл сұрады. Мен өз еркің білсін дедім ол жолдасқа. Жібер деп кесіп айтуға Жамбылды қимадым, жіберме деуге арыз иесінің көңіліне қарадым, – деп Сәбең тоқ етерін айтқан.
Бюроға шақырылғандар “Міне, қызық қайда жатыр” дегендей аздап күлісіп алған.
– Сіздер бекер күлесіздер, – деп Сәбең күлгендерге қарап қабағын шытынатқан. – Жамбыл бар. Жамбыл белгілі Жетісу жырауларының бірі, оны өтірік деу барып тұрған ақылсыздық. Сонымен қатар ойланыңыздаршы, халықтың қай ақыны партия мектебін бітіріп шығыпты, Жамбыл да солардың бірі емес пе? Ол қалай партияны, көсемдерді жырлайтын саяси жыршыға айнала қалады? Мені әңгіменің бұл жағы да қатты толғандырды. Арыз жазған жас ақынның көңіліне қарадым деген себебім осы. Ал мен жүз пайыз Жамбыл жағындамын. “Алтын тәтем” дейтінмін, айта берем солай “Алтын тәтем” деп…
Ағынан жарыла ашық-шашық сөйлеген Сәбеңнен кейін Журин тағы кім сөйлейді дегендей болған, бірақ суырылып ешкім шыға қоймаған. Мұхтар сол мығым отырған қалпында қалды. Күлмек түгіл жымиған да жоқ Сәбит сөзіне. “Бұл не масқара?!” дегендей демін ішіне тарта жан-жағына қаранған. Өйтетіні: ұлы жырау тоқсанға келгенде “Жасы кәрі, жаны жас, аспандай шыққан әні жас Жәкем, сен әрі әкеңнің әкесіндей, әрі шөберенің құрдасындайсың, әрі болашақ ұрпақ тұрғысындайсың. Ғасырларды көктей өткен даналық тірлік осы да” деп құттықтау жолдаған Әуезов қой бұл! Сол сөзі сөз. Аспан аударылып, жер төңкерілсе де ол сөзін қайтып алмақ емес. Соны айтамын деп және әуре болғысы жоқ. “Оңбайтын бала өнбейтін дауды даулайды”. Білетіні осы. Тағы бір білетіні: “Іштен шыққан жау жаман.”
Жырау Жамбылдың үкімет шешімімен әдеби хатшысы болған Ғали да қара түнек. Кімді жазғырарын білмей даң. Жамбылға жала жапқан жас ақынды ма, әлде жас ақынның көңіліне қараған сақалды Сәбит ағасын ба? Түсініп болар емес. Жамбыл:
– Шөлге шыққан бұтадай
Бойың қысқа мыртиған.
Қара шолақ бұқадай,
Суға тойып тыңқиған, – деп әзілдеуші еді өзін. Бұл да есе жібергісі келмей:
– Атаныпсың ежелден
Екейдегі қиқар шал, – дейтін. Кейін Жамбыл атасы о дүниелік болғанда:
– Ортада көрінбейсің бүгін өзің,
Сөйлеп тұр, бірақ сенің сырлы сөзің, – деп елден бұрын өлеңдеткені есінде. Бұл ғана ма екен, басқалары да сөйткен. Е, Жамбылды жырына жалау етпеген кім бар?!..
Үнсіздікті Әбділда бұзды.
– Ұлы жырау, ұлы ақын Жамбылдың хат танитын көзіне, жазатын қолына айналғаным рас. Бұл тек революциядан кейін ғана қолымыз жеткен табысымыз, сауатсыз кәрі мен сауатты жас буынның жарастығы еді. Мұндай ұрпақтар гармониясы бізде бұрын болған емес. Революция мені оқытып Жамбылға берді, ал Жамбыл маған жаздырып отырып, өзінің көл-көсір жырын революцияға арнады. Осы да блеф бола ма?.. – деп дауылдата, жауындата сөйлеген Тәжібаев тым ашулы еді, Журин:
– Түсінікті. Сабыр етіңіз. Болды. Рахмет, – деп жаймашуақ бола қалды.
Бюроға шақырылғандар осылай тарасқан. Сәбит ағасымен сыртқа иін тіресе шыққан Әбділда “Ағасы-ау, бәрі өзіңізден екен ғой!” дегісі келген. Дей алмады. Дей алмайтыны: мұндай-мұндайлар Сәбеңе жараса береді. Сен сөйтіп едің деп мұнымен жаға жыртысқан әзірге ешкім жоқ. Оның үстіне өзін қанатының астына алып, қатарға қосқан осы Сәбит ағасы. Сонау отыз бірдің қысында жиырманың үстіне жаңа шыққан жас ақынды бас ақындай көріп, “Әбділда!” деп хат жазғанын қалай ұмытады. “Сен Қызылордада екенсің ғой, мен Семей жағында шығар деп жүргем” деп басталатын ол хат. “Ғабитпен менің полемикамды оқыған шығарсың. Ғабит жолдас орынсыз жерге әулиелік жасады. Мені қаралағанымен қоймай, Қызылжардың секциясын менің жігім ғып көрсетті. Былтыр шет жағасын көрген сықылды ең, партияның көркем әдебиеттегі ұранын орындауға талпынып істеген істі баяғы сасық жікке жыққысы келгеніне мен өзім қатты ренжідім. Сен маған бұл туралы көмектестік пікіріңді жазуға тиістісің” деген сөздермен жалғасқан хат аяғын Сәбең былай аяқтапты: “Саған тапсыратын нәрсе: егер Қызылордада азын-аулақ күн болсаң, сонда ҚазААП бөлімшесін оформить етіңдер. Сөйтіп, мүшелерінің тізімін жасап, правление құрып, өлкелік басқармаға бекітуге жіберіңдер”.
Әбділда үшін қарапайым Сәбеңнің, бауырмал Сәбеңнің, кең етек, кең жайлау Сәбеңнің, сені кем көрмей, тең көретін Сәбеңнің жөні бөлек. “Ал, кел!”, “Ал, же!” дейтің Сәбең: “Аузыңды аш, асатып жіберейін!” деуді де ұмытпас еді. Әрине, бұған Мұхтар да аға, Ғабит те аға, бірақ, бірде тату болса, бірде қату бола қалатын ағалары арасында жүріп бәріне бірдей болу Әбділда үшін қиынның қиыны-ақ еді.
– Біз ортамызға Әуезов келген соң айырылыса бастадық, – дер еді Сәбең Әбділдаға. – Сен маған тура әуезовшілге айналғандай көріндің. Оған шық жуытпасқа тырыстың. Мен сені сол қылықтарың үшін жауапты орындарда айқайлап тұрып сынадым. Тәжібаев Әуезовтің рупорына айналды дедім. Осындай қызу үстінде жарықтық “Абай” атты романға да тілім тиіп кетті…
Әбділда ағаларын алаламайды, оған бәрі бірдей, бәрі де ұлы, бәрі де дана. Шыны да солай ғой. Әбділда әуезовшіл болса, Әуезов те әбділдашыл, інісінің жазғандарын жадынан шығармайды. Жылт еткені болса жүрегін жайып: “Е, міне, осылай болса керек!” деп құшағына алады. “Біз де қазақпыз” атты драмасын үйіне кеп оқып бергеннен соң да солай еткен. Жұбайы Валентина Николаевнаға дауыстап: “Валя, саған да құйдым, кел, үшеуміз ішейік. Мына Әбділда өте қызық, өте күшті шығарма бітіріпті, сол үшін алайық!” деуі де содан-ды.
Көрінгенге көтере көпшік қоюдан аулақ Әуезовтің сол бір дастархан басында айтқан сөзі Алматыдан әрі асып, Мәскеуге де жетіп еді. Көп ұзамай Александр Хазин аудармасындағы “Біз де қазақпыз” бүкілодақтық талқыға түсті. Атақты драматург Николай Погодин, ақын-драматург Илья Сельвинский, үлкен жазушы Леонид Соболев бастаған қабырғалы қаламгерлер тезінен түп-түзу күйінде өту оңай емес-ті.
– “Қазақ” – талантты, ақындық шығарма. Маған мұның тек астарлы ишараты ұнамайды. Халық неге қамауда, оны қоршаудан шығармай, жарық дүниені іздеуге мұрша бермей ұстап отырған Бура кім? – деп Погодин Әбділдаға қараған.
– Халық өзгелерге қол созып, олармен қатар жасауға ұмтылады, – деп Әбділда орнынан көтерілген.
– Дұрыс айтасыз. Өте дұрыс, – деген Погодин.
– Мұндай тұста… – деп сәл кідірген Әбділда әрі қарай ағылған. – Бір елді бурадай билеп, өз үйірінен шығарғысы келмейтін, өзіне ғана бас иіп, өзіне ғана табынуды тілеушілерге, соған зорлықпен көндірушілерге, мифке айналған жалған иелерге халықтың саналы ері қарсы шығады. Барлық күш-қайратын ой қараңғылығына, жан дімкәстігіне, өмірге еркіндік бермейтін шатқалаңдарға қарсы жұмсайды. Ол қараңғылыққа от лақтырады, көмескі көңілдерге, көлеңке түкпірлерге жарық береді, жұртқа арызын шағады. Сөйтіп, жалғыз басын өлімге байлап, барлық билеушілерге қарсы қан майданға түседі…
Ұзақ та екпінді сөзін “Қазаққа қазақтың көзімен қарай алғандар ғана әлгі Николай Федорович айтқан “астарлы ишаратты” дұрыс түсіне алады” деп аяқтаған Әбділда отырғандарға көктен түскен тәңірідей көрініп еді.
– Мен ақындық драмадан өзімнің сыңарымды көріп отырмын, – деп Сельвинский Әбділда сөзінен кейін су сепкендей болғандарды оятып үлгірген.
Сельвинскийдің керемет мақтауын одан сайын күшейте түскен Леонид Соболев:
– Мұны халық туралы халықтық аңыз деп санауымыз керек, – деп өз шешімін бір-ақ кесіп айтқан.
Ол Әбділда Тәжібай баласының басынан кешкен ең бақытты күндерінің бірі еді. Бірақ, Қазақстан Жазушылар одағын аттап өтіп, КСРО Жазушылар одағынан бір-ақ шыққан Әбділданың демін басқысы келгендер де табылып жатты.
– Аманбысың, Әбділда, сені әурелемей-ақ телефонмен айта берейін, – деп Жазушылар одағын басқарып отырған Сәбең шаң берер еді бір күні. – Сенің “Біз де қазақпызыңды” одақта әлі оқыған жоқпыз ғой. Соны оқуымыз, талқылауымыз керек, жолдас. Сенің бұл пьесаңның үстінен түскен сигнал бар. Мінеки, арыз қолымда тұр. Сені Сталин басшылығына қарсы, ұлтшылдық шығарма жазған жазушы депті. Ертең сағат 10-ға президиум шақырдым, сонда талқылаймыз.
Айтқанындай, талқылау басталады ертеңіне.
– Бұл, жолдастар, күнәсі жұқалауға келетін символизм ғана емес, бұл көсеміміз Сталинді, бүкіл Сталин ғасырын кірлеген, қастандық жасаған шығарма! – деп алғашқы сөзді алған драматург Мұсатай Ақынжанов сәл ентік баса бере:
– Әй, Әбділда, саған осылай жазу неге керек болды? – деп өзімсінген болар еді.
– Керек болғаны да, – дейді Әбділда кекесінге салып.
– Сен, Тәжібаев, дұрыстап жауап бер, мынауың жауап емес, қылжақ қой, – дейді Сәбең бір тұстан.
– Әбділда-ау, кәдімгі өзімізше қазақша жазуға болмады ма? – деп Ғабиден жұмсартқан болады.
– Астары қалыңдау, бояуы баттасыңқырап кеткен жерлері көзге ұрып тұр. Сол бояуларды қайта жазу керек болар. Ал, “қастандық” деген сөздің әлгінде бекер айтылғанын айтпай кетуге және болмас, – деген Ғабит сөзі қойылып отырған мәселенің соншалықты мәнді еместігін аңғартқандай еді, Сәбит болмай:
– Мен бұған есіңді жи, адамдарға сын көзімен қарайтын бол, көрінгеннің рупорына айналма деп ескерткенмін. Бірақ, бұл достық кеңеске құлақ аспады. Ақыры осыған соқты, күйрей құлататын зиянды шығарма жазды. Тағы да қайталаймын мына жиналыс үстінде “Әбділда, есіңді жи, партиялық міндетіңді ұмытпа” деймін. Ал мына нәрсеңді барынша теріс, біздің ұлы саясатымызға қайшы келетін, Сталин жолына қарсы жазылған шығарма деп қаулы аламыз. Бұл жиналыста Ақынжанов жолдас өте дұрысын айтты, оған рахмет айтуымыз керек, — деп мына бас қосудың түпкі мақсаты осы дегенге келтірген. Әңгіме әуенін ә дегеннен түсіне қойған Әуезов Ақынжанов сөзі бітер-бітпестен лекциям бар еді деп шығып кеткен-ді, Сәбиттің соңғы сөзін естіген Ғабиден “Онда неге отырмыз?!” деп есік жаққа беттер еді. “Е, солай де!” деп қолын бір-ақ сілтеген Ғабит те солай, кетіп барады. Біреу біреумен сөйлеспейді. Бәрі де бір елі ауызға екі елі қақпақ қойып үлгірген. “Тәжібаев ұлы саясатымызға қарсы, Сталин жолына қарсы”. Қарсы емес десең, сен де қарсы болғаның. Қуаттағаның, құптағаның. Ендеше, үндеме. Үндеген үйдей бәлеге қалады.
Сол үйдей бәлеге қалды Әбділда! “Үндеме дейсің, үндеме дейсің сен неге, үндемес болсаң берілген маған тіл неге?!” дейтін Әбділданың үні өшкенмен бірдей-ді. Жазушылардың бастауыш партия жиналысында үш рет, аудандық партия комитетінде екі рет, қалалық комитетте тағы бір рет талқыға түскен Тәжібаевтың қалай талып түспегеніне таң қалғандар көп болған ол күндерде.
– Не болды, қозым, өрт сөндіргендей боп келдің ғой? – дейтін шешесі Айманкүл.
– Жай шаршағандікі ғой, – дейтін бұл.
Шаршайды, әрине. Шаршайтыны: әлгі талқылауды тілге тиек етпейтін газет қалмаған. Аудандық, облыстық, республикалық… “Правда” да мұның пәрше-пәршесін шығарған. Ақыры Тәжібаевтың аты аталған “Драмалық театрлардың репертуарлары туралы” атты Сталин қол қойған Орталық комитет қаулысымен тынған.
– Қалай тірі қалғансыз?! – дейтінмін Әбекеңе.
– Тірі қалдырды ғой, – деп күлетін ол. Бір ғажабы, ешкімді кінәламайды. Кінәламайтыны: шығасыға иесі басшы. Неге соны жаза қойып едім деп және өкінбейді. “Өзің қалай болсаң, өмірің де солай болады” дейтін. Елім деп еміренген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтарды мысалға келтіретін. Елім деп өлімге бас тіккен оларды күдігі көп кеңес үкіметі неге жақсы көрмеді деп айта аласың ба? Айта алмайсың. Соны айтады. “Халық неге қамауда, оны қоршаудан шығармай, жарық дүниені іздеуге мұрша бермей ұстап отырған Бура кім сенің мына пьесаңдағы” дегенді маған Погодин неге айтты деп мені де ойға шақырады. “Бура әсіресе көктемде бар күшіне енеді. Аузынан будақ-будақ көбік шашады. Жақын барсаң шайнап тастайды. Билік те тап сол емес пе?” деп және сауаттандырады мені. Сол пьеса үшін жерден алып, жерге салған ағаларын да, аға еместерді де ақтап сөйлеуді де ұмытпайтын. “Партия уставы – партия нұсқауы. Солардың орнында өзім де сөйтер ме едім, кім білген” дейтін. Мен болсам, “Иә, сіз сөйтер едіңіз! Шайнап тастайтын, жайпап тастайтын нағыз бураның өзі болар едіңіз” деп қағытатынмын. Кеңкілдеп күлетін. Күліп отырып:
Айдауына түскенім жоқ желдің мен,
Не болса да өз бетіммен көрдім мен.
Қалғаным жоқ іргесінде есіктің,
Нақ алдына шықпасам да төрдің мен, – деп өлеңдететін.
Әбділданың оны-мұныға мұқалмайтыны оның мықтылығы еді. Бұл оның төзімділігі емес, тереңдігі болатын. Әр адам өзінше бір-бір әлем. Оның өз заңы, өз ережесі бар. Оны өзі шығарып, өзі бекітеді. Өзгертуге хақың жоқ. Мұның да өзгертуге жатпайтын өз заңы бар. Кейде өзгенің заңын өз заңымен үйлестіре алмай қор болар еді.
Адамменен адамның арасы алшақ,
Біреу дұрыс туғандай, біреу жаңсақ.
Соның бәрін өлшеуге ойым жетпей,
Отырамын сөз таппай кейде шаршап, – дейтіні сондықтан-ды.
Кейде бастары бір қазанға сыймайтын ағалары да шаршататын. “Сен Әуезовтің рупорына айналдың” дегенді Сәбит ағасынан естісе, “Әділдік, ақтық бәріміздің де мұратымыз. Әділдік үшін қажырлы қайсарлық керек. Осындай берік қасиет сенен табылды ғой деуші едім, онымыз бекер болып шықты. Сәл салмақ түсіп еді, Сәбит туралы сайрап шыға келдің” дегенді Мұхтар ағасынан естиді. Осындайдың бәрін көтеру үшін күш керек. Ақыл керек, сана керек. Сол ақыл мен сана ағаларының бір сәттік өкпе-наздарын өзіне деген марапатқа балатып жататын. Әдебиеттің бар-жоғын дұрыс салмақтай білмейтін біреу болсам сол сөздер маған айтылар ма еді деп өзін-өзі жұбататын.
Әбділда әдебиетіміздегі алыптар шоғырының ең соңғысы еді, өмірден де ең соңғысы боп өтті. Қатары сиреген жанның панасыз қалған жетім қозыдан аумайтынын мен сонда көрдім. Бірақ, сыр бермейтін. Әйтсе де өлең-жырларымен ғана сырласудан, өлең-жырларымен қана мұңдасудан басқа ештеңе қалмағаны көрініп тұратын. Онысы жазған-сызғандарынан да байқалып қалушы еді:
Алыстап кетті
Күндерім алтын арайлы,
Жастығым өтті
Көтерген отты жалауды.
Батар күндерге
Қиылып қимай қараймын,
Келер күндерден
Ұялмай өтсем жарайды.
Өткен күндерінің жылы шуағына рахаттана шомылатын ол кейде кәрі Әбділда алдында жас Әбділданы, жалын Әбділданы сөйлетуге асығар еді. “Дауыстап айт, дұрыстап айт!” деп дегбірінен адастырар еді. Сол сәт кәрі Әбділда көнетоз күпісін иығынан тастай бере жалаңтөс жас Әбділдаға айналып шыға келгенін байқамай да қалар еді. “Әбділда!.. Әбділда!.. деп жер-дүниені жаңғыртар еді. Өз дауысы өзіне “Әй, Әбділда!.. Әй, Әбділда!.. Әй, Әбділда!.. деп жаңғыра, жарды ұра қайта жетер еді. Бірі Мұхаң, бірі Сәбең, бірі Ғабең боп естілер еді ол дауыстар. Мүмкін, “Әй, Әбділда, сен “жүдәні” жүдә көп айтады екенсің” деп күле сөйлейтін Ілияс ағасы болар. Мүмкін, Бейімбет… Мүмкін, Асқар… “Қазір де менің алдымнан көлеңкең көлбеп өтеді, “Әбділда!” деген дауысың ап-анық маған жетеді. Адасып қалған құландай жоғалтқан жолдың жалғасын, отырмын сенсіз жүре алмай, қайдасың, аға, қайдасың?” деуші еді Асқар ағасын сағынғанда. Сол болар. Жо-жоқ, “Әй, Әбділда!.. Корректор Әбділда!.. Мына газеттегі қатені неге көрмейсің?!” дейтін арбакеш ағасы, әзілкеш ағасы Қалмахан шығар… “Әй, Әбділда, енді қартайғанда әдебиет институты неңді алған?” деп қимай қоштасқан Қасым болса ше? “Өзге емес, өзім айтам өз жайымды” дейтін қайран Қасым ғой! Бұған да “өзге емес, өзің айтқың өз жайыңды” деп тұрған жоқ па екен?! “Түсіндім, Қасым!” дегендей, Әбділда өз жайын өзінен аумайтын өз өлеңіне айтқызар еді:
– Әбділда! – дедім айқайлап,
– Әбділда! – деді жаңғырық.
Жанымның атты жалыны,
Дауысым жатты жарды ұрып.
– Әбділда! – дедім айқайлап,
– Әбділда! – деді жаңғырық.
Кеудемде тұрды от лаулап,
Жер менен көкті жандырып.
– Әбділда! – дедім айқайлап,
– Әбділда! – деді жаңғырық.
Кеудемде бір күй салды ойнақ,
Жақсылық жанға салды ұрық.
“Халқым барда мен бармын қашанда да” деп от асап, жыр қашаған Әбділда ақынның осылай “мен!” деуге, “менмін!” деуге моральдық құқы бар-ды. Ондай құқты бір жағынан жырсүйер халқы берсе, екінші жағынан сол қазақ дейтін халықтың мандатына айналған ұлы ұстаз ағалары берді. “Өзі болған қыз төркінін танымайдының” керін келтіруден аулақ ол да ардақты ағаларының бағасын біле білді:
Қандай жақсы қамқоршың болса ақылды,
Мезгілінде біледі ол тіл қатуды.
Терісіңді теріс деп тура айтады,
Арзандатпай тағы да қымбатыңды.
Қорқытпайды үркітер өтірікпен,
Айтады ойын өзіңмен отырып кең.
Жақсы ұстаздың қасында ойың еркін,
Серпіп сені қақпайды көкіректен,
Сөйлемейді ол желдетіп, құйындатып,
Оңайларды көрсетпес қиындатып.
Келер күннің естисің кеңесін де,
Ақыл-ойың бөлінбей миың қатып… – деп жырлауы да сондықтан.
Ұстаздықтан өзі де жалыққан емес Әбділданың. Өзінен кейінгілерді демеп, қолдап отыратын. Іні-қарындастарының жақсы жырларымен жүрек жылытатын. “Маған Сағидің “Қазақ әдебиетінде” басылған:
Мен әйтеуір жеткенше бар өмірім
Бәрін, бәрін жинаймын әдемінің.
Жақсылықтың бәрінен үміттімін,
Жақсылардың бәрінен дәмелімін, – деген шумағы ұнады. Ақын өлең айтпаған, сыр айтқан, онысы менің де сырым сияқты” деуі қандай керемет! Артында қалған жазбаларынан: “Қадыр жырдың үндестігін, сөз сылаңдығын, ырғақ сұлулығын ұстана білетін ақын. Соның бәрінде біз тамаша ақынды еліге қоштап, өзіңнен де, еліңнен де айналайын деп отырамыз.
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай.
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай деген Қадырға қол соғамыз” деген жолдарды да оқыр едік. “Тұманбай махаббат өлеңін өзгемізден көбірек жазған ақын. Оларының аса күштілерін де, әлсіздерін де жақсы білеміз. Сол Тұманбай бір күні:
Сенің туған күніңде
Көңіл отын маздаттым.
Жалындаймын деп жүріп
Жанып кете жаздаппын.
Саған арнап көп өлең
Жазғанменен толғанып,
Саған бірақ татитын
Бір өлең де жазбаппын, – деп ағытты. Тұманбайдың бұл өлеңі Күлтайға арналса да, мен оған бұдан да гөрі кеңірек мағына бердім” деген жолдар да Әбділдаға тиесілі. Қыз ақындар ішінен Фаризаны айрықша атайтын ақын оның:
Аймалап құшқан қылықтарың үшін,
Дүниені ұмытқаным үшін
Өкініш қарыған жалын-мұңым үшін,
Жалт етіп өткен сағым-күнім,
Мен сені ұмыта алман! – деген өлең жолдарын алға тарта отырып: “Бұл менің құлағыма жағатын қатты дауыстардың бірі” деуі де сөз танитын Әбділданы одан сайын келбеттендіре түсері сөзсіз. Мұқағали, Төлеген жырларын да ол осылай бағалаған. Өзінен кейінгі ақындарды аялы алақанына салған оның кейде кәріне міне: “Ай, мынау ақын емес! Жоқ, мынау өлең емес!” деп ашу шақыратын кездері де болмай қалмайтын. Мақтауға ие болғандардың өздері де Әбекеңнің сондайынан сақтанатын.
Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай,
Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патшадайын.
Сөйлесең,
Бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып,
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Боз қырау босағасын тауыпты өлең.
Жаман жыр жазғанымда
Ақ таяғың –
Арқамда ойнай ма деп қауіптенем, – дегенді Мұқағали сондай сәттердің бірінде жазса керек.
Әбекең ақиық ақындығына қоса ғаламат ғалым да еді. Әлемдік әдебиет ғылымының арғы-бергісін тереңнен қозғайтын. Өз әдебиетімізді зерттеушілерден олқылық көрсе өртеніп шыға келетін. Аянбай айтысқа түсетін. Жеңілем-ау демейтін, жеңіп шығам дейтін. Қасым Аманжолов сондайларының бірінде ұрыста тұрыс жоққа басып, жырларынан ұлтшылдық сарын іздеген Серік Қирабаевқа тиісер еді. Серік інісі де қарап қалмай, Әбділда ағасын Аманжоловпен қоса соққылар еді. Арынды, сондығынан айтқанынан қайтпайтын Әбділда болса “Бұл – Серіктің солақайлығы!” деп өз делебесін өзі қоздыра біраз жерді шарлар еді. Кейін-кейін ет қызуы басылып, сабасына түскен кезде “Осындайларымыз бола тұра мен Серіктен безініп көрген емеспін” дей келіп: “Мен өзім де осындай солақайлықтарды басымнан аз кешірмеген адаммын ғой. Кеше ғана Сәкеннің Азия туралы өлеңінен құбыжық таппақ болғаным, Ілиястан оңқайлық, мағжаншылдық іздегенім өзіме мәлім. Мен жас Серіктің басынан өткен белсенділіктен өз күндерімнің бірін көрдім” деуінде ұлылықтың нышаны жатқандай. Кезінде жас болған, кейіннен бас болған бүгінгі академик Серікті әдебиет ғылымының ұшар басына дейін көтере мақтаған тұстары кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Серік Қирабаев сияқты әдебиетіміздің арғы-бергі түкпірлерін ат арыта аянбай ақтара зерттеп келе жатқан Рахманқұл Бердібаев пен Тұрсынбек Кәкішев туралы аспандата, асқақтата айтқан адал сөздері де ақылға қонымдылығымен, санаға сыйымдылығымен іш жылытады, “Пай-пай, қара нарларым-ай!” дегізеді.
Бір қызығы, інілеріне деген ілтипаты күшті Әбекең ағаларына келгенде “Тура биде туған жоққа” басатын. “Ғабиттың жазушылық сезімталдығы Мұхаңа тән еді, ал ғалымдық ұстамдылығы одан кем еді. Ол Мұхаң сияқты өзін-өзі бақылағыш, тежегіш, билегіш емес-ті. Оны интуиция басымырақ билейтін, ертең ойланып айтатын сөздеріне шыдамы жетпей бүгін-ақ айта беретін” дегені де біраз жұрттың есінде.
…Бізде мен білетін екі әдебиет бар. Бірі – Асан қайғыдан басталып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен аяқталатын былғанышы жоқ ең таза Қазақ әдебиеті, екіншісі – Жамбыл – Жәкемнен басталып, Тәжібаев тұстастарымен аяқталатын, кеңес өкіметінің қамытын киіп, айдауына түскен, қымбаты мен арзаны аралас Қазақ совет әдебиеті. Бұл әдебиеттен сіз: “Қиуадан ақыл алатын, Қияннан айла табатын, Ерлерден салсам нөкерді, Дұшпаннан кекті алатын” деген Ақтамберділерді, “Ханым, ханым” дегенге, Көтере берме бұтыңды. Күндердің күні болғанда, Өзіңнен мықты жолықса, Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді” деген Махамбеттерді, “Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Аузымен орақ орған өңкей қыртың. Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың” деген Абайларды таба алмайсың. Оның есесіне “Жасасын Советтер одағы, жеткізген еркіндік, теңдікке” деуден аузы ауырмаған ақын-жазушыларымызды көресіз. Әйтсе де солай екен деп нағыз еркіндікке, нағыз теңдікке қол жеткізген бүгінгі жаймашуақ күнімізде кешегі қилы заманның қосын жегуге мәжбүр болғандарымызды сотқа тарта алмайсыз. Ел қатарлы Ленин, Октябрь, Партия деп жаналғыш аждаһаның басына алдарқата ақ құйған Тәжібаев жөнінде де солай. Солай дей отырып, “Толып жатыр мініміз сынағанға, мен де аламын сол сыннан сыбағамды” деген Тәжібаев шығармашылығының тоқсан тоғыз пайызы түгелдей азабы мол қазағының мұңын мұңдасып, жоғын жоқтауға бағышталғанын айта кеткеніміз жөн.
Ағарғанша басымда қара шашым,
Көрдім талай өмірдің тамашасын.
Құласаң да қор болма, жылама деп,
Бола бердім әлсізге арашашы, деген Тәжібаевқа тәнті болмайтын кім бар?
Ой жеткізгісіз болашақ ғажаптары,
Соған жетуді ойлаймыз азаптанып.
Ғажаптар мен қиялда кездесетін
Бақытты ғой ертеңнің қазақтары, деген де Әбекең. Сол ғажап күндерге жетті де ол. Бірақ, көп тұрақтай алмады, уақыттың үкіміне бас иіп, жарық дүниені бізге қалдырып кете барды. Жүз жылдығы аталып өтіп жатқан осы күндерде “Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз жолдас болсын, жан аға!” дейміз. Біздің қолымыздан келетіні осы ғана.
Авторы: Төлепберген ТОБАҒАБЫЛ, жазушы.
АСЫЛ АҒА
(эссе)
Табиғатынан ақын болып жаратылған қазақ халқы небір бұлбұл әншілерді, апталап, айлап айтса жағы талмаған ғажайып жыршыларды, жырауларды, дәулескер күйшілерді тудырған. Осы бір ақынгерлік өнер заман асқан сайын жарасымды жалғасын тауып, дәуірден дәуірге жалғасып, тотыдайын таранып, қырандайын түлеп, өзге мән-мағына, мазмұнға ие болып, әлемдік жырға жаңаша өз өрнегін салды. Сол байтақ жыр бағының бел ортасынан нәзік сыршыл әрі ойшыл лирик, әрі тәкаппар, эпик, төңірегіне мәуесін жайған бәйтерек, қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевты көреміз.
Ақынның тамылжыған мөлдір лирикасынан оның өр тұлғасы, азаматтығы, отаншылдығы менмұндалап тұрады. Ақын жастықтың сұлу саздарын, сырға толы лириканы әбден есейіп, марқайған шағында терең, ойшыл, Шығыс дәстүріндегі даналық философиялық лирикаға әсем ұштастырды. Сондықтан да Әбділда Тәжібаевтың ақындық бай лабораториясын, көл-көсір жырын жаныңа сіңірмей үстірт жазу ағаттық болар еді; ақын шығармашылығын талай күн, талай ай, талай жылдар шам түбінде көздің майын тауысып, тесіле, қадала отырып зерттеу керек.
Тарихқа, сырға, жырға толы, қазаққа құт қоныс болған Сырдың бойында дүниеге келген Әбділда ес біле Айманкүлдей ақын ананың арқасында өлең-жырдың құндағында өсті. Басынан жоқшылықтың да, азап-мехнаттың да бәрін кешті. Жаңа талап, жас ақын содан бастап балғын жырларын бәйгеге қосады.
Көпті көрдім, көп жасадым,
Көрдім Сәкен, Бейімбетті.
Қатар тұрып жыр қашадым,
Мені олар да құрмет етті, – деп ақынның өзі айтқандай, “Жаңа ырғақтан” бастап “Көне қоңыраудың” аралығында көл-көсір жыр жазды, алыптардың қатарына қосылды, құрметке бөленді. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков тәрізді алыптармен қатар жүріп, қазақ әдебиетінің іргесін қаласты, мәртебесін биіктетті. Мөлдір лирикадан бастаған ақындық жолы күндей күркіреп, теңіздей толқыған “Күй атасы”, “Абыл” тәрізді эпикалық дастандарға ұласты. Поэзия мен драматургияны әсем ұштастыра білді.
Әбділда Тәжібаев драматургияға ақындықтан келді. Мұның куәсі ретінде “Ақын”, “Қыз бен солдат”, “Майра” тәрізді поэмалық драмаларды, “Көтерілген күмбез”, “Жомарттың кілемі”, “Дубай Шубаевич”, “Жалғыз ағаш орман емес”, “Той боларда” секілді пьеса, драма, комедияларды атауға болады. Оларға “Аққайың” (М.Әуезовпен бірігіп жазылған), “Жомарттың кілемі” (Г.Рошальмен бірігіп жазылған), “Жамбыл” (Н.Погодинмен бірігіп жазылған) сияқты киносценарийлерін қоссақ, жазушының драматургиядағы үлесі де айқындала түседі.
Бір әңгімесінде Әбекең: “Бір кезде А.П.Чеховты драматург ретінде қадағалай оқығаным бар еді, енді прозасына ден қойдым”, – деген еді. Жазушының салиқалы, салмақты прозаға да батыл бет бұрғанын қалың оқушы “Есімдегілер”, “Майра”, “Ойлар, жылдардан” мықтап сезген еді. Біз мұны үлкен прозаның басы деп қуанған болатынбыз.
Жұртшылық Әбділда Тәжібаевты негізінен қазақ әдебиетінің майталманы, абыз ақыны ретінде таниды. Қашанда ер, қайсар, әділ, жырға жомарт мінез-болмысы Әбекеңді өзге сөз қайраткерлерінен көп даралайды. Ақын өмірінде де, өнерінде де тек шындықты ғана дәріптеді. Оның жырларынан дастандарымыздағы, эпикалық шығармаларымыздағы қайсарлықты, өжеттікті, өрлікті, батырлықты көреміз.
Иілме, бас, иімпаздар игенге,
Күншілдерге сен де күш айт, именбе.
Бүгін үйрен жалаң аяқ шоқ басып,
Ертең өртке лақтырса да күймеуге.
Өмірдің сан азабын жасынан көріп өскен ақын жас ұрпақты осылай батылдыққа, қайсарлыққа, өжеттікке баулиды.
Әбділда Тәжібаевтың аталы жырлары “Көне қоңырау”, “Құрдастар” секілді ойға, нақылға толы аса қымбат жыр жинақтарында молырақ кездеседі. Біз “Көне қоңырауда” халқымыздың ғылым-білімін, мәдениетін ілгері дамытқан, заманымыздың ұлы перзенттері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтердің кесек тұлғаларымен, жарқын келбетімен жүздесеміз. “Ағалар” деп аталатын поэмада қоғамымыздың осындай аса ірі қайраткерлерінің сом образы жасалған. Түптеп келгенде ақын поэзиясын түгел дерлік туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік жырлары құрайды десе де болады.
Әбділда Тәжібаев өзі ақын болған соң ақындар туралы шешіле, көсіле, тебірене жазады. “Ақындар” деп аталатын шабытты, тамаша поэмада ұзақ өмірлері жыр болып өткен, қазақ поэзиясын байтақ мұраға кенелткен от ауызды, асқақ үнді жыр саңлақтарын аса бір ілтифатпен суреттейді. Әсіресе, күні кеше ғана өзі қолтығынан демеп, жанында жүрген, табиғатына таңқалдырған Жамбыл туралы аса шабытпен жазады.
Жамбылдың ақындық ортасы, жыр арнасы, өнер мектебі туралы Әбекең жырлаушы ғана емес, жыраудың халық поэзиясын дамытудағы теңдесі жоқ рөлін ғылыми негізде дәлелдеп шыққан үлкен ғалымдарымыздың бірі. Білімпаздың қазақ әдебиетін тану ғылымына да қосқан үлесі аз болған жоқ. Қазақ поэзиясының ерекшеліктері туралы кандидаттық диссертация қорғаған ол қазақ драматургиясының тарихын, қалыптасу жолын, заңдылықтарын зерттеп, филология ғылымдарының докторы дәрежесін алды. Қазақ әдебиеттану ғылымының жетістігін айғақтайтын “Өмір және поэзия”, “Қазақ әдебиетінің қалыптасу және даму кезеңдері” деген аса құнды еңбектер жазды.
Ғалымның халық поэзиясы және оның жасаушылары туралы ойлары әдебиетіміздің үлкен олжасы еді. Әбекең сол еңбектерінде Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, тағы басқа да халық ақындарының эпикалық дәстүрді бүгінгі ұрпаққа әкеп жалғастырған рөлін дәл ашып берді, әдебиетіміздің тарихына қатысты небір құнды тұжырымдар жасады.
Мен алыптардың соңы Әбділда Тәжібаевпен кезінде жиі араласқан, ағалы-інілі болған кісілердің бірімін. Сондықтан өзім куә болған, кездескен, ол кісінің өз ауызынан естіген кейбір сәттерді, қайсы бір әңгімелерді еске түсіргенді жөн көрдім.
Ұлы ағалардан біздің көргеніміз де, естігеніміз де аз емес. Алған тәлім-тәрбие, өнегеміз де аз болған жоқ. Тарихымызға, халқымыздың қайраткерлеріне қатысты, ұлылар жайында ғажап әңгімелер айтушы еді Әбділда аға. Сол әңгімелердің қайсы бірі асыл ағаны сағындырып еріксіз еске түседі.
1936 жылдың мамыр айында Мәскеуде қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі өтетін болады. Орталық Комитет Әбділданы шақырып, тапсырма береді:
– Сіз барып Жамбылмен сөйлесіп келіңіз. Мәскеуге Жамбылды апаратын болып шештік, – дейді. “Жарайды” деп Әбекең Жамбылдың ауылына келеді. Жамбыл үйінде жоқ екен. Көрші құрдасы Тәжібай деген тәуіп досының үйіне кетіпті. Әбділда сол Тәжібайдың үйіне келеді. Екі қария пеш алдында шүйіркелесіп, шай ішіп отыр екен.
– Ассалаумағалейкум! – деп кіріп келеді.
– Уағалейкумассалам! Е, қай баласың? – дейді Жамбыл.
– Мен Әбділда Тәжібаев деген ақынмын. Үкіметтің тапсырмасымен Алматыдан әдейі келдім, – дейді.
– Қолында домбырасы жоқ не қылған ақынсың? – депті Жамбыл сонда.
Әбділда Тәжібаев Жамбылға келген шаруасының мәнісін түсіндіреді. Кремльде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткелі жатқанын, оған ел басшыларының, өнер қайраткерлерінің баратынын, ақындардан Жамбылды таңдап отырғанын, Үкіметтің тапсырмасымен ұлы ақынды Алматыға мәшинемен алып кеткелі келгенін айтады.
Жамбыл көп ойланады. Көп толғанады:
– Төрінен көрі жақын, көні қураған шалды не қыласыңдар әурелеп ит өлген жерге, шырақтарым, – деп, барғысы келмейді. Сол кезде Тәжібай тәуіп:
– Әй, Жамбыл, сен үнемі көптің сөзін сөйлеп, көкейіндегісін тауып келе жатқан халықтың адамысың. Мен білсем, тоқсаннан асқан шағыңда сенің бағың жанғалы тұр, барғаның жөн болады, – деп Жамбылды көндіреді.
Әне-міне дегенше Алматыға да жетіп, қарт ақынды Әбекең үйіне алып кіреді. Анасы Айманкүл ақындықпен аты шыққан, Нартаймен де айтысқан, үлкен өнер иесі, дастарқанды, ажарлы кісі екен. Жарықтық құрақ ұшып, атшаптырым дастарқан жайып, бәйек болады. Дастарқан үстінде Жамбыл шешіліп сөйлей қоймапты. Томаға-тұйық отырыпты. Осыны сезген Айманкүл:
– Әбділда, мына кісі сені баласынып отыр, сен барып Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті шақырып кел, – депті.
Әбділда барып Мұқаңды, Сәбеңді, Ғабеңді шақырып келеді. Олар да тез жетіпті. Жәкең де жадырап, мәре-сәре болыпты.
Сол түні байтақ әңгіме айтылады. Түп-тамырдан тартылып шежіре, тарих ақтарылады. Мұхтар Әуезов алдағы онкүндіктің мәнісін кеңінен түсіндіреді. Онкүндік не үшін өтеді, оған кімдер барады, оның саяси мәні, ұлт өнерін өзге ортада насихаттаудағы маңызы жөнінде кеңінен жеткізіп, айтып береді. Сол кезде қарт Жамбыл қанатын қомдап, шабыттанып, қолына домбырасын алып “Туған ел” деген ұзақ толғауын толғайды. Мұны кейін Павел Кузнецов аударып, “Правдаға” бастырғаны мәлім.
Таңертеңгі шайдан соң Әбділда:
– Тәте, киінейік, Үкіметке барамыз, – депті.
Жамбыл әзіл-шыны аралас:
– Әй, бала, Үкіметіңе өзің бара бер, менен сәлем айта бар, мен бармаймын. Шешең жақсы адам екен, шешеңді маған бер, алып ауылға қайтайын, – депті жарықтық. Сонда Айманкүл анамыз:
– Шалдың түрі жаман екен, бұл кісіні Мәскеуге апарамыз деп жүргенде шешеңнен айырылып қалып жүрме, – деген екен баласына әзілдеп.
Үнемі қасында болған, бірге жүріп, бірге тұрып, ұлы жыраудың сырын алған Әбділда аға да тәтесін керемет жақсы көретін еді. Ондай адам енді қайта тумайды деп отырушы еді.
Тағы бірде Әбекең мына бір әңгімені айтты.
1945 жылы Жамбыл Совминнің ауруханасына түсіпті.
Жамбыл нашарлап жатыр десе Әбекең тез жетеді екен. Келіп: “Тәте, жақсы болып кетесіз”, – деп көңілін жұбатады екен. Бір кеште емханадан:
– Жамбыл нашарлап жатыр, жағдайы ауыр, – деп телефон соғыпты.
Тез жеттім. Келе сала баяғы әдетіме басып “Тәте, жақсы болып кетесіз”, деп жұбата бастадым, бірақ, бұл жолы тәтем:
– Әбділда, енді мен оңалмаспын. Үнемі жанымда бірге жүретін Сұраншыдан қалған жолбарысым бар еді. Айбарым еді менің, қорғаушым еді. Бойыма құдірет дарытып тұрушы еді. Осы жаңа ғана, бесінде алды-артына қарамай, батысқа қарай кетті. Мені тастап кетті. “Пүшайт, пүшайт, пүшайт, жолбарысым!” деп үш мәрте айқайласам да артына қарамай кетті, енді көп кешікпеспін, мекеніме аттанармын, қамдарыңды қыла беріңдер, – депті.
Көп ұзамай ұлы жыраудың алып жүрегі тоқтапты.
Осы әңгімені Әбекең жазушылардың бүкілодақтық пленумына барғанда Мәскеуде досы, белгілі әдебиет сыншысы Виктор Шкловскийге айтыпты. Әлгі кісі таңқалады. Пленумда сөз сөйлеп, Шкловский:
– Как мне рассказывал мой друг Абдильда, у Жамбула был свой тигр. У каждого настоящего поэта должен быть свой тигр! – деп мінберден айқай салыпты.
Былай қарасаң ертегі сияқты. Бірақ, Жамбылдың жолбарысы деген сөз ұлы жыраудың киесі, ақындық құдіреті еді расында.
1960-жылдың бас кезінде Алматыда республикалық идеологиялық кеңес өтті. Онда біз жаспыз. Университетті жаңа бітірген кезіміз. Алдын-ала дайындалған ба, жоқ па, ол жағын білмеймін, табан астында Жамбыл туралы әңгіме көтерілді. Қазақтың сол кездегі белгілі бір ақыны:
– Жамбыл ақын емес. Жамбылды ақын қылған – Әбділда, Тайыр, Қалмақан, Қасым (Тоғызақов) – деп, екпіндеп сөйлеп жатты. Әлі күнге дейін есімде, алдыңғы қатарда отырған жап-жақсы ақын басына киіп отырған ақ кепкісін шешіп, жерге бір ұрып: “Жамбылды ақын десеңдер, бұл жерде менің бітіретін ештеңем жоқ!” деді де залдан шығып ол кетті. Жиылған жұрт аң-таң.
Сол кезде қалшылдап, дірілдеп, қаны басына шапшыған Әбділда аға шықты мінберге. Шабатын бурадай, шабынып сөйлегенін көрсеңіз! Әбекеңнің соншалықты ашуланғанын мен оған дейін көрген емес едім. Қалшылдап тұрды. Биікке қарап қолын сермеп сөйледі:
– Бұл не деген сұмдық! Әлем бүгінгі заманымыздың Гомері, теңдесі жоқ ақын, жырау деп мойындап отырған кезде, өзіміздің осыған көзіміз әбден жеткен кезде, бүйректен сирақ шығарған бұл не қылған әңгіме? Қазақтың арасында осылай түрткілемесе, отыра алмайтындар бар! Бұл әңгіменің не керегі бар? Кімге керегі бар? Жамбылды Жамбыл қылған – Әбділда деген не сөз! Адам алдымен өзін жарылқайды. Қала берді өзгені жарылқайды. Менің құдіретім болса, мен сұмдық керемет болатын болсам, алдымен Жамбылдың орнын өзім басар ем. Олай болу мүмкін емес қой! Жамбыл даналықтан, жырдан туған құдірет қой! Қолымнан келсе күллі әлемге даңқы жеткен ақын неге болмаймын! Бұл Жамбылдың құдіретін білмегендіктен, білгісі де келмегендіктен шыққан әңгіме. Жамбыл – жұмбақ адам! Жамбыл біз естіп білген арғы-бергі замандардан бергі теңдесі жоқ жырау! Аруаққа тіл тигізбеңдер, киесі ұрады! – деп ақтарылғаны әлі көз алдымда, үні бүгінге дейін құлағымда. Бұл намысты қоздырған, әділетке шырылдап араша түскен сұмдық бір оқиға еді.
1972 жылы ақындар атасы Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толып, Қазақ мемлекеттік университетінің үлкен залында осы салтанатқа арналған мәжіліс өтті. Сонда Әбекең халық поэзиясының арғы-бергі тарихын түгел ақтарып, Жамбыл туралы шешіліп, көсіліп, терең, ұзақ сөйледі. Халық ақындарының шығармашылығында ғана кездесетін “желі”, “құлақ күйі” тәрізді аса бір қызықты тың ойлар айтты.
– Халық ақындары белгілі бір тақырыпты бірден, төтесінен айта салмайды. Олар байтақ жырға келу үшін өзін-өзі әбден баптап, ойдан-қырдан жыр толғап барып негізгі тақырыбына көшеді. “Қобыланды”, “Көрұғлы”, “Алпамыс” сияқты эпостар сонда туады. Міне, мұны желі дейді. Күйшілер де тап сондай. Жаңа күй шығару үшін олар да өзінің өмірлік серігіндей айнымас әуендерін ұзақ қайтарып отырып, содан кейін шешіле күй толғайды. Мұны құлақ күйі деп атайды, – деген еді.
Әбекең халық ақындарының дүниеден өткендерінің аруағын ардақтап, еске алып, көзі тірілеріне үнемі қамқоршы болып жүрді.
1974 жылы бүкіл республика жұртшылығы көненің көзі, ескінің жұрнағы, даңқты әнші, ұлы ақын әрі композитор Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына қызу дайындалып жатты. Мен Кенекеңнің “Алатау шыңы” деген таңдамалы жинағын дайындап, алғы сөзін жаздым да, ол “Жазушы” баспасынан кітап болып шықты. Әбділда Тәжібаев, республикалық Баспасөз комитетінің сол кездегі төрағасы Шериаздан Елеукенов, “Жазушы” баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев төртеуіміз әлі сиясы кеппеген жыр кітабын табыс етуге, әрі тойына құтты болсын айтуға Кенекеңнің ауылына келдік.
Ақын атамыз күтіп отыр екен. Есіктен кіре Әбекеңді құшақтап, інісіне арнап өлеңмен біраз жылы сөздер айтты.
– Алматыда шақыртпай баратын үш үйім бар: бірі – Сәбиттің үйі, бірі – Ерзаковичтің үйі, бірі – осы Әбділда інімнің үйі. Қат-қабат жұмысың бола тұрса да уақыт тауып, көңіл бөліп тұрғаныңа ризамын, – деп Кенекең інісін тағы да ыстық құшағына алған еді. Кәрілігі, әлдебір өткен сүреңсіз өмірі есіне түсті ме, Кенекең көз жасын сүртіп, әлгінде ғана біз ала келген кітабын парақтап біраз үнсіз отырғаны көз алдымда.
– Кенеке, денсаулығыңыз, хал-күйіңіз қалай? Тойға дайын отырсыз ба? – деді Әбекең.
– Шырақтарым, тойханаға менің жаңа кітабымды алып келгендеріңе алғыс айтамын. Кәрілік келіп, қарға адым жер мұң болып отырысым мынау, өзімнен қайрат жоқ, бірақ халықтың, елдің арқасында тойдың дайындығы ойдағыдай тәрізді. Жұрттың айтуына қарағанда, той басына 250 үй тігіліп, ұлан-байтақ елімнен небір азаматтар, ардагерлер келеді білем. Қазақта бұрында небір айтулы ас берілген ғой, бірақ мұндай той әлі қазақта болған жоқ. Осының бәрі халықтың арқасы, азаматтардың арқасы. Халқыма мың алғыс айтып, шүкіршілік етіп отырмын, шырақтарым, – деген еді Кенекең.
Біз Кенекеңе саулық, әлі де ұзақ өмір тілеп, Алматыға аттандық. Екі жылдан кейін Кенекең дүние салып, бұл жолы да ақын ағасының басында Әбділда Тәжібаевтың тебірене сөз сөйлегенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ.
Өзінің оқушысын тапқан жазушы – бақытты жазушы. Әбділда Тәжібаев – оқушысы көп, халық құрметіне бөленген ардақты жазушы, үлкен ғалым, белгілі қоғам қайраткері. Ол туған халқын жырға кенелтіп, тоқсанға таяп дүние салды. Сонда да жорғасынан жаңылған жоқ. Қашанда әдебиетіміздің ары, тазалығы үшін күресті, оның ілгерісіне үмітпен қарады, қамқорлық жасады. Әбекеңнің қаншама таланттар мен тарландардың бағын ашып, тұсауын кескенін елі жақсы біледі. Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова туралы жазғандары қандай еді! Осындай ақындардың болғанына жүрегі жарылғанша қуанып еді, тебіреніп еді асыл аға.
Мен мұршамның келгенінше Әбекеңмен жиі кездесуді аңсап тұратын інілерінің бірі болдым. Жазысқан хаттар да аз емес.
1977 жылы Әбекеңді, Мұхамеджан Қаратаев ағамыз бен жеңгеміз Махруманы, Әзілхан Нұршайықовты қосып Талдықорғанға қонаққа шақырдым. Ол кезде мен Ілияс Жансүгіров атындағы педагогика институтының ректорымын.
Ағаларым бір аптадай Жетісуды еркін аралады. Халықпен қауышып, жастармен кездескен соң, жер жәннатының сұлу табиғаты, көпшіліктің қошеметі әсер етті ме, Әбекең әбден қанаттанып, көңілі көтерілді, аз ғана күнде ғажайып жырлар жазып тастады.
Бір күні таңертең мейманханаға келсем, Әбекең бөлмесінде жоқ, балконда денесін ширатып, қимылдап жатыр екен.
– Аға, мынауыңыз жақсы екен, – дедім қуанып.
– Көңілім сергісе өсітіп тоңқаңдайтыным бар, – деп күлдірді мені.
Сол жолы Мұхамеджан ағамызды қалай итжеккенге айдағаны, балаларын тастап, жас зайыбының қаншама қиындықтардан өтіп, ата-бабасы көрмеген ит айдағырдың жеріне – Колымаға барғаны, кездескендегі толғаныстары жөнінде Махрума жеңгеміздің ертегідей ғып айтқаны дәл бүгінгідей. Сонда жеңгеміздің көзінен жасы ағып отырды, біз тырп етпей отырып тыңдадық. Қазақ жылқы мінезді ғой, тағдырдың талайын, пешенеге жазғанды, өткенді еске алғанда ғана ұғынады. Қазақ басына іс түскенде ғана ұлт екенін сезінетін халық. Сол бір кез қазақтың басына түскен зобалаң еді ғой, қайбір қызық әңгіме дейсіз, бірақ жеңгеміз жырдай қылып айтты. Ағаларымыздың бұл әңгімені нешінші рет тыңдап отырғанын кім білсін, біз Мәрия екеуміз ұйып тыңдадық. Соншама әңгімешіл әйел затын бірінші рет кездестірген едім.
Бәріміз де біраз уақыт үн-түнсіз отырып қалдық. Сол кезде Әбекеңнің:
– Менің жырлап жүрген Махрумам осы, – деген сөзі бәрімізді ұйқыдан оятып, есімізді жидырғандай болған еді.
Кейіннен сол Мұхамеджан бауыры туралы Әбекеңнің былай жазғаны да есімізде:
Тағдыр талай төнсе де сындырам деп,
Мойыныңа саламын қыл бұрау деп.
Сынбай қайтқан еріңнің біреуі осы,
Тынбай қалған ісімді тындырам деп.
Қазақтың басынан не өтпеді дейсіз. Небір аласапыран замандар өтті, қазақ отқа да түсті, шоққа да түсті. Азапқа да түсті. Аштыққа ұшырап, нәубәтті де бастан өткерді. Қазақ халқының біртуар даналарының нақақ жаладан басы қиылды. Жапа шекті. Атылды. Үрей туды ел ішіне. Біріне бірін айдап салушылық белең алды. Сенімсіздік жайлады. Сондай заманда қазақ интеллигенциясының арасында адасушылық аз болған жоқ. Бірін бірі көрсетіп, соның салдарынан көптеген кінәсіз адамдар кетті өмірден. Мұндай сорақылыққа, сатқындыққа біразы біле тұра, амалсыз барды.
Өкінішке қарай, заманында Әбділданың да әділетті аттап, Мағжан туралы ауыр сөздер айтқаны белгілі.
1988 жылдың күзінде мен Қазақстан Орталық партия комитетіне келдім. Идеология бөлімін басқардым. Келе сала Өзбекәлі Жәнібеков екеуіміздің қолға алған үлкен жұмысымыздың бірі нақақтан кеткен, жапа шеккен, ұлы ағаларымызды ақтау еді. Сөйтіп, комиссия құрылды, басшысы етіп академияның сол кездегі вице президенті Жабайхан Әбділдинді қойдық. Көп жұмыс істелді. Шаң басқан материалдарды көтерттік, көрдік. Жан жүрегіміз егіліп отырып оқыдық. Күмән, үрей тудырған заманда, ағаларымыздың сасқанын да, адасқанын да, шатасқанын да сездік. Жүрегіміз қан жылады. Соның бәрін оқып отырып, сенерімізді де, сенбесімізді де білмей дал болдық.
Әбекеңнің кезінде Мағжан туралы айтқан сөзі, әрине, жүрегінен шыққан сөз емес еді. Айтқызған еді, мәжбүрлеген еді, зорлықпен жаздырған еді ол сөзді.
Орталық партия комитеті бюросының шешімімен асылдарымыз ақталды. Ақталған жазушылардың, халқымен енді рухы табысқан ағаларымыздың, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді арыстарымыздың кітаптарын шығаруды қолға алдық.
Бір күні Әбділда ағаны Орталық партия комитетіне, өзім отырған кабинетке шақырдым. Аман-есендіктен соң:
– Аға, ағаңыздың аруағының алдында ақталмайсыз ба? Соның күні туайын деп тұр ғой, – дедім.
– Ондай заман болса, қане! Пұшайман болып, ішімнен тынып жүрген жоқпын ба. Сен Мағжанды айтып тұрсың ғой. Ондай күн туса, кәні, Мағжан туралы шынның сөзін айтуға мен дайынмын, – деді.
– Мағжанның жинағына алғысөзді сіз жазыңыз, сөйтіп ағаңыздың аруағы алдындағы күнәңізден арылыңыз, – дедім.
– Екі дүниеде де риза болар едім, шырағым, – деді сонда Әбділда аға.
Ол кісінің келісімін алып, Мағжан ағамыздың әйелі Зылиха жеңгемізге келдім. Бір жапырақ кісі болатын, сол кісінің үйіне бардым. Екі мәрте арнайы бардым. Алғашында келісім бермеді, екінші рет сөйлескенімде Зылиха жеңгей “Өздерің біліңдер” дегеннен асырып ештеңе айтпады. Біз болсақ, кек қуаламайық, күнәсінен арылсын деп, алғысөзді Әбекеңе жаздырдық.
1987 жылдың күзінде мен Оқу министрі болып Талдықорғаннан Алматыға қызметке ауыстым. Көп кешікпей Әбекеңнен хат алдым. Бір қалада тұрып хат жазғаны несі екен, телефон соға салса не қылады деп таңғалдым.
Кейіннен білдім, Алматы кеңселерінде басшылардың хатшылары, көмекшілері “анда кетті, мұнда кетті, анда мәжіліс, мұнда мәжіліс” деп жұртты ділгер қылып, бастығына жалғастырмайды екен. Әбекең менімен тілдесе алмаған соң хат жазған екен. Хатында министр болып келгеніме құтты болсын айтып, “Асыл арналар” деген кітабым жайлы ыстық ықыласын білдіріпті.
Алатаудай басымен менің кітабыма соншама жоғары баға бергеніне әбден риза болдым. Көп кідірмей үйіне барып сәлем бердім, алғысымды жеткіздім. Сонда Әбекең:
– Мырзатай, әкімдігіңді қайдам, сен әдебиетке керек адамсың. Қызмет – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Оның үстіне сен жаза алатын кісісің, жазғанда қандай, кеулеп, тереңдеп опырып жазады екенсің. Күніне бір парақтан жазып отырсаң да бір жылда докторлық диссертацияңды аяқтайсың, – деген еді.
Сол жолы уәдені беруін бергенмен, пенде емеспіз бе, созып жүріп, докторлық диссертацияны тоқсан үштің наурызында ғана қорғадым. Сонда жанашыр ағаның қуанышында шек болған жоқ.
Жалпы, менің ғалым ретінде қалыптасуыма, әсіресе, халық поэзиясын ден қойып зерттеуіме Әбділда ағаның ықпал-әсері мол болды. Қазақ әдебиетінің көне дәуіріне құлаш ұрып, зерттеген тұстарымда да, қиналған, тарыққан кездерімде де асыл аға ылғи дем беріп, қолтығымнан сүйеп жүрді.
1969 жылы “Көне түрк ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанымда елге белгілі, мүйізі қарағайдай тарихшылар, әдебиетшілер, ғалымдар Қазақ университетінің ғылыми кеңесінің залына түгел жиналған еді. Сөйтіп, бұл күнге дейін арнайы зерттелмеген қазақ әдебиетінің көне дәуірі жайындағы менің диссертациям қалың көпшіліктің шын талқысына түскен еді. Бейсенбай Кенжебаев, Әлкей Марғұлан секілді ағаларым ағынан жарылып сөз сөйледі. Мұндай диссертация, мұндай қорғау қазақ әдебиеті тарихында болған емес дегенді айтып еді жарықтықтар. Дүниеден өткен асыл ағаларды сағынасың, аңсайсың. Солар қандай ұлы, қандай ірі тұлғалар еді, шіркін!
Қорғауда әртүрлі пікірлер де айтылды. Түрк ескерткіштерінің қазақ әдебиетіне еш қатысы жоқ, сондықтан оны зерттеудің қандай қажеті бар дегендер де болды. Әрқилы пікірлер айтыла берген соң мінбеге шығып, Әбділда ағамның да ақтарылып, отырған қалың елді сөзіне ұйытып, сілтідей тындырып, менің зерттеуім туралы аталы, асқақ сөз айтқаны әлі күнге дейін жұрттың есінде деп ойлаймын. Толқып, екпіндеп сөйлегені әлі күнде дейін құлағымда. Сол жолы менің диссертациям ғана емес, қазақ әдебиеті тарихын жіктеудің, дәуірлеудің де тағдыры сынға түскен еді. Әлігі атаған үш кісінің аталы сөзі менің диссертациямның да, саясаттың кесірінен өзінің көне арнасына, терең тамырына жете алмай келе жатқан қазақ әдебиетінің тағдырын да шешкендей болып еді.
Әбділда ағамыздың тұла бойы тұнып тұрған жыр, төгіліп тұрған нұр еді. Ғажап шешен болатын. Әбділда мінбеге шыққанда жұрт сілтідей тына қалатын. Жағымпаздыққа, жалғандыққа жаны қас еді. Мөлдір бұлақтай таза болатын. Аузын ашса жүрегі көрінетін. Өте ақкөңіл болатын. Пендешілік дегенді білмейтін. Ешкімнің алдында бас имейтін емен еді. Аңыздар елінен келгендей ғажайып тұлға болатын. Айтқан сөзінің бәрі мінсіз болатын. Қара сөзінің өзі тұнып тұрған жыр болатын. Адамзаттың бәрін өзіне дос санайтын, құшағы кең, бауырмашыл еді. Өзі араласып жүрген кейбір жандардың жағымсыз қылықтарын көргенде, жаны құлази қалатын. Ондайда бәйге атындай тез аритын. Сенгіш еді. Жаны өте нәзік еді. Мұхтар Әуезов десе ішкен асын жерге қоятын. Алдыңғы толқын ағаларының бәрін керемет қадірлейтін. Жастардан талант көрсе жүрегі жарылғандай, жерден алтын тапқандай, жар салып қуанатын.
Әбділда аға кейінгі жастардан Тұманбай Молдағалиевті, Мұқағали Мақатаевты, Төлеген Айбергеновті ерекше қадірлейтін. Біз Тұмағаң екеуміз осы Әбділда ағаның үйінде жиі кездесіп жүрдік. Әсіресе, Мұқағалиды жанындай жақсы көрді.
– Қазақ әдебиетінің, қазақ санасының ол биік шыңы. Сен байқайсың ба, Мұқағали өлең жазбайды, өлең Мұқағалиға түседі, – дейтін. Не деген сұмдық сөз!
Мен Әбділда ағаның бұл сөзінің мәнін кейін түсіндім. Шынында Мұқағалиға өлең қонған екен. Мұқағали өлеңнен туған құдірет екен. Мұқағали өлгенде оның зиратының басында Әбділданың теңселіп, толқып сөйлегені де сондықтан еді. Әдебиетімізде осындай бір табиғи жарастықтардың бар екенін де ұмытпауымыз керек. Ол үзілмеу керек, жалғасын таба беруі керек. Әбекең талантты жастардың шын қамқоршысы еді ғой.
Мұқағали да қиыншылықты, жоқшылықты өмірінде аз тартқан жоқ. Қазақтың мұңы ол кезде пәтер мәселесі. Оның зардабын бәріміз де тарттық. Ол кезде жазушы-ақындардың пәтерін Жазушылар одағының ұсынуымен тек Орталық комитет шешеді. Мұқағали да бастапқыда пәтер алушылардың тізімінде болады. Бірақ, қазақ тыныш жүрген бе, Мұқағалидың тәртібі нашар, ішеді деп арыз жазып, біреулер әлгі тізімнен сызғызып тастайды.
Сонда Мұқағали Әбділда ағасына келіп шағынады. Ашынған Әбділда салып ұрып Орталық комитетке барады.
– Мен сендерден өмірімде пәтер сұрадым ба? – дейді.
– Жоқ, – дейді комитеттегілер.
– Онда маған пәтер беріңдер, үйдің адресін, пәтердің нөмірін айтыңдар, – дейді Әбекең дегбірі қашып. Пәтерді береді. Даладай дархан көңілді асыл ағамыз әлгі алған пәтерін Мұқағалиға береді. Мұндай мәрттік мінез Әбділда ағамыздың бойында мол болатын.
Мұқағали да ағасына арнаған өзінің өлеңінде Әбділданың жалғандыққа жаны қас екенін, жас толқынның жанашыры болғанын жақсы ашып көрсетеді ғой.
Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай, Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патшадайын.
Сөйлесең, бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып.
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
Әбділда Тәжібаев ақындығына, драматургтығына, ғалымдығына қоса үлкен қайраткер еді. Ұлтқа, ел тарихына, келешекке қатысты келелі кеңестердің төрінен ылғи біз Әбділда ағаны көретінбіз. Көретінбіз де көңіліміз тоятын, сүйсінетінбіз. Кеудесін керіп, шыңға шыққан құлжадай, биік жиынның бәрінің төрінен үнемі толағай тұлға, Алатаудай асқақ Әбділда ақын сөйлейтін. Сөйлесе дауыл тұрғандай, теңіз толқығандай, тау теңселгендей, бура буырқанғандай болатын. Ылғи ағынан жарылып ақ сөйлейтін, жалтақтамайтын, әрбір сөзінен отаншылдық рух есіп тұратын. Абыздар туралы байтақ әңгімені көп айтатын. Бірте-бірте асыл ағамыздың өзі де абызға айналып кетті.
Алпысқа толғанымда мен жайында деректі фильм түсіріліп, ағаларымнан пікір сұрапты. Журналистер Әбділда ағама да барыпты.
– Мырзатайдың өзі де жақсы, сөзі де жақсы, – деген екі-ақ ауыз сөз айтыпты аға. Экраннан асыл ағаның осы екі ауыз сөзін естігенде көзіме еріксіз жас келіп еді.
Алдамшы мына дүниеде әрдайым ағалардың ықыласына бөленіп, елдің сенімін, үмітін ақтап жүргенге, сіз-біз десіп сыйласып жүргенге не жетсін.