Қазаққа Қадырды сыйлаған топырақ
1995 жылы 12 қарашада Қадыр Мырза Әліге «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Осыған орай Қадырдың туған жерінен дайындалған мақаламен бөлісуді жөн көрдік.
Орал облысының Жымпиты ауданы – Қадыр Мырзалиевтің туған жері.
Бірде Жымпиты ауданында болып қайтқан жазушы Сансызбай Сарғасқаев
Алматыға келген соң, Қадырға әзілдеп: – Жымпитың ит байласа
тұрғысыз жер екен, – депті. Сонда Қадыр: – Сәке, мықты болсаңыз
сондай жерде туа білу керек! – деген екен.
Ел аузынан жинаған Ақселеу Сейдімбек
Қазаққа Қадырды сыйлаған осы «ит байласа тұрғысыз жерге» саяхат жасап қайтайық.
Күллі қазақтың Қадыры 1935 жылы 5 қаңтарда қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүние есігін ашқан.
Батыс Қазақстан Облысының орталығы Орал қаласы мен Жымпитының ара қашықтығы 140 шақырымды құрайды. Бұл жерге келем деушілер қаладан таксимен 3 сағатта жете алады. Біздің сапарымыз ақынның кіндік қаны тамған мекеннен жарты сағаттық жердегі Бұлдырты ауылынан басталды. Ол да тегін топырақ емес, Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер қазақ зиялысы Жаһанша Досмұхамедұлы дүниеге келген ауыл (Алдағы уақытта Жымпитыдағы Күнбатыс Алаш-Орда үкіметі мұражайынан толыққанды ақпарат ұсынамыз).
Өлеңті өзенінің жағасында орналасқан елдімекен XIX ғасырда ірі сауда орталығы болған. 1927 жылға дейін әуелі уезд орталығы, 1928 жылы аудан орталығына айналды.
Ауыл әкімдігі алдында ақынның еңселі ескерткіші бой көтергені көңіл қуантады. Сол жерде орналасқан Мәдениет үйіндегі мұражайда сақталған Қадырдың жеке заттарын көріп, ақынға бір табан жақындағандай әдемі әсерге бөленесіз.
Мұражайдан халық мақтанышының Алматы шаһарындағы білім қара шаңырағы ҚазҰУ (ол кезде ҚазМУ) бітірген кезде қорғаған дипломдық жұмысының мұқабасы, Қазақ ССР халық депутаты және өзге де ұйымдарға мүшелігін растайтын куәліктері, қарындашы, шаппасы, тарағы, тіпті, өзі пайдаланған ұялы телефонына дейін көруге болады. Қазақстан Республикасы әнұраны авторларының бірі ретінде президент инаугурациясына киген мантиясы да бар.
“Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра”– дейтін ақынның жездесі Рахметов Қанатқалидің қос ішекті аспабы да осында ілулі. Ол ұзақ жылдар бойы мәдениет бөлімінде еңбек еткен өнерлі адам. Қадыр «Жездеке» әнін осы кісіге арнаған.
Шағын әдемі сандықша қазақтың Қадырын тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқан анасы Мағираш Оразғалиқызының көзі боп сақтаулы тұр.
Ақын анасына жырларымен өшпес ескерткіш орнатқаны шындық. Алайда, оның көзі тірісінде құрметтей алмағанын өкінішпен айтып өтті. Мәдениет үйі қабырғасында екеуінің бірге түскен суреті болмаса да, Мағираш ананың портреті мен 5 жасар Қадырдың туған ауылындағы ескі фотографиялары ілініп тұр.
Бір кезде Оралда тұрған қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың:
Оралым менің, Оралым!
Үстіңнен өтіп барамын.
Майданға алып кетейін,
Айтпақшы, қайда, бораның? – деген өлең жолдарындағыдай бұл аймақ қысы адам төзгісіз аяз, жазы аптап ыстық болатын мекен. Наурыз айында болған сапарымыз кезінде әлі қарымы қайтпаған қысқы аяз ақын анасының жатқан жеріне барып, құран бағыштауымызға тосқауыл бола алмады. Алғашында Мәдениет үйінен шыға сала: «Ауыл сыртындағы үлкен зираттан Мағираш анамызды қалай табамыз» деп сәл кідіргенімізбен, қауымға құран оқылғаннан кейін 7 қадам жүріп үлгермей Қадыр қойған құлпы тас бірден көзге түсті.
Ақынның өзі «…Қыз дегенің – болмысынан ана. Ал, Ақұштап оған қоса болмысынан ақын. Осылай болып жаратылғанмен сол екі қасиеттің басын дұрыстап қоса алмай жүрген ақын қыздар аз ба?! Аз емес. Ақұштап басын қосам деп әуре болмайды. Ол өзін әрі ана, әрі ақын сезінеді. Өйткені осынау екі қасиетті құдірет Бақтыгерееваның басында біртұтас дүниеге айналған. Оның маңдайындағы екі көздің бірі – ананың көзі болса, бірі – ақынның көзі» деп жақсы көрген ақын қарындасы ағасының “Бәрінен шындық қымбат” дейтінін айтады. Басылымдардың біріне берген сұхбатында Жайықтың Ақ Шағаласы ақын анасының басына қойған белгі жайлы былай дейді: “Сол Қадыр Мырзалиев ағамыздың анасы дүниеден өткенде ақын өз анасының қабірінің басына былай деп жазған еді:
“Бала боп қызық көрмеген,
Баладан қызық көрмеген,
Байдан да қызық көрмеген,
Қайдан да қызық көрмеген
Бұл жерде жатыр кейуана.
Тас қойған баласы Қадыр”.
Мен ағадан “Неге ауыр жаздыңыз?” деп сұрадым. Ақын Қадыр жазуға сөз таппай қалған жоқ қой. Ағамыз: “Шындық қалсын дедім” деп жауап берген болатын. Тірісінде анасымен араласа алмағаны шындық еді.
Десе де, бұл шындық болғанымен, Қадырдың жүрексіздігінен емес, тағдырының ауырлығынан орын алған жағдай.
Зираттан ауыл ішіне қайта беттегенімізде жол бойынан мынадай билбордқа көзіміз түсті. Осы өңірге аты берілген атақты батыр, әйгілі шешен Сырым бабамыз да Кіші Жүз топырағының тумасы. Ауылда даңқты қолбасшыға ескерткіш қойылған, мұражайы да ақынға арналған залға көрші орналасқан.
Сырым ескерткіші орнатылған саябақ ауласының жанынан мешіт көрінеді. XIX ғасырдың архитектуралық мұрасына жататын нысан — Жымпиты орталығындағы ең биік ғимарат.
Осы жолды бойлай жүре берсеңіз, қазақ халқы азаттығы үшін аса құнды Күнбатыс Алаш-Орда үкімет үйінің мұражайына жетесіз.
1918 жылы мамыр айының 18-21 аралығында Жымпитыда Орал өңірі қазақтарының ІV облыстық съезі өтті. Онда Жаһанша және Халел Досмұхамбетовтер Ойыл уәлаятының уақытша үкіметін құрды.
Батыс Алаш үкіметі 1918 жылы мамыр айының екінші жартысынан 1918 жылы қазан айының аяғына дейін Қызыл үйде 17 ай бойы үстемдік құрып, Қызылқоғаға (Атырау жері) көшті. 1919 жылы 10 желтоқсанда Ойыл уәлаяты үкіметі өзінің ең ақырғы отырысын өткізді.
Алашорда батыс қанатының астанасы болған ауылда қайраткерлердің ізі сайрап жатыр. Орталықтағы Алаш саябағында арыстардың бейнелері көрініс тауып, ескерткіш орнатылған. Осы жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу тақтасы қойылған.
Сапарымыздың соңында ақын аты берілген мектепті көрейік деген оймен арнайы бардық. Бұл ұядан болашақта талай Қадыр арман қанатымен Алматыға ұшып, күллі қазақтың бағына бір-бір дана боларына сенеміз.
Жымпиты өңірі қашан да алыптарға кенде болмаған. Батыр да, ақын да, сазгер де, талай данышпан да туған бұл топырақта. Ел мақтанышы боп жүрген замандастарымыз да бар. Солардың бірі – қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы драма театр басшысы Асхат Маемировтың туған өлкесі туралы ойына құлақ түріңіз.
Ақын халықтың қабырғасын қайыстырып, қайтпас мекеніне аттанған шақта жыр өңірі Ақ Жайықтың: “Қадырды жоқтатпа” ”– деген аманатын арқалап, бір топ талантты ақын алып шаһарға келген болатын. Осындай жастар барында Қадыр Мырза Әли өлмейді!
Сөз соңында ақынның өз бейнесін қайта көріп, сағынышымызды бір басайық. Бұл бейнематериал туған елге барған сапарының бірінде түсірілген екен.