Қасым ханның қымызы немесе Вильгельмнің сырасы… — Тарих — Bilim
И. Ильф пен Е. Петровтың «12 орындық» романын оқыған боларсыз. Сол кітапта мынадай керемет сөз бар:
«Статистика – бәрін біледі».
Романдағы кейіпкеріндей бриллиант іздемесек те статистиканы шарлап отырып бір жайды көріп, көңілім құлазып қалды.
Миымда Вильгельм мен Қасым хан айқасып, «Он екінші» орындықтағы сыра бірінші орындықта, ал іздеп жүрген қымыз мүлде басқа жақта болып шықты.
Статистиканың Вильгельмге, Қасым ханның медицинаға қандай қатысы бар дейтін боларсыз. Ендеше әліміз жеткенше түсіндіріп көрейік.
Статистикада мен мынадай сандарды көрдім.
«Қазақстанда 2018 жылы 517,4 миллион литр сыра шығарылыпты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10% көп».
Түсініп отырсызба, бір ғана жылда 517,4 миллион литр сыра!
Тарихқа сәл шегініс жасайық.
1516 жыл.
Біздің бабаларымыз жайлауда жатып, саумал қымыз ішіп жатқанда Бавария билеушісі IV Вильгельм сыра туралы заңға қол қойды. Бұл оқиға тарихта «немістің таза сырасы» деген атпен қалды. Ойлап қараңыз, сонау Қасым ханның кезінде неміс сырасы брендке айнала бастады. Король сарайында графтар, маркиздер бокал соғыстырып, сыра ішіп жатқанда біздің бабаларымыз ағаш тостақтағы бал қымызды сіміріп, рахатқа батқан еді. Осыдан үш жыл бұрын…
1513 жыл.
Қазақ ордасының атақты билеушісі Қасым ханға Моғолстан елінен Саид хан елшілікке келді. Бұл кезде әлсіреп жатқан моғолдар Қасым ханның 300 мыңдық әскерінен көмек сұрай келген еді. Сонымен елшілер бірнеше ай қазақ ханының сыйлы қонағы болды. Қасым ханның бүкіл үйірге татитын екі жылқысы бар еді. Соның бірі Оғлан Тұрықты моғол ханына сыйлайды. Сыйлыққа риза болған елшілер тағы да бірнеше ай қалуды жөн санаса керек.
Өз елінің жайын таныстырған Қасым хан дала көшпендісінің ең қымбат қазынасы жылқы, ал ең сүйікті сусыны қымыз екендігін түсіндіреді. Осы кезде хан ордасында мынадай қызық оқиға орын алды. Қасым хан қонағына қымызды ұсынғанда, ол одан бас тартып, ішімдікті қойғанынын айтты.
Қасым хан:
«Бұрын айтқандай біздің сусынымыздың ең кереметі – жылқының сүті және одан дайындалатын тамаша өнімдер болып табылады. Егер бұл өтінішімізді орындамасаңыз қонақ күтуде әлжуаз болып қаламыз».
Осыдан соң Саид хан 20 күн бойы қазақ ханымен қымыз ішіп, жайлауда демалады. Еліне оралған Моғолстан әміршісі Қасым ханның осы сыйын өле-өлгенше айтып жүрген екен.
Екі халық та өз сусындарын мақтан тұтты және «үздік» екендігіне ешқашан шек келтірген емес. Иә, келісемін, әркімнің өз шындығы бар. Бірақ ақиқат күн сияқты, бәрімізге ортақ. Мүмкін сіз мені өз жұртын дәріптеп бос мақтанға салынды деп сөгетін боларсыз. Онда ақиқаттың жігін ашу үшін ғылыми медицина тілімен сөйлейік.
– Сыра есте сақтау мен зейінді нашарлатса, қымыз керісінше ойлау қабілетін жоғарылатып, сергек жүруге көмектеседі.
– Сыра ішкен адам бауыр гепатитіне ұшырап, жүрегінің жұмысы бұзылса қымыз жүрек жұмысын жақсартып, жүйке жүйесін қалпына келтіреді.
– Сыра бүйрек тамырларын зақымдап, ерлердің жыныстық қабілетін төмендетсе, қымыз әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды.
– Қымыз құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне ықпал етеді. Саумал қымыз ем ретінде буын ауруларын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың бірден-бір емі. Сыра ішкен адамның тәбеті шектен тыс ашылып, мұның соңы ас қорыту мен асқазан жұмысын бұзса, қымыз ішкен адамның тәбеті жақсарып, ас қорыту жүйесі еселеп артады. Сол себепті қымыз күні кешеге дейін далалық фармацевтикада нөмірі бірінші препарат ретінде қолданылып келді. Қасым өзінің құрметті қонағы Саид ханға қымыз ұсынуы да бекер емес. Ал айранның арқасында ауруынан айыққан Англия патшасы Арыстан жүректі Ричардтың жайы оқырманыма белгілі.
Қазақта «Сұрап алған аурудың емі жоқ» деген керемет сөз бар. Егер осыны біле тұра зиянды сусынды сіміре беріп, соңында «бауырым ісіп кетті», «бедеу болып қалдым», «менде гастрит бар екен», «тез ұмытшақ болып барам», – деп шағымданудың қажеті жоқ.
Миллиондаған литр сыраның шығарылғанына қарағанда демек халық арасында сұраныс бар. 517,4 миллион литр сыра сыртқа ағып немесе далаға төгіліп жатқан жоқ. Ол сіздің немесе бауырыңыздың, апа-қарындасыңыздың, болмаса жақын танысыңыздың ішіне кетіп жатыр.
Қымыздың өзін бабымен ішкен бабаларымыз немістің сырасына ауызын да шаймас еді ғой.
Енді Қасым ханның қымызын ішесіз бе, әлде Вильгельмнің сырасын ішесіз бе, ол жағын өзіңізге қалдырдық.
Р. Рамазанұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: