Қаратпа сөздерді лингвомәдени тұрғыдан қарастыру мәселесі

0



Ұстаз тілегі сайтында материал жариялап тегін сертификат, алғыс хат және құрмет грамотасын алуға болады. Ол үшін сайтқа тіркеліп материал жариялау керек. Сайт бойынша барлық сұрақтарды 8-771-234-5599 номеріне ватсап арқылы қоюға болады

Қаратпа сөздерді лингвомәдени тұрғыдан қарастыру мәселесі

Бағыты: Қазақ тілі Бөлімі: Мақала Сыныбы: Басқа

Қаратпа сөздерге қазақ тіл білімінде алғаш рет зерттеу жүргізіп ғылыми тұрғыдан анықтама беріп, оның оқшау сөздердің қатарына жатқызған ұлы ғалымымыз А.Байтұрсынов болатын. А.Байтұрсынов «Тіл құралы» еңбегінде оқшау сөздерді бұратана сөздер деп атап көрсетті. «Айтылған сөйлем мүшелерінен басқа сөйлем маңайында жүретін бұратана сөздер болады. Ол бұратан сөздер екі түрлі. Бір түрі – сөз арасына керек жерінде қыстырыла айтылатын сөздер. Бұлар қыстырма сөздер деп аталады. Қыстырма сөздер сөйлем ішіндегі басқа сөздерімен үйлеспейді, байласпайды. Алып тастағанда орны ойсырай қоймайды.

Қаратпа сөздерді лингвомәдени тұрғыдан қарастыру мәселесі

Тойғанбекова М.Ш.,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың аға оқытушылары

.
Қаратпа сөздерге қазақ тіл білімінде алғаш рет зерттеу жүргізіп ғылыми тұрғыдан анықтама беріп, оның оқшау сөздердің қатарына жатқызған ұлы ғалымымыз А.Байтұрсынов болатын. А.Байтұрсынов Тіл құралы еңбегінде оқшау сөздерді бұратана сөздер деп атап көрсетті. Айтылған сөйлем мүшелерінен басқа сөйлем маңайында жүретін бұратана сөздер болады. Ол бұратан сөздер екі түрлі. Бір түрі – сөз арасына керек жерінде қыстырыла айтылатын сөздер. Бұлар қыстырма сөздер деп аталады. Қыстырма сөздер сөйлем ішіндегі басқа сөздерімен үйлеспейді, байласпайды. Алып тастағанда орны ойсырай қоймайды.
Екінші түрі сөз бетін біреуге қарата, қадап сөйлегенде айтылатын сөз. Бұлар қаратпа сөз деп аталады.
Бұлар да сөйлем ішіндегі басқа сөздер үйлеспейді, байласпайды.
Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда! Сөз тыңдаңыз, әлеумет! Әй, Әлжан, қайда барасың? Құдай, оңда! Оңға баста… Мұнда қаратпа сөз болатындар: қызым, келінім, әлеумет, Әлжан, құдай, үйткені сөз беті соларға қаратылып айтылып тұр [1].
Бұратана сөздерді өздерін іштей мағынасы мен қызметіне қарай топтап, қыстырма сөздер және адресатқа арналған сөздерге қаратпа сөз деп атап, ғылыми термин етіп бекітті.
С.Аманжолов та 1940 жылы латын әрпінде жарық көрген Қазақ тілінің қысқаша курсы атты еңбегінде қаратпа сөздерге былай деп анықтама берді. Міне сілтеу есімдігін есімдіктен жасалған қаратпа [2] деп көрсетті. Қаратпа сөздердің табиғаты мен жалпы сипатына өз кезінде тілші ғалымдар М.Томанов пен Т.Сайранбаев [3,] бірлесе отырып зерттеулер жүргізіп, орыс тіліндегі қаратпа туралы зерттеулермен, анықтамалармен салғастыра қарастырып, кандидаттық диссертация қорғады, синтаксистік тұрғыдан анықтама берді. М. Бимағамбетов те өзінің ғылыми еңбегіне оқшау сөздердің тек екі түрін: қыстырма мен қаратпа сөздерді арқау етіп алды[4]. Н.Егіншібаева қаратпа туралы зерттеу жұмыстарын одан ары дамытып, қаратпалардың жасалу жолдары мен олардың синтаксистік құрылымын айқындады. Н.Егіншібаева қаратпалардың қандай сөз таптарынан болатын саралай келе, құрылымдық жағынан қаратпаларды қаратпа сөз, қаратпа сөз тіркесі, қаратпа сөйлем [5] деп үш топ бөліп көрсетті. Диссертант өзінің Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпалар атты ғылыми еңбегінде қаратпаларды құрамына қарай топтастыра отырып, күрделі қаратпалардың құрылымындағы сөздердің байланысу жолдары мен тәсілдеріне қарай қабыса байланысқан қаратпа сөздер, матаса байланысқан қаратпа сөздер және аралас байланысу формасындағы қаратпа сөз тіркестері деп жіктеді. Ш.Сарыбаев та өз еңбегінде одағай сөздерді зерттеу барысында қаратпа сөздердің де оқшау сөздерге жататынын атап көрсетті [6]. Ал қаратпа сөздердің стильдік қызметіне тоқталсақ, олардың стильдік қызметіне қатысты жалпы еңбектер болғанымен, қаратпа сөздердің функционалдық және прагмастилистикалық қызметі әлі арнайы зерттеу объектісі болған емес. Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы еңбегінде авторлар қаратпа сөздердің беретін эмоционалдық-экпрессивтік мағынасына қарай алты стильдік топқа бөлді. Медеуәлі Бимағамбетов өзінің Қазақ тіліндегі қаратпалар мен қыстырма сөздер атты кандидаттық диссертациясында осы қорытындыға сүйене отырып, бұл нәтижені ары қарай дамыта отырып қаратпа сөздерді 8 (сегіз) стильдік топқа саралады.
Тілдің қызметі және тілдің әлеуметтік мәні адамзат тіршілігінде аса зор, маңызды рөл атқарады. Тіл мәдениеті мен оның маңыздылығы тілдің өзінің қызметі мен қоғамдағы рөлі, қолданыстық сипатына байланысты айқындалады. Қоғамның тынысын, адамзат өмірін тілдік қарым-қатынассыз елестетудің өзі қиын. Ақиқатты жеткізу адам тіл арқылы жүзеге асырылады. Тіл — ақиқат пен таным ортасындағы аралық құрал, сонымен қатар жеке тұлғалық таным мен ұжымдық таным арасындағы қатынас құралы. Тілдің даму деңгейі сол тілде сөйлейтін ұлттың, қоғамның материалдық және мәдени дамуының нақты көрсеткіші.
Мәдениет дегеніміз, — ең алдымен, ұжымдық ұғым. Жеке адам мәдениетті таратушы болуы да мүмкін, оны өркендетуге белсенді араласуы да мүмкін, алайда, мәдениет өзінің табиғи болмысы бойынша, тіл сияқты, қоғамдық, яғни әлеуметтік құбылыс.
Мәдениет – дүние бөлшектері болып саналатын рухани көріністерді бейнелейтін тіл, миф, аңыз, өнер, дін және т.б. негізде құрылатын семиотикалық жүйе [7, 506].
Тіл мәдениеті де, оны қолдана білудің маңыздылығы да осыдан келіп туындайды. Тіл – қоғамдық құбылыс, алайда қолдану барысында жеке тұлғаның қарым-қатынастық құралы болып табылады. Язык не существует вне культуры, то есть вне социально унаследованой совокупности практических навыков и идей, характеризующих наш образ жизни, — деп Э.Сепир атап көрсеткендей тілді халықтан, ел мәдениетінен тыс қарастыра аламаймыз [8, 75].
Сөйлеу барысында адамдар тілді өз қолайына, өз ортасына қарай, өз мүмкіндігіне орай қолданады.
Тіл мәдениеті дегеніміз не? “Мәдениет” деген сөздің өзі айтып тұрғандай, ол – тілдің дұрыстығы, сындарлығы, әсемдігі деген ұғымды береді. Ал нақтылай түссек, тіл мәдениеті алдымен сөз мәдениеті, яғни сөздерді мағыналарын дәл түсініп, орнымен қолдану, оқырмандар мен тыңдаушыларға түсінікті де әсерлі етіп жазу немесе сөйлеу, сөздерді қиюластырып, үндестіріп дұрыс айту, қатесіз сауатты жазу – міне, тіл мәдениеті дегеніміз осылар. (Рабиға Сыздық).
Қазіргі заман талабына сай ғылымның лингвистика саласында тілді тек адамдар қарым-қатынасының маңызды құралы ретінде зерттеу нысаны етіп қарастырып қана қоймай тіл ұлттық болмысымыздың, мәдениетіміздің танымы, ұлттық құндылықтың ең маңызды бөлшегі ретінде қарастыру қалыптасып келеді. Қазақстан Республикасының Ата Заңында Тілдер туралы тарауында, Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты, деп атап көрсетілгеніндей, қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық болмысының ажырамас бөлігі және ұлттық мәдениетіміздің айнасы болып табылады. ХХІ ғасырда тіл білімінде, когнитивтік лингвистика саласында тілді антропоцентристік бағытта: а)тіл мен ойлау; ә)тіл мен сана; б)тіл мен жеке адамның физиологиялық ерекшелігі; в)тіл мен жеке адамның психологиясы; г)тіл мен мәдениет; ғ)тіл мен қоғам; д)тіл мен әлеумет; е)тіл мен халық; сонымен тілді практикамен, ұлттық таным мен болмыспен сабақтастыра, салыстыра зерттеу бағыты белең алып келеді. Лингвистика саласында жаңа бағыт — лингвомәдениеттану жедел қарқынмен дамып келеді. ХХІ ғасырда когнитивтік лингивистикада А.В.Костин негізін салған лингвомәдениеттану саласы тілді ұлттық таным мен ұлттық болмысқа, ұлттық жадыға сабақтастыра қарастырады.
Когнитивтік лингвистиканың негізгі міндеті барлық ғылымнан тыс объективті психолигиялық әлемде қалыптасқан адам жанын тану, пиғылын-ниетін зерттеу, — деп, өз кезінде И.А.Бодуэн де Куртенэ айтқандай, тілді, тілдің маңызды қызметінің ұйытқысы – қатысымдық лексиканы адам мен адамның ара қатынасының негізінен, олардың мәдени деңгейінің тұрғысынан қарастыру қажет. Тіл мен мәдениетті тығыз байланысты қарастыру бағыты тіл ғылымында жаңа жүйе – лингвомәдениеттануды қалыптастырды. Когнитивтік лингвистикадағы лингвомәдени бағытты А.В.Костин анықтаған. Оның анықтамасы бойынша, лингвомәдени тәсіл тілдің жинақтаушы қызметі туралы идеяға (ойға) негізделеді. Соның негізінде халықтың танымы мен сезімі, халықтың тәжірибесі есте қалып, халық жадында сақталады. Осы концепцияға сәйкес, тіл – адамзат тәжірибесін рационализациялау және әлемді концептуализациялаудың әмбебап түрі (формасы), әлем туралы стихиялы санасыз білімдердің сақтаушысы мен мәнерлеп жеткізушісі адам өміріндегі әлеуметтік мәні зор оқиғалар туралы тарихи жад болып табылады.
Соңғы жылдары тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы мәселесі лингвомәдениеттану ғылымы ұстанымдары негізінде зерттеле бастады. Яғни тілді мәдениеттен бөлек қарастыру мүмкін емес. Бұл негізінде, ана тілдің, ұлттық рухтың қалыптасуына ықпалы, дүниенің тілдік суреті мәселелердің теориялық аспектілерін зерттеуге жол ашады. …Яғни, Лингвомәдениеттану – мәдениет пен тілдің өзара қатынасының тілдегі көрінісін зерттейді және бұл процесті тілдік және тілдік емес (мәдени) мазмұнды біртұтас бірлікте, біртұтас құрылым ретінді кешенді әдістемелер көмегіміен және қазіргі заманның басты бағыттары мен мәдени ұстанымдарына сәкес зерттейтін қосынды түрдегі кешенді ғылым [9, 35].Тіл мәдениеті мен сөйлеу мәдениеті, сөйлеу әдебінің мәдениеті – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Сөйлеу мәдениеті дегеніміз жетілген коммуникативтік сөйлеуді қалыптастыру, сонымен бірге оны қабылдап түсіне білу және бағалай алу болып табылады. Сөйлеу әдебінің мәдениеті — жетілдірген коммуникативтік мәтіндерді құрастырып, оны пайдалану білу. Мәтінді құрастыра білу амалы лебізді құруға, тілді қолдана білуге негізделеді. Біз құрастырып, қолданатын тілдік бірліктер – мәтіндер әсерлі болу үшін оған тілдік материалдар мен бірге тілдік емес шарттар да қажет. Лебіздің пәнін білу, психологиясын тану, коммуниканттардың жағымды, жағымсыз қасиеттерін білу және тағы да басқа тілдік емес бейвербалды құралдарды – ым-ишараттық белгілерді пайдалана білу, оларды орынды қолдану білу машықтарын ұйымдастыру керек. Язык есть одновременно и продукт культуры, ее важная составная часть и условие существования культуры. Более того, язык – специфический способ существования культуры, фактор формирования культурных кодов, — деп К.Леви-Стросс [10, 62] анықтама бергеніндей, тіл мәдениеті — жалпы мәдениеттің адам санасында жадтануы. Сөйлеу әдебі сөйлеу мәдениетіне сүйене отырып жүзеге асады. Сөйлеу әдебінің мәдениеті — сөйлесіп тұрған серіктесіңе қатысты сыйластық, оны түсінуге тырысу, әңгімелесушімен сөйлесуге даяр екеніңді білдіріп құлық таныту, сөйлеу мәдениетінің дағдысына қатысты қайырымдылық пен шыдамдылық көрсетіп, лебізді ұйымдастыру — нағыз әдептілікті танытады. Сөйлеу әдебін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін әрқашанда өз сөзінен де, өзгенің сөзінен де лебіздік жағын бақылап, оның функционалдық және құрылымдық қасиеттерін бағалай білу керек. Тіл мен мәдениет – егіз ұғым. Тіл – мәдениеттің ажырамас бөлшегі. Мәдениет пен тілдің ара қатынасын лингвомәдениеттану ғылымы мәдениетті қалыптастырушы маңызды құрал ретінде әрі мәдениеттің айрылмас сыңары ретінде қарастырады. Лингвомәдениеттану дегеніміз – лингвистика мен мәдениеттің тоғысуынан туындаған ғылым және тілде қалыптасқан, нығайған халықтық мәдениеттің көрінісін зертейді, сонымен қатар лингвомәдениеттану –антропоцентрлік парадигманың лингвистикадағы жемісі, лингвомәдениетану ғылымының зерттеу нысаны — мәдени ақпаратты тасымалдаушы болып табылатын тіл, тіл пайдалана отырып мәдениетті жасайтын адам және мәдениеттің қондырғылары мен преференциялары, — деп В.А.Маслова айтқандай, тіл мәдениеттің қалыптасуына өз тарапынан ықпал ете отырып әрі мәдени ақпаратты жеткізуші құрал да болып табылады [11, 28].
Кез келген құралдың пайдалану тәсілін қандай дәрежеде игерсең, оны сондай деңгейде қолданатының секілді, тілдің де пайдалану тәсілін, амалын әр адам әр түрлі деңгейде меңгеріп, әр түрлі дәрежеде өз қажетіне жұмсайды. Айтылатын лебізге қарай, тілдің қызметі мен оның жұмсалатын мақсатына байланысты сөйлеуші сөйлем құрауда соған сәйкес сөздерді, грамматикалық бірліктерді таңдап, сұрыптап алып қолданады. Ал лебіздің әсерлі де көркем әрі бәтуалы болуы, адресатты өз сөзімен ұйытып баурап алуы лебіз иесінің тілдегі сөздерді, тілдік көркемдік құралдарды орынды да сәтті пайдалана білуіне тікелей байланысты болады.
Әркімнің сөзді қолдану ерекшелігі әр түрлі болады. Алқалы топтың алдына көсіліп сөйлейтін, ә дегенде-ақ аузына қаратып, тыңдаушы көпшілікті тамсандыратын орақ ауызды, от тілді шешендер де сөйлеген кезде айтар ойын бір арнаға жинақтап, сөйлер сөзін іріктеп пайдалану арқылы, лебізі тыңдарман қауымның көңілінен шығып жатады. Осындай сөз қолдану ерекшелігін стиль деп атаймыз. Жалпы, стиль сөзінің мағынасы кең алапты. Жалпы тілдік стиль, функциональдық стиль, практикалық стиль, когнитивтік стиль, тіпті жеке суреткердің стилі деп айтып жатамыз. Стиль дегеніміз – тілдік қарым-қатынастың нақты шарттарымен айқындалатын тілдік құрылымның тұрақты өзіндік ерекшелігі, яғни тілдің көркемдік амал-құралдарының жиынтығы. Стиль өзі іштей тармақтарға бөлінеді. Қазіргі қазақ тілінде стиль: ауызекі сөйлеу стилі, көркем стиль, ғылыми стиль, ресми стиль, публицистикалық стиль деп бес түрге бөлінеді. әр стильдің қолдану құралы ортақ бір тіл болғанымен де әрқайсысының өзіне тән тілдік сипаты, сөз саптау ерекшеліктері бар. Ауызекі сөйлеу стилі лебіз иелерінің бетпе-бет немес телефон арқылы сөйлесуі де арқылы жүзеге асады. Сөйлеу тілі көбінесе бетпе-бет сұхбаттасу арқылы, сұрақ-жауап, түсіндіру, талқылау барысында іске асатындықтан сөйлем құрылымы да өзгеше болып, ым-ишара, бет құбылысы, қол-дене қозғалысы, дауыс ырғағы арқылы жазба тілден осындай өзіндік белгілерімен ерекшеленеді. Сөйлесу коммуниканттардың тікелей қатысуымен жүзеге асатын болғандықтан, айтушы өз рйын нақтылай түсу мақсатында қыстырма сөздерді, лебіздің кімге арналғанын айқындау түсу үшін қаратпа сөздерді, өз сезімінің ішікі иірімдерін аңғарту үшін одағай сөздерді қолданады. Ауызекі сөйлеу барысында кейбір сөздер, тіпті тұтас сөйлемдер ықшамдалып қалып жатады. Мысалы:
Гүлнәзия, Айнұр қайда тұрады?
Жетісуда.
Жетісуда?
Иә.
Ауызекі сөйлеу барысында дауыс ырғағы ерекше маңызға ие. Адресанттың адресатқа деген ықылас-пейілін оның дауыс ырғағынан-ақ, тіпті адресаттың атын атауынан-ақ білуге болады. Адамның адамшылығы амандасудан басталады дегендей, лебіз иесінің адресатқа деген ниетін, сонымен қатар сұхбаттасушылар арасындағы қарым-қатынастың дәрежесін, қандай мақамда (жағымды, жағымсыз) әңгіме өрбитінін оның назарын аудару үшін арнайы қандай қаратпа сөзді қолданғанынан-ақ байқауға болады. Әлеуметтік-тұрмыстық қарыс-қатынаста — отбасында балалар ата-аналарына сіз десе, ал ата-аналар өз балаларына сен деп, жалпы қазақ халқында жасы кішілер үлкендерге сіз деп, ересектер жағы өзінен кішілерге сен деп сөйлей береді. Әлеуметтік-тұрмыстық қатынаста сөйлесу бейресми тілдік жағдаятта өтеді, дегенмен де ауызекі сөйлесу барысының өзіндік қалыптасқан әдебі мен реті бар. Қоғамдық орындарда, көшеде, көліктерде, таныс адамдар мен бейтаныс адамдармен тілдесуде адресаттың назарын аударуын үшін жұмсалатын қаратпа сөздер өзіндік қалыптасқан ізетке сай қолданылады. Бейтаныс үлкен адамдарға жасы кішілер жас айырмашылығына орай әйел адамдарға — апай, әкпей, жеңгей, шешей, ал ер кісілерге ағай, әкей, атай азамат деп жатса, үлкендер кішілерге ретіне қарай інішек, қарындас, бойжеткен, балақай, тіпті өзімсініп жылы шыраймен қалқам, қарағым, шырағым, қызым, балам деп те айту кездеседі. Мысалы: Қатарласа жүріп отырып:
Шырағым, осы елдің өзінен шыққан баламысың, әлде шеттен келіп пе едің?- деді. (Б.Майлин).
Таныс адамдар әшейінде өзара қалжыңдап айта беретін қаратпа сөздерді қоғамдық орындарда ретсіз пайдалану қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуі мүмкін. Замандастар, құрбы-құрдастар, ерлі-зайыптылар – бір-бірін кемпір-шал деп, дос-жарандар арасында өзімсініп бір-бірін сыртқы келбетіне, ерекше белгісіне қарай да сары қыз, сорақай, тағы да сол сияқты лақап атаулармен айтуы мүмкін. Алайда қалжыңдасқанның жөні осы екен деп қоғамдық орындарда, көпшілік арасында тілдесушілердің бір-бірін қағытып отыруы өзге жұртқа өрескел көрінері хақ. Сондықтан да қаратпа сөздерді қолдану барысында оларды тілдің қай стилінде болмасын, өзіндік қолдану әдебіне, сөйлеу этикетіне сай пайдалану қажет. Ресми қатынаста да, бейресми әлеуметтік-тұрмыстық ауызекі сөйлеу стилінде де үлкендерді кішілердің немесе тұрғылас кісілердің бір-бірінің есімін қысқартып соңғы буынына – еке жұрнағын қосып, құрметтеп айту үрдісі біздің қазақ халқында қалыптасып кеткен. Бұндай сөйлеу үрдісі негізінен ер кісілерге қатысты жұмсалады. Тіл стильдерінің өзара қатынасының сипаты және сөйлеу стильдері тіл мен сөйлеудің өзара байланысымен айқындалады. Тіл мен сөйлеу – біздің қоғамымыздағы қатынас құралының екі коммуникативтік ақиқатының бірігуі болып табылады. Әдеби тілдің стильдік дифференциациясы пайда болғанда, тіл стилдері оның құрылымдық-функциональдық нұсқасы ретінде қалыптасады да, әрине, сөйлеу стилдерін құрай отыра, тілде вариативті түрде қолданысқа енеді. Тіліміздегі қолданыстағы кез келген сөздер сияқты қаратпа сөздер де тілдік жағдаятқа тәуелді. Қолдану барысында сол сәттегі қатынас пен тіл стилінде қалыптасқан үрдіс пен әдепке сай пайдаланылады.
Қаратпа сөз әрқашан сөйлемде айтылатын ойға қатысты болады. Айтқанда, интонация арқылы қаратпа сөз сөйлемнен ажыратылса, жазғанда көбіне үтірмен, кейде леп белгісімен бөлінеді [12,108].
Қаратпа сөздер қолдану барысында жеке сөз түрінде де, сөз тіркесі, тіпті тұтас сөйлем күйінде де жұмсала береді, қаратпа сөздер әрқашанда атау тұлғасында қолданылады.
Тіл адамзатқа екі түрде қызмет етеді, екі амалда жүзеге асады. Бірі- ауызекі сөйлеу тілі болса, екіншісі жазба тіл болып табылады. Сөйлеу тіл стилі мен жазба тіл стилінің бір-бірінен елеулі айыпмашылықтары бар. Ауызекі сөйлеу тілін отбасында, тұрмыста, күнделіктің өмірде әр түрлі салаларында, әлеуметтік қарым-қатынаста қолданамыз. Ауызекі сөйлеу стиліне даярсыздық, қатынастың тікелейлігі, бейресми тілдесу, еркіндік, экспрессивтілік пен лебіз иесінің эмоциясы тән болып келеді. Сонымен қатар күнделікті өмірде жиі қолданылатын актив лексикамен қатар пассив лексика да қоса қолданыста жүреді. Өндіріс, еңбек орындарының салалық ерекшелігіне қарай кәсіби лексикалар сөздік қолданыста болса, ал енді кейбір тілдік жағдаятқа байланысты жергілікті тіл ерекшеліктері – диалекті сөздер де – лебізде кездеседі. Қаратпа сөздер де сөйлеу стилінде тілдік элемент ретінде бұндай үдерістен сырт қала алмайды. Сондықтан да жекелеген мамандық пен кәсіп атаулары сол жүйеде еңбек ететін адамдарға қатысты қаратпа сөздер қызметін атқарып, арнайы атау ретінде жұмсала береді. Тіліміздегі диалектілік құбылыстар да қаратпа сөздерді пайдалану барысында ұшырасады. Мысалы, өзіне жасы үлкен қыз баланы, бірге туған, туыстастарымен қатар бейтаныс әйелдерді қазақтар жас ерекшелігінің айырмасы шамалы болса, онда жалпы халықтық тілдік қолданыста әкпе деп атайды. Алайда, әкпе сөзін Оңтүстік Қазақстан облысында әпше, ал батыста және Қызылорда облысында апа десе, Шығыс Қазақстан облысы мен Талдықорған өңірінің тұрғындары тәте деп айтумен қатар көке деп те атау кездеседі. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің 1992 жылғы түлегі, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Елтай аулының тұрғыны, менің курстасым Қызаева Нұрғайша өз әпкелерін көке деп атайтын. 1988 жылғы 1-курста оқып жүргенде қысқы демалыстан келгенде курстастарына айтқан әңгімесінен үзінді келтірсек, Нұрғайша:
Біз, көкем екеуміз, маған киім іздеп базарға бардық, дүкендерді араладық. Дүкеннен бір белдемшені (юбканы) ұнатып алып едім. Үйге келген соң киіп көріп едім, ұнамай қалды. Ал көкем киіп еді, оған тура құйып қонғандай үстіне қона қалды. Содан соң оны көкеме бере салдым, — деді.
Топтағы қыз біткеннің бәрі ошарыла Нұрғайшаның бетіне аң-таң болып қарап қалдық. әлден соң арамыздан біреуіміз:
Нұрғайша, сен көкем деп кімді айтып отырсың? Бізге дұрыстап түсіндірші, — деді.
Көке дегенім көкем ғой, менің өзімнен үлкен екі көкем бар. Екі көкем де маған қарағанда, бойшаң, сұңғақ бойлы сымбатты, ол екеуіне не кисе де — көйлек те, шалбар да, белдемше де жараса береді. Ал маған олай емес, — деп қынжыла жауап берді.
Нұрғайша, көке деп сен кімді айтып отырғаныңды біз дұрыс ұқпадық, біздің жақта көке деп әкесін немесе ағасын айтады. Ал ер адамдар белдемше кимейді ғой. Орысшалап айтсаңшы, сен көкелерің кім екенін.
Нұрғайша: – Көке дегенім орысша айтқанда сестра ал, мен әкем мен ағаларымды аға деп атаймын, анамды тәте деймін Біздің жақта әкпелерін тәте деп те, көке деп те айта береді. Онда тұрған не бар?! – деп таңдана жауап берді.
Тілдік нормадан ауытқып сөйлеу ауызекі-тұрмыстық тіл стиліне тән құбылыс. әрбір сөйлеушінің сөздік қоры, тілді меңгеру дағдысы әртүрлі деңгейде болады. Сонымен қатар тілді пайдалану барысында коммуникативтік құзырет тек сөйлеушінің өзіне ғана емес, оның қарым-қатынас жасатын қоғамдық ортасы мен әлеуметтік мәртебесіне де қатысты болады. Кез келген лебіз тілдің материалы мен оның заңдылықтарына қарай дұрыс немесе дұрыс емес деп айқындалады. Дұрыстылық — тілдің негізгі клммуникативтік сапасы ретінде тіл қасиеттерінің маңызды құрылымы. Лебіздің дұрыстылығы, тазалығы, байлығы тілдің нормасына қатысты белгіленіп анықталады. Ауызекі сөйлеу стилі өзінің еркінділігімен ерекшеленеді десек те, коммуникант сөйлеу барысында тілдік жүйеге, оның заңдылықтарына тәуелді түрде әрекет етеді, сөйлеуші тілдік ұжымның өзге де мүшелерінің сөздік қорымен, қоғамдық ортамен, тілдік жағдаятпен санаса отырып қатынасқа түседі. Яғни тілдің белгілі бір заңдылықтарына мойын ұсына отырып әрекет етеді. Тілдің дұрыстылығы — жалпыға ортақ тілдік заңдылық, осы заңдылықты сөйлеушілер әртүрлі дәрежеде меңгерген. Сондықтан әрбір жанның лебізі, сөйлеуі, сөз саптауы өзгелерден өзіндік мәнерімен ерекшеленеді. Сөйлеу барысында коммуникант тілдік заңдылықтарды сақтауы, оны бұзып сөйлеуі де мүмкін. Лебіз иесі жалпыхалықтық тілден тыс жаргондарды, диалект сөздерді қолдана береді.
Ауызекі сөйлеу лексикасында диалекті сөздермен қатар эмоциональды-экспрессивті сөздер, түйдек сөздер, толымсыз сөйлемдер, оқшау сөздер, сұрақ-жауаптық сұхбаттасу мәнеріне қатысты сөздер мен сөйлемдер тобы тән болады. Сөйлеу барысында лебіз иесі өз көзқарасы мен түрліше пікірін білдіру үшін қыстырма сөздерді, көңіл-күйіне қатысты одағай сөздерді, адресаттың назарын аудару үшін арнайы қаратпа сөздерді қолданады. Ал жазба тіл стилінде: көркем әдебиетте және әдеби шығармашылық пен журналистика саласында оқшау сөздер тіпті публицистикалық стильмен қатар ғылыми зерттеу еңбектерде кейіпкерлердің лебізі ретінде кездесетін болса, ал жаратылыстану пәндерінің ғылыми саласында оқшау сөздер мүлдем қолданылмайды. Қаратпа сөздер көркем әдеби стильде кейіпкерлердің ара қатынасын байқататын әрі кейіпкердің кімнің кіммен сөйлесіп тұрғанын көрсететін айқындауыш құрал ретінде де жұмсалады. Сонымен қатар қаратпалар сұхбат барысында адресанттың адресатқа деген жеке тұлға ретіндегі көзқарасы мен оған деген сезімін, қарым-қатынасын нақтылай түседі. Тілдік қатысымды, тіл мәдениетін, лебіздің бастауы болып табылатын қазіргі қазақ тіліндегі қаратпа сөздерді белгілі бір этномәдени ұжымның, бір ұлттың тілінде бекіген дүние бейнесіне, халықтың дүниетанымына байланыстыра отырып, адам және әлем мен тіл және ойлау аспектісі аясында қарастыру – тілдің ұлттық нақышын, этностық сипатын айқындады.Қаратпа сөздің қазіргі кезеңдегі этностық сипатына тоқталсақ. Қазіргі таңда тәуелсіздіктің көк байрағын көк аспанның астында желбіреткен Қазақстан Республикасының КСРО-дан іргесін бөліп, өз алдына жеке мемлекет болғанына 17 жылдай уақыт болды. Еліміз осы аз ғана уақыт ішінде талай-талай қомақты табыстарға қол жеткізді: отанымыздың экономикасы қарыштап өсіп келеді, халықтың әлеуметтік жағдайы, материалдық ахуалы күнне-күнге жақсарып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында еліміз шын мәнінде таяу уақыт ішінде нағыз Азия барысына айналып, бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына енбекші. Міне, осылайша әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылып, алға ұмтылған тәуелсіз Қазақстанның табысты қадамдарын санай берсек, талай ақ парақтың беттерін толтыруға болар еді. Дегенмен де 70 жылдан астам уақыт Кеңестер Одағының қол астында болғанымыз еліміздің экономикасына ғана емес, әдебиеті мен мәдениетіне әсер етіп, тіпті күнделікті тыныс-тіршілігімізде де өз ізін, қолтаңбасын қалдырды. Бұған мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына қанша уақыт өтсе де өз функциясына, міндетіне қазақ тілінің толық қол жеткізе алмауының өзі – осыған айқын дәлел. Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз – ана тіліміздің мол байлығын терең зерттеп, оны ел игілігіне пайдалану, ғылыми жетістіктерімізді, нәтижелерін халқымыздың назарына ұсыну – бүгінгі күннің басты талабы.
Ана тіліміздің ұшан-теңіз байлығын, ғасырлар бойы толассыз толығып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, мұраболып келе жатқан асыл қазынасын мүмкіндігінше толық меңгеріп, ел игілігіне айналдыруды мақсат ететін ғылым салаларының бірі – осы этнолингвистика. Этнолингвистика, егер оның түп тамырына терең үңілсек, этнография мен лингвистиканың жай қосындысы емес. Бұл ғылым саласының бір кереметтігі де, бүгінгі таңдағы ғылыми-практикалық маңызы да – оның монолиттік тұтастығында, бір-біріне етене жақын, тіпті бірсіз бірін толық түсінуге болмайтын объект екендігінде. Ол объект — этнос және оның тілі. Өйткені тілсіз этнос, этноссыз тіл өмір сүре алмайды [13, 10]. Халқымыздың ұлттық мәдениеті — қазақ халқының салты-дәстүрінің, наным-сенімдері мен дүниетанымының, сөз өнерінің даму деңгейі мен тұрақталған қалпының шынай көрінісі. Тіл мәдениетін, тіл ғылымының салаларын этностан тыс алып қарастыру мүмкін емес, себебі этнос пен тіл — бір-бірімен тығыз байланыста қатар өмір сүретін егіз ұғым.
Этнолингвистика (грек. etnos – халық, тайпа + фр. linnguistique Кешегі кеңес заманының, тоталитарлық жүйенің салқын сызы күнделікті өмірімізден, ауызекі сөйлеумізден де анық байқалып, менмұндалап әлі күнге дейін көзге ұрып тұрады. Мысалы, адресатқа арналып айтылатын қаратпа сөздердің кешегі және бүгінгі кездегі қолданылу аясына көз жүгіртіп, көңіл тоқтатсақ, еріксіз түрде біраз жағымсыз жайдың куәсі боламыз. Жалпы алғанда, қаратпа сөздердің қолданылу аясы қоршаған орта мен уақыт ағымына байланысты. Мысалы, қалалық жерлерде жас аналардың, тіпті орта жастағы аналардың — әлемдік әдебиеттік анықтама бойынша, бальзактық жастағы 40-50 жастардағы әйелдердің, әсіресе қалалық дәстүрде тәрбие алған және орысша тәрбие алған орыс тілді қазақ аналарының сөздік қорында боташым, қошақаным құлыншағым, қоңыр қозым, елігім, балапаным деген сияқты тағы да басқа малдардың немесе қазақ халқының кие тұтып қастерлеген жан-жануарлардың өздерінің болмаса төлдерінің атымен балаларын еркелете айту, аялай атау үрдісі сирек кездеседі десек те болады. Керісінше, орыс тілінде қолданыста жиі кездесетін маленький человечик сөзін орысшадан калька жолымен тікелей аударып, балаларын кішкентай адамшық (адамчик) деп еркелетіп отырған жас аналарды қаланың қай бұрышынан болса да ұшыратуға болады. Соңғы кезде ана тілінде, яғни қазақ тілінде сөйлеймін деп ұмтылып жүрген жас қазақ аналардың балаларын сирек те болса ботақаным деп еркелетіп отыратындары байқалады. Осындай оңды қадамдармен қатар, бірде балалар емханасында өте келеңсіз бір жағдайдың куәсі болдым. Бала дәрігеріне 1 жасар сәбиін көрсетуге әкелген жас қазақ әйелі баласын қайта-қайта: менің кішкентай торапайым, томпақ торапайым, — деп еркелетіп отырды. Торапай сөзін торпақ мағынасында ма, әлде торай мағынасында айтып отырғанын дұрыс түсіне алмадым да, сондықтанда жас анадан айтып отырған сөзінің мәнін сұрап едім. Ол маған мақтанышпен қарап: торапай дегенім – қазақша поросенок қой, деп жауап берді. Мен жас ананың шамына тиіп кетпейін әрі оның жас жанын жәбірлемейін деп ойлап, әуелі одан оның қай дінді ұстайтындығын сұрадым. Ол өзінің мұсылман екендігін айтты. Содан соң жалпы мұсылман халқы шошқаны харам санайтындығын, сонымен қатар қазақтар баласын ешқашан өздері сүйкімсіз жануар санайтын доңызға теңеп еркелетпейтінін және оның себептерін түсіндіріп бердім. Өзінің әбес қылығына қысылып қалған ол біраз уақыт үндемей ойланып отырды да, баласын еркелеткенде қаратпа ретінде қазақ тілінде қандай сөздерді қолданғаны жөн болатындығын сұрады. Қолымнан келгенімше жас анаға ақыл-кеңес бердім. Өзім тіл маманы болғандықтан әрі қаратпа сөздердің қызметін зерттеп жүргендіктен де болар, әрқашанда сөйлеушілердің әңгімелесу барысында қаратпа ретінде қандай сөздерді қолданатынына үнемі назар аударып жүремін. Қаратпа сөздердің қолдану аясымен этностық сипаты өзгеріп, сонымен қатар қазіргі уақытта бұрынғымен салыстырғанда тарылып та барады. Мысалы,
…Біз де оның соңынан келдік. Диктор сөзін тоқтатты да, енді Жамбылдың өлеңнін оқи бастады.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзенін сүйкімді
Бұлағымдай көремін! (Дастан ата. (Құрастырған – Н.Төреқұлов). – Алматы, 1989. 410)
ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл атамыздың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистердің қоршауында қалған леинградтықтарға арнаған, олардың көкірегіндегі үміт отын өшірмей алаулалата түскен осы атақты өлеңіндегі өренім сөзі қазіргі кезде қаратпа ретінде белсенді түрде қолданылмайды. Өрен сөзінің синонимі болып табылатын, өрен сөзі секілді қаратпалық қызметте пәрменді тілдік қатысымға түспейтін сөздердің бірі — ұлан сөзі. Ұлан сөзі — жас жеткіншек ұл балаға қаратылып айтылатын сөз. Қазіргі кезеңде ұлан сөзі жаңа мағынаға ие болды. Бұның бірі орыс тіліндегі ұлан сөзі осы тілдің орфоэпеядық заңдылығы бойынша улан болып айтылып та жазылып та жүр және арнаулы жасақ деген ұғымды беретін. Қазіргі қазақ тілінде де ұлан сөзінің бастапқы мағынасы күңгірттеніп, арнаулы жасақ деген мәнде жұмсалып жүр.
Қазақ тілінде ұл еркек бала. ұл бала ұғымын берсе, ұлан жас өспірім, жеткіншек, өрен ұғымын береді. ал ескерткіштерде оғул мен оғлан сәби, ер бала, ұл мәнінде қолданылады, сонда: оғулуулан >улан >ұлан >ұл. Қыпшақ тілдері бағытында дамығанда да, оғыз тілдері бағытында дамығанда да ан қосымшасы түсіп қалған. Оғул сөзі тарихи ескерткіштерде балаға да, қыз балаға да айтыла береді. Орхон-енисей ескерткіштерінді тіпті жануарлардың төлдері мен құстардың балапандары оғул аталған. Бұған қарағанда бұл сөз туғ (туу) етістігімен ұштасады. Даму схемасы: туғулан >уғулан*>оғулан >оғул.
т — дауыссыз дыбысы бағзы заманда-ақ түсіріліп айтылғандықтан оғул сөзінің алғашқы мағынасы ұмытылған. Бірте-бірте жаңа мағына жамап алған, — деп белгілі тіл маманы Б.Сағындықұлы [14, 61] атап көрсеткендей, ұлан сөзінің қазіргі қазақ тілінде жұмсалу аясы өзгеріске ұшыраған, дегенмен де туыстас өзге халықтарда – түріктерде оғул сөзі оғлы түрінде айтылады да ер балаға қатысты қолданылады, ал тегін жазғанда оғлы сөзі әйел адамның да, ер кісінің де тегіне қосылып жазыла береді: Сүлейменоғлы Хасан – ер адамның, ал Сүлейменоғлы Мелек – қыз баланың тегі. Сонымен қатар біздің Қазақстан аймағындағы қазақтар Ұлан, Жасұлан деген есімдерді тек ұл балаға қоятын болса, ал Қытайдағы қандастарымызда бұл есім қыз балаға да қойыла береді: Ұлан, Ұлангүл, Ұланай секілді есімдер тек қыз балалардың үлесіне тиесілі, керісінше ұл балалардың арасынан бұндай есімді кездеспейді.
“Маңғыстау әндері жалпы Батыс әндерінен домбыра қағысының, әуен екпінінің жайлылығымен ерекшеленеді. “жеті қайқы” деген атпен жеті өнерпаз өмір сүрген. Ол өңірде “қайқы” деген сөз “сал-сері” деген мағынаны білдіреді” [13, 6]. Қазіргі қазақ тілінде этнолингвистика ғылымының негізін салушы академик Ә.Қайдаров тіл ғылымының бұл саласына мынадай анықтама берді: Этнолингвистика – этностың (одан ұлыс, халық, ұлт) нысандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің құнарлы саласы.[13, 68]. Күйеуі жылқышы екен, жайлауға барғанда бие сауып отырған әпкеміз мені көріп:
— Жарығым-ау, мені іздеп келдің бе?!- деп атып тұрғанда шелегі қолынан түсіп кетіп, сүті ақтарылды да қалды. (Қалихан Ысқақ).
Қазақ тілінде ауызекі сөйлеу барысында баласын жақсы көріп аялап, айналып-толғанғанда қаратпа ретінде эмоционалды сөздер жұмсалады.
Жарығым. Баласын еркелеткенде немесе жақсы көретін аяулы, өзінен жасы кіші адамдарға қатысты жылы шыраймен айтылатын сөз.
Күнім, күнтайым. Айым-күнім. Жақсы көру мәнінде айтылады.
Жұлдызым, жарық жұлдызым. Жас баланы аялап, айналып-толғанғанда
қолданылатын сөз.
Маңдайыма біткен жалғызым, жалғыз жарық жұлдызым. Анасының жалғыз баласына немесе әкпелерінің жалғыз бауырына, ұл балаға қатысты айтатын сөзі.
Ботам, ботақаным, ботажан, қозым, қошақаным. Ата-анасы баласын немесе ересектер жас баланы еркелеткенде айтатылатын сөз.
Қалқа, қалқатай, қалқам. Жасы үлкен адамның өзінен кіші жанға қарата, еркелете айтатын сөзі.
Шыбыным. Қарағым, шырағым, жаным сөздерімен мағыналас, жақсы көру мәнінде қолданылады. Шәкіржан, келдің бе, шыбыным. (Б.Соқпақбаев).
Эмоционалды сөздерді қаратпа қызметінде көбінесе әйел адамдар қолданады. Сонымен қатар өткен ғасырдың 80-90-жылдарына дейін ауылдық жерлерде 30-дан асқан, қалалық жерлерде 35-40 жастан асқан әйелдер амандық-саулық сұрасқанда өзінен жасы кішілерге, жөн сұрасқанда бейтаныс жас өренге де қаратып шырағым, қарағым, жарығым деп айтатын болса, ал қазіргі кезде мұндай лебіз жасамсып тұратын кейбір 40-50 жастағы қала әйелдері тұрмақ, ұлттық дәстүріміздің алтын бесігі – ауылда тұрып жатқан осы жастағы ауыл әйелдерінің де аузынан шыға бермейді, айтылса да сирек қолданылады.
Осы мысалдардан байқағанымыздай сөйлеу стилі, оның ішінде қаратпалардың да қолданылу аясы мен стильдік қызметі тілді пайдаланушыға, адамды қоршаған психологиялық факторға тікелей тәуелді екені көрінеді. Себебі, өткен ғасырдағы біздің аналарымыз бен әжелерімізбен қазіргі уақыттағы сол құралпы болатын әйелдер арасында жер мен көктей психологиялық айырмашылық бар. Бұрынғы уақытта ер адамдар – отбасының алтын діңгегі, нағыз тірегі асыраушысы болатын әрі қазақ әйелдері лидерлікке ұмтыла бермейтін, сонымен қатар өзінің отаналық міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын. 30-35 жастан асқан, жалпы күйеуге шығып балалы болған әйелдердің қызылды-жасылды күлдібадам киінуі – бұл әбес қылық болып саналатын. Себебі, біздің халықтың танымында қызыл түсті киім қыздардың үлесі болып табылатын. Еуропалық өмір сүру стилі белең алып тұрған қазіргі кезеңде кейбір ұлттық құндылықтарымыз кейінгі орынға ысырылып, еуропалық дәстүрлер үстем болып, төрімізден орын алып жатыр. Тілімізде қаратпа сөздердің қолдану аясы аймақтық тілдік қолданысқа тәуелді. Бір аймақта қолданылатын қаратпа сөздер еліміздің басқа өлкелерінде айтыла бермеуі де мүмкін. Мысалы, Жамбыл облысы Талас, Сарысу аудандарында “әйтік” сөзі осы облыстың өзге аудандарында тілдік қолданыста ұшыраспайды. Әйтік сөзі жанжалға сылтау іздемейтін ұрысқақ, бетпақ әйел адамдарға қатысты айтылады. Сонымен қатар осы өңірде тілдік қолданыста қаратпа сөз ретінде жағымсыз мәнде жұмсалатын екіесті, қасақы, пес, тақыс сөздері де Жамбыл облысынан басқа облыстарда тілдік қатысымда жұмсалмайды, тақыс сөзі ҚХР-дан келген оралман қазақтардың ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі. Екіесті сөзі – есі-кіресілі шығасылы, яғни есі дұрыс емес адам деген ұғымды білдіреді, ал ауыш сөзі қаратпа ретінде Қызылорда облысында есі ауысқан деген ұғымда жұмсалады. Ал қасақы сөзі – ерегіспе, бірнәрсені әдейі бүлдіретін адамдарға қатысты айтылады да, пес, тақыс деп біреуден бір нәрсе сұрамайтын, ештеңе алмайтын және өзі де өзгелерге ештеңе бермейтін, алыс-беріске жоқ адамдарды осылай атайды. Меніңше, тақыс сөзі — бұл тарелка ыдысының қазақша атауы, сонымен қатар бұл ыдыстың сыйымдылығы табаққа қарағанда аз, шағын ыдыс. Ұйғыр тілінде тақса сөзі — ыдыстың атауы, қытай қазақтарының тілдік қолданысында тақсы сөзі де — тарелканың, тарелка секілді ыдыстың атауы. Түбі бір түркі тілдес туыстас халықтарда туыстық ұғымға қатысты атаулар өзара ұқсастығын, туыстас қалпын әлі де көп өзгерте қоймаған. Мысалы,

қазақ тілінде
қырғыз тілінде
өзбек тілінде
ұйғыр тілінде

әке, көке
ана, шеше, апа
ата
әже
аға, тәте
іні
әпке (апа)
қарындас
нағашы аға
жеңге, жеңеше
әкесінің әкпесі – әкпе,
тәте
үлкен ер кісі – аға, ағай

ата
ене, апа, мама
шоң ата
ене, шоң апа
әка
үка
ежеке
қарандаш
таға
жеңге
шоң ежеке

байке

ата, дәда
әна
бұба
мұма
ака
үка

үка, үкам
таға
жеңге/кенай
әмма

ака

дада
апа
бұва
мома
ака
үка, үвкам
Һәдә
үка, үкам
таға
келін, һәдә
Һәдә

ака

Каждая эпоха обладает своими собственными знаниями о мире, и как только мы начинаем объяснять значение слова и прибегаем для этой цели другим словам, мы неизбежно уже обращаемся к этим знаниям, учитываем внеязыковой опыт, — деп Ю.Н.Караулов [16, 77] атап көрсеткеніндей, әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері болады, тіл де бұндай құбылыстан тыс қала алмайды. Тіл де — өз кезеңінің мәдениетінің жемісі әрі тарихи-әлеуметтік көрсеткіші. Сонымен қатар уақыт өте келе аймақтық жағынан шектеулі болған жергілікті тіл ерекшеліктері де жалпыхалықтық сипат алып жатқанын да байқауға болады. Оңтүстік аймақта ие сөзінің орнына қолданылатын жергілікті диалекті еге сөзі қазір егемен деген жаңа сөздің жасалуына негіз болды. Осындай тілдік құбылыс, соны өзгерістер қаратпа сөздердің қатарында да байқалады. Мысалы, тәте қаратпа сөзінің тарихына үңілсек, осы тәте сөзі жалпы туыстас түркі тілдес халықтарда: ұйғыр-өзбек тілінде дада деп айтылып, ал тіпті бізбен туыстас емес, бір тілдік топқа жатпайтын украин тіліндегі тятя, тятька сөзі де ер адамға қаратылып айтылады. Украиндық тілші мамандар осы тятька сөзін түркі тілінен енген деп санайды. Қазақ даласында тәте сөзі ХХ ғасырдың 80-90-жылдарына дейін Алматыда негізінен ер адамға арналып айтылса, ал 90-жылдардағы ел ішіндегі көш-қондық, аймақтық ішкі миграцияға байланысты әйел адамға қаратылып айтыла бастады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Н.Төреқұловтың құрастырумен жарық көрген Жамбыл ата туралы естелік жинақ – Дастан ата (Алматы-1989) кітабында тәте сөзінің жұмсалуына көңіл аударайық, ер адамға қатысты атау ретінде жұмсалған. Мысалы:
…Қырманның батыс бетінде отырған – омырауына түскен сақалы алқалы тізгін ақ күмістей төгілген орта бойлы, келте танау ірі қарт шаңқ ете қалды:
Бүгінгіні ертеңге,
Қалдыру деген немене?
Әуес болмай селтеңге,
Беріңдер көпке өнеге!- дейді.
— Бұл кім? — дедім қасымдағы Толқынға.
— Тәтем!
— Тәте дегенің кім?
— Жамбыл.
Тәте сөзін осы кезеңге дейін Қазақстанның тек Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстарында және солтүстік өңірлерінде ғана әйел адамға қатысты қолданып келсе, кейінгі уақытта Алматы облысында да бұл сөзді әйелге адамға қатысты қолданыла бастады. Ал Жамбыл облысындағы Шу ауданында осы тәте сөзінің қаратпалық қызметі өте ерекше белсенді болып тұр. Себебі, шулықтар ағасын да, жеңгесін де, мұғалималарды да, тіпті кейде аналарын да тәте деп атайды. Тәте сөзінің шетелдегі қазақ диаспорасында да қолдану аясы біркелкі емес, Қытай елінен басқа шет елдерден келгендер көбінесе әпеке деп сөйлейді. Қытай елінен келген оралман қазақтардың сөйлеу тілінде де әпке сөзінің орнына қолданып жүрген тәте қаратпа сөзін пайдалануда ала-құлалық байқалады. Шығыс Қазақстанға жақын орналасқан шекаралас аймақта отырған Қытайдағы қазақтар әкпесін апа, апай деп атайды, ал шешелерін немесе жасы келген мосқал әйел адамдарды тәте деп атайды екен. Ал Алтай өңірінен келген қазақтар әкпесін әпеке деп атайды. Әпеке сөзін орталық қазақстандықтар да пайдаланады. Тәте сөзінің әйел адамға қатысты қаратпа ретінде орынсыз қолдануының басты себебі орыс тіліндегі тетя сөзінің әсері болуы керек.
Әкемді тәте дейтінмін. Тәте, алары бар Құдайдың берері бар, Берік аман ба, қарашы, дедім. (Тамара Асардың Айқын газетіне берген сұхбатынан. Айқын, 2010 №62, 3-б.
Қазақстанның басым бөлігінде тәте сөзі ер адамға қатысты қолданылатынына қарамастан бұл сөз қазіргі кезеңде әйел адамға қатысты айтылатын қаратпа сөз ретінде жалпыхалықтық, яғни әдеби сөзге айналып бара жатыр Бұның басты себебі БАҚ құралдарында – республикалық газет-журналдарда да, теледидар-радиода да – тәте сөзі әйел адамдарға қатысты қаратпа ретінде белсенді қолданылуында жатыр. Негізінен алғанда, қазіргі таңда қазақ тіліндегі қаратпа сөздердің қолдану аясының өткен ғасырмен салыстырғанда біршама өзгеріске түскенін байқауға болады. Орыс тілінің аффикстерін қазақ сөздеріне орынсыз үстеп, қаратпа ретінде айту үрдісі де ұшырасады: ағашка, аталя, апаляу. балақанчик, балапашка, т.б. Ал калька жолымен аударылып қолданылып жүрген торапайым, кішкентай адамшық (адамчик) сияқты естіген құлаққа түрпідей тиетін сәтсіз аударма қаратпалар тіліміздің қалыптасқан сөйлеу мәнерінің бұзылуына әкеліп соғады. әр халықтың өзіндік дүниетанымы, өзіндік дәстүрі, өзіндік мәдениеті бар. Тіл – ұлттық санамыздың сәулесі болса, ал БАҚ құралдары (теледидар, радио, газет-журнал, т.б.) – осы өркенииетімздің тірегі, айнасы. Солай бола тұрса да БАҚ құралдарында жалғызбасты ана, диалектілік қатысымдық лексикаға жататын, кейбір өңірлерде әйел адамға қатысты атау болып жұмсалатын тәте сөзі кеңінен қолданып жүр. Әсіресе, жалғызбасты ана сөзі еш сын көтермейді. Бұл сөзге қатысты белгілі тіл мамандары да, қаламгерлер де мутацияға ұшырмай туылған дені сау жандардың бәрі де жалғыз басты, бұлай атау дұрыс емес деп айтып жатқанымен, орынды сынға БАҚ өкілдері пысқырып та қарар емес, енді бұл жалғызбасты сөзі тіпті ер кісілерге де қатысты айтылатын болып жүр. Жақында телерналарымызда көрсетілген корей елінің көркем фильмінің атын Жалғызбасты еркектің махаббаты деп аударыпты. Біздің халықта бұндай жандарға қатысты қолданылатын жалғызілікті деген естір құлаққа жағымды, көкейге қонымды әдемі сөзіміз бола тұра, бұрмаланып жалғызбасты деп айтылып жүр. БАҚ құралдарының халыққа ықпалы зор үгіт-насихат құралы, оның бірден-бір маңызы зор идеологиялық қару екені бәрімізге белгілі. БАҚ құралдарының әсерімен қазір көпшілік ортасында бұл – тәте, жалғызбасты сөздерінің қолдану пәрмені мен аясы күннен-күнге артып келеді Бірен-саран адамдар болмаса, қазақ тілінде сөйлеушілердің көпшілігі шімірікпестен жалғызбасты деп айта береді. Ата-бабаларымыз: Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, суық-суық сөйлесең, шағып алады немесе Тіл тас жарады, болмаса бас жарады өз заманында асқан көргенділікпен айтып кеткеніндей, сөздің адамға деген ықпалы зор. Қаратпа сөз – тікелей объектінің атауы, әрине, оның қызметі адресаттың назарын аудару. Сөздің, әсіресе, қаратпаның адамға әсері өте зор. Мысалы: төмендегі сызбаға назар салайық.

Тіл — адамдар арасында тек сөйлесудің, ақпарат алмасудың ғана басты құралы ғана емес, адамшылықтың да, әдептіліктің те негізгі бастауы болып табылады. Сондықтан да сөйлескенде, бір-біріміздің атымызды атап шақырғанда, өзгенің назарын өзімізге аударту үшін қаратпа сөздерді қолдағанда әдептен озбай, оның мағынасы мен қолдану ретіне қарай пайдалана білуіміз қажет.
Үлкеннен – ұлағат, кішіден – ізет деген ұстанымды берік ұстанған халқымызда тілдік қатысымды қаратпа сөзді адресаттың назарын аудару үшін жай дәнекер ретінде ғана емес, адамдар арасындағы қатынастың сипатын танытатын құрал ретінде пайдаланады. Кішілер ізетпен тіпті бейтаныс үлкен жандарды апа-көке, аға-әкпе деп сыйлап жатса, үлкендерден кішілерге інім-сіңлім, қызым, балам, айналайын, қарағым-шырағым деп ілтипат танытып жатады. Үлкен кісілер өз тараптарынан батыр, қыран деп жастарды қолпаштап отырады. Қолпаштау мәніндегі қаратпа сөздерді қолданудың тәрбиелік маңызы зор.
С понятием качество мышления все сталкиваются с раннего возраста. Помнится, когда мы с сестрами были детьми, к нам часто заходил соседский мальчик – старшеклассник. Был он небольшего роста и не отличался развитой мускулатурой. Но дедушка нииииииииизменно встречал мальчишку такими словами: Заходи, мой батыр, присаживайся. Это обращение вызвало у нас смех. Разве это батыр? Ты не видишь какой он хилый? — вопрошали мы. А дед низменно отвечал: Я его называю батыром, и он скоро станет им. Будет стараться оправдывать такое высокое звание. Позднее пришло поноимание, что в этом заключается философия жизни степняков. Доброе, уважительное отношение к окружающим – вот первый опыт, который получают детишки [16, 30].
Паромшы – кепкасын миығына түсіре киген қаршадай бала. Қақшиып иті отыр, тазы.
— Бауырым, амансың ба? Мына арғымағың арғы жиекке апара ала ма?
— Сәлематсыз ба, ағай. Жұрттың бәрі бір-біріне үйретіп қойғандай. Сонда да бәрін тасып өткізіп жатқан мына мен. Өзіңіз біліңіз, — деп бұртиып қалды.
— Батыреке, қойдық, қойдық. Шатағыңнан аулақ. (Тәнекеев.)
Батыреке, батырекесі. Жасы кіші жанды көтермелеп айтылған қаратпа сөз.
Осы диалогте ресми іссапармен жол жүріп келе жатқан журналист пен паромшы бейтаныс жас баланың сөйлесімінен үзінді берілген. Журналист кішкентай баланың үлкен шаруаның атқарып жүргеніне ризашылықпен қарап қолпаштай әрі еркелете батырекесі деп дәріптей атайды. Батыр, батыреке, батырекесі сөздерін таныс, тіпті бейтаныс жандар да жас балаларға, кейде жас айырмашылықтары шамалы болса да жасы үлкені өзінен жасы кіші ер балаға, ер адамға қаратып айта береді. Халқымызда жасы үлкендердің өзінен кіші ұл балаға батыр, батыреке қолпаштай атауының өзіндік сыры, тәрбиелік мәні бар. Жас баланы ерлікке, ержүректіктен зеректікке, зеректіктен зерделікке баулу халқымыздың идеологиялық ұстанымын, ұлттық мінезін танытады және жас ұрпақты өз Отанын қорғауға дайын азаматты қалыптастыру жолындағы қайсар да өжет көшпенділердің туған еліне, атамекеніне деген сүйіспеншілігі мен саяси-әлеуметтік, қоғамдық мәдени жағдайларға қатысты туындаған өмір салтының негізгі бір көрінісі – тәлім-тәрбиесін бейнелейтін ұлттық үрдіс. Сөз өнерін ерекше қастерлейтін қазақ халқы әрбір сөзге, әсіресе, өзгенің назарын өзіне аудару мақсатында қолданатын қаратпа сөздің тек адамның көңілін өзіне ғана аударып қана қоймай оған ықпал ететініне айрықша зер салып, қаратпа сөзді тілдік жағдаятқа қарай екшеп саралап қолданудың өзіндік прагматикалық мәні бар. Біздің халықта жат жердің босағасын аттаған соң әйел баласы өзі келін боп түскен қайын жұртындағы адамдарды жолына қарай сыйлап, үлкенге де, кішіге де жанама ат қойып, осы жанама аттарды қаратпа қызметінде қолданады. Келіннің қайын жұртындағы кісілерді өз аттарымен тура атамай өзге атпен, жанама есіммен ауыстырып айтуы – табу құбылысы – қазақ қоғамындағы әйелдердің алатын әлеуметтік орнын көрсетеді. Тілдік қолданыста Табуды, яғни тыйым салынған сөздерді эфвемизмдер алмастырады. Эфвемизм дегеніміз – айтушы кісіге орынсыз, ыңғайсыз немесе дөрекі болып көрінетін сөздердің не олардың синонимдері мен сөз орамдарының орнына қолданылатын эмоционалды бейтарап сөздер мен қалыптасқан сөздер [17, 428]. Табу мен эфвемизмге қатысты Ә.Ахметов: Анатомия мен физиологиялық процестерге қатысты кейбір ұғымдардың атауларымен байланысты, — деп пікір айтты [18,118]. Тілші ғалым Б.Сағындықұлы, Эфвемизмдер, табу сияқты деу, қате түсінік, діни ұғымның негізінде емес, айтуға дөрекі, қолайсыз сөзді сыпайы сөзбен ауыстырп айтудың негізінен шыққан, — деп екі құбылыстың ара жігінн атап көрсетті. Эфвемизмдерді табумен шатастырмас үшін әрі еуропа тіл біліміне еліктеушіліктен қашықтау үшін, ғалым тілдік табу деген терминді енгізді. Ал жалпы табуды ділдік табу деп атап, ділдік табулардың орнына жүретін, яки оларды алмастыратын қосалқы, жанама сөздер тілдік табу болып табылады, — деп сипаттама берді. [19, 30]. Қазақ тіліндегі қаратпа сөздер де — тілдік бірлік ретінде сол тілде сөйлейтін халықтың этностық дүниетаныммен сабақтасып жататындықтан, қазақ халқының ұлттық дүниетанымын, парасат-пайымын, ой-өрісін, ұлттық болмысын, ұлттық нақышын, тіліміздің байлығын және әлеуметік мәртебесі мен рөлін айқындап көрсететін тілдік тұлға.
Қолданылған әдебиеттер

Байтұрсынов А. Тіл құрал.
С.Аманжолов. Қазақ тілінің қысқаша курсы, 1940
М.Томанов, Т.Сайранбаев
М. Бимағамбетов
Н.Егіншібаева. Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпалар, канд.дис.
Ш.Сарыбаев, Междометия в казахском языке, канд.дис.182-184стр.
7. Лотман Ю.М., Беседы о русской культуре. Мос.-1994, 506-стр.
8. Избранные труды по языкознанию и культурологии. М.,1993 –стр.75.
9.Мәжитова Оңаш. Лингвомәдениеттанудың келешегі. //Ақиқат, 2009 №9. 35-б.
10. Леви-Стросс К. Первобытный человек. – Лондон, 1966 – С.62./
11. Маслова В.А. Лингвокультурология. –М., 2001. – С.28.
12. Арғынов Х. Жай сөйлем синтаксисінің методикасы. Алматы-1967, 108-б.
13. Қайдаров Ә. Этнолингвистика // Білім және еңбек. – 1985. – 8, 10-бб.
14. Сағындықұлы Б. Көне түркі лексикасы мен қазақ тілі лексикасы арасындағы сабақтастық. //Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы атты халықаралық конференция материалдарының жинағы. Алматы: Арыс — 2008. 10-б.
15. Словарь по языкознанию// Тіл білімі сөздігі. Құрастырғандар: Сүлейменова Э.Д., Мәдиева Г.Б., Шәймерденова Н.Ж., Авакова Р.А., т.б. – Алматы, 1998, 436-б.
16.“Егемен Қазақстан, 2010, №402-405.
17. Тіл білімі сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1998. – 544-б.
18. Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эфвемизмдер. – Алматы: Ғылым, 1995, 118-б.
19. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ лексикологиясы. Алматы: Қазақ университеті, 2003, 88-б.

Адресаттың атын айтуы

Әсер етуі

Назарын аудартуы

Қаратпа сөз


Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.