Қарағандыда емханалар саны артады |

0


Оқылды:
18

Емханаларға тіркелу науқаны барысында өз медициналық қызметтерін Қарағандының жаңа екі мекемесі ұсынды. Бұлар – №8 емхана мен «Мирас» клиникасы.

– Жыл сайын облысымызда жекеменшік медициналық ұйымдардың саны артып келеді. Алғашқы медициналық көмек тұрғындарға қадам басар жерде қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін жаңа қызмет көрсетушілер жұмылдырылуда, жекеменшік инвесторлардың есебінен емханалар салынып жатыр. Мысалы, биылғы жылы бізде жаңа №8 емхана пайда болды, оған көптеген емделушілер тіркелді. Ол келесі жылдың қаңтарынан бастап жұмысқа кіріседі, – деді облыстың денсаулық сақтау басқармасының амбулаторлық-емханалық көмекті дамыту және үйлестіру бөлімінің жетекшісі Дана Байкенова.

Оның сөзіне сүйенер болсақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті анағұрлым қолжетімді ету үшін аймағымызда жаңа Отбасылық денсаулық орталықтарын салу жоспарланып отыр. Олардың екеуі келесі жылдың бірінші жарты жылдығында ашылады.

– Біз Қарағандының Оңтүстік-Шығысында төрт Отбасылық денсаулық орталықтарын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл шағын ауданда 140 мыңға жуық адам тұрады. Қарқынды түрде жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Яғни, осы ауданда тұрғындар саны артады. Сондай-ақ, Майқұдықта да екі Отбасылық денсаулық орталықтарын салу жоспары бар. №4 емхананың және №1 қалалық аурухананың аумағында. Және Теміртауда да орталық ашамыз. Онда келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады, жері бекітілген. Біз бір емханаға 15-17 мың адамнан артық тіркелмеуіне әрекет етіп жатырмыз, – деп атап өтті Дана Байкенова.

Өз тілшімізден.