Қара шаңырақ | | Ortalyq.kz
Оқылды:
3
Үйдің ең соңғы ұлын «кенже», «сүт кенже» дейді қазақ. Әкеден қалатын қара шаңырақ бар мал-мүлкімен кенженің иелігіне өтеді. Басқа ұлдар еншісін алып, бөлек кетеді. Бұл – Ұлы Даланы дүбірлеткен бабаларымыздың жазылмаған заңы. Бүгінде ұмыт қалып барады бұл дәстүр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жаяу қалып бара жатқан рухымызды ат жалына мінгізуді, мешеуленіп бара жатқан мәдениетімізді мәйектендіруді парасаттылықпен тереңнен қозғап, осы мақсатта жеті қырдан қалай асуға нақты жол көрсетіп, халқымызды өркениет өріне жеткізетін сауапты жорықты бастап берді. Енді «Батырлар жырындағыдай» «Атылмасаң саған серт, ата алмасам маған серт» деген жолайрық (диллема) тұр алдымызда. Қорамсаққа қол салу керек, қол салғанда мол салу керек.
♦♦♦
Біздің ұрпақ бабаларымыздың, әсіресе қазақтың тарихынан мүлде мақұрым өсті. Әлемдік тарихты, Ресей империясының тарихын бес саусақтай біліп өссек те, әргідегі, сақ, ғұн түгілі, бергідегі түркілерге қазақты жолатпады. «Пантюркизм» деген «құбыжықты» санаға сіңірудей сіңірді. Куликово шайқасында, орыс-түрік соғысында Ресей империясына «жанкүйер» болдық. Тарих солай оқытылды. Буыны бекімей, қабырғасы қатпай тұрған жастың санасы да әлжуаз келетіні аян. Коммунистік партияның ұртоқпақ идеологиясы бүкіл екі-үш ұрпақтың тарихи жадын енді болмағанда су түбіне жіберетіні анық еді. Тәуелсіздік алмағанда бүгін шым батып, сайда санымыз, құмда ізіміз қалмайтынын енді ғана саралап отырмыз. Ресей патшасы екінші Екатерина айтқан бір сөз бар. «Қазақтар әргі тарихын білсе, жер жүзін жаулап алады», депті император. Тегін айтылмаған. Ресей патшасының осы қаупін бәлшебектер жақсы біліп, қазақтарды өз тарихынан жеріндіріп жібере жаздапты. Сол кезде оқыған біз мұны кеш білдік.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр дың басында ғұмыр кешкен Алаш арыстарының тарихи жадына таң қаласың. Басқа мамандық иелері түгілі ақындарына шейін сақ, ғұн, түркі тарихын совет дәуіріндегі біршама дүмше тарихшылардан артық білген. Бір Шәкерім мен Мағжан жазып қалдырған тарих қатпарқатпар. Мысал көп.
Ұлы Абай да тарихқа бет бұрып отырған. Қара сөздері мен поэмалары соған дәлел. Данышпан Һәкім қырық бесінші қара сөзінде және «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» мақаласында тарихымызға қалам тартқан.
Абай атамыз «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» мақаласында: «Біздің қазақтың ықыласы атасын ғарабтан шықты дегенді, яки бәни Исраилден шықты дегенді ұнатқандай. Онысы – әрне Тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс», деп жазады. Абай атамыз адам екі тараптан тараған дейді. Бірі – Үндістаннан, екіншісі – Моғол жағынан екенін атап көрсетеді. Моғол белгілі. Түркілерді айтып отыр. Түркілер сан тарапқа тараған Алтайды меңзейді. Тағы бір мән беретін жай – данышпан Һәкім дінге кіргізу үшін ата-бабаларын ұмыттыратынын, мұның бәрі тарихтан хабарсыз болғандықтан дейді. Оған үстеме – Абай қазақтың тегі Моғолдан, яғни, түркіден тарайтынын тайға таңба басқандай жазып қалдырған. («Абай». Алматы. «Жазушы» баспасы. 2-том. 155-бет. 2005 жыл).
Бұл саланы зерттеуді Шәкерім інісіне аманаттаған тәрізді.
Шәкерім мен Мағжанды бізге оқытпады. Атын айтқандар не атылды, не сотталды. Олар ақталғаннан кейін ғана қалың қазақ рухани бастауына, тарихи бұлағына шөліркеп келіп, бас қойды. Шәкерім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегінде «Әбілғазы хан һәм басқа мұсылман шежірелерінде ең бұрын от жаққан, пешті жылы үйді шығарған түрік», «Нәсілі бір болмаса да, екі түрік ағайын болғысы келсе, бір жерін қанатып, қандарын сүтке, яки қымызға қосып ішеді де, қаны қосылған қарындас болдық дейді. Оны Анда дейді. Біздің қазақтың құдан-анда дегендегі Андасы осы сөз» деп жазады. Темучин мен Жамұқаның қалай анда болғаны тауарихтан мәлім. Келе-келе қазақтар одақ құрғанда, туыс болғанда ақ байтал сойып, бауыздау қанын сұқ саусақтарымен маңдайларына басып, етін бірге жеген. Қазір құдаға құйрық-бауыр асату сол көне түркілерден жеткен бабалар жаңғырығы болса керек.
Осы мақаланы әзірлеу барысында Мағжанды қайта оқыдым. Табиғат, махаббат лирикаларын емес, тарихқа байланысты поэмалары мен өлеңдерін бір сүзіп шықтым. Ақын Мағжан бүгінгі көп тарихшыларымызға қарағанда, көне тарихты қолмен қойғандай жіліктеп береді.
«Пайғамбар өлеңінен үзінді:
Түн баласы… Түн жолына түскен ол,
Сақаусың деп Мұса тілін кескен ол,
Тәңірінің сүйікті ұлы Айсаның
Тітіркенбей ұрттап қанын ішкен ол»…
… Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам,
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.
«Алыстағы бауырыма»
өлеңінен үзінді:
Япырмай, емес пе еді алтын Алтай
Анамыз бізді тапқан, асау таудай!
Бауырында жүрмеп пе едік
салып ойнақ,
Жүзіміз емес пе еді жарқын Айдай?!
Алалы алтын сақа атыспап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек?
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен
Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек?
Алтайдың алтын күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп,
жаңа ер жетіп.
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап,
қалдың кетіп!»
Мағжанның ұшқыр қиялы Қара теңіздің де, Ақ теңіздің де ар жағына шарықтайды. Бұл – ақынның құр бос қиялы, әдемі әсерлеуі емес. Нақты тарихи деректі жыр арқауына айналдыруы. Тарих далбаса долбарды, босқа лаққан лақапты көтермейді. Тарихқа нақты дерек, шынайы факті керек. Соны өзі ірі математик бола жүріп, тарихымызды, әдебиетімізді қатты қастерлейтін ҚарМУ-дың үлкен ұстазы Есмағамбет Смайылов бір күні қолыма ұстата қойды. Қырым түбегінің Патша заманындағы (1792 жыл) және Кеңес одағы орнаған кездегі картасын (1924 жыл) әкеліп берді. Үйдегі лупамен қарап жібердім. Қазақ руларының атымен аталған елді мекендер атойлап шыға келді. Арғын, Найман, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Жалайыр, тіпті Тама мен Түйте де бар екен. Мағжан өлеңдеріне тағы ден қояйық.
«Түркістан» өлеңінен үзінді:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің тәңірі берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып өскен
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның жері де жат, елі де жат,
Құйындай бастан кешкен күні де жат!
Тұранды түгелімен билеп тұрған
Ертеде ертегі хан Афрасиаб.
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер.
Шыңғыстан Шағатай, Үкітай,
Жошы, Төле –
Атаға тартып туған бәрі бөрі.
Шыңғыстың қол бастаған екі көзі:
Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе.
Түріктің кім кеміткен музыкасын.
Фараби тоғыз шекті домбырасын
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!
Мағжанның тарихты үстірт емес, түбегейлі білгені таңқалдырады. Қазақты Сақ ханы Афрасиабтан (Ер Тонга) бастап, Абылай ханға әкеліп бір-ақ тірейді «Түркістан» өлеңінде.
Афрасиаб Әмудариядан Енисейге (Енесай) шейін созылып жатқан Тұранды билеген сақ. Жобамен біздің дәуірге дейінгі ІV-VІ ғасырда ғұмыр кешкен. Аты Фирдоусидің «Шахнамесінде» бар. Қазіргі Самарқанның жанында Афрасиаб деген қала болған. Бұқарада жерленген дейді тарихшылар. Ал Геродот пен Платон, Аристотель мен Плутарх Гомермен, Фалеспен бір қатарға қойған Анахарсис (Анарыс) афиналық Солонмен дос-жар болған көрінеді. Әлемдегі жеті ғалымның бірі. Анахарсистің «Басқа пәле – тілден», «Адамдағы әрі жақсы, әрі жаман не? Тіл» деген афоризмін бүгінгі қазақтар әлі қолданады. Тағы бір: «Элладада ақылдылар сөйлейді, ал, мәселені ақымақтар шешеді» деген сөзі бар. Бүгінге дәл келіп тұр.
Мағжан ер Түріктің баяғы рухын аңсайды. Жөні бар. Анығында Мағжанша суреттесек, Сақ, Ғұн, Түрік қоңыраулы найза қолға алса, Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасындағы Еуразия құрлығына ат ойнатып, ойран салып, Шығыста шай ішіп, Батыста ет жеген. Қытайың қалтыраған, Римің дірілдеген.
Ғұн қаһаны Мөде (Шәкерім шежіресін қараңыз) Қытайдың Лю Бань бастаған 300 мың әскерін талқандап, әйгілі Хань империясы 23 жыл алым-салық төлеп тұрған. Бұл шамамен біздің жыл санауымызға дейінгі 209 жыл болу керек. Бұған дейін Цинь империясы тұсында Ғұндардан қорғану үшін Қытай қорғаны салынған. Қытайдың ғұндардан қорыққаны сонша биіктігі 6-10 метр, ені 5-6 метр қорғанды 5000 километрге екі жылда салып бітірген.
Ал, Батыс Ғұндардың қаһаны Еділ (Атилла) Рим империясын тізе бүктіріп, Жерорта теңізінің батыс жағалауына шейін жеткені тарихтан мәлім. Шығыс тағы Ғұн империясы мен батыстағы Рим империясының тотемі (пірі) де бірдей. Римнің негізін салған Ромул мен Ром қасқырдан туған деген аңыз бар. Екі баланы емізген қасқыр бейнесі Римде бүгін барып көрсең де тұр. Туристер қызыға тамашалайды. Алтайдан тараған көшпенділер де көкбөріні пір тұтады. Түркілердің атасы Ашинаны апанда асыраған қасқыр туралы аңыз бізде де бар. Кездейсоқтық емес шығар. Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайтыны тағы бар. Ақыры біздің көкбөрі Рим қасқырын жеңіп, батыстағы алып империя ыдырап тынғаны тарихтан мәлім.
Шыңғыс ханның немересі Құбылай Тынық мұхиттың жағалауына шейін жаулап, Жапонияны басып ала жаздаған. Жер қайысқан қолы теңіздегі алапат дауылдан опат болып, жапондар аман қалған. Корей түбегінде де көшпенділер ат ойнатқан. Тұран даласындағы балбал тастар Кореяда да тұр. Шыңғыс хан мен ұрпақтары да Тынық мұхиттан (Құбылай) Адриат теңізіне дейін жаулап, Еуропаңызды жүрелеткен. Қазақтар «Ұлың – Ұрымға, қызың – Қырымға. «Балқантау – ол да біздің барған тау» дейді. Сонау ықылым заманнан бізге жеткен бабалар сөзі ғой. Ұрымы – Рим, Қырымы – белгілі, Балқантауы – Балқан түбегі.
Елбасы Н.Назарбаев «Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында таукен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады» деп жазады «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында. Шәкерім қажы жазғандай от жағып, пеш салған бабаларымыз соққан қару-жарақ, ат әбзелдері, тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ, әшекейлері озық, сапалы, бүгінгі тілмен әдіптесек әлемдегі ең үздік жоғары технология болатын. Тақы мында – тұлпары, қолында – алдаспаны мен көк сүңгісі, үстінде – сауыты бар әскер ол дәуірде ешкімге дес бермейтіні белгілі.
Металл қорытатын пештерді археологтар осы өз облысымыздағы Жезқазғаннан, Балқаштан, Қарқаралыдан және басқа жерлерден тауып отыр. Сақтардың Алтын адамы тура менің ауылым – Кенттен табылды. Бауырымыз археолог Арман Бейсенов қазып, тауып әкелген сол Сақ патшасының киімдерінің, әшекейлерінің жұрнағының өзі (сол заманда тоналса да) әкімдікте алдымызға жайып салғанда көз жауын алды.
– Сіздің ауылдан табылды ғой. Ұстап көріңіз, – деп Арман алақаныма салған белбеудің сом алтыннан құйылған тоғасы өне бойымды оттай қарып өтті.
Тарихынан жеріген халық ұлт ретінде жойылады. Ата тарихты жақсы білетін Алаш арыстары атылды. Тұтас бір білімді буынның көзі жойылды. Олардың өкшесін басқан Е.Бекмахановтай тарихшы сотталып тынды. Коммунистік идеология қазақты тұтас жапырып тастағандай болды. Жапырып тастамаса да, жасытып тастады. Қазақ үшін жанпида дейтін ағаларымыз бар екен. Олар – Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин еді. Менің жеке пікірім бұл. Ілияс пен Мұхтар ағамыз тарихты әдебиетпен, көркем шығармаларымен халыққа жеткізді. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына жазған алғы сөзінде Елбасы Н.Назарбаев былай дейді: «…аса көрнекті жазушының шығармашылығын қастерлеушілер мен бағалаушыларға, біздің тарихымызды қымбат көретін барша жұртшылыққа бұл шығармаға жаңаша – ежелден азатыққа ұмтылып, ұлттық тәуелсіздік үшін ерлікпен күрескен қазақ халқының жүзеге асқан арманы тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріледі». Бұл трилогияның қандай қияметпен шыққанын Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Мағауин жазған. Тарихи шығарма 1976 жылы жарық көргеннен кейін орыс тілінде 1,5 миллион тиражбен 12 рет басылыпты. Әлемнің 30 тіліне аударылып, 50 рет қайта басылған. 2005 жылғы есеп бойынша барлығы 3 миллион тиражбен тараған. Бұл трилогияға қазақтың кейбір классик жазушылары қарсы болғанын сол кезде естіп, жағамызды ұстағанбыз. Әрине, өкініштіақ. Олжас ағамыз Славяндардың жар дегенде жалғыз «Игорь полкы жырына» қайқы қылышпен қарсы шапқан. Кітабы кәмпескеленіп, өзі айдалып кете жазда ған сол үшін. Кәмпескеден бір күн бұрын «Аз и Я» кітабын сатып алғанымды бұрын жазғанмын.
Мұхтар Мағауин ағамыз да тарихты көркем әдебиетпен жеткізуге күш салған. «Аласапыраны» соған дәлел. Өзі айтып отырады: «Бүкіл шығармаларым бір төбе, жыраулар поэзиясы бар бір төбе» деп. Ағамыз «Қобыз сарыны» монографиясын жазып, осы мәселеде ғылыми атағын қорғағанда талай теперішті, талай кедергілерді көрген. Әбден ашынған Мұхтар ағамыз өзінен көп үлкен атағы дардай ғалым ағасына: «Сізде ұлттық сана түгілі рулық сана жоқ екен» депті. Қазақ әдебиетінің тарихы – ұлт тарихы. Әуелі тарихымызды Бұқар жыраудан ары апармай қасарысқан өз қандастарына дәлелдеп, кеңестік цензурадан өткізіп, тарихымызды бес ғасырға тереңдеткен еңбегі – ерлік. Қазір «Бес ғасыр жырлайды» кітабын әр қазақ біледі, бабалар сөзін санаға сіңіреді. М.Мағауин Прагада бастап, Вашингтонда бітірген «Шыңғысханның» төрт томын бастағанда қолжазбасын көрген едім. Бұл еңбегі де еліне жетті. Тәуба дейміз.
… «Мал-жан аман ба?» деп сұрайтын қазақпыз. Ежіктеу артық. Бәрі белгілі. Малын тартып алған қазақ 32-де қынадай қырылған. Бүкіл шаруасы мал бетіне қарап отырған көшпенділер соғысқа да малдың жайына қарай шыққан. Ауылда өскен соң көзімізбен көрдік. Көктемде мал төлдейді. Оны сақман дейді. Бүгінгі жастар мұны білмейді.
«Қой қоздап, қорада шу» (Абай) қауырт келеді. Алғаш қоздаған тұсақтар төлін бауырына ала қоймай, соңынан қозысынан жеріп, емізбей кетеді. Қыс қатты болса, көтерем саулықтар өліп, төлі жетім қалады. Қазақ «жетім қозы», «кебе» дейді. Оларды «уызына жарымаған» деп отыратын үлкендер. Совет Одағы тұсында хат танып, әжептәуір біліміміз болса да тарихымыздың, қазақы болмысымыздың уызына жарымай өскен ұрпақпыз. Кінә да қоя алмайсың.
Марксизм классиктерінің бірі – Ленин «Тегін білмейтін қара Иван болма» деп айтқан екен. Қара Иваны орыс емес бұратана халықтар. Шымбайға батса да шындық.
Міне, енді қорамсаққа қолды мол салып, жебені шірене тартатын кез келді.
♦♦♦
Сонымен Түріктің қара шаңырағы – қазақта. Қар шаңырақты әуелетіп тұрған ошақтың үш бұтындай үш ұстыны (тастабаны) бар. Бірі – Алтай, бірі – Түркістан, бірі – Тілі.
Бүкіл түркі тектес ұлттар Алтайдан таралғаны аз айтылған жоқ. Ал, Түркістан бүкіл түркі жұрағатының рухани астанасы. Осы тұста айтпай кетуге болмайтын бір мысал бар. Эстонияның Еуропадағы әйгілі жоғарғы оқу орындарының бірі – Тарту университетіне журналистік сапармен баруға жол түсті. Сонда музейге қойылған өте көне глобусты айналдыра қарап, Орта Азия мен Қазақстан жерін іздедім. Глобуста тек Түркістан қаласы ғана тұр. Глобус 1800 жылғы. Бұл дегеніңіз ежелден Түркістан түркілердің астанасы болғанының айғағы.
Әлемде тегі түркі 180 миллион халық түркі тілін ана тілі санайды. 210 миллион адамның екінші тілі. 40 тілден құралған түркі тобы санаққа ілінген. Біздің латын қарпіне көшуміз соның бастамасы. Өйткені Орхон-Енисей жазбасына ең жақын қазақ тілі деп дәлелдейді ғалымдар. Олжас ағамыздың да ұстанымы осындай.
Негізі қазақ тілінің сөздік қоры әлемдегі мықты тілдермен иық тіреседі. Ұлы М.Әуезовтің «Абай жолындағы» 20 мыңға жуықтайтын сөздік қоры Виктор Гюгомен үзеңгі қағысады екен. М.Мағауин қазақ тілін әлемдегі араб тілінен кейінгі ең бай, ең көркем, ең әуезді тіл дейді.
Бізбен құралпы жігіттерден Кеңес Одағы тұсында әскерде болып қайтқандар Сібірде тұратын якут, тува, буряттардың, Кавказдағы құмық, қарашайлармен қазақша тіл табысып, түсініскендерін айтып келетін. Ноғай, татар, башқұрт пен Орта Азиядағы туыстармен үйдегідей сөйлесетініміз екібастан белгілі. Прагада якутпен қазақ тілінде сөйлескенімді бұрын жазғанмын.
Демек, қазақ тілі түркі әлеміне ортақ тілге айналатын күн де туар.
Қара шаңырақ қазақта. Мұны Ұлы Мағжан баяғыда айтып кетіпті.
«Тез барам» өлеңінен үзінді:
Дұғада бол, алтын Алтай – қарт анам,
Алып ата, қуды жолың ер балаң
Ақ шашыңды, көкірегіңді иіскеуге,
Тәңір жазса, сәулетпенен тез барам.
«Түркістан» өлеңінен үзінді:
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
(М.Жұмабаев. Шығармалары. «Жазушы» баспасы. Алматы. 1989 жыл)
Бұл тұжырымға алып қосарым жоқ
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»