Қаныш Әбікенов және Дастан Оразалы

0
162

Киберспорттың қыр-сыры: Қаныш Әбікенов және Дастан Оразалы

Киберспорт – миллиондаған аудиториясы бар, коммерциялық тұрғыда өте әлеуетті спорт түрі. Киберспортпен кәсіби айналысатындар оны ақыл-ой мен ұшқырлықтың ойыны деп атайды. Расымен солай ма? Киберспорттың қыр-сыры жайлы өздерінен сұрап көрдік.  11 қарашада өткен World Electronic Sports Games (WESG) турнирінің Pro Evolution Soccer (PES) дисциплинасының ойыншысы Қаныш Әбікенов пен Dota 2 дисциплинасының ойыншысы Дастан Оразалы өздерінің мансабы, киберспорт және WESG турнирі жайлы айтып берді. 

Киберфутболшы Қаныш «Abdulkin» Әбікенов WESG турнирінің LAN-финалында қарсыласы Лёма «Adaleon777» Магомадовты 3:1 есебімен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Нәтижесінде 200 мың теңге сыйақымен марапатталып, Қытайдың Шанхай қаласында өтетін әлемдік турнирге жолдама алды.

PES – азиялық сегменттегі ең танымал футбол симуляторы. Ол FIFA сияқты аса танымал емес, десе де Қаныштың бұл симуляторды таңдауына не себеп болды?

– FIFA-ны жыл сайын сатып аламын, бірақ көп ойнай алмаймын. Өйткені қызықпаймын. Маған жақыны – PES. Оның FIFA-дан біраз артықшылығы бар: доптың, ойыншылардың физикасы және графикасы жетік, тактикалық мүмкіндіктері көп, қысқасы, PES – футболға ең жақын ойын.

Konami компаниясы шығарған бұл симулятор Азияда танымал және әлем бойынша бәсекелес болатын тәжірибелі ойыншылар аз. Ал FIFA-ны ойнайтындар көп болған соң, оның турниріне кіл мықтылар жиналады. Бизнес тілімен айтқанда ниша әлі де бос. Сондықтан барлық FIFA ойыншыларын PES-ке шықырамын.

Барлық киберспортшы сияқты Қаныш та әуесқой ойыншы ретінде бастаған. Ол хобби санаған қосалқы ісі уақыт өте келе көңіл бөліп айналысатын негізгі шаруға айналған екен:

– Мен өзімді кәсіпқой киберспортшы санамаймын. Өйткені киберспорт әлеміне биыл ғана келдім. Оған киберспорттың, соның ішінде Pro Evolution Soccer-дің Азиада ойындарына кіруі себеп болды. Соған орай Konami компаниясы іріктеу ойындарын өткізу үшін түрлі елден қатысушыларды іздей бастады. PES өкілдері мені және досым Ринат Өтеповті Орталық Азиядағы іріктеу ойындарына Қазақстан атынан қатысуға шақырды. Ол іріктеуден оңай өттік. Түркіменстан ойыншысын 10:0, өзбекстандықты 2:1 есебімен жеңдім. Бірақ Азиадада жүлдегер атана алмадық.

Қаныштың жаттықтырушылары – өзінің достары және онлайн-қарсыластар.

– Бұл ойынды мектеп кезінен ойнап келемін. Кейін Вконтактеде PES қауымдастығын көріп қалдым. Онда ТМД елдерінің түрлі деңгейдегі ойыншылары бар екен. Біртіндеп онлайн-спаррингтерге қатысып, шыңдала бердім. Одан бөлек Ербол, Көбекші, Ринат, Айдар атты достарыммен де ойнап, дайындалып жүремін.

Алматыда WESG іріктеу ойындары болатынын естіп, мұндай мүмкіндікті жібермеуге тырыстым. Іріктеу ойындарынан өтіп, финалға шықтым. Негізгі мақсатым – Шанхайда өтетін турнирде топ жару.

Dota 2, Counter-Strike сияқты симуляторларды машық пен жылдам реакциясыз ойнау өте қиын. Ал PES-тің жағдайы бөлек:

– Қарапайым ойыншылар киберфутбол ойнағанда кәдімгі футбол призмасымен ойнайды, футболда көргендеріне еліктейді, ал кәсіби киберфутболшылар ойынды компьютерлік призмада сезінеді.

Киберфутболшы жеңіске жетуді қаласа, ойынға көбірек уақыт бөліп, ең қолайлы тактикалар мен әдістерді меңгеріп, әр ойында ойын статистикасын жақсартуды мақсат етуі тиіс. Киберфутболда 3 ойыншыны бір мезгілде басқаруға болады, олардың қозғалысын бір уақытта қадағалап отыру керек. Сәтсіздікке ұшырағанда, қатты уайымдамау керек. Егер өзіңізден күшті қарсыласпен ойнасаңыз, онда оның ойынына жақсылап талдау жасап, оның стиліне бейімделу керек.

Қаныш Әбікеновтің Азия ойындарына іріктеу кезеңінде өзбекстандық қарсыласын жеңген матчы

Киберспорт стримдері мен видеоларын қарап отырсаңыз, эмоцияға беріліп, бір-бірін сырттай балағаттап жатқан сезімтал ойыншыларды көп кездестіруге болады. Ал Қаныш қаншалықты ұстамды ойыншы?

– Ойын кезінде мен виртуал футболшыларды ғана боқтауым мүмкін. Ал қарсыласымды сыйлаймын. Кездесу аяқталғанда қарсыласыма ойын үшін рақмет айтып, спорт ынтымағын сақтаймын. Өзімді өте тәртіпті киберспортшымын деп айта аламын.

Әр киберспортшының өз сүйікті кейіпкері, картасы, ойыншысы мен командасы болады. PES футбол симуляторы болғандықтан көп таңдайтын команда мен сүйікті ойыншы болуы заңды:

– Арсенал мен Франция құрамасының ойыны қатты ұнайды. Сүйікті ойыншым – Pierre-Emerick Aubameyang. WESG турнирінде Barcelona, Liverpool, Arsenal, Schalke 04, Inter, Milan, Corinthians Paulista, River Plate, Colo Colo командаларын таңдауға болады. Финалда бәрі мүмкін, сондықтан қай команданы таңдайтыным құпия болып қалсын.

Финалдағы қарсыласымды 2016 жылдан бері танимын. Ол PES турнирлерінің қауымдастығын құрған, Қазақстан және Кавказдағы PES Kav&Kaz ойыншыларын біріктірген белсенді ойыншы. Соңғы рет біз 2017 жылы ойнадық, ол кезде деңгейіміз бірдей болатын. Бұл – өте маңызды финал. Бірақ үлкен финалдар алда.

Біздің екінші кейіпкер – Dota 2 дисциплинасының ойыншысы Дастан Оразалы. Дастан да қазақстандық WESG турнирінің финалисі, ол финалда Se7en eSports командасының құрамында өнер көрсетті. Дастан өзінің киберспорттық мансабы жайлы былай дейді:

– Мен барлығы сияқты қарапайым ойыншы болдым. Кәсіби киберспорт клубына кіргеннен кейін өзімді киберспортшы санаймын. Se7en еSports-қа келуіме Dota 2-ге деген құмарлық себеп болды.

Қазақстанда Dota 2 жарыстары жиі ұйымдастырылып тұрады. Соның арқасында достарыммен бірге өзімізді көрсетіп, шеберлігімізді пайдаға асыратын мүмкіндік туды. Бір-екі турнирде жеңіске жеткен соң, Se7en eSports менеджерлері біздің командадан мені және екі ойыншыны командаға шақырды. Келісімшартқа қол қойып, жалақы төленетін болды. Кәсіби киберспорттағы жолым осылай басталды. Жақындарым видеоойындарға қызыға бастағанымда, тіпті киберспорт командасына шақырылғанымда алаңдады. Бірақ бүкіл жағдайымды, мекеменің шартын түсіндіріп, киберспорттың мен үшін ермек емес, жұмыс екенін айтқан соң жақсы қабылдады.

Мультигейминг орталықтар – киберспорттың ажырамас бөлігі. Se7en eSports құрылғанына бір жарым ай болса да, ірі мекемеге айналып үлгерген екен.

– Se7en eSports құрамында бірнеше команда бар: PUBG ойыны бойынша екі құрам, Dota 2 командасы, CS:GО бойынша бір ұлдар және бір қыздар командасы. Командалар Алматы қаласындағы жер үйде (teamhouse) бірге тұрады, бірге жаттығады.

Se7en eSports-тың қазіргі құрамы (Солдан оңға қарай – Мейірман «Hannah» Жақытжанов, Ернар «Mantis» Оразбаев, Дастан «D4574N-SG» Оразалы, Руслан «DooM1k» Абдуссалямов, Даниал «xsVamp1re» Алибаев)

Дастан командаластарымен киберспортта шыңдала түсу үшін ұйқы режимін өзгертіпті.

Біз еуропалық командалармен жаттығу үшін күн тәртібін өзгерттік. Өйткені олардың сағат белдеуі бізден 3-9 сағат артта. Сондықтан біз күндіз сағат төртте тұрамыз да түнгі үш-төртке дейін жаттығамыз, компьютер алдында күніне жалпы он сағат отырамыз. Алты сағат бойы әр ойыншы жеке-жеке дайындалып, скиллдарын шыңдап, өзге ойыншылармен онлайн жаттығады, қалған төрт сағатта командалық ойындар өткіземіз. Дәл осылай аптасына алты күн жаттығып, дүйсенбіде бір күн демаламыз. Демалыс күні қалаға шығып, серігіп қыдырып қайтуға тырысамыз. Бастысы – ол күні компьютер алдында отырмау керек. Команда мүшелеріне аптасына екі рет жаттығу залына бару міндет. Күнделікті айналысатын ісімізде физикалық белсенділік жоқ болған соң, қимылдап, шынығу керек. Se7en eSports кәсіби мекеме болғандықтан ойыншылардың денсаулығын қадағалап отырады. Бір-бір жарым сағат ойнаған соң, жаттығу жасап, қан жүгіртеміз.

Кездесу алдындағы сұқбат

Жеңілген сайын ойыншылар өз эмоцияларын бақылай алмайтын сәттер көп кездеседі. Киберспортшы жеңісті қалай қабылдаса, жеңілісті де солай қабылдауы тиіс дейді Дастан:

– Мен өте сабырлы ойыншымын. Киберспорт – ақылдың ойыны. Сондықтан мұнда салқынқандылық аса маңызды. Жеңіле білетін ойыншымын, босқа жүйкені құртқанша одан сабақ алып, қателікті қайталамауға тырысамын.

Жеңілгенімнен жеңгенім көп. Өз профилімнің статистикасы бойынша, бүкіл ойынның 60%-ында жеңіске жетіп, 40%-ында жеңілген екенмін.

Командада бірінші позициядағы керридің қызметін атқарамын. Dota 2-де Anti-Mage, Terrorblade және Huskar деген сүйікті кейіпкерлерім де бар.

WESG турнирінің плэй-офф кезеңі. DARK HORSE VS SE7EN ESPORTS 2

«Киберспортқа ойын емес, жұмыс, жаттығу деп қарау керек«.

– Киберспортта бір ойыншы бес жылда, біреу тіпті жарты жылда жақсы деңгейге жетеді. Сондықтан біраз дүние талантқа байланысты.

Киберспортшы боламын деген ойыншыда стратегиялық түйсік, ойынды сезінетін талант болмаса қиын, әрине. Алайда тынымсыз еңбекпен де біраз жетістікке жетуге болады. Тек оған ойын емес, жұмыс, жаттығу деп қарау керек.

Дастан – Сәтбаев университетінің түлегі. Оның бар дилеммасы – не табысты киберспортшы мансабы, не мамандық бойынша қызмет.

Dota 2-ні оқу кезінде де белсенді ойнап жүрдім. Сабағыма еш кедергі келтірген емес, өйткені әр нәрсені өз уақытымен, өз орнымен істеуге тырысатынмын. Болашақта мамандық бойынша жұмыс істеу ойда бар. Егер киберспорттан ештеңе шықпай, табыс көзіне айналмаса, бұл істі амалсыз тастауға тура келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Se7en eSports командасы WESG турнирінде 2-орын алып, 500 мың теңге сыйақыға ие болды.