Қан орталығының мерейтойы | | Ortalyq.kz

0


Оқылды:
2

Өткен бейсенбі күні облыстағы қан орталығы өзінің 80 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өтті. Еліміздің өзге аймақтарынан, көршілес мемлекеттерден сала мамандары арнайы құттықтай келіпті.

Қан құю тарихы 1936 жылдан басталған. Осы жылы белгілі дәрігер Герман Алалыкин алғаш рет қан құю шарасын өткізген екен. Осыдан екі жылдан кейін ғана облыстық қан құю станциясы құрылады. Оның бірінші басшысы болған Маргарита Раеваның есімі тарихта қалды. Станция тарихтың әр кезеңіне сәйкес дамып отырды. Ұлы Отан соғысы кезінде қанның қажеттілігі артты. Десек те қан құю станциясы емдеу мекемелері мен госпитальдарды қанмен үздіксіз қамтамасыз ете алды. Соғыстан кейінгі кезеңде облыстағы қан орталығының қызметі республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Осы саладағы ғылыми жаңалықтар мен тәжірибелер кеңінен қолданылып, антирезус әмбебап сарысуын дайындау әдістемесі игерілді, плазманы кептіру бөлімшесі ұйымдастырылды, плазмаферез әдісі заманауи рефрижераторлық центрифугаларда енгізілді, альбумин және криопреципитат ерітіндісінің өндірісі қолға алынып, протеин шығару жолға қойылды.

Тарихтан сыр шертетін фотосуреттер, әр жылдары қолданылған құрал-жабдықтардың бірқатары көпшіліктің назарына ұсынылды. Осы саланың ардагері Гүлсім Смағұлова бұлардың біразын пайдаланғанын айтады.

– Біздің кезімізде қазіргідей технология жоқ. Барлығын қолмен жасадық. Өмірімнің 32 жылын осы салаға арнап, 2007 жылы зейнетке шықтым. Жауапкершілігі мол қиын жұмыс болғанымен, тек жақсы жағымен есте қалды. Сенің жұмысың біреудің өмірін аман алып қалуға септігін тигізіп жатса, неге қуанбайсың? – деді Жезқазған қаласындағы қан орталығының бас дәрігері болған ардагер.

Жаңа мыңжылдық басынан бастап қан беруге қарсы көрсеткіштері бар тәуекел тобы тұлғаларының деректерін есепке алатын электрондық базаны жасақтауды қолға алды. Диагностикалық, зертханалық және тоңазытқыш жабдықтардың материалдық-техника лық базасы жақсарып келеді. Қан компоненттерін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін қан банкі ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар қан құю қызметі жаңа орталыққа көшкен кезден бастап жандана түсті. Қан алудан бастап дайын өнім шыққанға дейінгі барлық кезең орталықтың бірыңғай ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған бақылауда болады.

– Біздің орталық облыстағы 43 медициналық ұйымда үш мыңнан астам адамға қан құюға мүмкіндік берді. Бұл – бір жылдағы көрсеткіш. Ал, енді өткен 80 жылда қаншама мың адамның өміріне қажетті донорлық қан құйылғанын ойлап көріңіздер. Облыс бойынша 8 мыңнан астам донор қан қорын үнемі толықтырып отыруға жағдай жасайды. Тұрғындардың азаматтық ұстанымының және қан орталығы мамандарының қызметінің нәтижесінде өтеусіз 100 пайыз донорлық қанға қол жеткіздік,– дейді облыстық қан орталығының басшысы Төлеген Сәдуақасов.

Шынымен де, донорлардың көмегінсіз қан қызметін жүзеге асыру мүмкін емес. Федор Пичугин – донорлардың бірі.

– 2-3 ай сайын бір келіп қан тапсырып тұрамын. Әр қан аларда толық тексеруден өткізеді. Донорлар үшін мұнда барлық жағдай жасалған,– дейді ол.

Дәрігерлер қан тапсыруды әдетке айналдырған адамның ағзасы түрлі аурулар мен күйзеліске қарсы тұра алатынын, жүрек-қан тамырлары ауруына сирек шалдығатынын дәлелдеді. Сонымен қатар, тұрақты донор қандай да бір ауыр жарақат алған жағдайда жоғалған қанды тез толтырып алуға бейімделетіні анықталған. Яғни, донорлар сауапты іспен айналысып қана қоймай, өз денсаулықтарын да жақсартады.

Салтанатты шарада арнайы шақырылған ардагерлер, донорлар, орталық дәрігерлері мен медбикелері марапатталды. Сонымен бірге, ақшалай сыйлық пен 80 жылдыққа байланысты шығарылған арнайы мерейтойлық медальдар табыс етілді.

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев облыс әкімдігі атынан 18 орындық микроавтобус сыйға тартты. Республикалық қан орталығы директорының орынбасары Сәния Абдрахманова, Ресейдегі Н.Пирогов атындағы Ұлттық медико-хирургиялық орталықтың кафедра доценті, медицина ғылымдарының докторы Сергей Мадзаев, Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің директоры Аманжол Нұрбеков жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты шара соңы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлістік өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Конференция барысында бірнеше бағыт бойынша семинарлық жұмыс жүргізілді.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз