Психикалық саулықтың 7 белгісі

0

Ресейлік психолог Мария Носованың зерттеулеріне сүйенсек, адам бойындағы психикалық саулықтың келесідей 7 белгісі бар:

1. Адамдармен ұзақ уақытқа созылатын қарым-қатынас орната білу. Көп жағдайда өзара түсіністік, компромисс және төзімділік негізінде құрылған қарым-қатынастар ұзаққа созылады. Яғни, психикалық саулықтың бұл белгісі психологиялық тұрғыдан жетілген адамның бойынан өзін өзгелердің орнына қоя білу, симпатия таныту және компромисске бара білу секілді қабілеттің табылуын сипаттайды. 

2. Өз сәтсіздіктеріне дайын болу. Яғни, псиxикалық саулығы қалыпты адам өз сәтсіздіктерін қабылдай алады және оларға психикалық тұрғыдан төзе біледі. 

3. Өзге адамдардың пікірін қабылдауға дайын болу. Адам қоғамның мүшесі болғандықтан, өзге адамдармен коммуникацияға жиі түседі. Ал табысты қарым-қатынас орнату үшін өзгенің ойын қабылдай білу және қажет кезде өз ойын өзгерте алу тұлғаның бойынан табылуы тиіс маңызды қасиет саналады. 

4. Кез келген ортада шынайы болу. Адам өзін отбасы мүшелері мен туыстарының арасында, достары мен әріптестерінің ортасында әртүрлі ұстауы мүмкін. Қай ортада болмасын, адам өз-өзін физиологиялық және психикалық тұрғыдан қабылдай отырып, шынайы бейнесін жасырмай, кез келген ортада өзін жайлы сезіне білуі психикалық саулық үшін маңызды жайт саналады. 

5. Қарым-қатынас барысында өз эмоцияларын басқара алу. Адамның барлығына дерлік қарым-қатынас барысында өз эмоцияларын көрсету қалыпты жағдай саналады. Дегенмен, кейде адамның эмоцияға жиі ерік беруі оның өзгелермен қарым-қатынасына әсер етіп қана қоймай, психикалық саулықтың нашарлауына да алып келуі мүмкін. 

6. Жайлы зонадан жиі шығуға дайын болу. Көп адамға өзінің жайлы зонасынан шығу оңай шаруа емес. Дегенмен, жайлы зонадан жаңа ортаға өту кейбір адамдар үшін үлкен ауыртпашылық тудыруы мүмкін. Егер тұлға жаңа ортаға бейімделу барысында психологиялық қиыншылықтарға тап болса, онда оған психикалық саулығына назар аудару қажеттігі тууы мүмкін. 

7. Өз уақытын басқара білу. Психикалық саулықтың бұл белгісі жалпы адамның өз уақытын дұрыс ұйымдастыра білу қабілетін сипаттайды. Яғни, адамның күнделікті уақытын саналы түрде ұйымдастыра білу мүмкіндігін қарастырады. 

Ескерту: Аталған жеті белгі адамның псиxикалық жай-күйін бағалауға көмектесетін бағдарлар ғана, ал псиxикалық саулыққа қатысты нақты диагнозды тек арнайы маман қоя алатынын ұмытпау қажет.

P.S. Келесі жазбаларымызда психолог М. Носова сипаттаған психикалық саулықтың 7 белгісіне жеке-жеке тоқталатын боламыз.

Дереккөзі: «ПТ» топтамасынан