педагогика ғылымы, баяндама,

0

Білім саласында Абай педагогикасы неге шеттеп қалған?

Абай өзінің «Ғақлиат−тасдиқат» деп аталатын 38−қарасөзінде: «Махаббат − әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән», −деп жазады. Махаббаттан бастау алатын адамның «адамдық жолы» яғни адамның адамгершілігі − ақыл мен ғылымға тікелей байланысты. Түп — тамыры арабтың «хәбба» −сүю деген сөзінен шыққан «махаббат» сөзін− Абай өз шығармашылығында молынан пайдаланып, «сүю», «мейірім», «сүйіспеншілік» мағыналарында қолданады. Абай өзінің дәл осы 38 — қарасөзінде: «Талап, ұғым махаббаттан шығады», − дейді. Махаббат, ол − адамның өн — бойындағы мейірім мен сүйіспеншілік. Абайша пайымдасақ: ақыл мен ғылымнан бастау алған махаббат – адамгершілік негізі. Иә, махаббат! Махаббат, ол – мейірім! Егер, ананың баласына деген мейірімге толы махаббаты болмаса, адамдар өмірді көкжиектен алаулап шығатын «қасиетіңнен айналайын» алтын күнді, отбасын, Отанын сүймесе, әке перзентін, перзент ата — анасын, адамдар бірін — бірі мейірімге толы, шынайы сезім − махаббатпен сүймесе, онда өмір сүріп керегі не? Адам өмірінің өзегіне айналған ең асыл қасиет, ол − махаббат! Сондықтан да хәкім Абай: «Махаббатсыз дүние−бос», −дейді. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атамыздың мұрасы халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймайтын зерттеудің көзі болып табылып, үнемі ғалым — педагогтардың да назарында жүр. Олардың ішінен Т. Тәжібаев, Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, К. Шәймерденова, Б. Ұзақбаева, С. Ғаббасов, К. Құнантаева, Л. Халитова, А. Елемесовалардың еңбектерін ерекше атауға болады. Зерттеуші ЖҚ. Байділлаева: «Абайдың педагогикалық көзқарасы мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да, М. О. Әуезов, Қ. Б. Жарықбаев, X. Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы біршама құнды пікірлер ұшырасады. Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми — теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі — өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады»,- деп көрсетеді. Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми — теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаған — деген пікір Абай атамыздың имандылыққа баулу қазақ ілімін жүйелеп дамытқанын, ұстаздықпен тікелей айланысқанын, өзіндік білім беру тәрбиелеу педагогикасы болғандығын, жоғарыда аты аталған ғалымдарымыз тәптіш — теп, дәлелдеп бермегендіктен Абай педагогикасы білім жүйесінен шет қалған. Жоғарыдағы аты аталған ғалымдарымыз Абай атамыздың педагогикалық мұрасын зерттегенде, материалистік педагогиканың зерттеу әдіснамасын негіз етіп, социалистік педагогиканың ығына жығылып, Абай педагогикасының шынайы мәні ашылмай қалған. Сондықтан материалистік педагогика оны ығыстырып, білім жүйемізден алшақтатып жіберген. Ал, бірер ғалымдар,«халықтық педагогика» деген ұғым енгізіп, жоқтан бар жасап, дана ілімін арашалап та көрген, алайда оны «этнопедагогикаға» жапсырғандықтан, алшақтау енді бөлектенуге жеткен. Кәзір, бізде, әлемдегі бір негізді педагогика ғылымы бірнеше түрге жіктеліп, білімгер тұр ғой, оны үйретуші оқытушылар да, оларды білім жүйесіне қалай кіріктіп, қайсысын игеруге тиіс екенін ажырата алмай, байыбына бара алмай қалған. ХІХ ғасырдың соңғы он жылы – Абайдың ақындық мектебі үшін ең жемісті кезең. Осы кездерде «Ұстаздық қылған жалықпас» деп өзі айтқандай, қасына талапты жастарды жиып, оларға өлең сөздерімен де, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістерімен де үлгі — өнеге шашу сүйікті ісіне, дағдысына айналған болатын. Бұл туралы: «Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт» дейді Мұхаң. Абай педагогикасын рухани әлем мен көңілдің ілімі немесе жүректің салтанаты деп қабылдайтын болсақ, оның негізгі бағыты кемел адам тәрбиелеу. Кемел адам, Абайша айтқанда, толық адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен жаратылыс негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адам – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Оның ұстанымы – Мәуләна Жалаладдин Румидің сөзімен айтқанда, халық ішінде Хақ тағаламен бірге болу, яғни жүрегінде тақ құрған Жаратушыға деген махаббат сезімі мен хикмет — кеудесіне орнаған ізгілік нұрын айналасына төгіп, жұртшылықпен бірге қалыпты өмір кешу. Сондықтан кемел адам дүниені тек жүрегінен тәрк еткен адам. Өйткені Абайша айтқанда, «қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ». Абай не қажет, не залал — осының бәрін білімді адам толық біледі, өз өмірін жандандырады, өз халқына пайдасы тиеді деп ұғынды. Жастардың бірінші міндеті ғылымға, білімге, білуге талпыну деп білді. Абай ғылым үйрену деп мынадай талаптар қойды. Отыз екінші қара сөзінде: «Білім – ғылымды үйренбекке талап керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар: әуелі білім — ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесі керек болады деп іздемеске керек. Оның үшін білім — ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады»,- дейді. Мұны не үшін көрсеттік? Абайда педагогиканың да, психологияның да, дидактпканың да шымбайлы тұжырымы бар. Тек дұрыс тани білу керек. Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы абайтанушы — ғалым Ғарифолла Есім: «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өз түсінігін табады…» — деп пайымдайды. Абай ілімі адам баласының ең жоғарғы мақсатын көрсетеді, ол мақсатқа жету жолын ашады және ол мақсатқа қалай жету керек екенін, яғни болмыс туралы білім береді. Ойшыл ілімі бүкіл болмыс негіздерін түгел қамтиды, сондықтан ол толық білім болып табылады.
1894 — 95 жылдар шамасында жазылған«Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінен осы кездің тынысы айқын сезіледі: Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да қуғанға. Әділет — шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға. Бастапқы екеу соңғысыз, Біте қалса қазаққа. Алдың – жалын, артың – мұз, Барар едің қай жаққа? Көрініп тұрғандай, Абай өлеңде жай ғана әділет демеген, «әділет — шапқат» («шапағатты әділет» деген мағынада) тіркесін пайдаланған. Сөйтіп, адам рухын, жалпы болмысты басқарушы күш Тәңірінің әділет — махаббат заңы екеніне Абай алғаш рет меңзейді. Егерде жеке адам немесе бүкіл қоғам тек қайрат пен ақылдың тапқан жолына түсер болса – «алдың – жалын, артың – мұз». Ақынның «алдың — жалын» дегені ахирет – тозақ жалыны, ал «артың — мұз» дегені сүрген өмірің мағынасыз, баянсыз дән шықпайтын, дәнеңе өнбейтін тақыр деген мағынаны білдірсе керек — ті. Демек, адамға бақыт қонуының басты шарты, ойшылдың білуінше, әділет — шапқат иесі болу.. «Мен жүректі жақтадым», деп сопылық ілімнің негізгі ұғымдарының бірі – жүрекке жүгінеді. «Алла адамның түр — әлпеті мен мал — мүлкіне емес, оның жүрегіне қарайды», деп айтылған хадиске сілтеме жасайды. Жүрек, яғни көкірек көзі заттың ішкі мәніне бойлай алады, тылсым дүниені түсініп, ғайыпты сезінеді, шабыт алып қанаттанып, шекара танымайды. Адам бойындағы бар ізгі қасиет жүректен табылады. Сондықтан қайрат пен ақылға бағынбайтын жүрек дене мүшелерінің әміршісі болып саналады. Абай осы түбегейлі идеясын бірде ғақлия сөзіне, бірде өлеңіне өзек етіп, дамыта береді. Айталық:«Ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ» (28 — сөз) дейді Абай. Бұл жерде де әділет — шапқатқа меңзелгені сөзсіз. Осымен, данышпан Тәңірінің әділет заңын орындау я орындамау, яғни бақытқа жету — жетпеу әр пенденің өз ырқы екенін білдіреді. Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, – дей келе: Ғадәләт пен мархамат – көп азығы. Қайда көрсең, болып бақ соған көмек, – («Көк тұман — алдыңдағы келер заман» 1897 жыл). Сонымен, Абайдың поэзиясында, әсіресе, кітап «Ғақлия» атты мұрасында«қалың елі, қазағын», өзге халықтар қатарына қосу, яғни «ел қылу» идеясы бүкіл қоғамда әділдікті орнықтыру идеясымен қабыса табысқанына көз жеткіземіз. Бұл ерекшелікті ғұлама М. Әуезов бізге былайша білдіреді: «…Ылғи ғана таза адамшылық жолын үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты – бауырмалды арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады». Адамды адам қылатын жан тәрбиесі ілімі Абай дананың әділет — махаббат педагогикасы деп аталады. Мұны танып біле алмаған « педагогикасыз педагог» қауымы «өзін — өзі тану» атты «аударма» ілімді өмірге әкелді. Кәзір осы ілім Қазақстан Республикасының білім жүйесінде салтанат құрып тұр. «“Өзін — өзі тану”: махаббат пен шығармашылық педагогикасына арналған онкүндік 19. 02. 2020 Еліміздің туын асқақтатар, білімді, білікті, жан — жақты дамыған, адамгершілігі мол, тәрбиелі, әділ, инабатты, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу – біздің алдымызда тұрған ең басты міндет. Осы мақсатта өркениетке ұмтылып отырған мемлекетіміздің даму болашағының негізі ретінде қажеттілігін айқындай түсетін, жеке тұлғаның үйлесімді дамуына мүмкіндік беретін білім ордасының жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы, рухани — адамгершілік тәрбие берудің ошағы – «Өзін — өзі тану» пәні. Осы орайда көптеген жылдар бойы аналық жүрек жылуын бала өміріне арнап келе жатқан Сара Алпысқызының авторлығымен енгізілген «Өзін — өзі тану» адамгершілік — рухани білім беру бағдарламасының маңыздылығын және сырлы әлемге толы дүние екендігін баршаға таныту мақсатында Қапшағай қаласындағы “Балдәурен” республикалық оқу — сауықтыру орталығында «Өзін — өзі тану»: махаббат пен шығармашылық педагогикасының онкүндігі ұйымдас — тырылды». Абай дананың «Әділет — махаббат педагогикасы Қазақстан Республикасының білім жүйесіне бүгін — ертең ене қоймайды. Себебі, адамгершілік рухани білім беру «аударма» ілімі заңмен шегеленген.(Білім заңы: 2 — бап 6 — 5 тармақ.) Алайда, біздегі жұмыстап жатқан аударма мектептері мен «аударма» тәрбие беру іс — әрекетінің келешегі жоқ екендігі күннен күнге айқындалып келеді. Таяуда болған Қордай ауданында болған келеңсіз жағдай осының нәтижесіз салдарын аңғартты. Оны көзімен көрген азаматтардың пікірін естілік. «… Айталық, дұңған балалары мектепте (шымбайлы шет тілінде оқытатын мектеп емес аударма мектеп) орыс тілінде оқиды, орыс тілінде тәрбие алады. Отбасында дені дұңғанша өнеге үйренеді, мешіт — медіресе аумағында имандылыққа баулынады. Бірері қазақ мектепке барады. Ал, сол мекендегі қазақ балалары қазақ мектебіне барады. Бірері орыс мектебінде оқиды. Қай қайсысының да мектепте алатын тәрбиесі «аударма» тәрбие. Қай — қайсысының да «ұлттық» тәрбиесі кемшін. Ортақ тәрбиесі -«коммунистік». Осылай бір шаңыраққа екі үй тігіліп, ғұмыр кешкен ұрпақтар арасында татулық бірлік болмайды, болды дегеннің өзінде ғұмыры қысқа болады. Көзге көрінбегенімен, байқаусыз ғұмыр кешіп, ірітіп жатқан мұндай қоғамдық құбылыстар бұл ауданнан да, аймақтан да, басқа өлкелелерден де кезігеді. Оларды жан — жақты анықтау керек.» Абай атамыздың асыл сөздерін, ғибратты өсиетін соның ішінде мына тұжырымдарды ол өлкенің үлкені де, кішісі де естіп еске сақтап, өмірінде ұстаным болдыра алмаған көрінеді. Абай:«Құдайдан — қорық, пендеден — ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз.»«Құдайшылық — жүректе. Қалпыңды таза сақта. «Адамды – адам ететін де иман, Сұлтан ететін де иман». Абай“Имансыз елден ұят қашады” деген Хз. Мұхаммед пайғамбардың хадисін келтіріп,«қазақтың хәлі осы — имансыздық”- дейді. Көп ішінде жалғыз қалып күңіренген, “Ішім толған у мен өрт, сыртым — дүрдей” деген Абайдың мұңы “…көкірегімді тесіңдер, қан мен мұңға толды әбден” деген Иасауидің жанайқайымен үндесіп жатыр. Абай осындай дертке шалдыққан елге дауа іздейді». Оның дауасы – «Құран», түгел сөз, адам бойына имандылық дарытатын ар түзейтін ғылым. Абайдың түзу сөзі -«әуелі аят, хадис — сөздің басы”, яғни, елді түзейтін сөз әрі қисынды, әрі өлеңмен (бәйіт — мысал) жазылған Алланың сөзі — «Құран». «Құран» – ақылды сөз бен терең ой, терең ғылымның көзі, сондай — ақ ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап сияқты адамдық құндылықтардың кені, бірақ, «елді түзейтін түзу сөзді табудың, танудың, тыңдатудың өзі оңай емес. Өйткені түзу сөзді айтушы да, түзу сөзді тыңдаушы да надан. Ал кейбірі түзу сөзді танымайды да. Өйткені олар Тәңірдің Бар және Бір екеніне, Құранның ақиқат екеніне, пайғамбарларға, періштелерге, тағдыр, қазаға, өлгеннен соң тірілуге сенбейді. Өңшең “кісімсінген — менмен, нәпсіқұмар, білімсіз, надан.»,«… мақтанқұмар, малқұмар, арамдық, ұрлық, пайдакүнем, нені ұға алсын”- дейді…» «… Енді бұл иман дерлік имануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз. Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алданғанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағалаымыздын шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын». Иә, Абай педагогикасы — толық адам ілімі — иманипедагогика. Білім беру жүйеміздің күдікпен, пиғылсыз қарайтын ұғымы — иман және имандылық. Сондықтанда, біздің жүйемізден шеткері тұр. Ал, шынтуайтқа келсек, заманауи педагогика — психология тарландарының ғылыми тұжырымдарымен ұштасатын ілім толық адам тұжырымдамасы, иманипедагогика. Джон Дьюи, М. Монтессори, Р. Штайнер, А. Маслоу, К. Роджерс, Вальдорф педагогикасында тұлға дамуының төрт қыры ерекше талданады. Олар: 1) рухани; 2) интеллектуалды; 3) физикалық; 4) материалдық даму; «… Осы 4 дамудың тұжырымын Абайдан да таптым. Хакім: «Үш — ақ нәрсе адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндейді. Яғни, «ыстық қайрат» – физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» – интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» – рухани дамуды білдіреді. Ал, осы 3 дамуды берік ұстанған, өзін 3 бағытта дамыту жолында жүрген һәм дамытқан адам қайтсе де «материалдық дамуға» қол жеткізеді. Абай айтқан «Толық адамның» мәні осы. Ағылшында «Successful man», орыста «Успешный человек» деген ұғым сөз бар. Оны қазақтар «табысты адам, жетістікке жететін немесе жетістікке жеткен адам» деп әртүрлі айтып жүр. Менің пайымымда, ағылшын мен орыстағы осы сөзді Абай «Толық адам» деп жеткізген. «Толық адам», тек қана, діни — рухани, пәлсапалық қана ұғым емес. Әрі «Толық адамдыққа» жету жүзеге аспайтын, біздің заманымызбен қабыспайтын, тек қана кітап, сөз жүзінде ғана болатын утопиялық ой да емес. «Толық адам» болу идеясы қазіргі өмірмен біте қайнасқан, ХХІ ғасырдың барлық талап — шарттарына жауап бере алатын өміршең, нағыз қазақы әрі жаһандық деңгейде жұмыс істейтін мықты жоба. Тек, оны дұрыс түсініп, қарапайым түсіндіріп, жеке өмірімізге тиімді енгізе білуіміз қажет. Оның кілті – жоғарыда айтқан дамудың 4 бағытын ұстануда!»- деген, Ернат МЕЛСҰЛЫ.» Өзбасым бұл азаматтың пікірімен толық келісемін. Әр адамның санасына Абай ілімі осылай сиысып жатса, білім беру жүйемізге дана педагогикасының қалай келіп, еніп кеткенін байқамай да қалар едік.
Қобдабай Қабдыразақұлы 25. 02. 2020