Партия бағыты — айқын |
Оқылды:
7
«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы алдағы уақытта кадрлардың біліктілігін арттыру, жастармен жұмысты одан әрі жандандыру, партияның бағдарламасын жүзеге асыруды және халықты алаңдатқан өзекті мәселелердің шешілуін әрдайым назарда ұстау жолында жұмысын жалғастыра бермек. Сонымен бірге, Елбасының берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде партияның алдында тұрған нақты міндеттері де аз емес. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының бүгінде елімізде 1 миллионнан аса мүшесі бар. 5839 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Ал, облыс бойынша 525 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Санға емес, сапаға мән берілмек. Президент нұротандықтардың сапасына көңіл бөлу керектігін айтқан еді. Сондықтан, мүшелікке өткендердің дені – өмірі көпке үлгі, белгілі бір салада жетістікке жеткендер. Партия құрылымын жетілдіру мақсатында кішірек ұйымдарды ірілендіру арқылы бастауыш партия ұйымдары жүйесін оңтайландыру жұмысы жүріп жатыр.
Еліміздің гүлденіп көркеюі жолында жасампаздықтың жарқын істерін жүзеге асыруды мақсат тұтып, кемел болашаққа нық қадам басу қазақстандықтар үшін әрдайым басты бағыт болып отыр. Партияның облыстық филиалын кадрлық, идеологиялық жағынан күшейту және аймақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысына саяси менеджменттің қазіргі үлгілерін енгізу міндеттері қойылған болатын. Барлық әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруда бастауыш партия ұйымдары үнемі белсенділік көрсетіп келеді. Әлеуметтік жүйеде және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», өзге бағдарламалар бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарда, сондайақ, барлық денсаулық сақтау мекемесінде және басқа да орындарда партиялық бақылау бекеттері ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Елбасының монополиялық тариф саясатына байланысты тапсырмасына ат салысып жатырмыз. Осы тарифқа қатысты қоғамдық Кеңестер құрылып, кемшіліктерді жоятын болады, – деді Қадиша Оспанова.
Осы жылдың азаматтарды қабылдау іс-шарасын қорытындылаған Қадиша Оспанова «Нұр Отан» партиясыныӊ облыстық қоғамдық қабылдауына 10 айда 5 мыӊнан астам қарағандылықтар өтініш білдіргеніне тоқталды. Оныӊ 25 пайызы қанағаттандырылған. Қарағанды өӊіріндегі тұрақты жұмыс істеп жатқан қоғамдық қабылдауларында партия жетекшілері, әкімдер, мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар мен жекелеген компаниялардыӊ өкілдері халықпен жиі кездесіп тұратындығын жеткізді. Жұрттыӊ айтқан көптеген мәселелері сол жерде шешілуде. Қосымша пысықтауды талап ететін мәселелерді партия өз бақылауына алуда. Сондай-ақ, ІТ сыныптар ашылып, оқушылар робототехникамен жұмысын жандандыра түскендігін айтты. Бұл бағытта Қарағанды облысында жетпіске жуық ІТ сыныбы ашылған.
Сонымен қатар, партияның облыстық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау жетекшісі Бейбіт Қуанышев азаматтардыӊ бірде-бір өтінішініӊ назардан тыс қалмайтынын айтып, қоғамдық қабылдаулардыӊ жұмысы – «Нұр Отан» қызметініӊ басым бағыты болып табылатынына тоқталды.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»