Өзбекәлі Жәнібековтың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі

0

Мазмұны
КІРІСПЕ 4
1 Өзбекәлі Жәнібековтың өмір жолы 11
1.1 Ө. Жәнібековтың туып-өскен ортасы және үлкен өмірдің алғашқы
қадамдары … … … … … … . … … … … … … … … … .11
… … … … … ..
1.2 Жәнібеков ғұмырының негізгі кезеңдері 19
2 Мемлекеттік қызметі 28
2.1 Жәнібековтың Торғай облысындағы қызметі 28
2.2 Өзбекәлі Жәнібеков – қоғам қайраткері 37
3 Жәнібеков – қазақ мәдениетін зерттеуші 44
3.1 Жәнібековтың ғылыми зерттеу еңбектері 44
3.2 Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мұра жанашыры 52
ҚОРЫТЫНДЫ 60
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 63
… … … … … … … … .. … … … ..
ҚОСЫМША 69
БЕЙНЕ ЖАЗБА

Кіріспе

Өзектілігі: Біздің диплом жұмысымыздың өзектілігі тәуелсіздік алған
тұста қазақ мәдениеті мен өнерін зерттеген тұлғаның ерен еңбегінің маңызын
арттыра түсу, ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосқан қазақтың
біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі, мемлекеттік және қоғамдық
қызметі, қазақ өнері мен мәдениетін зерттеуіне қатысты еңбектерін арқау
етіп, оның есімін ары қарай асқақ ету. Есімі елге түрлі билік
лауазымдарымен ғана емес, халыққа сіңірген ерен еңбегімен, ұлт үшін
атқарған ұлы істерімен етене таныс Өзбекәлі Жәнібекұлы түрлі шенді
қызметтерді атқара жүріп, қазақ халқының небір жауһарларын жинап, олардың
көзден таса болмауына бар мүмкіндікті жасап бақты. ХХ ғасырда қазақ
халқының салт-дәстүрін, мәдениетін қайта түлетіп, елі үшін аянбай еңбек
еткен тарихи тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібек. h4
Саналы ғұмырын қазақтың ұлтық мәдениетін жаңғырту, дамыту ісіне
арнаған Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі туралы айтылып, жазылып келеді. Алда да
айтыла бермек. Халқымыздың Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі
Жәнібек секілді үш арысты қатар атауының өзіндік себебі болса, Жер
бетіндегі әрбір ұлтың өзіне тән тілі, діні, тарихы болса, Өзбекәлі
Жәнібеков өмірін осыларды халқының бойына сіңіруге тырысқан тұлға. Осы
жолда бүкіл азаматық ар намысын ту етіп көтеріп, ардақты ағамыз Әбіш
Кекілбайұының сөзімен айтқанда рух сардары бола білген адам. Бүкіл
ғұмырын ұлттық дәстүрді ұрпақ санасына егуге, ұлт мүддесіне жұмсаған
Өзбекәлі Жәнібеков – үлкен мәдениеттің иесі, жастарға ақылшы аға, мемлекет
қайраткері, әдебиетші, тарихшы, өнер зертеушісі болды.
Кеңес өкіметі тұсында ұлтық мәдениетіміздің жан-жақты қыспаққа түсіп,
ұмытылып кете жаздағаны бәрімізге белгілі. Мәселен, дәстүрлі мерекеміз
наурыздың 1926 жылдан 1988 жылға дейін тойланбауы, салт-дәстүріміздің,
қазақ тілінің қолданыс аясы тарылып, қыспаққа алғандығын ұмытуымызға
болмайды. Наурызбен халқын қауыштырған көрнекті этнолог ғалым Өзбекәлі
Жәнібеков еді. Олай болса, қазақ тарихындағы орны аса зор ғалым Өбекәлі
Жәнібеков мұрасын зерттеу – көкейтесті міндет, үлкен мәселе.
Жәнібековтың басқалардан айырмашылығын іздейтін болсақ, төмендегі үш
ерекшелікті бірден байқауға болар еді:
— ол туған-туысқанын қызметке тартқан жоқ;
— ол ешкіммен жең ұшымен жалғасып жұмыс істеген жоқ;
— мұрағат ақтарумен, кітап кемірумен, мұражай жабдықтаумен,
қазақтың даласын жаяу-жалпылап шарлап, әр үйдің төрінен жәдігер
іздеумен өмірі өтті.
Сөйте тұра, Өзбекәлі Жәнібековтың мұрасы зерттеуді қажет етеді. Оның
орасан зор еңбегін бір немесе бірнеше зерттеу жұмыстарымен шектеу мүмкін
емес. Шертер, Адырна, Алтынай, Арқас сияқты басқа да көптеген ірілі-
ұсақты өнер ұжымдарының тұсауын кесіп, халқымыздың ұмыт бола бастаған,
музыкалық көне аспаптарының екінші тынысын ашқан да – соның өзі, — дейді
көрген жұрт.
Ұлттық рухтың ұраншысына айналған Өзекең қазақ халқы мәдениетінің, ана
тілінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып дамуына сүбелі үлес қосты.
Шымкенттегі Шығыс жастарының көсемі Ғ.Мұратбаевтың ескерткішінің
орнатылуына, Отырардағы Арыстан баб, Түркістандағы – Қожа Ахмет Йассауи
кесенелерінің қалпына келтірілуіне, Эрмитаждан Тайқазанды алдыртуға т.б.
көптеген игі бастамаларға қамқоршы бола білді.
Оның еңбектері осымен шектеліп қалмайды. Соны есепке ала отырып,
ұлтын ұлықтаған азаматтың мұрасын зерттеу өз маңыздылығын жойған жоқ деп
сеніммен айта аламыз. Жұмыстың өзектілігі де осында жатыр: тәуелсіздік
алған тұста қазақ мәдениеті мен өнерін зерттеген тұлғаның ерен еңбегінің
маңызын арттыра түсу, ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосу.
Дерек көзі: Өзбекәлі Жәнібектің өмірі мен қоғамдық, мемлекеттік
қызметі жайлы деректердің ішінде негізгі сүйенеріміз – автордың өзінің
кітаптары. Олар – мемуарлар, естеліктер, ғылыми кітаптар. Тағдыр тағылымы
1-2 кітабы, Жолайырықта, Уақыт керуені, Қазақ киімі атты туындылары
диплом жұмысын жазудағы басты сүйенген деректеріміз болды. Өзекеңнің
баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары бір төбе. Олардың негізгілеріне
тоқталып өтсек, Қазақы киімнің қадірін кетірмесек, Өткенге оймен
қараймын, Қалай құрылып еді (Торғай театрының қалай құрылғаны хақында),
Ежелгі Отырар, Әсемдік әлемі (қазіргі қазақ эстрадасы, халықтық ән-би,
күй жайында) т.б.
Осы тұста Арыс баспасынан 1999 жылы Ғ.Қабдолқайырұлының
редакторлығымен жарық көрген Өзбекәлі Жәнібек. Жарияланбаған жазбалар мен
ол туралы естеліктер атты кітаптың берері мен дерегі мол. Алаш азаматының
еш жерде жарық көрмеген он шақты туындысы мен ол туралы ел ағаларының
естеліктері жинақталған осы кітаптан оның елге сіңірген ерен еңбегінің
өлшеусіз екенін байқау қиын емес.
Сондай-ақ, осы тектес Ғибратты ғұмыр сериясымен 2006 жылы Қазақстан
баспасы басып шығарған Өзбекәлі Жәнібеков кітабы да Өзағаң мұрасын
танытуға мол үлес қосқан туынды деп бағаланады [1]. Ғұмырнамалық деректі
хикаяттың авторы белгілі жазушы Еркінбай Әкімқұлұлы. Жазушы көркем-әдеби
дүние жасауды мақсат тұтқанымен, шығарманың желісіне Жәнібеков ғұмырының
кезеңдері арқау болады. Автор алдымен ғұмырнаманы Өзбекәлінің өзіне
айтқызады да, әрі қарай замандастарының пікірлерін қосып, сонан соң Жазушы
жалғастырады деген тақырыпшамен өз ойын ұштайды. Он тараудан тұратын
туындының Өзекеңнің өсиет ойлары деген тақырып аясында қайраткердің
ұлттық ой-санаға, ана тіліне, қоғам өмірінде кездесетін келеңсіздікке орай
айтқан пікірлері берілген. Оның замандастарының толғаныстары мен өмірінің
әр кезеңіндегі фотосуреттер Өзағаң өмірінен сыр шертеді.
Өзбекәлі Жәнібековтің жақсылықтарын айтып, нұрын тасытып жүрген ел
ағалары, Өзағаңның шапағаты тиген Ш.Мұртаза, М.Жолдасбеков т.б.
ізбасарларының естеліктерінің де берер үлгі-өнегесі мол.
Қалаубек Тұрсынқұлов Жәнібековтың ұлт кадрларына деген қамқорлығы мен
жанашырлығын баяндайтын деректі повесть жазып шыққан. Сол кездегі заман
талабына сай кейіпкердің аты-жөнін өзгертіп Қырғызәлі Әжібеков деп алған.
Бұл повесть 1973 жылы жарық көрген Есіңде ме сол бір кез атты кітапта
жарық көрген.
Георгий Рудов Я сердцем русский, духом евразиец деп аталатын орыс
тіліндегі естелік кітабын жарыққа шығарды. Бұл естелігінде ол Отырар
ауданында бір қойшының үйінде Өзбекәлі Жәнібековпен бірге барған кездегі
қазақтың киіз үйі туралы, қазақ халқының қонақжайлығын суреттеп жазған.
Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған,
қазіргі таңда Дипломатиялық академия профессоры болып табылатын Г.Рудовтың
Өзбекәлі Жәнібековтей ұлт ұстазы дерлік ұлы тұлға жөнінде Досым өлді,
білдің бе? деп естелік жазуы әр жанды тебірентеді.
Осы тақырып аясындағы мерзімді басылымда жарияланған мақалалар
баршылық. Өзағаң мұрасын тұрақты түрде насихаттап келе жатқан ел газеті
Егемен Қазақстанда М.Жолдасбековтың, Н.Жотабаевтың, Б.Мәжитұлының,
Ж.Өмірбековтың естеліктері жарияланған.
Өзбекәлі Жәнібеков туралы оның мәңгілік жан жары бола білген Қалихан
апаның естеліктері де белгілі тұлғаның белгісіз қырларын ашуға мүмкіндік
береді. Е.Зәңгіровтың Қалихан Жәнібековамен әңгімесі Ол өмірінде бір-ақ
рет уәде берді деген атаумен Нұр-Астана газетінің 2005 жылғы 23
маусымдағы санында жарық көрді. Н.Байырбектің Қ.Жәнібековамен сұхбаты:
Жәнібеков атындағы мұражай әлі ашылған жоқ деген тақырыппен Қазақ
музейлері журналында берілген. Егемен Қазақстан газетінің 2006 жылғы 2
желтоқсандағы санында Қ.Тоқсанбайдың Этнограф деген тақырыппен көлемді
материалы Қалихан апамен сыр-сұхбат ретінде өрбиді. Бұлардың бәрінде де
Қалихан апа Өзағаңның ерекше қырлары туралы баяндайды [90].
Зерттеу жұмысын жүргізу барысында Арқалық қаласындағы Өзекең өзі
негізін қалап кеткен Дала тарихы өлкетану мұражайында болдық. Мұндағы
арнайы құжаттар Қорындағы Партия құрылысы бөліміндегі 41-бума (папка)
тұтастай Ө.Жәнібековке арналған. Өзбекәлі Жәнібекұлының фотосуреттері,
жиналыста сөйлеген сөздері, газетте жарияланған мақалалары — бәрі де осында
жинақталған.
Бірақ Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ өнері мен мәдениетін зерттеуші
ретінде бірер-ауыз сөз айтылып кеткенімен, толық зерттеп, ол кісінің қыруар
еңбегін елеп-екшеген жұмыстар жоқтың қасы. Осы тұрғыдан келгенде,
жұмысымыздың күрделі, бірақ қызық болатынына күмән жоқ.
Тақырыптың зерттелу деңгейі мен тарихнамасы: Бұл орайда Өзбекәлі
Жәнібековтің мұраларын зерттеп жатқан бірен-саран жұмыстар болмаса,
негізінен ол жайлы тек естелік кітаптар мен газеттерде мақалалар жарық
көрген. Өзекеңнің қазақ тарихына сіңірген еңбегін тарихи тұрғыдан
бағамдаған пікірлерге тоқталып өтпеуге қақымыз жоқ. Қазақ тарихының көсемі
Манаш Қозыбаевтың Ө.Жәнібековке берген бағасы біраз жайдың басын ашады.
Өзекең қазақтың кілем, алаша тоқу, ыдыс-аяқ, абдыра, сандық, ат
әбзелдерін, саймандарын жасаудағы әр елдің еркшелігін зерттеуге жаны құмар
еді. Оның болмысына зерттеушілік, ізденушілік туа біткен жан еді. Өзекең
Торғай даласын сүйіп кетті, ежелгі Торғай да оны өзінің ұлы етті [67].
Тағы бірталай естеліктер Рух сардары деген атаумен Қ.А.Йассауи
атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мұрындық болуымен
топтастырылып 2006 жылы Түркістан қаласында жарыққа шықты. Бұл жинақта
белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ел ағаларының, ақын-
жазушылардың естеліктерімен қатар, Жәнібеков мұрасын зерттеумен шұғылданып
жүрген жас ғалымдардың еңбектері де берілген.
Нұржан Әбілдаев пен Айғаным Серім сәйкесінше Өзбекәлі Жәнібектің
этнологиялық ғылыми еңбектерінде шаруашылық түрлері мен материалдық
мәдениет үлгілерінің зерттелуі және Ө.Жәнібек және қазақ өркениеті деген
тақырыптарда зерттеу жүргізген. Бұл еңбектерде Отырар өркениетін
зерттеуші, Наурыз тойы туралы, Тарихи жәдігерлерді жаңғыртушы,
Музейтанушы, Өнер жанашыры, би өнері тарихын зерттеуші, Қазақтың
тұрғын үй тарихын зерттеуші, Ұлттық киім үлгілерін зерттеуші сияқты
бөлімдерде Өзбекәлі Жәнібектің ғылыми зерттеу еңбектеріне орынды назар
аударылған. Оның әр саладағы жете мән берген жайттары, көпшілік біле
бермейтін дүниелерді жаңғыртудағы, яғни этнограф ретіндегі халықтың тұрмыс-
тіршілігінің ерекшеліктеріне жете зерттеген ғалым тұрғысында жоғары баға
беріледі. Әсіресе, Отырар тарихын зерттеуші ретінде оның ерекше
көзқарастары атап көрсетіледі. Кейбіреулер Өзбекәлі Жәнібекті бұл кітапты
өзінің туған жері Отырар болғандықтан жазған деп айтуы мүмкін. Ал,
шындығында Өзбекәлі Жәнібек жалпы қазақ халқының мәдениетін, тұрмыс-салтын
Отырар қаласының өркендеп дамуымен байланыстыра зерттеген, оған Отырар
өркениеті деген ат берген [21].
Көне қалалар жайын сөз еткенде, Өзағаңның Түркістан тарихын
зерттеуге, осындағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесін жаңғыртуға қосқан үлесін
айтпай кетуге болмас. Зерттеушілер де мұны назардан тыс қалдырмайды.
Көрнекті қоғам қайраткері, ғалым М.Жолдасбеков Түркістанның тағдырына
қатысты Өзағаңның еткен еңбегіне біраз қанық жан. Түркістан, ондағы Әзірет
Сұлтан қорығы қазақ тарихының ең қасиетті жерінен саналады. Бұл біздің ең
жанды жеріміз. Соған қарамастан, білетіні бар, білмейтіні бар – талай адам
араласып, қасиетті Түркістанның тағдырын дұрыс шеше алмай келеді.
…Тарихымыздың, әсіресе ескерткіштеріміздің білімпаздарының бірі –
Өзбекәлі ағамыз еді деп жазды М.Жолдасбеков [50]. Қазақ музейлері
журналының 2006 жылғы №9 санында Ө.Жәнібековтың 75 жылдық мерейтойына орай
бірнеше материалдар жарияланған. Т.Рыскелдиевтің Жәнібеков феномені —
Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы мақаласында
Жәнібековтың Әзірет Сұлтан мемлекеттік мәдени-қорық мұражайын
қалыптастырудағы еңбегі айтылады. Бірбеткей тұлғаның кеңестік өкіметтің
қаһарынан қан тамған уақытының өзінде қасиетті мекенді қызғыштай қорып,
оның жаңарып, жаңғыруын көксеп, сол мақсатта қажымас қайрат пен қайсарлық
танытқандығы сөз болады [84].
Өзағаңның тарихи жайттарға үлкен мән беріп, жәдігерлер жинауда,
жалпы, оның ғылыми еңбектерін бағалауда жақсы пікір қалыптасқан.
Т.Жаубасованың Өнер өріндегі алып тұлға атты мақаласы қазақ өнерінің
жанашыры, қамқоршысы Ө.Жәнібековтың мұражай ісіне аса зор ықылас қойып,
тарихи жәдігерлерді сақтап қалуға мән бергендігін тілге тиек етеді. Бір
кезде Алматыдағы ұлт аспаптар мұражайының құрылып, қалыптасуына мұрындық
болған Өзбекәлі Жәнібековтың осы істі аяғына дейін жеткізу үшін басынан
небір қиындықтарды кешіргені жазылған [49].
Осы тұрғыдағы ғылыми пікірлер Н.Әбілдаев пен А.Серімнің еңбектерінде
де кездеседі. Мәдениет министрлігінде музей ісіне ресми басшылық жасаған
Қараман Сәлменұлы былай деді: Қазақстанда жасалар музейдің басшы-қосшы –
ұйымдастырушыларын Өзекең өзіне алдын-ала жинайтын, мәдениет министрінің
орынбасары ретінде олардың пікірін тыңдайтын. Асықпай тыңдап алып, соңынан
бұл музей меніңше мына бағытта жасақталуы керек деп өз пікірін айтатын. Шет
елдердегі музейден мысалды молдап келтіретін. Мынадай әдебиеттерді оқып
шығуларыңызды өтінемін деп белгілі, белгісіз бірсыпыра ғалымдар еңбегін
айтатын. Музей концепциясын осыларға сүйеніп жасайық. Ол мына бағытта
жасалсын дейтін. Музейдің концепциясын қолмен қойғандай анықтап, айтып
беретін, — дейді [21].
Алаш қозғалысын, Алашорда үкіметі қызметін жаңаша бағалауға, жаңа
көзқараспен қарауға бастау болған арыстарды ақтау ісінде Өзекеңнің сіңірген
еңбегін тарихшылар ұмытпақ емес. Бұл жөнінде М.Қозыбаев 1985 жылы алғаш
бастама көтергенде, оның ісі комитет бюросында қаралып, тіпті ұлтшыл деп
шешім де даярлап қойғандар болады. Д.Қонаев бұл мәселені кейінге қалдыруды
жөн көреді де, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Кейін Өзағаңның
тікелей араласуымен, бұл іс қайтадан қолға алынып, арнайы комиссия жұмыс
жасайды. Тарихшы М.Қозыбаев осы ақиқатты анық көрсетіп берді: …Бұл күні
Алаш көсемдерін өзі қайтарғандай, өзі ақтағандай жандар кездеседі. Шын
мәнісінде бұл іске басшы болып, көш бастаған Өзекең еді [66].
Ақтаңдақтарды ақтау ісі қаншалықты қиын болғаны жөнінде басқа
комиссия мүшелері де жазды. Әсіресе, көш басында Өзбекәлі Жәнібектің
болғанын баса көрсеткендер бар. Оның бастаған істі аяғына жеткізбей
қоймайтындығы және ұлт тарихына қиянат жасауға жол бермегендігін
дәлелдейтін жолдарды академик С.Қирабаевтың мақаласынан кезіктіреміз.
…Ең соңында Міржақып Дулатов ісі қаралды. Бұл істің басқалардан гөрі
қиын жағдайы бар еді – Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысы бар
(Аманкелді өлтірілгенде, Торғайды Міржақып билеп тұрған) деген әңгіме
тараған. Сондықтан да бұл мәселені батыл көтеруге ешкімнің де жүрегі
дауаламады. Бір күні менің Өзбекәлі шақырыпты. Барып ем, ол әңгімені өзіне
Міржақыптың қызы Гүлнардың келіп кеткенін, Ахметтерді ақтағанда, өмірін сол
кісімен бірге өткізген әкесін тастап кеткеніне реніш білдіргенін айтты.
Гүлнар апарып көрсеткен құжаттармен, әр түрлі қағаздармен танысыпты.
Қауіпсіздік Комитетіне Аманкелдінің өліміне Міржақыпты қатысқан,
қатыспағанын анықтап беруді сұрағанын айта отырып, оның әдеби шығармаларын
қарап, қорытынды жасауды тапсырды. Қауіпсіздік комитеті Аманкелдіні
өлтірушілердің тізімінен Міржақыптың есімін таппады. Сөйтіп, Міржақып та
ақталды. Мен бір нәрсеге қуанамын – дәл осы тұста Орталық комитеттің
идеологиялық жұмысы басында, Өзбекәлі емес, басқа біреу отырса, осы
мәселелерді біз ойдағыдай шеше алмаған болар едік… [10].
Тарихшылар қауымы Қазақстан тарихының оқытылуын жолға қойып кеткені
үшін-ақ Өзағаңның алдында борыштар. Бұл орайда, қостанайлықтар да
мақтанышпен айтарлық жайт бар. Себебі, ең алғаш Қазақстан тарихы курсын
мектептер мен балабақшалардан бастап оқытып, жоғарғы оқу орындарының
бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс айтып, 1987 жылы сол кездегі Орталық
Комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке хат жолдаған Қостанай қаласының тумасы
Аманжол Күзембайұлы болатын [60]. Осы ұсынысты жерде қалдырмаған қазақтың
асыл азаматы Өзекең дереу білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовке тапсырма
беріп, іс дұрыс жолға қойылған. Көп ұзамай, мектептер мен жоғарғы оқу
орындарында Қазақстан тарихы пәні оқытыла бастады. Бүгінгідей еркіндік жоқ,
Кеңес үкіметінің құрсауында болған сол заманның өзінде ерлікке пара-пар
шаруалар тындырып жүрген халықтың ұлдарын қалай ұлықтаса да артық емес.
Диплом жұмысының теориялық және әдістемелік негіздері:Диплом жұмысын
жазу барысында арнайы-тарихи әдістер, соның ішінде генетикалық, жүйелеу
әдістері қолданылды. Сондай-ақ, зерттеу жұмысындағы нақтылы оқиғалар мен
құбылыстарды зерттеуге бағытталған нақты-проблемалық әдіс пайдаланылды.

Мақсаты: – Өзбекәлі Жәнібековтің мемлекет пен қоғам, ұлт мүддесі үшін
еткен еңбегін, қазақ өнері мен мәдениетін зерттеуге қосқан қомақты үлесін,
ұлы мұрасын зерттеп-білу.

Міндеттері:
— Өзбекәлі Жәнібековтың туған жері, өскен ортасы туралы деректерді
зерттеу;
— Жәнібеков ғұмырының негізгі кезеңдерін саралау;
— Торғай облысындағы қызметін жан-жақты барлау;
— Өзбекәлі Жәнібекұлының ұлт үшін жасаған ұлы істерінің, төл өнер мен
мәдениетке жасаған қамқорлықтарын сарапқа салу;
— Оның қазақ өнері мен мәдениеті саласында жүргізген зерттеулерінің
маңызын түсіндіру;
— Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мұра жанашырын дәрітеу

Диплом жұмысының құрылымы: Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, алты
тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және сілтемелер
мен қосымшадан тұрады.

І Өзбекәлі Жәнібековтың өмір жолы

1.1 Ө. Жәнібековтың туып-өскен ортасы және үлкен өмірдің алғашқы
қадамдары

Өзбекәлі Жәнібеков — табиғатында адалдық пен тазалықтан жаратылғандай
жан. Тік мінезді, ержүрек батыр кісі еді. Ол нені болса да бүкпей, жалтарып-
бұлтармай бетке айтатын, турашыл болатын. Өзіне де, өзгеге де қатал талап
қоятын және бір бастаған ісін ақырына дейін жеткізетін. Өзекең өмір бойы
тура жүріп, тек ақиқат шындықты ғана айтуға тырысқан өр кеуделі, қыран
мінезді, кесек бітімді тұлға болатын-деп, жазушы Әбілмәжін Жұмабаев баға
берген еді [54].
Өз заманының заңғары — Өзбекәлі Жәнібеков қазіргі Оңтүстік Қазақстан
облысы, Отырар ауданына қарайтын, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсында
Сарықамыс мекенінде 1931 жылы тамыздың 28 жұлдызында дүние есігін ашқан.
Азан шақырып иеленген есімін Өзекең былай сипаттайды: Ескі дәстүрмен ата-
анам көршілерін шақырып, шілдехана жасап, ауылдағы ең қадірмен көнекөз қарт
Өзбек ақсақалдың құрметіне Өзбекәлі деп ат қойыпты. [20]
Әкесі — Жәнібек Құдиярұлы, анасы — Қаныша Томашқызы қазақ ауылдары
ұжымдасқанға дейін қорасында қара малы көп болмай, диқаншылықпен
айналысқан. Өзбекәлі туған соң, көп уақыт өтпей әкесі қайтыс болып, анасын
жақын туысқандарының бірі — Серім Сейітбекұлына әмеңгерлік жолымен қосады.
Бауыры Спандияр Ұлы Отан соғысы кезінде хабарсыз кетеді. 7 жасында, яғни,
1938 жылы Өзбекәлі мектепке оқуға барады. Сабақта зерек болуына әпкесі
Мәдиненің ықпалы ерекше болды. Оқыған кітаптарының мазмұнын, неше түрлі
ертегі-әңгімелер айтып беріп, дәптерлерін қарап, дұрыс оқуына
көмектесетін. Өкінішке орай, келесі жылы Мәдине қайтыс болады.
1939 жылы оларды Серім Сейітбекұлы өзі орналасқан Отырар құландысының
маңына көшіріп алады. Күнкөріс жағдайы төмен болып, екі керегеден
құрастырылған баспанада өмір сүре бастайды [22]. Тоғыз жасына қарағанда
анасы дертке шалдығып, ақыры келмес сапарға аттанады. Бұл жайлы Өзбекәлі
Жәнібеков былай деп еске алады: …Ертеңіне сәскеге таман Рахия шешеміз
шайлаға барып келіп, мені оятып: балам, басыңды көтер, шешеңнен
айырылыпсыңдегенді айтты. Жылайын десем, көзімнен жас шықпайды, сіресіп
қатып қалыппын. Сол күні кешке қарай апамды Арыстанбаб әулиенің маңындағы
ескі мазаратқа жерледік. Мен болсам іштей тебіренгендіктен бе, әлде бойымды
күйініш сезім биледі ме, әйтеуір апамның денесін жерге бергенде де көзімнен
жас шықпай, іштей тынып тұра беріппін. Бәлкім, баланың қиял елесі болар,
осы бір сәтте менің көзіме әулиенің үстінен көк түтін көрінгендей
болды…. [10]
Кейін ағайын-туыс, ауылдас жиналып, Өзбекәлінің болашақ тағдырын
Талқыға салады. Ақылдаса келіп, оны Серімнің үлкен ұлы Қожанның қолына
беруге келіседі. Оған негізгі себеп — Қожанның әйелі Зәкияға, оның екі
жасар ұлы Төреханды, әлі жүре қоймаған қызы Мырзакүлді тәрбиелеуге
көмектеседі деген ой еді.
Соғыс жылдарында балалар оқуды тастап, күнкөріс қамына көмектесіп
кеткенде де Өзбекәлі оқуын жалғастыра береді. 1945 жылдың күзінде
жетіжылдықты бітіріп, аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта
мектептің сегізінші класына оқуға түседі. Интернатта жүрген күндерін
Өзбекәлі Жәнібеков былай еске алып жазады: Интернатта жатамыз. Көрпе-төсек
жоқ, үйден әкелген бір тілік киіз үстіне аунай кетеміз. Таң ертең 200 грамм
қара нан мен 1 кәмпит береді. Түсте бір тостақ атала, 200 грамм нан, кешке
тағы да 200 грамм нан, жалғыз кәмпит береді. тек қайнаған су жеткілікті.
Шайды да, көжені де қалайы тостақпен ішеміз. [1] 1948 жылы орта мектепті
бітіріп, Алматыға келеді. Өзекеңнің таңдауы Абай атындағы Қазақ
педагогикалық институтының тарих факультеті болды. Қоғамдық пәндер: тарих,
қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиетінен, сонымен қоса,
жағрапиядан қабылдау емтихандарын тапсыруға тура келеді. Тарихтан,
жағрапиядан, қазақ әдебиетінен үздік баға алып шығып, қазақ тілінің
грамматикасына келгенде ақсаңдап қалады. Ең қызық, есте қаларлық оқиға
орыс тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырғанда болды. Екі аудиторияда бөлек-
бөлек диктант жаздырған оқытушылар орыс тілінің грамматикасынан бірге
отырып емтихан алатын болды.
Өзбекәлі Жәнібековты қарсы отырғызып, Анастасия Сергеевна Жукова
деген кісі: Ты у кого писал диктант? деді де, сұрағын нақтылай: У меня
или у нее? дегенді айтады. Талапкер қалай жауап берерін білмей тебе
написал деп өзін көрсетеді. Ол кісі орыс тілін біледі екенсің дегендей
басын шайқап, оның жазған диктантын тауып қағаздар арасынан ақтарып,
көргенде таңданысын жасырмады. Слушай, ты оказывается, на тройку писал,
молодец, давай бери билет и отвечай — дегені қызық болатын. Сөйтсе,
аудиторияда диктант жазған 33 талапкердің біреуі 5-ке, үшеуі 3-ке,
қалғандардың бәрі 2-ге жазған екен. Сол үшеудің бірі — Өзбекәлі ауызша
жауап беруге келгенде, сөзсіз қиналады.
Орыс әдебиетінен емтихан алған Е.Ландау деген кісі Чеховтың
Человек в футляре деген әңгімесі жайында айтып беруді өтінді. Әрине,
қазақ тілінде болса, тап-тұйнақтай жауап берер едім, орысша тілім жетпесе
де язык короткий, язык не хватает деген тіркестерді оңды-солды
пайдалана отырып, әжептәуір жауап бердім. Емтихан алушының риза болғаны
сонша 4 деген баға қойып берді. Сөйтіп, қазақ тілі мен әдебиетінен жалпы
баға 4, орыс тілі мен әдебиетінен 3 болып шыға келді .[1]
Емтихан тапсыруға келген жеті баланың бәрі емтиханнан құлап, ауылға
қайтады. Емтиханды ойдағыдай тапсырғандықтан, институтқа қабылданатын
болдым деп ойлаған Өзбекәлі оқу басталғанға дейін елге барып келмек болып
соларға ереді. Қайтып оралғанда, оны кетіп қалды деп ойлап, оқуға
қабылдамай тастағанын бір-ақ біледі. Институт директоры С.Толыбековтың
қабылдауында болған ол студенттікке үміткер болып, лекция, семинар
сабақтарына қатысуға рұқсат алады. Осы тұста жас та болса талабы таудай
талапкердің табандылық танытқанын байқаймыз.[9]
Туа бітті қабілетті Өзбекәлі ұстаздарынан тәлім-тәрбие алып, білімге
аса ден қояды. Бос уақытын оқу залында, кітапханада отырып білім алуға
арнайды. Салмақты, ұяңдау, бұйра шашты, қараторы әдемі жігіт әншілігімен,
дарындылығымен студенттер арасында тез беделге ие болады.
Студенттік уақытта жатаханадан орын болмай, қазіргі Әйтеке би (бұрынғы
Октябрь) көшесінің Ыстықкөл көшесімен түйіскен жеріндегі бір қарт еврейдің
үйінен орын жалға алып тұруға тура келеді. Бұл жағдай туралы Өзекең былай
деп еске алады:
Айына 100 сом төлеп тұруға келісілген бұрышқа қаражат таба алмай
жүргеніме бес айға жуық уақыт өтті. Өздері жоқшылықтың тауқыметін тартып
отырған байғұстар сыр білдірмеді. Менің тарығып жүргенімді көріп, таңертең
дастарқанға отыруға шақырса, әдеп сақтап, бармайтынмын. Жан қиналып бара
жатқан соң, елдегі Бибай деген немере әпкеме хат жолдап, көмек сұрауға тура
келді. онан 500 сом телеграфпен келе қойды. Үйдің қожасының қолына
ұстатсам, жарықтық, жатқан жерің торқа болғыр, алмады.
— Қарағым, сенің тарығып жүргеніңді көріп отырмыз. Құдайға шүкір аштан
өлейік деп отырған жоқпыз. Өзіңе жаратсаңшы, — дегенді айтты.[9]
Мен де оның ырқына көне қойған жоқпын. Қайта-қайта тықпалап жүрі, 200
сомын кемпірінің қолына әзер ұстаттым. Қазіргілер болса ғой, мұндай
бейбас студентті бұрышқа ақысын алдын ала төлеп қоймадың деп-ақ үйінен
қуып шығар еді. Қандай адамгершілік десеңші!
Ес жиып алған соң осы қайырымды қарттарға алғысын білдіріп, сый-
сияпат көрсетпек болып Алматыға әдейі келген Өзбекәлі Жәнібеков жер сипап
қалғандай болды. Қарттар қайтыс болған екен. Олардың үйінің орнына екі
қабат монша салыныпты.
Жан-жақты жігіттің достары да көп болғаны анық. Әсіресе, осы оқу
орнында, физматта оқитын Ауданбек есімді жігітпен кітапханада танысады.
Онымен бірге кітапханадан шықпай, ұзақ күнін ізденіспен өткізетін. Ал, оның
студент болғанда да, талабы таудай, өресі биік екенін достары да үнемі
тілге тиек етеді. Өзекең өзі ізденіп қана қоймай, білгенін басқалармен
бөлісіп жүрді. Кейін бұл көмегі үлкен ғылыми жұмыстарға да негіз болады
[2].
Өзекеңнің әл-Фараби туралы маған алғаш дерек беруіне келсек, ол
былай болған еді. Соғыс жылдарынан кейін Қазақ ССР тарихының бір томдығы
жарыққа шықты. Сонда әл-Фарабидің қазақтан шыққан тұңғыш ұлы ғұлама
екендігі туралы қысқаша ғана мағлұмат берілген екен. Мен жалпы ғылыми-
философиялық мәселелерді біраз білгенмен, қазақ тарихына, этнографиясына
онша мән бермейтін едім. Жалпы идеологиялық ұстанымды берік құптап, оның
үстіне тәрбие солай болды ма, орысжандылау едім, ал Өзбекәлі болса, сол
кездің өзінде-ақ ұлтжандылық көзқарасқа бекем бел буған екен ғой деп
ойлаймын [1].
Кейін Мәскеуде араб ғылымынан (математикасынан) кандидаттық
диссертация қорғап, әл-Фараби мұраларын жиыстыруға, зерттеуге біржола
кіріскенде, Өзбекәлінің қолдауын көп көрдім. Сол қолдау жалғасын тауып,
1989 жылы ол Орталық партия комитетінің хатшылығына келген кезде менің
шықпай жүрген әл-Фарабидің педагогикалық мұрасы атты монографиямды қолма-
қол шығартып берді. Осы және басқа кітаптар негізінде 1990 жылы Ташкентте
арнайы диссертация жазбай-ақ, ғылыми баяндама түрінде бірауыздан докторлық
диссертация қорғадым[18].
Жалпы алғанда, Жәнібеков әл-Фарабидің өз еліне оралуына орасан зор
еңбек сіңірген көрнекті қайраткерлердің алдыңғы қатарында тұр. Бұл
жөніндегі оның еңбектері айтылып, еленбей келеді. Бұл бөлек сөз болатын
мәселе.
Өзбекәлі Жәнібековтың керемет қасиеттерінің бірі — оның жалындаған
студенттік шағындағы өнерпаздығы болатын. Музыка мен театр өнерін ұштастыра
алып жүрген. ҚазПИ-де ерлі-зайыпты халық артистері Орлов пен Пироговалар
басқаратын вокалдық сабаққа қатысып жүрді. Сонымен қоса, Қапан Бадыров
жетекшілік ететін драмалық үйірмеге де белсене қатысқан. Ғабит Мүсіреповтың
Ақан сері-Ақтоты пьесасында балуан бейнесін керемет көрсете білген [21].
Солай, қызығы пен қиындығы қатар жүретін студенттік кезең артта қалып,
болашаққа қадам басқан-мұғалімдік қызметі Қазақстанның Өзбекстанмен
шектесетін қиыр оңтүстігіндегі Келес ауданының Ленин жолы орта мектебінде
басталды. Осында жүріп Шымкенттегі мұғалімдік институтты бітіріп туған
ауылына келген Халихан есімді қызға үйленеді[21].
Мектеп директоры Омар Есімов жылы шыраймен қарсы алып, оқу орнының
өзіне бекітілген пәтерлері мен жатақханасы болмағандықтан, ҚазМУ-ді бітіріп
келген қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Сейдахмет Батаевпен екеуін осында
тұратын бір азаматтың үйіне орналастырады. 500-ге тарта бала оқитын осы бір
үлкен мектептің ұжымымен алғашкы сәтген-ақ, өмір бойы бірге істескен
адамдардай араласып кеткендіктен, ұстаздық етуге құштарлығының шегі жоқ
еді.
Мойнына артылған жауапкершіліктің қандай екенін сезіп, білген Өзекең
өз жұмысына бар ынта-жігерімен кіріседі. Егер оқушы берілген сұраққа дұрыс
жауап қайыра алмаса, бұзақылық жасаса, тапсырманы толық орындамаса, оған ең
алдымен өзін кінәлі сезінетін. Оның үстіне тарихтан сабақ беретін орыс
кластарында көбіне жасы өсіп кеткен, мінез-құлқы, білім дәрежесі, өмірге
көзқарасы әр қилы грузин, неміс, поляк, грек, армян, татар, шешен, қарашай,
балкар ағайындардың балалары оқитын. Олардың басым көпшілігі соғыс кезінде
оқудан қол үзіп қалғандықтан, өз бетімен еркін қалыптаса бастаған және ата-
анасымен мұнда арнайы жер аударылғанға дейін өз ана тілінде оқығандықтан,
орыс тіліне дағдылана қоймаған еді.
Бұрын жөнді мән берілмей келген ұлттық қасиеттердің тереңге меңзейтін
және шәкірттің адам болып қалыптасуына тікелей ықпал ете алатын құбылыс
екенін Жәнібеков сол Ленин жолында мұғалім болып жүргенде ұқты десек,
қателесе қоймаспыз. Мұның өзі кейінгі қызметінде ұлтаралық қатынастардың
ерекшеліктерін жете түсіне білуіне көмегін тигізді [28].
Ұлттық құрамы әр түрлі, ой-өрісі әр қилы кластарда сабақ беру оңайға
түсе қоймағанымен, ол үшін үлкен өмір мектебі болды. Негізгі қиыншылық
әрине бесінші, алтыншы кластарға дейін ана тілінде оқып келіп, Қазақстанға
арнайы қоныс аударылғаннан кейін, сол кластарға қайтадан отырып, бірден
орыс тілінде тәлім-тәрбие ала бастағандардың кейбіреулерінің адам ұғына
қоймайтындай шала-шарпы былдырлатып сөйлейтінінде, екіншілерінің ыңқылдап,
ойланып-толғанып босқа уақыт өткізіп алатынында, ал үшіншілерінің өз ойын
жеткізе алмайтындықтан, сөйлеп әуре болмайын дегендей, орнынан тұрғанымен,
ләм деп аузын ашпай қала беретінінде еді. Мектеп директоры О. Есімовпен,
оқу ісінің меңгерушісі В. Цоймен, орыс тілінің мұғалімдерімен, ата-аналар
комитетімен ақылдаса отыра, арнайы қоныс аударғандардың балаларын қосымша
сабақтарға, кластан тыс жұмыстарға, көркемөнерпаздар үйірмелеріне, спорт
секцияларына кеңінен қатыстыруға, әр түрлі жиындарда сөз сайлеуге
дағдыландыруға көңіл бөлінеді. Нәтижесінде тоғызыншы, оныншы кластарға
қарай мұндай оқушылар өзгелермен теңеле бастайды [47].
Осындайда шәкірттердің өзара достық, бауырмалдық қарым-қатынаста
болуын қадағалаудың өзі ұйымшыл, ауыз бірлігі, ынтымағы күшті оқушылар
ұжымын қалыптастыруға ықпал етеді екен. Мұны өзі жетекшілік еткен алтыншы
кластың өмірінен де көргені бар. Бұл жайды Ө.Жәнібеков былайша еске алады:
Мен үшін небәрі үш-ақ жылға созылған мұғалімдік қызметтен байқағаным —
ұстаздық етуге бел байлаған адамның шынында да үйретуден жалыға қоймайтыны.
Жасыратыны жоқ, шәкірттерімді қатаңырақ ұстағаным рас. Кейде тым қатты
кетіп қалдым ба деп ойланып қалған сәттерім де болған. Бірақ ешқашанда
олардың ар-намысын қорлаған емеспін. Өздері үшін күйіп-пісіп жүретінімді
шәкірттерім де жақсы түсінетін.
Бір жолы тұмауратып жатып қалдым. Ол кезде әлі үйлене қойған жоқ
едім. Олардың өздерін қоярға жер таппай әбігер болып, дәрігерге жүгіріп,
дәріханаға барып, базардан дәм тасып әлекке түскенін көргенде еңбегімнің
босқа кетпейтінін алғаш рет сезінгендей болдым [1] .
Сол бір кезден қанша уақыт өтсе де оқушылары естен кеткен емес. Кім
білсін, ер жетіп, есейіп кеткен шәкірттерінің біразы қазір мемлекеттік
шекараның ар жағында қалып, Германия мен Польшада, Грекия мен Балтық
елдерінде, Украина мен Грузияда, Армения мен Әзірбайжанда, Шешенстан мен
Кабардино-Балкарияда жүрген шығар,мүмкін. Қайда жүрсе де, ұстазы, аман-
есен, биікте болуына тілекші [25].
Ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жас маман тезірек
көзге түсті. Бір жолы аудандық Білім қоғамының тапсыруымен далада арық
қазып жатқан адамдарға халықаралық жағдай туралы лекция оқуға барады. Күн
ауған шақ, түскі демалыс кезі болатын. Жиналғандардың негізінен қарттар мен
әйелдер екенін көріп, түсіне қойса жақсы, түсінбесе ше, онда не істеймін
деп жүрексіне отыра екі кетпенді тікесінен тұрғызып, ортасына дүние жүзінің
саяси картасын іліп қойып, сөйлей бастағаннан-ақ бір ақсақал:
— Балам, әлгі Америка дегеннің жері қайсы, көрсетіп жіберші,
Қытайдікі қайсы, — деп сұрап алды да, — Е-е біздің жеріміз олардікінен екі
есе үлкен екен ғой, — деп таңданғандығын білдірді.
Сол-ақ екен, тыңдаушылармен бірден тіл табыса кетті. Жиналғандар
сұрақтар беріп жатты. Бір жарым сағаттың қалай өткенін Өзбекәлінің өзі де
білмей қалады.
Жиын бітісімен өткен аудандық комитеттің пленуымында сөз сөйлеген
Димитров атындағы ұжымшардың парторгі лекцияға ризашылығын білдіріп, әдетте
лектордың тыңдаушылардың құрамына, түйсік-түсінігіне, рухани деңгейіне мән
бермейтіні, дайындаған қағазынан басын көтермей оқып беретіні және мұндайда
лекциядан мардымды әсер қала бермейтіні жайында айтып береді. Осы жағдайдан
кейін, аудандық партия комитетіндегілер жас коммунист ретінде Жәнібековты
ел арасындағы үгіт-насихат, мәдени жұмыстарына тікелей қатыстыра бастайды.
Күндердің бірінде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Көшербай
Ысқақов Өзбекәліні кабинетіне шақырып алып, бұған дейін аудан
көркемөнерпаздарының облыстық байқауға қатыспай келгенін айтып, тез арада
аудандық мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бейсенәлі Қырғызәлиевпен бірге
көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, Шымкентке барып қайтуды тапсырады.
Аудандағы дарынды, өнерлі жастарды таңдап алып, бағдарлама түзіп, облыстық
байқауға қатысады. Тіптен үш адам республикалык байқауға да қатысып,
табыспен оралады [19].
1955 жылды жайдары жаздың соңғы айы болатын. Мұғалімдердің аудандық
мәслихаты жақындап қалған. Мектептегі тәлім-тәрбие жұмысы мен оны жақсарту
жолдары деген тақырыпта екінші баяндама жасау Ө.Жәнібековке
жүктелгендіктен, оны алдын ала талқылауға қатысып, түскі демалыста үйге
қарай беттеп келе жатқанда, аудандық комитеттің алдында күтіп тұрған үгіт-
насихат бөлімінің меңгерушісі Қ. Орынбаев қол бұлғап шақырып алады да,
бірінші қабаттағы мәжіліс залына кіргізіп жібереді. Бюро мәжілісі жүріп
жатқан болатын. Бөлім бастығы бір ауыз сөз жазылмаған ақ қағазды алды да:
Өзбекәлі Жәнібеков… аудандық партия комитетінің штаттағы насихатшылығына
(ол кезде нұсқаушы деңгейінде осындай лауазым болатын) ұсынылады деп
баяндады [79]. Өзінің қатты таң қалғанын Жәнібеков өз естелігінде былай деп
сипаттайды: Бюроны басқарып отырған К.Ысқақов менің пікірімді сұрады.
Қолымнан әкімшілік қызмет келмейтінін айт-тым. Ол болса Сен не, бізді әкім
деп ойлайсың ба? деп тастады. Мен де ыңғай бере қоймай: Көшеке! Сіз
кешіріңіз, мен дұрыс айтпаппын, командовать ету қолымнан келмейді дегенім
ғой дей беріп едім, қалған бюро мүшелері қосылып Сен өзің не деп тұрсың,
сонда осында отырғандардың бәрі командующийлер ме? деп қаумалап ала
жөнелді. Сөзге ауаткомның төрағасы Ө. Тастайбеков (бұрынғы балық
шаруашылығының министрі) кірісіп: Есть предложение утвердить деп салды.
Бекітіліп кететін сиқымды байқап, тағы да сөз сұрап алдым да: Сіздер
кешіріңіздер, менің түсінігім бойынша, әдетте кез-келген кеңес мекемесіне
қызметке аларда, алдымен ол адамның пікірін сұрайтын, арыз жазғызып, листок
толтыртып алатын еді. Менің пікірімді де біреу-міреу білгісі келетін шығар
деп ойлаған едім. Орынбаев жолдастың қолында бір парақ ақ қағаздан басқа
түк жоқ [79]. Әлде партия комитетіне қызметке алатын тәртіп өзгеше ме?
дедім. Ысқақов болса, жұрттың көзінше бөлім бастығына не дей қойсын, маған
қарап: Біз сені Орынбаевсыз да білеміз. Мүшелікке қабылданғанда, партия
қайда жіберсе, сонда барам деген едің ғой. Бәлкім, ұсынылған қызметті
айлығы аз деп менсінбей тұрған шығарсың, а? — дегенді айтты. Шынтуайтына
барсақ, ол жағы да белгілі ғой. Жаңадан үйленген адамға мектепте жүргенде
1500 сомнан айлық алып келіп, енді 740 соммен күн көру оңайға түсе
қоймайтын еді. Әйтсе де жағдайды қиындатқым келмей: Жо-жо-жоқ, олай
демеңіз дедім. Ысқақов: Ендеше дауысқа қоямын деді. Бюро мүшелері
барлығы бірдей басын изеді. Сөйтіп, табан астынан партия қызметкері болып
шыға келдім [79] .
Бұл жаңа қызметінің алғашқы сыны ғана болатын. Өзбекәлі осы нұсқаушы
қызметінде жүріп, жас та болса қолынан біраз істің келетінін көрсете білді.
Алғашында басқа партия қызметкерлері сияқты бар жұмысы кабинет ішіндегі
қағазбастылықтан арылмаса, шамалы уақыттан соң мұны жөнсіздік көріп, әр
мәселені өз орнында шешуге бел буады. Көш жүре түзеледі дегендей, басқа
түскеннен кейін мақта шаруашылығына қатысты білімді сол егіс алқаптарында
үйренеді. Мақталықты өңдеу және суару жұмыстары жүргізіліп жатқан кез
болатын. Мақташы ұжымшарына аудандық комитеттің уәкілі болып баруға тура
келді. Мақталықты аралап көргенде оның ойлы-қырлы жерге
орналастырылғандығын, жүйектермен жіберілетін суды бас жағынан алдын ала
дайындалған шыммен реттеп отырмағандықтан әркелкі ағатынын аңғарады. Су
шықпаған жер ойдым-ойдым болып қалып қойғанымен күнделікті ақпарға
суарылған жерлер болып көрсетіле береді екен. Кейіннен тексеріп қарағанда,
мақталықтың 35-40 проценті бірде-бір рет суарылмаған болып шығады. Арық
жағалап, сушылармен жұмыс істеп жүрген адамды да кездестірмейді. Оның
үстіне ең ыңғайлы деген жерлерге көрші Өзбекстаннан жалданғандар қауын,
қарбыз, басқа да базарға арналған дақылдар еккендіктен мақталыққа бөлінген
мөлшерлі суды көбіне солар бұрып ала беретіні байқалады. Акт жасап, шара
қолдану үшін тиісті орындарға тапсырғанымен, ұжымшар төрағасы М.Садықбеков
қайтарып ала берді. Сөйтіп, не керек ісі оңға баспай қояды [24].
Бір күні аудандық комитеттің бюросына шақырып, жауап беруді талап
еткенде Садықбеков беті бүлк етпестен уәкілдердің жұмыс істемейтінін айтып,
пәленің бәрін жауып шыға келді. Өзекең шыдамы таусылып, мақталықты суаруда
қалыптасқан жағдайды бүге-шігесіне дейін түгін қалдырмай баяндап береді.
Тіптен ұжымшарға күнделікті бөлінетін судың мөлшері бойынша әр күні 8-10
гектарға дейін суаруға болатынын, бірақ жоғарыда айтылған себептермен 1-2
гектардан артық суарылмай келе жатқанын айта келіп, ұжымшар төрағасының
жұмыс стилін сынға алады. Ол шынында да шаруашылықта не болып жатқанын
білмейтін, бұлар құсап арық жағалап, судың тиімді пайдалануын
қадағаламайтын. Жәнібеков Жылқышиевтан өзінің келіп, шаруашылықпен танысуын
сұрайды. Солай болады да. Атқа мініп, бүкіл мақталықты аралап шығып, барлық
сорақылықтарға көзі жеткеннен кейін, ұжымшар мүшелерінің жалпы жиналысын
шақырып жіберіп, Садықбековты орнынан босатуды ұсынады. Қарсы болатындар
табыла қоймайды. Партия қатарындағы қызметінің алғашқы қадамдарын
Ө.Жәнібеков жоғары бағалап, өмірдің мәнін ұға бастағанын байқайды [24].
…Байқап қарасам, аудандық комитетте насихатшы болып істеген сол бір
үш айдың ішінде тағы бір жоғары оқу орнын бітіргендей болыппын. Бұл үшін ең
алдымен аупарткомның хатшылары Жылқышиев пен Ысқақовқа міндеттімін деп
есептеймін. Ұстаздық еткендердің үйретуден жалықпайтынын осы бір екі
азаматтың іс тәжірибесінен, маған көрсеткен үлгі-өнегесінен тағы да ұқтым.

Көп ұзамай аудандық комитет басшыларының неліктен бұған назар аударып,
қызметін қадағалап жүргенінің себебі белгілі бола бастайды. Жақындап
қалған аудандық комсомол конференциясының қарсаңында К. Ысқақов өзіне
шақырып алып, аудандық партия комитетінің атынан жастар арасындағы
қызметке, нақтылап айтқанда, аудандық комсомол комитетіне бірінші
хатшылыққа ұсынатынын білдіреді. Сөйтіп, 1955 жылғы қараша айында өткен
аудандық комсомол конференциясында аудандық комитеттің бірінші хатшысы
болып сайланады [24].
Конференция өтісімен-ақ, жастарды нақтылы істерге жұмылдыру жағын
қарастыра бастайды. Мысалға алсақ, жастарды елді мекендерді көгалдандыруға,
олардың санитарлық тазалығын сақтауға, көркемөнерпаздыққа, спортпен
шұғылдануға, тағысын тағыларға қатыстыра түсу үшін аудан бойынша мәдениет
эстафетасын өткізу көзделді.
Бұған мынадай бір оқиға себеп болған еді. Бірде аудандық комсомол
комитетіне Социалистік Еңбек Ері, атақты Қызыл әскер ұжымшарының бұрынғы
төрағасы Байбек Ермеков келген болатын. Ол кісі денсаулығына байланысты
ұжымшардан босап, жаңа ғана аудан орталығындағы Ленин жолы ауыл кеңесінің
төрағасы болып сайланған еді. Есен-саулықты сұрасып болғаннан кейін былай
дейді:
— Балам, біздің Абай-Базардың адам көргісіз ұсқыны мынау. Әр жерде
бір тырбиған ағаш. Соғыстан бұрын бұл тұрақ ағаштан көрінбейтін, санитарлық
тазалығы да ойдағыдай еді. Аудан орталығын көгалдандыруды екеуміз бірігіп
қолға алсақ қайтеді? Қондыратын ағаш көшеттерін мен дайындасам, оларды
отырғызып, көктететін жастарды сен ұйымдастырсаң дұрыс болар еді.
Келісім бойынша аудан орталығын өн бойына кесіп өтетін негізгі
көшені әрбір комсомол ұйымына қадамдап бөліп береді. Аудандық комитеттің
бастауыш ұйымына да 33 қадам жер тиеді. Оған ағаш отырғызуға Жәнібеков өзі
де қатысады. Қосалқы көшелерді тазалауды, ағаш отырғызып көгалдандыруды
қыстақтың тұрғындары міндетіне алды. Қазір Абай-Базар (кейіннен Абай деп
атала бастады) ағаштан көрінбейді [19].
Мәдениет эстафетасына қатысушы әрбір комсомол ұйымының нәтижесін
көрсете бастаған іс-шараларды жүзеге асырғаннан кейін ғана белгіленген
бағытпен келе жатқан эстафетаны салтанатпен келесі ұйымға шығарып салатыны
келісілген болатын. Абайда мәдениет үйі болмағандықтан эстафетаны қарсы алу
үшін аудандық партия комитетінің мәжіліс залында Ауылына қарай азаматын
таны деген шартты лебізбен киіндірілген жастар балын өткізбек болады.
Кішігірім залға жұртты сыйғыза алмай әлек болады. Сырттан болса да көргісі
келгендердің кернеуінен есік-терезе қиратылды. Бір қызығы – бұзақылық
болмағаны. Тәртіп сақтап тарқасады. Әрине, терезенің сынуы – шараны
ұйымдастырушылардың көшбасында жүрген Жәнібековтың атын сын. Дей тұрғанмен
өз ісіне шындап берілген жас маманға басшылар да түсіністікпен қарап, әрі
қарайғы қызметінде қолдау көрсетеді. Бұл жайтты Өзағаңнан қалған келесі бір
жазбадан келтірілген үзіндіден анық байқаймыз [19].
Ертеңіне Жылқышиев шақырып жатыр деген соң жүгіріп шықсам бірінші
хатшы есігі қираған залдың аузында тұр екен. Сәлем берген болдым. Оның
ашуға булыққаны сонша: Бұдан былай бұл жерді сенің аяғың баспайтын болсын
деді. Ұрсуын ұрысса да, сөз саптауында жылылық сезілгендей. Мұны байқап,
көңілім орнына түсе бастады. Бірақ үндемедім. Аудан орталығында жұрттың бас
қосатын орны болмағаны ол кісіні де толғандырып тұрғаны көрінді. Көп
ұзамай, сол кісінің талап етуімен тілінген тақтайдың кесінділерінен
құрастырылған жазғы клуб тұрғызылды. Қысқа қарай төбесін жауып, суық та
болса сонда жиналып, лекция — концерттер, жастар кештерін өткізіп жүрдік.
Кейіннен Абайда үлкен Мәдениет үйі салынды [19].
Жастар арасындағы жұмысты жүйелеу мақсатымен оларды техниканы
игеруге, еңбек өнімділігін арттыруға, ырзыққа тырмысуға ынталандыру үшін
нақтылы шаралар белгіленеді. Комсомол-жастар бригадаларының, звеноларының,
мақта теретін агрегаттарды жүргізушілердің беделі арта бастады. Еңбек
тәртібін нығайтудың жолдарын қарастыра отырып, отызға дейінгілердің аудан
мекемелері мен шаруашылықтарында тек комсомол ұйымдары арқылы жұмысқа
қабылданатыны немесе жұмыстан шығарылатыны келісіледі. Мұның өзі жастарды
өндіріс орындарында тұрақтандыруға, комсомолдағы есеп-санақ жұмысын
реттеуге әсерін тигізді. Комсомол жиналыстарының мазмұны жақсара түседі.
Кемшіліктерді ортаға салу үшін Крокодил ауданды аралауда, Айырды
бүйірден сияқты әзіл-оспақ листоктары шығарылып тұрды, арнайы мәдени-үгіт
бригадасы жасақталды [57].

1.2 Жәнібеков ғұмырының негізгі кезеңдері

Өзбекәлі Жәнібеков атақ-мансап қуып, соның жолында істеген жоқ,
керісінше, ғұмырын да, мансабын да халқына, оның тарихы мен мәдениетіне
болшағына қызмет етуге арнады. Сондықтан оның есімін уақыт алға жылжыған
сайын ұлты алдында абыройы асқақтайтын тұлғалар шоғырына жатқызуға болады
деп есептейміз.
Өзбекәлі Жәнібековтың Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінде
әуелде хатшы, кейіннен бірінші хатшы болып қызмет істеген кезі 50-жылдарда
өрістей бастаған комсомол ұйымдарындағы ынталылық … жалғасы