Оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыру

0

Тема: Оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыру
МАЗМҰНЫ
Кіріспе … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … ..
1 Музыка тыңдау теориялық мәні … … … … … … … … … … … … … … … … ..
0.1 Оқушылардың музыка тыңдау негізін қалыптастыру … … … … … … … … …
0.2 Музыка мәдениетін ұғыну … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … …
2 Оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыру … … … … .
2.1 Мектептегі оқушылардың музыкаға жалпы қызығушылығы … … … … … …
2.2 Оқушылардың әр-түрлі жанрдағы музыка тыңдау ерекшелеіктері, эксперименталды нәтижесі … … … … … … … … … … … … … … … … … … …
Қорытынды … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … .
Пайдалынған әдебиеттер … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … …

КІРІСПЕ

Қазіргі қоғамның даму қарқыны білім берудің міндеттерін қайта қарауды талап етеді. Тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылдық даралығын дамыту, баланың бар мүмкіншілігін ашып, оны жүзеге асыру білім беру жүйесінің басты бағыттары. Оны біз Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасы жобасынан көре аламыз.
Музыкалық танымды қалыптастыру оқу сатыларының кез-келген сатысында жүргізілуі тиіс. Орта мектеп оқушыларының музыкалық танымын қалыптастыру мәселесіне келер болсақ,бұл міндеттің табысты шешілуіне жағдай тудыратын бірқатар педагогикалық нысандар мен әдіс-тәсілдерді ескеру қажет болады.Музыкалық танымды қалыптастырудың түрлі жас мөлшеріндегі оқушылардан әр түрлі жағдайда өтетіні белгілі. Осыған орай музыкалық танымды қалыптастыру процесі мен оның нәтижесі негізінде жекеленген ерекшеліктердің тууы мүмкін.Оның сырын мәдени құбылыстарды квалитативтік және квантитативтік негізде қабылдау жүйесінен іздеген ләзім. Бұл түсініктер біртіндеп тұрақтанып,адамның қоғамдық өмірді танып-білудегі табысының динамикалық өсуін қамтамасыз етеді. Мұндай өзгешеліктерден өту-музыкалық танымның қалыптасу жағдайына байланысты. Егер музыкалық бағдары жағынан эстетикалық туынды жері,тұлға табиғатының тұрақты қасиетіне жасының қалыптасу мөлшеріне қатысты болса,онда тарихи-музыкалық таным процесі де ерте қалыптасады. Жас мөлшеріне сай даму динамикасына келсек, оқу-тәрбие мазмұны тыңдаушының тарихи-музыкалық танымының белгілі бір сатысында игеретін психологиялық мүмкіндіктеріне сәйкес келуі шарт.

Зерттеудің мақсаты: Оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыру.
Зерттеудің міндеттері: Оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыруда, оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдары, музыка мәдениетін ұғыну және әр-түрлі жанрлар арқылы білімділігін дамыту.
Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасының Мәдени мұра Мемлекеттік бағдарламасы, бiлiм беру мәселесiне арналған ресми құжаттар, зерттеу проблемасына қатысты философтардың, әдебиеттанушылардың, тіл білімі саласы мамандарының, мәдениеттанушылар, психологтардың, педагогтардың ғылыми-зерттеу еңбектерi.
Зерттеудің әдістері:
— философиялық: танымның диалектикалық әдісі; талдау және жинақтау;
— жалпығылыми: жүйелілік-құрылымдық, логикалық талдау;
— тарихи талдау әдістері: тарихи-философиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-жүйелілік, мәдениеттану, тарихи-салыстырмалы, ретроспективті;
— салыстырмалы-педагогикалық зерттеу әдістері: жүйелілік-құрылымдық, жүйелілік-талдау, ғылыми зерттеулерді және мұрағат материалдарын оқып-үйрену және теориялық талдау, жұмыс нәтижелерін болжау.
Зерттеудiң ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:
— қазақ халқының тарихын, әдет- ғұрпын, тұрмыс- салтын ,ізгілікті мәдени дәстүрлерін меңгеруге байланысты іс-тәжірибелеріне, оқу-тәрбие процесіне арналған бағдарламаларының түп — қазығы, халық мұрасы: ән, күй, жыраулық дәстүр, айтыс өнерін дәріптеу арқылы тәрбиелеу;
— білім беру мен тәрбиелік мәдениеттердің жалғаса жүргізілуі, негізгі оқу мақсатының айқындығы;
— сабақтың әр бөліміне арналған оқу материалдарын тиімділікпен таңдау;
— сабақтың әр түріне арналған әсерлі әдіс пен тиімді жұмыс тәсілін іріктеу;
жұмыстың ұжымдық және оңаша түрлерін біріктіру;
— жұмыстың мазмұндылығы, әсерлілігі, жан-жақтылығы әрі әдіс-тәсілдерінің икемділігі, қарқынды жүруі.
Зерттеудiң практикалық маңыздылығы: дипломдық жұмыстың материалдары жалпы білім беретін мектептегі оқу — тәрбиелік үрдісте, оқушылардың музыка тыңдау мәдениетін қалыптастыру.
Зерттеу жұмыстың құрылымы: кіріспе, екі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер, қосымша материалдар.

1 МУЗЫКА ТЫҢДАУ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘНІ
1.1 Оқушылардың музыка тыңдау негізін қалыптастыру

Қазақ халқының музыкалық шығармашылығы оның өмір — тіршілігімен тығыз байланысты болған. Оның білім мен жақсылықтың, әдемілік пен құдіреттіліктің қайнар көзі болып табылатын ән, күй, айтыс, терме, жыр, толғау сияқты сан түрлі бай жанрларында қазақ халқының басынан өткен небір тарихи оқиғалар, жат жұрттық шапқыншылармен шайқастағы батырлардың ерлігі, жоғары адамгершілік сезімдер, күнделікті күйбең тіршіліктің қуанышы мен қайғысы және т.б. туралы жырланады. Оларда халықтың эстетикалық көзқарастары, моральдық — адамгершілік нормалары сақталған және халық өмірінің барлық салаларының мәні анағұрлым толық бейнеленген.
Қазақ халқының музыкалық мәдениеті оның ән шығармашылығынан неғұрлым айқын көрінеді. Ұрпақ тәрбиесінде халық әндерін пайдалану өз Отанын сүйетін, туған халқын, оның салт-дәстүрлерін, тілі мен тарихын, өнерін құрмет тұтып, ұлттық рухты, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, жан-дүниесі сұлу, рухани мәдениеті бай адамды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сондықтан ол өскелең ұрпаққа халық дәстүрлерінің негізінде рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбие берудегі аса маңызды құралдардың бірі болып табылатындығы сөзсіз. Қазақ халқының аспаптық күй шығармашылығы музыкада бейнеленген тарих ретінде ғана емес, сонымен қатар халық эстетикасының қайнар көздерінің бірі ретінде де құнды. Ол өзінің ұлттық — өзіндік бейнелілігімен, музыкалық — көркемдік құралдарының байлығымен анықталатын идеялық — көркемдік қасиеттеріне байланысты үлкен қызығушылық тудырады. Халық музыкалық дәстүрінің тағы бір жанры — терме. Ол халық шығармашылығындағы тақпақ — сазды речитативті әннің бір түрі. Терме — насихат, өсиет ретінде белгілі бір әуен — ырғақпен орындалатын өлең түрі болып табылады. Олардың мазмұны этикалық, адамгершілік, эстетикалық категорияларды ашады. Қазақ халық музыкалық шығармашылығының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы — эпостық жырлар. Эпостық жырларда еңбекқорлық, патриоттық, ру-тайпалар арасындағы ізгі қарым-қатынастар, үлкендерге, әйел — аналарға деген құрмет, адалдық, тектілік, батылдық, кішілерге қамқорлық, туған өлкенің, ұлттық киімдердің сұлулығы және т.б. жырланды. Халық музыка шығармашылығының дәстүрлі жанрына толғау да жатады. Онда ой толғанысын, уақытқа, заманға, оқиғаға, құбылысқа көзқарасын ақын сөзді әуенмен сүйемелдей отырып білдіреді. Халық музыка шығармашылығының тағы бір түрі айтыс өнері арқылы жас ұрпақтың бойында еңбекті қадірлеу, адамгершілік қасиеттер, Отанын, елін сүю уағыздалып, керісінше, өтірік, мақтаншақтық және т.б. адамды аздыратын жаман әдеттер сыналады. Қазақ халық музыка шығармашылығының эстетикалық талғамды қалыптастырудағы мүмкіндіктері, біздің ойымызша, оны игеру процесінде білім алушыларды саналы — сезімдік қабылдау қабілеті қалыптасады. Эстетикалық талғам білім алушылардың халық музыкасындағы эстетикалық құндылықтарды ұғынуға деген белсенді ұмтылысын бейнелей отырып, эстетикалық идеал, сезім, көзқарас, қажеттілік, қабілетті біріктіретін музыкалық — эстетикалық қабылдаудағы белгілі бір жүйелілікті туындатады. Оқушылар қазақ халық музыкасына ортақтасу барысында адамның жан-дүниесін, қазіргі заманның мақсаты мен мәнін, табиғатты терең түсіне білу қабілетін өз бойларында тәрбиелей отырып, міндетті түрде өз рухани мүмкіндіктерін байытып, эстетикалық талғамдарын дамыта түседі. Сондықтан халық педагогикасының маңызды құралы — музыка шығармашылығы құралдары арқылы қазіргі студенттерге эстетикалық тәрбие беру қажеттілігінің маңыздылығы арта түседі.
Музыканы, өнердің басқа салалары сияқты, көзге көрсете, қолға ұстайтын етіп жасауға болмайды. Музыкада айтылатын ой мен оқиға сазды дыбыстар арқылы беріледі. Адамның ой өрісінің кеңеюіне әсем әуендер ғана әсер етеді. Атап айтқанда, қоғамдық тартыс пен халық көтерілісі, табиғат көрінісі, сүйіспеншілік пен өшпенділік, адамның бақыты мен қайғысы сияқты құбылыстардың барлығы да музыканың құдіретті үнді тілімен беріліп, жан-күй сезіміне толқынды күй салып, әсер туғызады.Бұл сияқты қиыннан-қиысқан құдіретті күш ұлы дарын иелерінің ғана қолынан келеді. Бұндай музыкалық шығармаларды ұғынып тыңдай білу де әркімнің құштарлығы мен талабына байланысты. Музыка тыңдауға барлық адам қабілетті. Бірақ бұған да әркімнің өзінше жаттыға білуі керек.
Музыканы тыңдап, дұрыс түсіне алмайтын ойға олақ адамдардың бар екені рас. Музыканы есту көп адамдарда бірден оянбайды. Еткен еңбегіне, көздеген мақсатына қарай, күйкілжің тұрмыс күйбеңі арасында жүріп, музыкаға жас кезінен көңіл бөлмейтін адамдар да кейіннен музыкалық қабілетін дамыта алады. Музыканы тыңдай білудің арасында алшақ айырмашылықтың бар екені бәріне белгілі. Сондай, музыкалық шығармаларды — оның ішінде күрделі бағдарламаланған симфониялық, оркестрлік, ораториялық туындыларды — тыңдай білу мен оны түсіне білудің де арасында көптеген айырмашылық бар. Бірақ бұл мәселенің төңірегінде қолға ұстатарлық әдіс-тәсіл ережелерін айту қиын. Музыкалық шығармаларды көп тыңдаумен қатар сол өнер туындылары туралы кітапшаларды оқып жаттығу керек. Біз де күрделі шығармалардың мазмұнын ашып, ой желісін көрсетіп, музыкалық туындыларға біраз талдау жасап шығамыз. Осының өзі музыканы қалай тыңдап, қайтіп түсіне білуге жетекшілік әдіс көрсетеді.Қысқасы, музыканы сүймейтін, өзі де дауыстап ән айтпайтын адам жоқтың қасы. Тек оны тыңдап, түсіну қабілеті әркімде әр түрлі.
Біреулер жеңіл музыка жағын ұнатса, екінші біреулер күрделі шығармаларды тыңдауды жақсы көреді. Дегенмен қандай музыкалық шығарма болмасын оның адам жанына әсері мол, эстетикалық талғамын дамытады, ойын байытады.
Халық музыка шығармашылығының эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктері көптеген ғасырлар бұрын — ақ ұғыныла бастаған болатын. Құнды педагогикалық мәні бар ежелгі ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі Қорқыт атаның Кітаби Қорқыт IX — X ғ.ғ атты еңбегіндегі ойлар болып табылады. Дала ойшылы, ақын, жыршы, күйші Қорқыт ата жырларының негізгі тақырыбы — адам өмірінің қысқалығы және оның өлімнен қашып құтылу мүмкіндігін іздеуі. Оның музыкалық мұрасы — орта ғасырлардағы оғыз тайпасының өмірі мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін тамаша көркем — эпикалық ескерткіш. Өсиет, нақыл сөздер түрінде жазылған Кітаби Қорқыт еңбегіндегі оның педагогикалық тұжырымдамасының басты идеясы — балаларды ата-бабалар дәстүріне адалдық, батырлық рухында тәрбиелеу. Қорқыт атаның жырлары жастарды өз халқын жаулардан қорғауға, керек болғанда ол үшін жанын қтя білуге шақырады. Қорқыт атаның біздің заманымызға жеткен 11 тамаша күйі бар. Олар — Ұшардың ұлуы, Елім-ай, халқым — ай, Сарын, Қоңыр, Желмая және т.б.
Ал, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің пікірі бойынша, музыка адамның жанына көркем әсер етудің тамаша құралы болып табылады. Ол өзінің Музыканың ұлы кітабы атты ғылыми трактатында практикалык музыка халық фольклорынан келіп туындаған деген маңызды философиялық тұжырым жасайды, яғни өнер — халық шығармашылығының нәтижесі дейді. Философ-гуманист ретінде Әл-Фараби адамдарға үлкен ләззат сыйлайтын музыка қандай да бір жеке тұлғаның немесе жекелеген халықтың меншігі емес, оны шығаруда барлық халықтар қосыла еңбектенген деген пікірін білдіреді. Өзінің музыкатанушылық еңбектерінде ұлы ғұлама халық музыкасының емдік қасиеттеріне тоқталып, оның тәрбиелік, қоғамдық рөліне аса үлкен мән береді.
IX-XII ғ.ғ. озық педагогикалық ойдың көрнекті өкілі Жүсіп Баласағұнның Құтты білік атты еңбегінде дүниетанымдық идеалдар, педагогикалық ой-толғаулар баяндалады. Оның пікірінше, адалдық, әділдік, жақсылық жасауға құштарлық тек дұрыс тәрбие арқылы қалыптастырылады.
Қазақ халқының көрнекті ағартушылары Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев халықтың мәдени мұрасын мен оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін өте жоғары бағалаған. Халық ауыз шығармашылығының тамаша үлгілері олардың шығармашылық және практикалық іс-әрекетінің негізін құрады.
Ыбырай Алтынсарин халық ауыз шығармашылығының шексіз байлығын, ондағы ертегілердің, мақал-мәтелдердің білімдік және тәрбиелік мәніне аса жоғары баға берген. Өзінің Қырғыз хрестоматиясы атты еңбегінде ол қазақ фольклорының көптеген үлгілерін қамтыды. Ы.Алтынсарин хрестоматияға ең алғаш рет музыкалық тақырыпқа байланысты жұмбақтарды енгізді. Сонымен қатар мектептегі музыка сабағының бағдарламасына міндетті түрде музыкалық аспаптарды, әсіресе, домбыраны пайдалануды енгізу қажеттілігін талап етті.
Шоқан Уәлиханов қазақ халық педагогикасының балалар тәрбиесіндегі алатын орнына, оның жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін, ұлттық сана-сезімін қалыптастырудағы рөліне үлкен мән берген. Оның еңбектерінде халықтың ауыз әдебиеті, музыка шығармашылығы, халық ақын-жыршыларының шеберлігі мәселелері кеңінен орын алған. Ш.Уәлихановтың пікірінше, қазақ халқының ауыз әдебиеті мен музыка шығармашылығы аса құнды рухани құндылық болып табылады. Ол жазып алған халық ауыз әдебиетінің туындылары (мысалы, Қозы — Көрпеш, Баян — Сұлу, Ер — Көкше, Орақ, Манас, Едіге, Көкетайдың асы және т.б.) өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудің озық үлгілері болып табылады.
Сонымен қатар оның Қырғыз шежіресі, Жоңғар очерктері, Қырғыздар туралы жазбалар және т.б. еңбектерінде қазақ халқының ауыз әдебиеті мен музыка шығармашылығы туралы құнды пікірлер айтылады. Мысалы, Қырғыз шежіресі атты еңбегінде Ш.Уәлиханов қазақтардың суырып салмалық қабілетке, музыкалық-әдеби өнерге бейімділігін, халық ақындарының асқан дарындылығын атап көрсетеді.
Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбаев музыка өнерінің халық өміріндегі алатын орнын мынадай өлен жолдары арқылы анықтайды:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең.
Абай халықтық музыка өнерін эстетикалық және адамгершілік тәрбиенің аса маңызды құралы деп таниды. Оның пікірінше, жақсы ән мен тәтті күй жан азығы ретінде жоғары талғам мен Отанға деген сүйіспеншілікті, адамгершелік қасиеттерді тәрбиелеуге негіз болып табылады.
Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, қоғамдық қайраткер, ақын, аудармашы, көрнекті ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсыновтың әдеби мұрасындағы ол жинақтаған және жариялаған фольклорлық материалдар, мысалы, 20 — жылдар Мәскеуде жарық көрген Ер Сайын жыры, 23 жоқтау атты еңбектер ерекше маңызға ие. Ал Әдебиет танытқыш атты еңбегінде А.Байтұрсынов халық ауыз шығармашылығының өзіндік жіктемесін ұсынады.
Халел Досмұхамедов халық мәдениетінің мазмұнын зерттеуге және оны насихаттауға үлкен мән беріп, халық өнерінің адам өміріндегі маңызы мен рөлін атап көрсете білді. Ол музыкалық фольклорды халықтың салт-дәстүрімен, сенім-нанымдарымен байланыстыра отырып, зерделеу қажеттілігіне назар аударды.
Мағжан Жұмабаев мұғалімдерге арналған Педагогика атты тұңғыш оқу құралының авторы. Ол өз еңбектерінде халық музыка өнері құралдары арқылы эстетикалық тәрбие беру мәселесі бойынша көптеген құнды пікірлерін ұсынған. Оның пікірінше, баланың эстетикалық, сұлулық сезімдерін тәрбиелеу мен дамытуда өнердің — музыканың, бейнелеу өнерінің, поэзияның, сонымен қатар қоршаған ортаның әсемдігі үлкен маңызға ие. М.Жұмабаев: …күй адам жанын белгілі бір қалыпқа түсіреді. Көңілді мелодия көңілді сергітеді, ал мұңды — мұңға бөлейді…, — дей отырып, халық музыка шығарамашылығы құралдарының тәрбиелік әсеріне аса зор мән береді.
Сұлтанмахмұт Торайғыров халық музыкасының жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерін қалыптастырудағы рөлін жоғары бағалайды. Оның ойынша, халық әні халықтың жанын, тарихын, мұң-мұқтажын, ерлік оқиғаларын анағұрлым анық түсінуге мүмкіндік береді. Ол балаларға халық өнері арқылы тәрбие берудің маңызыдылығын ерекше атап көрсетті. С.Торайғыров халықтың жанын музыкасыз, әнсіз, бисіз жаңарту мүмкін емес деді.
Осылайша, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының еңбектерін зерделеу және оларға шолу жасау халық музыка шығармашылығының жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудегі педагогикалық мүмкіндіктерінің мол екендігін айғақтады. Халық тәрбие тәжірибесін зерделеу қоғамның тарихи дамуының барлық кезеңдерінде жүзеге асырылған. Әр кезеңдегі көрнекті ойшылдар, ағартушы- педагогтар халықтың мәдени дәстүрлерін жас ұрпақ тәрбиесінде пайдаланудың маңыздығына үлкен мән беріп, құнды пікірлерін ұсынған.
О.П.Тарская Менің вокальдық-педагогикалық қағидаларым атты мақаласында былай деп жазады: Ән айту процессі — жиынтықты, күрделі және бір жағынан жабық деңгейдегі құбылыс. Осы процеске тереңдеп бойлау, оны оқып зерделеу, әсіресе жетекшілік жасау — ерекше қиын тапсырма. (137 бет, Вокальдық педагогика сұрақтары В.Л.Чаплиннің 4-шығарылымы).
Қазіргі таңда ғылым ән айту қызметін бүтін автоматты процесс ретінде анықтайды, оның барлық бөлігі бірін бірі өзара алдын ала айқындайды және шартпен ескертеді.
Есту қабілеті тек бақылаушы емес, сондай-ақ ән шырқау дауысын жаратушы. Оқушы сыртқы есту қабілетімен шырқалатынды, ал ішкі есту қабілетімен қалай шырқау қажеттілігін бірмезгілде тыңдауы тиіс.
Музыка мұғаліміне кәсіби дауысты, музыкалылық, әртістік қабілетті меңгеру қажет. Осы үш қабілеттің бірігіп үйлесуі өте сирек кездеседі.
К.Станиславский: Музыка қалай деген сөз, яғни музыка батырдың қалауын түпнұсқада ішкі жай-күйін айқындайды деп айтқан еді. Сөз, оның қалай іс-қимыл жасайтынын, бұл іс-қимылдар алдын ала болжалынған жағдайларда қалай өтетінін анықтайды. Сөз — бұл вокальдық шығарманың бағдарламасы тәрізді. Оның мәтіндік ой-пікірі музыка элементтерімен бейнеленеді: әуенмен, үйлесіммен, ритммен, метрмен, қарқынмен. Олардың барлығы сөздің осы немесе өзге эмоционалдық бояуын суреттейді.
Көркемдеп ән айту қиындығы, яғни әнші музыкалық вокальді-сөйлеу образын іске асыру үшін ол бірмезгілде бірнеше тапсырмаларды орындау шартымен тұжырымдалуы басты міндет болып табылады.
Ф.Шаляпин өзінің Маска және жан атты кітабында Нағыз әртіс, сахнада жұмыс жүргізе отырып, ол бірден екі тұлғаны бірге алып жүруі тиіс — бірі іс-әрекеттегі, басқасы өзінің іс-әрекетін бақылаушы. Ол бір мезгілде әнші де режиссер де деп жазды.
Мысалы, ән орындау қысқа уақыт аралығына созылады, мұғалім осы уақыт аралығында адам өміріне тән көңіл-күйді, сезімді сан алуан үлгіде көрсете білуі тиіс.
Әнді мұғалім орындаған кезде бейне немесе сюжет ешбір дамусыз оқушының алдында туындайды. Сондықтан, музыка мұғалімі әнді орындаған кезеңде тыңдаушының (оқушының) жадында, жүрегінде сақталып қалатындай, эмоциональды да көркем-сезімді айтуы қажет. Орындау әншіден жоғары әртістік, жоғары вокальді техникалық қабілетті, музыкалық үлгіні өткір қабылдауды және іске асыруды талап етеді.
Ән айту — адамның психологиялық өмірінің барлық жақтарымен байланысты құбылыс. Оқушы ән айтады, себебі оның осы қызметпен шұғылдануға қызығушылығы және тілегі бар. Ән айту қажеттілігі және оған бейімделу әдетте музыкаға және ән айтуға қатысты туындайтын қабілеттікке байланысты, өз кезегінде, музыкалық есту, ырғақ қабілетін, қол соғу ладовтық сезімін және т.б. яғни есту сезімдерін дамытумен тығыз байланысты. Әнші орындау процесінде композитордың ой-пікірін шығармашылықпен қисынын қиыстырып, өзінің музыкалық көзқарасымен өзінің сезімдерін жеткізеді. Жұрт алдында ән айту вокалды меңгеру процессі тәрізді үлкен еркіндік күш-жігерді талап етеді. Шығармашылық қызметті және әншілік дауысты меңгерудегі қол жеткізген табыс жалпы сахнада онсыз айналып өтуге болмайтын белгілі мінездің белгілерін талап етеді.
Психологиялық процестердің бірі танымдық сала болып табылады, оған: сезіну, қабылдау, көңіл бөлу, есте сақтау, ойлау, елестету, сөйлеу жатады. Осы қасиеттердің барлығы әншінің дамуында маңызды рөл атқарады.
Сезіну — біздің организміміздегі ішкі органдардың жұмыс атқаруын бейнелеу қабілеті, яғни есту органы мен бұлшық еттердің ән айтуға бейімделуі.
Қабылдау — шын мәніндегі іс-әрекетті образдық түрде-қабылдау біздің ұғымымызда шын мәніндегі іс-әрекетті бейнелеу процесі (педагог оқушының ән айтуын қабылдайды, оқушы өзінің бұлшық еттерінің жұмысын қабылдайды). Қабылдау кезінде көптеген сезіну қабілеттері рөл атқарады, оның ішінде ең бастысы көру және есту.
Дауыс аппаратының жұмысын қабылдай отырып, біз педагогтың нұсқауына сәйкес тыныс алу, резонаторлық сезіну бұлшық еттерінің жұмысына, артикуляциялық аппараттың жұмысына назар аударамыз, әншіде дыбысты сезіну дамуы тиіс (қайда бағыттау). Сүйеніш сезімі дамуы керек — бұл дауыс аппаратының жұмысын қабылдау күрделілігі. Бұған есту, бұлшық ет пен резонаторлық сезінулері кіреді.
Бақылау — оны оқып білу мақсатымен қандай да болмасын құбылысты алдын ала арнайы жоспарлап қабылдау.
Байқағыштық — адамдар мінез-құлқының нәзік сипатты белгілерін, олардың әдеттерін, өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәнерін, сыртқы келбетін байқай білу (К.С.Станиславский бұған әртістерді шақырды, ал Ф.И.Шаляпинге бұл оның образдарын құруға көмектесті).
Көңіл бөлу — танымдық және еркіндік қызметпен байланысты, барлық өзге психикалық процестерге қатысушы біздің миымыздың қасиеті. Мұқият жұмыс атқару — педагогқа да әрі оқушыға да сабақтары жемісті болу үшін бірінші шарт. Осы немесе өзге дыбыс сипатын және қимыл-қозғалысты, техникалық сәтті педагогпен талқылау, өз бетімен сараптама жасау, тәжірибелер оқушының белсенділігін арттырады.
Есте сақтау — біздің психикамыздың қасиеті — сөзді, мәтінді, сандарды, объектілерді, заттарды есте сақтап қалу және т.б. өткенді үнемі өндіру (актриса — М.Н.Ермолова, композитор — С.В.Рахманинов рөлді және шығарманы бір оқып шыққан соң немесе бір тыңдап болған соң есте сақтап қалатын және үнемі іске асыратын).
Ойлay — шын мәніндегі іс-әрекетті талдап қорытып, жанама түрдегі танымдық процесс (дауыстың дыбысын салыстыра, теңестіре, сараптай білу).
Біз іштен сөйлеу құралымен, сөздердің көмегімен ой тарқатамыз. Біз сөзбен айтамыз, ал сөздер белгілі ұғымды бейнелейді. Ұғым заттардың немесе құбылыстардың маңызды қасиеттерін талдап қорыту негізінде туындайды. Заттардың маңызды сипаттамалық қасиеттерін оймен талдап қорытып, бөліп ала отырып — бұл ойлау процесі абстракция деп аталады. Қандай да болмасын абстракты жай-күйді бейнелеуді, оны тәжірибеде қолдануды мақсат еткенде, біз оның жай-күйін нақтылаймыз. Ойлау сұрақтан басталады. Сұраққа жауап беру, қойылған тапсырманы шешу мақсатымен, адам әдетте бірнеше гипотезаларды шығарып, оларды тексереді. Дауыс дыбысын, оқушының сыртқы келбетін, оның мінез-құлқын салыстыра отырып — педагог студент сырқат па, жоқ сырқат емес пе осыған тұжырым жасайды. Мұндай тапсырманы шешу білімге және тәжірибеге сүйенеді. Оқушының алдына сұрақ қою, оларды шешуге көмектесу, дыбысты салыстыруға, теңестіруге мәжбүрлеу, сезіну, логикалық түрде ойлауға үйрету, себебі не екенін, ал оны салдары неде екенін көрсету кажет. Н.Ушинский былай деп жазды: … салыстыру — барлық түсінудің, барлық ойлаудың негізі. Әлемдегінің бәрін біз өзгеше ретінде емес, салыстыру арқылы …білеміз. Шығармашылық елестету мен ойлаудың өзара дұрыс әрекеттесуі — шығармашылық қызметтің қажетті шарты.
Елестету — сөздік мәтіннің негізі арқылы музыкалық образды құруда басты рөл атқарады және біз қай кезде де болмасын қабылдаған барлық образдар және әсерлер, ұсынулар, бұрын уайым шеккен сезімдер — көзқарасты елестетуге материал болып табылады.
Шығармашылық елестету — бұл жаңа образдарды құру. Оқушыда елестету сезімін ояту, оның жеткізуі тиіс жағдайы туралы айқын ұсынуларын, формальді түрде, нақтылықсыз ән айтуына жол бермеу қажет.
Қимыл-қозғалыс саласы — эмоцияның әсерімен өзгереді. Эмоциялар үнемі ыммен мимикада, сөйлеу қимылының сипатымен бейнеленеді.
Эмоцияның әсер етуінен адам сөйлеген дауыста тембр және жоғарылық, сөздерді қалыптастыру мәнері және сөйлеу жылдамдығы өзгереді. Сөздерді айту тембрін, серпінін, мәнерін өзгерту арқылы бір дауыстық құралдармен вокальдік образ құрып, шығарманың мазмұнын тереңдетіп ашуға болады.
Сезім, эмоция дегеніміз — шын мәнінде қоршаған ортаға қатысты адам өзінің қарым қатынасын бастан өткізу деп түсіндіріледі. Музыкалық хабарлама — эмоциялармен алмасу және ол эмоционалдық қабылдауға есептелген. Эмоциялар ояту күшіне ие, адам үшін олардың маңызы зор.
Оқушының ән айту барысында бастан өткерген жай-күйінің нәтижесінде эмоциялары туындай отырып, өздері ән айтуға әсер етеді. Эмоциялар қарама-қайшы (депрессиялы, жабырқаулы, босаң және қайғылы) және оңды (сенімді, қуанышты, қанаттанған — организмнің өмірлік тонусын арттырады) болуы мүмкін, осыған сәйкес ән айту жақсы немесе нашар болады.
Ән мәтін түсіндіру кезінде ең негізгі, мағыналы сөзге оқушылар назарын аудартып, дұрыс та оның орындалуына көңіл қою қажет. Мұғалім сөзіндегі эмоциональды интонация — бұл көркем сөз талабы, ал эмоциональды пауза — сөйлеудегі кідіріс пауза, жаңа тақырыпқа көшу белгісі. Осының бәрі музыка мұғалімінің орындаушылық шеберлігін танытады. Ал тақта алдында тұрған мұғалімді оқушылар оның келбетіне, жүріс-тұрысына, бет-бейнесіне, қол қимылдары және т.б.қарай бағалайды, өйткені олар оның тыңдаушылары мен көрермендері, өзі болса орындаушы.
Осыған байланысты П.М.Якобсон: Өнер шығармаларын қабылдаудағы әсерлердің жиынтығы, яғни ішкі толғаныстардың өтімділігі және өзі туралы, адамдар, адамзат туралы кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге қайғыру, бейнеленген сұлулықты сезіну немесе сол бейнеленген сұлулықтың өзі — біз үшін жаңа, соны тәжірибе тудырады. Танымның жаңа түрі осы мәнде туындайды — деп жазған.
Дауыс қалыптастыру барысында шешімін таппаған толғақты мәселелердің бірі — репертуар. Оны таңдаудағы ең басты талаптардың бірі қолайлылық принципі болып табылады, яғни оны құрастыру кезінде әнші даусының сапалық жағын, табиғаты мен оны даму мүмкіндігін міндетті түрде ескеру қажет. Шығармаларды іріктеудегі жетекші мұғалімнің ескеретін келесі мәселесі — вокал материалдарын күрделендіру. Бұл бірте-бірте жүзеге асырылады. Күрделі шығармаларды орындау, белгілі әндерді тиісті вокалдық шеберліксіз орындап қателікке ұрыну қажетсіз дағдылардың қалыптасуына әкеп соқтырады.
Халық әндеріне арналған шығармаларды терең түсіну және сезіну ән мазмұны мен табиғатын танып-білуге, әндердің әсерлігіне байланысты. Өзіне ешқандай есеп бермейтін орындаушы көркемдік құралдарға, ән құрылысының көшірмесіне соқыр тәуекелмен құрсауланған. Ол тек өз интонациясына ғана бағынады… — дейді В.Цуккерман. Осыған орай тұтас яки, комплекстік талдау жүргізудің ерекше мәні бар. Оның ең маңызды принциптері:
-музыкалық сүйемелдеу мәнерін шығарманың мазмұнымен бірлікте қарастыру;
-оқшауланбаған формалардың жекелеген бөліктерін, өзара әрекетін, тұтас контексін талдау;
-берілген туындыны ерекше құбылыс ретінде композитор шығармаларымен тығыз байланыста зерттеу.
Танысуға жіберілген шығарма характері, құрылымы, мазмұны, жанры, стилі, шығу тарихы жағынан бірінші кезеңде тұтастық талдау әдісіне бағынышты. Екінші кезеңдегі бөлшектеп талдау әдісі музыканы өңдеу, әуенді музыкалық құралдардың айқындылығын меңгеруді тереңдетеді. Ал, үшінші кезеңдегі тұтас талдау әдісі өнердің бір-біріне жақын түрлерін біріктіре отырып (музыка, поэзия, сурет), шығарма жоспарын орындау құрылысына мүмкіндік туғызады.
Тұтас алғанда, үйренудің талдау жұмыстары шығарма партитураларын меңгерудің ең маңызды, әрі негізгі бөлімі болып табылады. Л.М.Баренбоймның мәліметінше: …Музыкалық шығармаларға ыстық эмоционалдық ықылас, интелектуалды ұғынуға қарама-қайшы болып қана қоймай, тіпті, керісінше, қажетті сезімдер гаммасын қызықтыра алар икемді, логикалық талдау көлемімен құндылыққа жетпек.
Біздің пікірімізше, дауыс қалылтастыру арқылы ұлттық музыка үлгілерімен таныстыруда бағдарламалық тізіммен ғана шектелуге болмайды. Бірінші сабақтан-ақ вокалдық репертуарларды кеңейту, тереңдету мақсатын жүзеге асыруды ойластырған жөн. Осыған орай, Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Н.Үсенбаева, Р.Рымбаева және т.б. белгілі әншілердің таспадағы шығармаларын тыңдау орынды. Таспадағы әндерді қабылдау кезінде студенттер көркем бейненің берілу стиліне, шығарманың айқындылығы мен ерекше назар аударулары қажет.
Музыка мен сөздің бір-біріне деген тонның ішкі бауындай өзара қатысы және музыканың да, сөздін де қайнар көзі адам дауысында екендігі, сөз бен музыканың екеуі де бірдей адам ойынан, адам сезімінен туындап, адамдардың бір-бірімен катысы үшін жаралғаны, олардың танымдық-тәрбиелік, адам ойын дамытушылык мәні ежелден-ақ озық ойлы адамзат назарын өзіне аударып отырған.
Міне, бұл дәстүр түркі тілдес халықтардың орта ғасырлардағы төл жазба ескерткіштерінде де, тарихи, ғылыми және әдеби еңбектерінде де молынан көрініс тапқан. Бұл ретте әл-Фарабидің (870-950) «Музыканың ұлы кітабы» («Китаби әл-мусики әл-кабир»), Әбу Әли Ибн Синаның (980-1037) «Айығу кітабы» («Хитаб ұннажад»), Әл-Хоразмидің (787-850) «Ғылымдар кілті» (Мафатик әл-үлүлі»), М. Қашқаридың (XI ғ.) «Түрк сөздігі» («Диуани лұғатат-түрік») Ж. Баласағұнның (XI ғ.) «Құтты білік» («Құтадғұ білік»), Абдулкадур Ибн Гайби Леарагидің (XIV-XV ғғ.) «Музыка ғылымындағы әуендер жинағы» («Джами аль-алхан фи-илм аль мусики» — Оксфорд. Бодлен кітапханасы), Ахмадидың (XV ғ.) «Музыкалык аспаптар айтысы» (Британ музейінің қолжазбалар коллекциясы N791А), Дәруіш Әлидін (XVII ғ.) «Музыкалык трактаты» атты еңбектерін, сондай-ақ, XIV ғасырда Мысыр елінде жарық көрген «Түркі тілі (қыпшақ тілі) туралы тамаша тарту» (Аттухфату закяту филлуғатит туркия», Ташкент, 1968) сияқты еңбектерді атауға болады. Бұл еңбектерде түркі халықтарының музыкалық мәдениетіне қатысты этнографиялық және эмпирикалық материалдардың молдығына қоса, жалпы музыкалық мәдениеттің қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәні жөнінде, сапалық білім-қасиеттері туралы, эстетикалық мүмкіндіктері хақында, сондай-ақ музыка өнерінің теориясы мен практикасы жайында ғылыми жүйелі танымның құрылып үлгіргенін анғартуға болады. Бұл ретте әл-Фарабидің «Музыканың үлы кітабы» атты трактатының мән-маңызы ерекше екенін алдымен атап өткен жөн. Аталмыш енбекте музыка теориясы, оның пайда болу және калыптасу тарихы, музыканы жүрекке қондыра қабылдаудын психологиясы… сияқты өзекті мәселелер терең ғылыми танымдық денгейде сөз болады.
Әл-Фараби музыканы түзетін элементтер әдебиетті түзетін элементтерге ұқсас деп табады. Сол ұқсастықтан өзара бірлестік туатынына меңзейді. Музыкалық шығарма түзетін элементтерді ретіне қарап ажыратып бөлуге болады. Олардың әуелгілері екіншілерін тудырады, ол екіншілері үшіншілерін тудырады, т.б. сол сияқты біртұтас музыкалық шығарма жасалғанша жалғана береді. Музыкалық шығарманы поэмамен салыстыруға болады. Поэзияда фонемалар бастапқы элементтер болады, олар сабаб, валад сияқты негіздер түзеді. Бұл негіздерден өлеңдер буындары түзіледі, олардан барып өлен құрастырылады. Музыкада бастапқы элементтер-тондар, олар поэзиядағы фонеманың қызметін атқарады, бірақ музыкалық шығарма басқа да аралық элементтерді қамтиды, олар туралы мен бұл жерде айтып жатпаймын. Тондардын көмегімен әр түрлі дәрежелі ащы немесе ауыр және басқадай дыбыстарды естуге болады. Осы нәрселердің бәрі де… зерттеледі, одан кейін екінші реттегі берілгендерге көшеді, содан кейін олардын жүйелері зерттеледі. Бұл зерттелу музыкалық шығарма және оған байланысты нәрселерді толық қарастырғаннан кейін барып аяқталады. Мұндай процесс поэзияда да болады.
Ұлы ғүламаның музыка ғылымы туралы айтқандарына қысқа түрде психологиялық талдау жасай келіп, төмендегіше түйін жасауға болады:
1) музыка — адамнын жан дүниесіне көркемдік жағынан әсер етуде таптырмайтын кұрал;
2) музыкалық әуендер жақсы мінез-құлық нормаларын, адамның армандары мен мұраттарын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады;
3) ән мен музыка адамда көркем, эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы, кісінің өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойдағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді;
4) Музыкалық дарын туыстан болатын қасиеттермен қатар, елшеусіз еңбек пен үздіксіз жаттығу мен дайындықтың жемісі;
5) Музыка теориясының негізгі принциптерін танып-білуде адамның есту түйсіктерін дамыту елеулі рөл атқарады.
Музыканың тәрбиелік қызметінің психологиялық негіздері әл-Фараби сияқты Аристотельдін де еңбектерінде атап керсетілген.
«Музыка арқылы біз өзімізді үлгілі өнегеге бейімдеп өркендете аламыз… Музыканың моральдық мәні сол, біз оның әсерінен таза нәр аламыз, яғни шынайы сүйеміз, немесе жиренеміз… Музыканың шын мәнінде біздің жан дүниемізді толқытып, көңілімізді көтеруге құдіреті әбден жетеді».
Белгілі зерттеуші А. Жұбанов ән мен өлең ұғымдарының біртұтас, бір-бірінен бөлінбей қолданылып келгенін Абай шығармаларынан да байқауға болатынына көңіл бөле отырып, синкретті музыканы қабылдауда жүретін психологиялық әрекеттерді ақынның деп басып айтқанын көрсетеді: «Абайдың әннің адамға әсері туралы «жүрек тербеп, оятар баста мидың деуі музыка сезім, есіту арқылы барып миға жететінін айтқаны. Ол бірден басқа төтелей ене алмайды, сезім арқылы барып, санаға әсер етеді де, төреші — ми болып оның нәтижесін қорытады» дейді. Музыканың кәсіби тілімен айтпағанмен, Абай музыка өнеріндегі «естудің» шешуші мәнін, қадірін түсіндіреді. «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы әнменен тәтті күй», — дегенінде музыка сол есіту арқылы біздің бойымызды алады дейді. Әннің кұрылыс материалы — дыбыс. Ал ол — физикалык құбылыс, адамның есіту мүшесі арқылы сезімге, санаға жетеді, «бойды алады» деуі — осы.
Музыка мен әдебиет байланысының эстетикалық тәрбиеде қолданылуының психологиялық негізділігі ерекше көңіл аударады. Ол құбылыс, ең алдымен, «қызығушылық» деп аталатын психикалық әрекеттің пайда болуында аса мәнді екендігімен анықталады.
Жалпы қызығушылық әрекетінің өзі оқу-тәрбие үрдісінде ертеден-ақ педагогтар тарапынан, іргелі мәселе ретінде қарастырылып келді. Қызығушылықтың өзін-өзі пайда болмайтының, оны дамыту кажеттігін Жан-Жак Руссо айтқан қызығушылықты оқу-тәрбие үрдісінің бөлінбес бөлігі деп есептеген К. Д. Ушинский ешбір қызығушылықсыз тек мәжбүр ету арқылы жүргізілетін оқу оқушы бойындағы білім алуға деген құштарлықты жойып жіберетініне көніл бөлген. Абай өзінін 38-ші қара сөзінде: «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында зорлық, яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» — дейді. Мұнда ұлы ғұлама қызығушылықты тудыру амалдарын жалпақ тілмен айтып отырғаны айқын, ол кезде қазақ тілінің ғылыми стилі қалыптаспағаны белгілі. Сол себептен де осы тіркестегі Абай қолданысындағы «зорлық» пен «алдау» сөздерін тікелей өз мағынасыңда түсіндірудің қажеті жоқ, олар балаларды оку-білімге ынталандырудың, қызықтырудың тәсілдерін меңзейді. Бұл мағынанын түйіні педагог Абайдың осы жердін өзінде одан әрі айтқан «… Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса сонда ғана оның аты адам болады» деген сөздерімен толық дәйектелінеді. Ал отыз екінші сөзінде қызығушылықтың адам тұлғасының оның білімі мен тәрбиесінін қалыптасу көзі екенін бейнелі тілмен тап басып айтқан: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды».
Ы. Алтынсарин балалардың ғылым-білімге қызығушылығын әңгімелер, ертегілер, өлеңдер мен мысалдар арқылы қалыптастыруға мән берген.
Оның «Кел балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Талап» т.б. шығармалары осы тұрғыдан жазылған.
А. Байтұрсынов «Қазакша оку жайында» мақаласында (1913 жж.) «Балаларды қиналмай, онай оқыту керек. Қиналмай оқыса, оқуға балалар қызықпақшы» дейді. Окытудың нәтижелігі кызығушылықка байланысты екеніне Ж. Аймауытов та өз еңбектерінде мән беріп отырады.
Қызығушылыктың туындау қалыптасу жолдарын С. Л. Рубинштейн, Л. И. Божович, С. А. Ананьин, т.б. психологтар жан-жақты қарастырады. С. Л. Рубинштейннің айтуынша, қызығушылық жеке адамға әсер етіп, оның қабылдау, есте сақтау және ойлау тәрізді барлық психологиялық үрдістерді қозғайды.
Сөйтіп қызығушылық қай кезде болмасын оқу-тәрбие үрдісінің негізгі факторы ретінде қарастырылып келді. Ол туралы соңғы 20 жыл ішінде жарық көрген педагогикалық-психологиялық оқу-құралдарында жүйелі тұжырымдар жасалынды. Оларда қызығушылық жағымды себеп (мотив) тудырудың негізі деп танылады, қызығушылықтың қалыптастырылуының жолдары көрсетіледі: іс- — әрекетке жағымды эмоция тудыру; эмоцияның танымдық басым сипатта болуы; іс-әрекеттен туатын жағымды себепті (мотивті) көздеу. Қызығушылықты дамыту белгілі бір болмыстағы белгісіз жағдайларға қызығудан, оның заңдылықтарын, бір-бірімен қатынасын және өзара байланысын айқындаудан, одан әрі қарай жалғастырудан тұрады, қажеттілікті қанағаттандыру үшін және алға қойған мақсатқа жету үшін адамда қызығушылык пайда болады. Ол — адамның белгілі бір бағыттылығы. Психолог Т. Тәжібаев: «Қызығу деп мұктаждықты, ізгілікті қанағаттандыруға жұмсалатын, белсенді Зейін мен жағымды эмоциялық сезімдер туғызатын психикалык күйді айтамыз», — дейді.
Қызығушылықтың тұрақты түрі де болатынына психолог-ғалым Қ. Жарықбаев көңіл бөлген. Ол қызығуды болмыстағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып білуге бағытталған адамның біршама тұрақты, жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі деп түсіндіреді. Адам бір нәрсеге ерекше зейін қойып қызығатының, бұл бейімділік оның бойында балалық щақтан бастап байқалатындығын айтады. Мақсатына қарай тікелей және жанама қызығушылықты анықтай келе: «Тікелей қызығу — бұл әрекеттін түпкі нәтижесін қажетсіну. Мұндай қызығуда адам көптеген мақсатына біртіндеп сатылап жетеді. Мәселен, оқуға, енбек етуге қызығу — осындай қызығулар болып саналады», — дейді. Мағжан Жұмабаев: «Бала еш уақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан, балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Сол уақытта бала өмір бойы пайдалы іске әдеттеніп кетеді»,-деп, қызығушылықты белгілі бір рухани он қажеттілік арқылы шақыру шартын айтып, оның өзі тәрбиеші тарапынан басқарылып отыруға тиіс үрдіс екенің анықтаған.
Төменгі сынып оқушыларында (І-ІV сынып) білуге құмартушылық, әсерленгіштік және қызығушылықтың тұрақтылығынан гөрі басқаға ауа берушілік басым болады. Осының салдарынан және ерік үрдісінің қалыптасып үлгірмегендігінен бұл жастағы балалар өздерінің қызыққан мақсаттарын орындай алмауы мүмкін. Яғни мұнда қызығушылық нақты нәтижеден, тұрақты мақсаттан алыс тұрады.
Осыған байланысты бұл жастағы балалардың қызығушылығын ұдайы бақылап, оларға мүмкіндігінше нәтижесі жақын жұмыс ұсыну дұрыс.
V-VI сыныптарда (11-12 жас) жасөспірімдік кезенде қызығушылық тұрақтана бастайды, балалар өзіне деген сенімге ие болады, оларда тапсырылған тапсырмаларды орындауға қызығушылық жоғары болады. Бұл жаста тәрбиенің сөздік әсерінің ықпалы әлсіреуі мүмкін, өйткені жасөспірімдердің басында дамып келе жатқан сыншылдық қасиет оларды үлкендердің әрекеттері мен дәлелдеріне күдіктене қарауға және үлкендердің талаптарына қарсы тұруға мәжбүр етеді: Мұндай елеулі алшақтыққа душар етпеу үшін жасөспірімдерге жасалатын тәрбиелік ықпалдың әдістері мен тәсілдері іріктеу жан-жақты ойластырылады.
Ал VII-VIII сыныптардың (13-15 жас) оқушыларыңда өздерінің білімдерін, өзін өзі тәрбиелеуді жетілдіруге тырысушылық, эстетикалық мәселелерге ұмтылыс басым болады. Сондықтан да бұл жастағы жеткіншектердің қызығушылық белсенділігіне салақтықпен қарауға болмайды. Олардың өздігінен дамуға құлшынысын тежемей, педагогикалық қолдау шараларын қолайлы жағдайларды үнемі ұйымдастырып отыру керек. VII-VIII сынып оқушылары білімнің түрлі саласына қызығушылық танытады, спортпен, түрлі ойындармен, бимен, әртүрлі өнермен шұғылданады. Көп жағдайда олардың қызығушылығы кездейсоқ факторларға негізделеді. Олар онын ересек адамдардың кездейсоқ үлгісімен, оқыған кітаппен, көрген фильммен немесе пән бойынша алған жоғары бағалармен байланысты болуы мүмкін. Осыған байланысты бұл белсенді қызығушылықтарды оң мақсаттарға дер кезінде бағыттап отыру аса мәнді. ІХ-ХІ сыныптарда (15-18 жас) оқушылардың қызығушылығы саналылық сипат алып, өздерінің өмір тәжірибесіне негізделген болашақ арманына бағытталған болады. Осы орайдан да бұл жастағы жастардың қызығушылығындағы жеке бағыттары мен мүдделерін құрметтеу аса маңызды.
Көркемдік-музыкалық қызығушылық-музыкалық шығарманы эмоциональды-эстетикалық тұрғыда қабылдау бағытындағы адамның өз тарапынан қиялдауын туғызатын психикалық әрекет. Ол эстетикалық қатынас, бағалау, эстетикалық сезіну категорияларынан тұрады. Балалардың музыкалық фольклорға қызығушылығының қалыптасуы екі саладан құралады деп қарауға болады: музыкалық тұрғыдан (музыка тындау арқылы) меңгеру әрекеті арқылы және халық композиторлары туралы мәліметтерді т.б. ауызша әңгімелеу арқылы. Бұл әдеби және музыкалық көркемдік қызығушылық, түптеп келгенде, баланың рухани негізін қалайды. Бұл туралы: «Рухани негізі түзу болса, оның тілегі, қалауы дұрыс болады. Оқу-үйрену нәтижесіңде шәкірттің ниеті әсер етеді», — деп Әл-Фараби де кезінде көрсетіп кеткен.
Көркем қызығушылық жалпы мынадай сипаттарда көрінеді: қызығушылық эмоционалдық-танымдық бағыттылық немесе нақты өнердің түріне эмоционалдық-танымдық қатынас түрінде; жалпы ақыл-ой белсенділігінен және нақты бір күйдегі эмоционалдық әсер қуатынан; интеллектуалды және эмоционалды үрдістердің бірлігінен байқалады. Сөйтіп әрекет жасауға деген дамушылыққа айналатын музыкалық қызығушылықты әдеби қызығушылықпен біртұтастықта өзара ықпалдылықта қалыптасатын, үнемі оларды назарда ұстап бақылауды қажетсінетін оқушының өнерге деген бағыттылығы деуге болады. Бұл орайда зерттеуші М. А. Оразалиеваның жасаған тұжырымы дәйекті … жалғасы