Он көшенің атауы өзгерді |
Оқылды:
1
Өткен жұма күні Қарағандының Октябрь ауданындағы 10 көшенің аты өзгертілді. Осыған байланысты көпшілік тыңдау Пришахтинскідегі «Молодежный» мәдениет үйінде өтті.
Кездесуді ашқан Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қаланың Октябрь ауданындағы идеологиялық жағынан ескірген көше аттарын заман талабына сай өзгерту туралы қала әкімдігінің материалдары келіп түскенін айта келіп:
– Әкімшілік-аумақтық бірліктердің елді мекендерінің құрамындағы бөліктерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақтың тұрғын халықтарының пікірі ескеріледі. Осы залда 350-дей адам отырған болса, соның көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданған болып саналады, – деп атап өтті Құдайберген Бексұлтанұлы.
Сонымен қоса, ол өзінің сөзінде қаланың он көшесінің ескі атауларын жаңарту қажеттігін, ол үшін осы залда отырған барлық адамдардың дауыс бере алатындығын, бұл кезде тарихи әділеттіліктің сақталуы қажеттігін атап өтті.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаева:
– Биыл біртұтас, көпұлтты, өзіндік мәдениеті қалыптасқан елімізге – Қазақстан Республикасына 27 жыл толғалы отыр. Осыған орай қаламыздың Октябрь ауданының 10 көшесіне халық көңіліне ұнамды, тұрғындардың ауызбірлігін қалыптастыруға септігін тигізетін, уақыт өтсе де маңыздылығын жоғалтпайтын көше атауларымен ауыстыруды ұсынып отырмыз, – деп нақтылады да, ол көшелердің ескі және жаңа атауларын атап өтті. Жаңа атаулардың мағыналарына тоқталды.
– Қалалық мәслихаттың депутаттары осы көшелердің қандай негізге сүйеніп аталғаны туралы құжаттар сұратып, архивтерге сауалдар жолдаған екен. Бірақ, өкінішке қарай ешбір құжат табылмапты. Өйткені, бұл атауларды сол кезде аудандық атқару комитетінде отырған бір шенеунік өз бетінше қоя берген. Ол атаулардың мағынасына ешқандай маңыз бермеген. Мәселен, көшеге қойылған «Болотная» деген атау нені білдіреді? Қазақша айтатын болсақ «Сазды», «Батпақты» болып шығар еді. Бұл сол көше тұрғандарын мазақ еткендік болмай ма?
Шешім қабылданған соң әкімдікке жіберіледі. Олар одан әрі республикалық ономастикалық комиссияға жолдайды. Бұрын тұрақты комиссияларда талқыланатын. Енді қазір ешқандай қиыншылықтар мен мәселелер туындамайтын болды.
Қазір осы жерде қалалық қызметтер мен бөлімдердің өкілдері қатысып отыр, олар сіздердің қойған сұрақтарыңызға жауап береді, – деп ескертті Құдайберген Бексұлтанов.
Негізінен алғанда жұртшылық жаңа атауларға қарсы болған жоқ, түсіністікпен қарады. Мәселен, Светлана Талоконова деген әйел өзінің Пришахтинскіде тұратындығын, балалары тұратын Болотная көшесі атауының өте қолайсыз қойылғандығын, енді оның дұрыс өзгертіліп отырғандығын тілге тиек етті.
Көңілге қонымды басқа да пікірлер айтылып қалды. Жастар ұйымдары атынан сөйлеген Ерзат Нұрмағамбетов болса, көше атауларының өзгертіліп отырғандығын қолдай келіп:
– Мына жанымыздағы ғимараттың үстіне қойылған «Промышленные товары» деген ескі жазуды оқыдым. Сол сияқты қаладағы «гармошка» аталып кеткен үйдегі «Караганде образцовый порядок, высокую культуру» деген ұранның тұрғанына да ширек ғасырға жуықтап қалды. Келешекте осындай жазуларды да өзгертсе деген пікірім бар, – деді.
«Өте орынды, қолдауға тұрарлық пікір», – деп баға берді оған көпшілік тыңдауын жүргізіп отырған төраға.
Депутаттар аттары өзгертілген көшелерге абаттандыру жұмыстары жүргізілетіндігіне уәде берді. Жолдардағы, сумен қамтамасыз етудегі, қоғамдық көліктердің жүріп-тұруындағы қолайсыздықтар жөнге келтірілетін болады.
Қалалық мәслихаттың заңдылық және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Геннадий Ивченко экран арқылы көрсетіліп тұрған көше атауларын өзгерту туралы мәселені дауысқа қоюды ұсынды. Жұртшылық әр көшеге жеке-жеке дауыс беруге келісті.
Кездесу нәтижесінде Октябрь ауданындағы 10 көше: 3-ші Кочегарка – Ардақ, Батарейная – Қайнар, Болотная – Бірлік, Коминтерн – Ынтымақ, Мануфактурная – Аққайың, Пионерская – Саялы, Рабкоровская – Серпін, Совхозная – Өркен, Социалистическая – Арман, Торпедная – Арай көшелері болып өзгертілуіне көпшілік қолдап дауыс берді.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.