өмірдің шуағы, 8 наурыз аналар мерекесіне сценарий

0

Тақырыбы: Ана — өмірдің шуағы.

Мақсаты: Ана — өмірдің шуағы, ана — өмір гүлі, анаға тек ұлылық тән екенін ұғындыру. Анаға деген бала махаббатын ояту: Анасын сүю арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Оқушыларды аналардың еңбегін бағалай, құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: көріністер, әндер, суреттер, ойынға қатысты көрнекіліктер, буклет. Плакатқа жазылған нақыл сөздері.
Барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Оқушыларды сахна төріне тұрғызу.

1 — жүргізуші: Құрметті асыл аналар, әжелер мен қыздар!
Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің барлық жерінде тойланатын
8 — наурыз әжелер, аналар, қыздар мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз.

2 — жүргізуші: Сіздерге әлемнің нұрын, өмірдің гүлін, көктемнің шуағын тілейміз. Мына жарық дүниенің мәні де, сәні де сіздерсіздер!

1 — жүргізуші: Ананың тілегі, ананың жүрегі, ананың махаббаты, ананың ыстық құшағынан қасиетті ештеңе жоқ. Ең ыстық күннің нұры да, ананың шапағат мейіріміне жетпейді.

2 — жүргізуші: Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың.

1 — жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың. Біздің әрқайсымыз үшін өмірдегі ең жақын, ең әзиз жан ол – анамыз.

2 — жүргізуші: Бүгінгі 8 — наурыз – аналар мерекесіне арналған «Ана — өмірдің шуағы»
атты мерекелік кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! Барлық өнеріміз аналар сіздер үшін.

1 — жүргізуші: Бүгінгі мейрамда көктемдей көңіл сыйлайтын оқушыларымыздың аналарға арнап жазған өлең шумақтарын қабыл алыңыздар.

1 — оқушы:
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!

2 — оқушы:
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап.
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген – бәйтерегі өмірдің
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ.

3 — оқушы:
Ана деген асыл жандар болаттай,
Ана деген мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл ойды тонатпай.

4 — оқушы:
Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар жанары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.

5 — оқушы:
Ана деген ақылшың,
Анаң барда батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаңа жақынсың.
6 — оқушы:
Ақыл құйған санама,
Күннен артық, расында.
Күн алыста, ал анам,
Ылғи менің қасымда.

7 — оқушы:
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.

2 — жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, меніңше сүй, – деп, Абай атамыз айтқандай оқушымыздың орындауындағы «Аяулы анашым» әнін, қабыл алыңыздар.

Ән «Аяулы анашым»

2 — жүргізуші:
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек.
Тұрғандай өзі, қимылсыз билеп,
Иықтан шашып, төгіліп жерге,
Күмісті шашбау, жарасып белге – демекші, ендігі кезекте қазақтың «Қазақ биі», қабыл алыңыздар.

Би «Қазақ биі»

1 — жүргізуші:
Дүние ойдан шығалы,
Өзімді өзім ұмытып.
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып, – дей отырып, ендігі кезекті әнге берейік.

«Асыл әже» әні

2 — жүргізуші:
Ойын «Ананың алақанын сипап сезу» Үш баланың көздерін жауып байлаймыз. Аналардың орны ауысқаннан кейін, балалар көздері байлаулы күйде барлық аналардың алақанының арасынан, өз анасының алақанын сипап сезу арқылы табу керек.

2 — жүргізуші:
Мерекеге арналады бүгін билер.
Көтерілсін, қанекей, көңіл күйлер.
Алдарыңызда қазіргі үнді биі,
Таң қалдырып қанекей би билеңдер, – демекші, ендігі кезекте «Үнді биі», қабыл алыңыздар!

«Үнді биі»

2 — жүргізуші:
Ана ол біздің елде ардақты адам,
Кішісі де, үлкені де ардақтаған.
Өзінің аяулысы да Отанын да,
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған, – деп кезекті көрініске береміз.

Көрініс «Әжесі мен немересі» «Дүниеде не қымбат?»

Немересі: — Әже деймін, әже,
Сұрақ қойғым келеді сізге.
Мен түсінбейтін бір жәйт бар.
Түсіндірші соны бізге.
Бірінші сұрағым сізге:
Дүниеде не қымбат?
Әжесі: — Адам қымбат, қалқам.
Немересі: — Адамға не қымбат?
Әжесі: — Бала қымбат, қалқам.
Немересі:- Балаға не қымбат?
Әжесі: — Ана қымбат, қалқам.
Немересі: — Иә, десеңші әже!
Түсінбеппін осы жайды.
Тағы бір сұрағым бар сізге,
Қатты мен жұмсақ жайлы.
Әжесі: — Сұрай ғой, қалқам. Не сұрасаң да жауап берейін.
Немересі: — Әже дүниеде не тәтті?
Әжесі: Ананың сүті тәтті.
Немересі: — Дүниеде не қатты?
Әжесі: — Атаның жүрегі қатты.
Қарағым, сауал қойдың көп маған.
Бір ақыл айтайын саған
Тату болса – ағайын жақын,
Ақылшы болса — апайың жақын.
Бауырмал болса — інің жақын,
Алдыңа тартқан адал асың,
Қимас жақын қарындасың.
Немересі:- Түсіндім, әже. «Дүниеде не қымбат екенін?» енді мен айтайын:
Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт берекең — атаң қымбат.
Аймалайтын — анаң қымбат.
Мейірімді — әжең қымбат.
Асқар тауың — әкең қымбат.
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат!

2 — жүргізуші:
Ойын «Жылы сөздер». Аналар өз балаларына берілген әріптерден басталатын жылы сөздер айтады.
1 — жүргізуші:
Бишілер бар бізде қыздар мен ұлдар тобы,
Мерекеге өнерімен келген бүгін.
Таң қалдырып, қанекей би билеші,
Қол соғып, демеу берсе көрермендер!
Сахнада «Вальс биі» қабыл алыңыздар.

1 — жүргізуші:
Жан анам, құттықтаймын мереке күніңмен,
Көктемнің құлпыра бер нарт гүлімен.
Өрлесін елдің берген бақыт бағы,
Жазбасын шат көңілін ақ күніңмен, – деп, ендігі кезекте «Апатайым – анашым» әні, қабыл алыңыздар!

Хор «Апатайым – анашым»
8 — оқушы:
Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Мерекесің тойлаймыз — дей отырып, біздің сыныптың ер жігіттері қыздарды құттықтап жіберсек дейік.

2 — жүргізуші: Ардақты, аналар, әжелер мен апалар! Сіздерге осынау мерейлі мереке тек қана игі жақсылықтар әкелсін.

1 — жүргізуші: Деңдеріңізге саулық, бала-шағаларыңызға амандық тілейміз. Жүздеріңізден күлкі қуаныш пен шаттықтың нұры кетпесін. Еңбектеріңіз табысты болып, шаңырақтарыңызға құт – береке дарысын! Аспанымыз ашық, мемлекетіміздің іргесі берік болсын!

Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы,
Шоқан Уәлиханов атындағы Әулиекөл орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі Кашиева Мадина Совхозбайқызы