Өмір сабақтарын пысықтап қойыңыз…
Өмір — кешкі ұйқы алдындағы кішкентай ғана серуен секілді. Өтеді де шығады… Сондықтан тылсымы көп тағдырдан өз еншіңізді алып, сырлы өмірден өз сыйыңызды иеленіп қалу сіздің міндетіңіз. Ал біз сол бұралаң жолда пайдасы тиер деген кеңестерімізді ұсынуды жалғастырамыз…
1. Адамдарды қалай бар солай қабылдаңыз не болмаса мүлде қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені, оларды өзгерту мүмкін емес. Сіз өмірлік жолын таңдап қойған жақындарыңызды өзгертетін әлемдік сот емессіз. Нысанаңыздағы адамды өз қалауыңызға сай етіп өзгертуді бастап қойған болсаңыз, көп ұзамай бір жола қол үзетініңізді біле жүріңіз.
2. Қашанда өзіңізге өзіңіз жауап бере алатын болыңыз. Әлем әлсіздерді жұтып қоюды көксеп тұратын жауыздарға толы. Сондықан қорғансыз болуға ешкімнің құқысы жоқ. Бұл «ә десе мә дейтін» бұзақы болыңыз деген сөз емес, өз мақсатыңызға жету үшін бірбеткейлік мен қайсарлық ауадай қажет қасиеттер екендігін мойындайтын боларсыз…
3. Бүгін сізді жер-көкке сыйғызбай мақтауы, жақсы көруі мүмкін, ертең — жоқ. Сүйіп және сүйікті болып ұйқыға кетіп, көзіңізді ашқанда сатқындықтың құрбаны болуыңыз ғажап емес. Кейде айырылысудың еш әсері болмауы мүмкін, кейде бұл — орны толмас трагедия. Мұндайда келебтіңізге күмәнданып, өз бойыңыздан кемшілік іздеу құр уақыт өткізумен пара-пар. Сезіміңізді дәлелдеуге әлі де уақытыңыз болады. Бастысы — жаңа қарым-қатынас бастауға жүрексінбеу деп біліңіз.
4. Ар-ұятыңыз мазалап, өзіңізді кінәлау сезімі сізді жиі мазалайтын болса, бұл — ондай қателіктерді тағы да, тағы да жасай түсетіндігіңіздің дәлелі.
5. Қатарластарыңыздың сізге қарағанда табысты екендігін көріп, оларды күндеп, қызғануды доғарыңызшы! Оған кеткен энергияңызды өз мақсаттарыңызға жетуге жолдаңыз.
6. Өзіңді сыйлау, ішкі құндылықтарыңды бағалау сезімі — кез келгенге беріле бермейтін үлкен сыйлардың бірі. Оған жетудің қандай үлкен шаруа екендігін білсеңіз ғой…
7. «Мен неге жұмысымнан, достарымнан, қымбат адамдарымнан айырылып қаламын» деген ойыңызды ұстап алсаңыз, бәрінің де себепкері өзіңіз екендігін жоққа шығарып әуре болмаңыз.
8. Сіз ешкімге қарыздар емессіз. Мұндайды жиі ойлайтын болсаңыз ешқашан өмірге риза болмайсыз және бақыт құшуыңыз екіталай.
9. Өзіңді кінәлаудан рахат алу деген ұғым мүлде жоқ екендігін естен шығармаңыз. Ол жай ғана жүйкеңізді жұқарту, бос әуре болу…
10. Басқа түскен қиындықтардан құтылу үшін өзге қалаға кетуге бел байласаңыз, қатты қателесесіз…
11. Өмірде бір нәрсеге жету үшін қажырлы еңбек пен әрекет керек. «Неге қалайтындарымның бәрі менде жоқ?» деген сұрақ сізді жиі мазалайтын болса, іскери әдеттеріңіз бен жұмыс істеу мәнеріңізді сүзгіден өткізіңіз.
12. Жұмысыңыздың әбден ығырыңызды шығарғандығын түсінсеңіз, біржола шығып кетіңіз. Ішкі «меніңізге» бір рет мүмкіндік беру ағаттық емес.
13. Қажет болғанда өз-өзіңізді ұстай алу — өнер. Өзіңізге «қой» деу сіз ойлағаннан да көп пайдасын тигізе алады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева