өлең, тақпақ, жыр, өлең шумақтары отбасы жайлы

0

Отбасы — ол, Отаным бақ мекені,
Хақ тағала қияды ақ некені.
Отбасы — бір мемлекет шағын ғана,
Одан ұлы елдер де қап кетеді.

Отбасы тату бір ел тұнып тұрған,
Қамқор ата — аналар билік құрған.
Анаң мейір — шапағат нұр төгуші,
Əкең қамқор қолдаушың, алып тұлғаң.

Бауырларым мақсаттары ұштасқан,
Жұлдызы боп жайнайды түнгі аспан.
Сағынысып бір — бірін іздейді олар,
Əуелі өзгелерді бір құшпастан.

Əкең бақыт, береке бастамасы,
Жүрегі шаңырақтың астанасы.
Əкеміз бола білсін Ұлы патша,
Балалар болсын оның жас қаласы.

Ыстық ұя ұйытқысы ғазиз ана,
Анадан туылады небір дана.
Жүрегінің төрінде біздер бармыз,
Жүректен орын алсын асыл ана.

Тəрбиенің бастауы ыстық ұя,
Біз құрақпыз, ата — ана бір дария.
Ғылым білген ғалым да тағзым етер,
Отбасы, ошаққасы, ол — жанұя.

Том тарихты ақтарсаң Абай өскен,
Шаңырақтан жылылық желдей ескен.
Тəрбие мен бірліктің туы биік,
Татулық шықпасыншы үнемі естен.

Ұлт рухының айнасы саналатын,
Ол жаңарса мемлекет жаңаратын.
Отбасының байлығы ата — ана,
Қадірлейміз олардың ғазал атын!