өлең, тақпақ, жыр, өлең шумақтары отбасы туралы

0
Отбасы — адалдық пен алғыс бағы,
Қос жүректің сүюі, жан құштары.
Балапандай көруші еді сені өмірде,
Ұядан тұрсың ба енді сен де ұшқалы.

Деген-ді бәрі сені еркелесін,
Солардың көз алдында сен келесің.
Саған да ұсынды ма мына өмір
Киелі келін болу мәртебесін.

Гүлі едің аялаған ата-ананың,
Ұзатты бүгін жар ғып боталарын.
Тәлімін көріп сен де өз жұртыңның,
Белгілі жақсы келін атанарың.

Артыңда қалып барады бала мекен,
Ұзатпай қыз бақытын таба ма екен.
Барасың ұзатылып, қызға өмірде
Өзге жол бұдан бөтен бола ма екен.

Жар болар бақыт жолын танығасын,
Өмірдің заңына осы бағынасың.
Сен тіккен ақ отаудың түңлігінен
Әрдайым бақ сәулесі жамырасын!

Жүзіңде сол бақ сәуле күліп тұрсын!
Жар көңіл жар көңілін ұғып тұрсын!
Ақ отау саған бақыт сыйлап әр кез,
Мәңгілік қос жүректі біріктірсін!

Көзіңнен шаттық болып күн кетпесін!
Жүректе қуаныш боп гүл көктесін!
Бақыт боп ән төгілсін лебізіңнен,
Көкейден соны жырлар жыр кетпесін!

Артыңда қалып барады балғын мекен,
Бақ даңғыл күтсін сені алдыңда кең.
Барасың ұзатылып, қызға өмірде
Болуы мүмкін де емес жолдың бөтен.

Ұзайды қыз өмірдің бағын ұғып,
Жар болар өз жарының жанын ұғып.
Сыйлы бол шаңырағыңа барған жерде,
Алдыңнан жансын бақтың шамы күліп!

Келген соң екі жақ бір келісімге,
Кеңейер қыз арқылы өрісің де.
Бақытты болсыншы деп сені өмірде,
Толқып тұр бар жақының сен үшін де!..

Дереккөз: http://bilimsite.kz/