Ол кісіге…#15

0

Ол кісіге...#15

13-қараша, 2018 жыл

-Аға, соңғы өтінішім…кездесіп лайықты нүктесін қоя аламыз ба? Сіз қойған нүкте онша емес болып қалды ғой…

Сізсіз өткерген бес күннен кейін, мен сізге осындай хабарлама жаздым. Жауабыңыз «ия» болды, әрине… Айтарым көп…сұрағым көп… Әдеттегі мейрамханада кездестік. Жол бойы «Бұл соңғы кездесу болмаса екен» деп тілеп келемін.

-Келдім, аға.

-Қазір алдыңнан шығамын.

Сіз әдеттегідей маған қарай жүріп келесіз. Соңғы рет болмаса екен…

-Қалайсыңдар? Сабақ жақсы ма? Не жаңалық?

Бәрі дәл бұрынғыдай. Әзілдеріміз. Сөздеріміз. Бәрі бұрынғыдай… Соңғысы болмаса екен.

Бұрынғыдай шәй құйып беріп отырмын.  «Соңғысы болмаса екен» деп.

-Ал, айта бер. Не айтқың келіп еді маған?

-Айтатын ештеңе жоқ. Тек бір нәрсені білгім келді.

-Нені?

-Неге бұлай болғанын. Барлығы жақсы еді ғой. Не өзгерді? Жүрегім тыныш емес дейсіз. Одан басқа себеп жоқ па?

-Басқа себеп жоқ.

Басқасы жоқ деп көзіме қарап айттыңыз, бірақ өтірік екені анық байқалып тұр ғой.

-Айтпақшы, бір себеп бар.

-Қандай?

-Саған ішуді қою керек.

-Сөз берем, бүгін соңғы рет…

Күлдік…Тағы бір әзіл. Ақылдысыз ия? Тағы бір себеп бар еді ғой…Айтпай қалған сияқтысыз. Маған ауыр тиеді деп қорықтыңыз ба? «Неге, неге» деп түндерімді ұйқысыз өткергеннен гөрі шындықты біле салғаным оңай болатын еді ғой.

-Білесің ба, мен кейін салыстыратын сияқтымын.

-Мені өзгемен?

-Өзгені сенімен.

Осы сөзіңіз…бекер-ақ айттыңыз… Бұл сөз ойымда гештальт болып қалады-ау деп ойламадыңыз ба? Осы сөзіңізден кейін, өзіме «бүгін жыламаймын» деп берген уәдемді бұзып жібердім.

-Қазір келемін…

Сіз 5 минутқа сыртқа шығып кеттіңіз… Енді жылауға болады. Өзімді-өзім әрең ұстап отырған екенмін ғой. Даяршылар көріп аң-таң. Күліп-ойнап, әңгіменің түбін түсіріп отырған қыз бен жігіттің расында қоштасу үшін кездесіп отырғандарын қайдан білсін…

-Шәй аламыз ба?

Екі сағаттай отырып қалыппыз. Әдетте бұлай ұзақ отырмаушы едік қой.

-Қимастық бар ма?

-Бар ғой…көрмейсің бе, негізі баяғыда-ақ тұратын адамбыз ғой.

Мен күліп жібердім…

-Неге күлдің?

-Ештеңе…

Қызық… Осылай да адам қоштаса ма екен? Бұлай бақұлдасқаннан гөрі ұрсысып, енді бет көрместей ренжісіп, айрылысып кеткен жақсы екен ғой. Бұл соңғысы… Соңғы рет…болмаса екен.

-Тұрайық…

Ойда ештеңе жоқ шығып барамыз…Ойбу, шотты төлемеппіз ғой. Тағы күлдік. Сондағы төлемей шығып кетсек бізді ешкім байқамайды да екен… Дастарханға қайта отырдық. Қимай тұрған біз ғана емес… Жазмыштың өзі «бұл соңғысы болмаса екен» деп тілеп тұрған сияқты…

Дала қатты суық болып тұр. Әдетте таксиге отырып кетіп қалатын біз…үн-түн демей автобус күтіп тұрмыз.  Қоштасатын сәт жақындап келеді…соңғы рет не айтсам екен? Айта алмаймын-ау…

-Сіз жүре беріңіз. Мен келесі аялдамаға дейін жаяу жүріп қайтқым келіп тұр.

Мен  ештеңе айта алмадым… Соңғы рет не айтсам екен дегенде ойыңа ештеңе келмей қалады екен. Жақсы бір тілек тілейін бе? Жоқ. Үндемей кетіп қалайын ба? Тағы болмайды. Жақсы көремін деп айтайын ба? Артық болады, сонша романтиканың керегі не? Ақыры, «жүре беріңіз» деп құтылдым… Сондағы:

-Мен сені шығарып салайын. Жүріп қайтайық,-дейсіз.  

Жоғары қарай жүріп келеміз. Әңгіме арасында алыстан мұнартып тұрған Көк-төбені көзім шалды. «Көк-төбеге бара алмай қалдық қой» деп ойлағаным сол еді, сіз:

-Ақыры Көк-Төбеге бара алмай қалдық ия?

-Ештеңе етпес…Басқа қызбен барып үлгерерсіз…

Тағы әзіл… Тағы күлдік. Автобус келер емес. Дала суық.

-Келіңіз отырайық…

Осы сәт ең күлкілісі шығар… Алматының ең үлкен көшесі… Суық күні екі адам аялдамада аяқтарын құшақтап отыр. Сіз өзіңіздің кейде балаға айналып кететініңізді байқамайсыз…

-Бұл сіздің соңғы шешіміңіз ба?

-Ия…

-Өзгереді деп ойламаймын.

-Неге?

-Сізді білемін ғой…

Сіз шешім қабылдасаңыз, демек біраз ойланып, ой елегінен өткізіп, ақылдасып жасайсыз. Тәуекел етесіз. Маған бір ай бойы айта алмай, ойланғаныңыздың да сыры сонда. Сіз шешім қабылдасаңыз, демек ол нақты, кесімді шешім. Оны өзіңізден басқа ешкім өзгерте алмайды. Білемін ғой…

…..

Біз осылай қоштастық. Ең соңғы кездесу. Ең соңғы сөздер. Ең соңғы көзқарас. Ең соңғы сыйлық.

Бір киноға арқау болатын сезімдерді басымыздан кешірдік. Мен соған разымын. Ертегі сияқты. Менің де басымнан ертегі өткен. Мен де ертегідегі ханшайым болғанмын. Бірақ, біздің ертегі басқалары сияқты «олар бірге ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешіпті» деп біткен жоқ. Бәлки, «олар бөлек, бір-бірінен жырақта бақытты әрі ұзақ ғұмыр кешіпті» деп бітті.

Сіз сезімге ешқашан берілген емессіз. Енді, сонша жасқа келіп…мен сияқты бала емессіз ғой. Шынайы махаббаттың болатынына де сенбейтін сияқтысыз. Бірақ, мен сенемін. Бәрін өзгеше қабылдаймын. «Ол кісіге…» деп жазған бұл өміркүнделігім  екеуміздің арамызда болған ертегінің құрметіне. Мен ұмытып қалмас үшін… Бәлкім, 1 жыл… 2 жыл…. 10 жыл…. 20 жылдан кейін… ғаламторға дәл осы өміркітапты оқу үшін кірермін. Оқып шығып:

 «Мен де ертегідегі ханшайым болғанмын…» — деп айтармын. 

……

Қазір біз өзгешелеу бақыттымыз…бөлек-бөлек… Лайым, бақытты бола берейік.

-Көке, рахмет!

-Не үшін?

-Бәрі үшін…бәрі үшін…

 

 

 

 

 

 

 


Дереккөз: https://massaget.kz/