Оксфорд сөздігі «Жыл сөзін» анықтады

0

Оксфорд сөздігі

Оксфорд сөздігі 2018 жылы ең жиі пайдаланылған сөзді анықтады. Бұл жолы «toxic» сын есімі «Жыл сөзі» атанды. Мағынасы «улы», «уытты», «зиянды», «токсинді» дегенге келеді.

Бұл сөз ағылшын тілінде XVII ғасырда пайда болған. Латынның «toxicus» сөзінен шығады. Сөздік құрастырушы мамандар бақылауы бойынша, 2018 жылы бұл сөз әлеуметтік оқиғаларға қатысты көп пайдаланылған. Көбіне химикаттар, маскулиндік, зат, газ, қоршаған орта, өзара қатынас, мәдениет  ұғымдарымен қатар жүрген.  

Естеріңізге сала кетейік, Оксфорд сөздігі бойынша 2017 жылдың негізгі сөзі «youthquake » болды. Аталған ұғым «жастардың тікелей әсерінен орын алған мәдени, саяси және әлеуметтік өзгерістер» деген мағына береді.

Ағылшын тілінде бұрын-соңды youthquake сөзі болмаған, ол youth (жастар) және earthquake (жер сілкінісі) сөздерінің бірігуі негізінде пайда болған. Онда, тура аудармасы «жастар сілкінісі» дегенге саяды. Алғаш рет бұл сөзді америкалық Vogue журналының редакторы Диана Вриланд 1965 жылы қолданған екен. Ол кездегі мақалада автор аталған сөзді жастардың музыка мен сәнге енгізген жаңалықтарын атап көрсеткен еді. Оксфорд сөздігі редакторларының айтуынша, бұл сөздің қолданылу жиілігі соңғы кездері 5 есе артқан көрінеді. 

Ал, Harper Collins басылымы былтырғы жылдың сөзі ретінде «fakenews» ұғымын қабылдаған еді.  «Fakenews» ағылшын тілінен аударғанда «жалған ақпарат» деген мағына береді. Қазіргі таңда сенсация жасап, рейтинг көтеру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары түрлі өтірікке жол беретінді шығарды.  

Осы жылдың ішінде ағылшын тіліндегі «fakenews» сөзінің қолданылу жиілігі өткен жылмен салыстырғанда 365 % көбірек болып шықты. Бұл сөздің әлем бойынша соншалық жиі қолданыс табуын сарапшылар 2016 жылдың аяғында АҚШ-та өткен президент сайлауымен байланыстырды.