«О. Бөкей әңгімелеріндегі нарратор»
«О. Бөкей әңгімелеріндегі нарратор»
Бағыты: Қазақ әдебиеті Бөлімі: Ғылыми жұмыстар Сыныбы: Басқа
Жалпы Оралхан Бөкей әңгімелерін оқып отырып Қазіргі әдебиеттану ғылымында автор мен кейіпкер, автордың шығармашылық әлемі, нарратор мен сюжет мәселесі өзекті тақырыптың бірі. Жалпы нарратология деген термин сюжетке қатысты аталуда. Бұл кейде баяндау тәсілі жағынан «нарация» деп те аталады.
Көрнекті жазушы О.Бөкей әңгімелерінің нарраторы авторлық позиция тұрғысынан зерделенуі ғылыми тұрғыдан зерттеуге әбден тұрарлық тақырып. Себебі О.Бөкей өз кезеңінің прозасын өзгеше иірімдермен толықтырып, қазақ прозасының өміршеңдігін көрсетті. Оралхан қолтаңбасы кейінгі жылдарда әдебиетке келген қаламгерлердің жетілуіне негіз қалады. Автор мәтіндегі кейіпкер мен нарраторды өз шығармасында қандай ойды жеткізгісі келгенін әртүрлі көзқарастар негізінде оқырман өзі түсінсін деп қолданады, бұл өте маңызды. Осы орайда жазушы әңгімелерінің баяндау құрылымына ғылыми тұрғыдан терең әрі жан-жақты баға берілмей келеді. Ғылыми жобамыздың өзектілігі осында жатыр.
Оңтүстік Қазақстан облысыТүркістан қаласы№26 орта мектеп
О.Бөкей әңгімелеріндегі нарратор
Дайындаған: Ә. Байжанова 8а-сынып оқушысы Жетекшісі: А.Қасымова, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі
2017-2018 оқу жылы
Мазмұны:
Кіріспе……………………………………………………………………………………..……….3Негізгі бөлім: Автор және кейіпкер………………………………………………….. 5О.Бөкей әңгімелеріндегі нарратор………………………………………………..…….8Қорытынды………………………………………………….…………………………………..14Пайдаланған әдебиеттер тізімі……………………………………………….. ………..16
КіріспеТақырыптың өзектілігі. Қазіргі әдебиеттану ғылымында автор мен кейіпкер, автордың шығармашылық әлемі, нарратор мен сюжет мәселесі өзекті тақырыптың бірі. Жалпы нарратология деген термин сюжетке қатысты аталуда. Бұл кейде баяндау тәсілі жағынан «нарация» деп те аталады. Көрнекті жазушы О.Бөкей әңгімелерінің нарраторы авторлық позиция тұрғысынан зерделенуі ғылыми тұрғыдан зерттеуге әбден тұрарлық тақырып. Себебі О.Бөкей өз кезеңінің прозасын өзгеше иірімдермен толықтырып, қазақ прозасының өміршеңдігін көрсетті. Оралхан қолтаңбасы кейінгі жылдарда әдебиетке келген қаламгерлердің жетілуіне негіз қалады. Автор мәтіндегі кейіпкер мен нарраторды өз шығармасында қандай ойды жеткізгісі келгенін әртүрлі көзқарастар негізінде оқырман өзі түсінсін деп қолданады, бұл өте маңызды. Осы орайда жазушы әңгімелерінің баяндау құрылымына ғылыми тұрғыдан терең әрі жан-жақты баға берілмей келеді. Ғылыми жобамыздың өзектілігі осында жатыр. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Бұл жоба қарапайымдылығымен, айтар ойдың ұшқырлығымен жаныңды баурап алатын көрнекті жазушы О.Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат», «Ардақ», «Жылымық» әңгімелерінің автор позициясын нарратор арқылы бағамдау және оны жан-жақты талдау мақсатынан туған. Шығармадағы негізгі ойды тануда нарратордың автор мен баяндаушыға қатынасын анықтау үшін зерттеу жобамыздың барысында мынадай міндеттерді басшылыққа алдық: нарратордың жалпы анықтамасын беру, автор мен баяншы (әңгімелеуші) арасындағы айырмашылықты анықтау; нарративтің мүмкін болатын құрылымын ашуға ұмтылу, нарративті дамыту.Зерттеу нысаны. Ғылыми жұмыстың нысаны – О.Бөкейдің әр жылдары жарық көрген жинақтары: О.Бөкеев. Ән салады шағылдар: повестер мен әңгімелер. -Алматы: Жалын, 1978.– 280 б.; О.Бөкеев. Қайдасың, қасқа құлыным?— Алматы: Жазушы, 1973; О. Бөкеев. Қамшыгер: әңгімелер.– Алматы, 1970. – 136 б.; О.Бөкеев. Үркер ауып барады: повестер мен әңгімелер.– Алматы, 1981.– 527 б. Зерттеу әдістері. Ғылыми жобада О.Бөкейдің шығармаларына жоғары және төмен дәрежелі сұрақтармен зерттеушілік әңгіме жүргізіліп авторлық позицияның нарратормен байланысы жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы зерттеу әдістері арқылы көрсетілді, ерекшеліктері әр алуан зерттеулермен, дерек көздермен салыстыра ашылды.Зерттеудің ғылыми жаңалығы. О.Бөкей шығармашылығы жан-жақты зерттелінсе де, жазушы әңгімелеріндегі авторлық позицияның нарратор тұрғысынан зерттелмеуі бұл еңбектің ғылыми жаңалығын негіздейді. Аталмыш тақырып бұған дейін жазушы повестерінде ғана қарастырылып келген болатын. Бұл әңгімелердегі айтылар ой мен әңгімелеушінің өзара бірлігін ашып көрсету ғылыми жобаның басты жаңалығы болып табылады; Жазушы ойын білдірудегі әңгімелеушіні таңдауы, мәтіндегі наррациямен мағыналық үйлесімділік талданады. Жобаның негізі мәні – прозалық туындылардың адам өміріндегі орнын көрсету.Қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері А.Байтұрсынов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, М.Оразбек еңбектері пайдаланылды.Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ тілі білімі бағыты бойынша да, қазақ әдебиеті бағыты бойынша да О.Бөкей шығармашылығынан зерттеулер көп. Алайда О.Бөкей әңгімелерінің нарраторы, оның авторлық позициямен үйлесім табуы тұтастай зерттеліп, қарастырылмаған. Зерттеу жұмысының теориялық–практикалық маңызы. Зерттеу жобада алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдарды адамдар мен тиімді қарым-қатынас жасауда, толыққанды өмір сүруді ұғынуда пайдалануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:— Автор өзекті ойды білдіруде әңгімелеуші «өзі» болатынын байқаймыз.-Автор кейіпкерді нарратор еткенде айтылар ойдағы адресат нақтылананын көреміз.—Эмоционалды интеллект мәнін толықтай ұғамыз.—Адамның толыққанды өмір сүрудегі рухани жаңғырудың маңыздылығын саралаймыз.Зерттеу жұмысының құрылымы. Ғылыми жоба кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім: 1.Автор және кейіпкерКөркем туынды – автор мен кейіпкерлер әлемінің, олар «ғұмыр кешетін» көркем кеңістіктің бір-бірімен тығыз байланысқа түсетін «алаңы». Қазіргі әдебиеттану ғылымында көркем мәтін құрылымында автор, автор бейнесі, нарратор, кейіпкер ұғымдары жаңа талдаулар нысанына алынуда. Белгілі орыс ғалымдары М.Бахтин, В.Виноградов, Корман, Гуковский, Драгомирецкая т.б. автор мәселесін сөз еткенде, оның кейіпкермен күрделі қарым-қатынасына, автор мен кейіпкер арақатынасын анықтауға ұмтылады. Жалпы, бұл мәселе орыс әдебиеттану ғылымында ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап қолға алынса да, әлі күнге дейін өткір мәселе болып қалып отыр. Әдебиеттану әлемінде автор мәселесіне байланысты түйіні шешілмеген аспектілер дүние жүзі зерттеулерінің де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінгі күнде қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеу объектісі ретінде кең етек алғаны да рас.Нағыз суреткердің өмірде өзі білетін уақыт пен қоғам, адам мен оқиға шындығын, кейде тіпті сұмдығын тарихшыдай зерделеп, тамыршыдай дәл диагнозын қойып, саналы түрде біліп отырса да, көркем шығарма табиғатына тән шығармашылық процесте автор атаулы ешқашанда өмірден көшірмейді. Ол суреткерге тән эстетикалық тұрғыдан көру, көркемдік тұрғыдан тану негізінде психикалық жақтан өзіне де, өзгеге де құпия шығармашылық интуициямен, “жанама жолдармен” рухани әлемін тудырады. Сол әлемге бар жан-дүниесімен беріледі. Демек, автор көркем шығарманың қайсыбіреулер айтып жүргендей “сырттай” иеленушісі емес, көркем мазмұнның тұтас табиғатында өмір сүруші рухани шығармашылық тұлға. Ендеше, автор тұтас аяқталған көркем шығарманың және күллі оқиғалар мен кейіпкерлердің, басты қаһарманның бірлігін сақтаушы әрі иеленуші бола отырып, көркемдік әлемге зор жауапкер тұлға. Сондықтан автор көркем дүниені тудыру барысындағы күрделі психологиялық-шығармашылық процесте іштей өз-өзімен күресуші тұлға. [1,56]Автор тұлғасы күрделі, ол өзі тудырған көркем шығарма арқылы да тура көрінбейді. Өзінің ой-сезімін, идеясын кейіпкерлер арқылы береді. Автор әдеби шығарманы тудырушы, өзінің көркемдік әлемін жасаушы. Автордың өзіне тән болмысы көне дәуірлердің өзінде дара эстетикалық болмысын танытқан. Авторды көркем туындыдан бөлек алуға болмайды. Себебі, көркем шығарманың құрылымы – композициясы, сюжеті, тартыс пен кейіпкерлер әлемі автордың ұстанымы арқылы көрінеді. Автордың көркемдік әлемі шығарманың көркемдік болмысын ашады. Әуезелеуші (автор) көркем мәтіндегі әрекетке өзін қатыстырмай, баяндаушы, әңгімелеуші қызметін атқарады. А.Байтұрсынов авторды әуезелеуші, толғаушы, жазушы, ақын, сарындаушы деп атаған. [2,15] Ал, орыс әдебиеттануында (В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Б.О.Корман) баяндаушы (повествователь), әңгімелеуші (рассказчик), хроникашы (хроникер), әңгімелеуші-кейіпкер деп атаған.Көркем шығарма ішінде “автор тұлғасының” қатысуы кездеседі. Оның сөз қолданысында, көзқарасында авторлық сөз бетпердесі сезіледі. Яғни, шығарманы оқығанда онда автордың өзі сөйлеп тұрғандай әсер қалады. Негізінен, көркем шығармада “автор бейнесі” мен “автор жасаушы” бейнесі бір емес. Әрине, көркем туындыны жасаушы автор бірінші кезекте тұрады да, содан кейін барып шығарма ішінде автор бейнесі беріледі. Нарраталогия деген атау әдебиеттану ғылымының бір бағыты ретінде «нарратив» сөзінен туындағаны белгілі. Әдебиеттегі нарратив бұл – көркем шығармадағы фактілер мен оқиғаларды баяндаудың бірізділігі. Бірақ оны сюжетпен шатастырмау керек: нарратив – бұл фабула емес, фабулаға негізделетін құрылым. Сонымен қатар нарратив белгілі бір заңдылықтар бойынша қалыптасады. Мысалы: кеңес фольклорисі Владимир Пропп ертегілік нарративтің базалық құрылымын жасамақ болды. Ол нарративті шағын бөлшектерге бөлуді ұсынды – нарратемаларға: характерлер, персонаждардың қызметі, сиқырлы құралдар немесе белгілі бір жағдайлар. [3,1]Нарратив туралы екінші түсінік құрылымдық нарратологияда қалыптасты. Осы тұжырымдама бойынша, әңгімелеуде коммуникацияның құрылымдық белгісі ғана емес, сонымен қатар, айтылып жатқан әңгіменің құрылымдық белгісі де шешуші роль атқарады. Нарратив термині суреттеу терминіне қарама-қарсы. Ол мәтіннің нақты құрылымын мазмұндайды. Тарих деген түсінік оқиғаны білдіреді. Ал оқиға жағдайдың өзгеруі болып табылады немесе кейіпкердің ішкі толғанысы, жағдайы болып есептелінеді. Сонымен құрылымдық мағынада нарративті шығарма оқиғаларды бейнелеп, тарихты мазмұндайды. Классикалық түсінікте нарративтілік тек қана сөйлеу шығармашылығымен шектелмейді, сонымен қоса, нарраторлық қасиетке ие. [3,3 ]Қазіргі заманғы нарратология 1960 жылдардың аяғында әдебиеттануға ерекше бөлім болып қосылды. Алайда нарратологияның негізі 1920 жылы орыс формалистері арқылы қаланды: В.Шкловский, Б.Томашевский, В.Пропп, Б.Эйхенбаум, М.Бахтин, т.б. Яғни бұл зерттеушілерге біздің ғасырларымыздан бастап әңгімелеу теориясының негізгі тұжырымдарын қайта қарап шығу ұсынылды. Нарратологияда мынадай категориялар қарастырылады: оқиға, сюжет, фабула, тарих, әңгімелеу сатысы, әңгімелеу түрі, айтушы мен айтылымның арақатынасы, автор мен нарратор (әңгімелеуші), автордың, кейіпкерлердің, оқырманның көзқарасы, нарративті деңгейлер, әдістер, т.б. Нарратор — көркем туындыда оқиғаны баяндау қызметтері бөлінген тұлға. Нарратордың қатысуымен әңгімелеудің ерекшелігі анықталады. Бұл бағытта жазылған еңбектердің қатарында В.Шмидтің «Нарратология» еңбегі, сондай-ақ «Нарратология» атты ғылыми пікір тұжырымдар жинақталған 2 томдық жинақты атауға болады. Нарратор түрлеріне әңгімеші мен баяндаушы жатады. Әдебиет теориясында автор мен нарратор ұғымын дәйекті түрде қарсы қояды, яғни автор туындыдан тысқары болса керісінше сол көркем туындының бөлшегі, онсыз баяндаудың болуы мүмкін емес. Әдебиеттегі мұндай тұлғаларды әңгімеші, баяндаушы терминдерімен атайды. Нарратор түрлері көркем туындыда атқарар қызметтерімен ерекшеленеді. Неге біз авторды нарратордан бөліп қараймыз? Бұл автор позициясы, ұстанымынан хабар бермек. Бұл кезеңге дейін автор позициясы ғана талданып, талқыланды. Ал автор идеясының шығарма ішіндегі баяндаушымен үйлесім табуы жазушының тағы бір қырын аша түспек. Әдеби туындының қайнар көзі ретінде автор нарраторды, яғни тарихты, оқиғаны әнгімелейтін нақты немесе жалған тұлғаны жасайды. Ақырында көркем туындыда баяндалатын ойдан шығарылған оқиғаны нарратор шындыққа айналдырып, нақтылық сипат бере отырып, басынан өткендей, өмірде болғандай етіп жеткізеді. Нарратор автормен кереғар қалыпта ғана тұрмайды, бұл екі тұлға арасында түбегейлі айырмашылық жиі байқалады. Нарратор тұлғасының лирикалық, эпикалық, драммалық туындыларда көрінуінің де шектеулі шекарасы бар. Егер лирикада тек өз сезімін бейнелейтін лирикалық мен әрекет етсе, драмада нарратор оқиғаға, тартысқа орын беріп «қағажу» көреді. Ал эпикалық туындыларда нарратор автормен оның суреттейтін әлемі арасында өзгеше «делдал» қызметін атқарады. Нарратор автор мен баяндалатын әлем арасындағы делдал болып табылады, яғни баяндау мәні нарратордың қабылдау призмасы арқылы туындының шындығын пайымдауға әкеледі. Нарратологиядағы әдеби мәтін 2 жоспар арқылы қарастырылады: баяндалатын оқиға (мазмұн жоспары) арқылы; хабарлау ретінде (көрініс жоспары). Осы диахрония негізінде нарратологияның басқа да түсініктері пайда болады: фикционалдылығы (жасандылығы, ойдан шығару) және фактуалдылығы (бар болуы, іс жүзіне асыру), нарратор (баяндаушы) типтері, баяндау инстанциясының иерархиясы, сатысы (шынайы және абстрактілі автор, нарратор, идеальный және нақты оқырман, оқырман бейнесі), автор бейнесі (баяндаушыны бөліп ажырату немесе оқырманмен тілдесу және ойнау мақсатында баяндаушы-кейіпкердің жеке мінез-құлқы мен биографиялық белгілерін айшықтау) және т.б. Сонымен қатар, бастапқы 2 жоспарға негізделген баяндау теориясында үшінші жоспар да бар, яғни баяндалатын оқиғаның және баяндаудың бағыттылығы – коммуникация, адресаттылығы, сөздің түп тамыры (адрестность). Бұл жоспар автор мен оқырманның өзара қарама-қайшылығынан туындағандығы көркем мәтінде автордың оқырманға дайындаған әртүрлі провокациялары көрінеді [ 3,89].
2. О.Бөкей әңгімелеріндегі нарраторӘңгіме дегеніміз – аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап ететін шағын жанр екенін ескере келе жобамыздың нысанына жазушының үш әңгімесін ғана алдық. Олар: «Ардақ», «Тортай мінер ақ боз ат», «Жылымық». Себебі О.Бөкейдің шығармашылық таным деңгейі өте биіктерден танылады. «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі қалай баяндалады?«…Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар Тортай атты бала болушы еді. .. Қой аузынан шөп алмас жуас, ата-анасынан ерте айрылып, алыстан қосылар аталастарының есігінде жүретін… бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі ерекшелігі таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін. Қолына не тисе, соны оқитын Тортай арамыздағы білгішіміз, аузымызды ашып тыңдар абызымыз сықылды…». [4,56] Осылайша бізге таныстырып, оқиғаны баяндайтын Тортайдың досы Ораш. Өзінің бақуатты отбасынан шыққанын, Тортайға көп көмектесетінін жеткізеді әңгімелеуші. Бір күні Тортайды әрең тапқанын, оның ешкіммен сөйлескісі кеп отырған жоқтығын байқап, әрең дегенде тілдеседі. «…–Босағада отырғаның не?»- деді Тортай. Бағанағыдай емес, көңілденейін депті. «Баяғыда бір жетім бала болыпты…» деп ертегісін бастап ары қарай күңгір-күңгір, күбір-сыбыр ертекке айналатын[4,57]. Өзінің қиял әлемінде ақ боз атқа мінуді армандайтын. Оқуды бітіруімен балалар жан-жаққа тарап, өз армандарына қарай жол тартқан. Сонда Тортай ғана қой бағып, ауылында қалған. Арада біраз жылдар өткенде Тортай үйленбек болады, үйленгелі жатқан қыздың әкесі Тортайдың құлағының мүкісі бар екенін байқап, қызын бермей қойыпты. Кейіннен естігені Тортай үйленіпті, екі-үш баласы бар. Қой бағады екен. Жазда демалыс алып ауылына барғанда Ораш досына Тортай келеді.«… –Ол ұйықтап жатыр, төрге шық», — деген шешесіне «-Жоқ-жоқ, о не дегеніңіз тәте, рақмет, маған осы босаға да да жетеді, Ораш келді деген соң амандасайын дегенім… бала кезде бірге өстік… қой бақтық… енді ел таныған азамат болды… рақмет, тәте, рақмет, төрге шықпай-ақ қояйын…» [4,57] дегенінің бәрін Ораш естіп жатады. Соңында «Тортай мінер ақ боз ат менің тақымымда кетіп еді» тәмәмдайды. Бұл әңгімеде екі-ақ кейіпкер бар. Автор екі кейіпкер мен қысқа да нұсқа етіп оқиғаны өрбітіп, өз ойын жеткізеді. Тортай бейнесі арқылы не түйдік? Ораш бейнесі арқылы ше? Жазушы оқиғаны неге өзі баяндамай, Ораш арқылы баяндап отыр? Әу бастан-ақ әңгімелеуші өз ауылын сурттей отырып, өзгенің өміріне көшкенде мұндай болмау керек деген ойды меңзегендей. Өйткені өмірде «Тортайдай» адамдар көптеп кездеседі. Мұнымен автор адам өміріндегі сезімнің, эмоцияның орнына айрықша мән беруде. Адам қанша кітапты көп оқып, интеллектуалды қабілеті мықты болғанмен, өз-өзін сыйлауды білмесе, өзін өзгеден төмен санаса («тәте, рақмет, төрге шықпай-ақ қояйын…»), өзіндік құндылығын анықтай алмаса өмірде мақсатына жете алмайды екен. Түйгеніміз: қандай жағдайда адам өз-өзін сыйласа ғана өзгені де мойындата алмақ. Жетістікке жету үшін ең алдымен өз сезімдерімізді түсініп, өзіндік «меніміз» қалыптасу керек. Жандүниесіне үңіліп, эмоциясын түсініп, оны басқарып, өз ойымен үндестікте өмір сүрген адам ғана арманға жетпек. Әр адам өзін жаратушы белгілі мақсатта жаратқанын, оның да өзіндік орны бар екенін ұққан адам өзіндік «менін» мықтап бекітпек. Өзінің «мені» қалыпты адам өмірде өз орнын таппақ. Барды бағалап, алға қарап қадам баспақ. Басқалай жағдайда тек өзін-өзі іздеумен, өзіне көңілі толмаумен өмірді сүрмек екен. Қанағатсыздық осындай адамдардан бастау алмақ. Адам өмірде өзін тануы қаншалықты қиын болса, оны «жоғалтып алу» соншалықты оңай болмақ. Тортай бейнесі нақты өмірден алынбағанымен, оқырманға мақсатқа жету оңай еместігін ұқтыруда. Әйтпесе Тортайдың оқымаған кітабы жоқ, оны «ақылдың кені» деуге тұрарлықтай. Тұрған жерінен шығысқа жаяу тартып кетсе Моңғолиядан шығатытын білетін адамдардың өмірде өз-өзін бағалай алмауы немесе өте жоғары бағалауы өкінішті-ақ. Адамның өзін-өзі бағалауын өзін сыйлай білуі деп түсінеміз. Бұдан адамның жетілуінде біліммен қатар, эмоциялық танымның маңыздылығын байқаймыз. Сонымен қатар адамда талғам болу керектігін ұқтық. «Қолына түскен кітапті талғамсыз оқи беретін» деп келтіретін автор талғаммен неге назар аудару керектігін меңзегендей. Бұл да өз кезегінде адамның өз-өзін басқарушылығына әкеледі. Тортай тәрізді балалар неге өзін басқара алмайды, не болмаса неге ақ боз атқа міне алмайды? Балалармен ойнап, сөйлесіп, өз бойындағы жасқаншақтығын жеңе алса, білген білімін мақсатқа жету жолына пайдалана алар еді. Демек, адам өзгелермен қарым-қатынаста ғана дамиды екен. Мұнда әңгімешіні Ораш, яғни нарраторды, жетістікке жеткен кейіпкер арқылы көрсетуі О.Бөкей шеберлігін тағы айғақтай түспек. Әңгіме негізінде мақсатқы жету шарттары: —Өзін-өзі сыйлай білу,-Адамдармен қарым-қатынас жасай білу, яғни коммуникативті қабілеттілікке ие болу;— Өз талғамын қалыптастыру, назарын бағыттай білуді үйреніп, өзін басқара алатындай деңгейге жету;-Үздіксіз ізденісте болу.
«Ардақ» әңгімесінде автор қалай көрініс тапқан? «…Тарбағатай тауының қойнауында елден ерек отау тігіп, жалғыз-жарым қазақтың қоныс тебуі бұл өңірге таңсық емес, күні ертең өз бастарына келетін туасы қылықтар. Туырлықтай жерге таласып, туысынан ат құйрығын кесіскендер тек ағайынның ғана жан жарасы ма, иісі қалың жұрттың басын ондырмай торлаған айықпас бұлты ғой. Қожа шал құйрық-жалсыз емес еді. Есіркеген кіндігінен жалғыз өзі болғанымен, үш-төрт ата аралаған ағайыны барды. Жиырма беске толғанда Есіркеген қайтыс болды да, жамағайындары Шалабай мен Далабай: «Есіркеген саған әке болса, бізге аға» деп, еншіні қылдай ғып бөлісіп алған да, сырғақсып кеткен еді. Қожа жалғыз шешесімен жұрағаттан айрылып жұтағандай боп, ескі жұрттарында отырып қалған-ды… Шалабай мен Далабайдың жат бауыр, қайырымы жоқ қатыгез болып өсуі Қожаның шешесі Қадишаның көңіліне сынық түсіріп, ақ сүтін тел еміп өспесе де, қайындарының айында-жылында: «Жеңеше, аман отырмысың?» — деп сәлем бермеуі арқасын аяздай қаритын. «Шалдан қалған дүние тең бөлінген жоқ, кемпір өз ұлы болған соң, Қожаға екі тұсақты бізден жасырып берді, қазір бес қойы артық болып отырса, ол — сол тұсақтан өрген тұқым», – деп, Шалабай мен Далабай тапа-тал түсте қозылы қойын айдаттырып алған. Есірген қайныларының бұл қылығына Қадиша ашуланған жоқ. «Ауыл-аймақтан ұялмай дәті барып істеген ерліктері ғой», — деп, қабақ шытып, күйінген де, іштей тынған. Сосын Қожаға оқыс байлам айтты: – Ағайынмен алысқанша, алысқа кетіп абыройынды сақтағаның жөн, балам. Ырылдаса беруге аналардың жүзі шыдап, қарабет бола берсін, сенің инабатың бар еді ғой. Ел-жұрттан ұят-ты. Марқұм әкең көксей беретін жері бар еді—ау, анау Шарықтыбұлақтың Марқакөлге құяр сағасында иен жатқан алаңқай бар, ауылдан безіп ауа көшіп кеткендердің алды-арты біз емеспіз, үйді жығып, ертең таң құлан иектене-аттанып кетейік сонда...» [ 5,82].Міне осыдан кейін Қожаның қым-қуыт өмірі басталады. Ағайыннан алыстап оңаша отырғандағы табысы — бір шайлығы ғана. Анасы қайтыс болғанда да аталас ағайындары Шалабай мен Қарабай қара көрсеткен жоқ. Сол жерде туған қызы Ардақ болса сақауланып сөйлейді. Әйелімен ой бөлісейін десе, әйелі ұйқыдан бас алмайды. Мұндағы әңгімелеуші — автордың өзі. Неге Ораш сияқты басқа кейіпкер емес, автор «өзі» жеткізіп тұр? «Ардақта» автор – әйелдер қауымын жырламақ. Оқыс байламға келген Қожаның анасы өз шешіміне өкінеді. Адамның ағайынмен алысып абырой таппайтынын, жамандықтан қашып құтыла алмайтынын жырлайды. Әйелдерге ұйқылы-ояу күн кешпей батыл болып, елдің ертеңін ойлау керектігін ұқтырады. Себебі болашақ Отан қорғаушыны, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болатын ананы әйел тәрбиелейді. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген халық нақалын ұқтырғысы келеді. Өз өміріне салғырт, немқұрайлы қарайтын бейқам әйелдерді жандандырғысы келеді. Иә, әйел жаңылса танытса, қоғамға қара бұлт үйірілмек. Әйел ашуға ерік бермей, ақылды дос тұтса, отбасы мерейі арта түспек. Мұнда жазушы аналардың қоғам алдындағы мақсат-міндетін тайға таңба басқандай көрсетеді. Автордың тікелей өзі нарратор болуы да сондықтан. М.Әуезовше айтсақ, адамдық негізі – әйелде. Қыз, әйел, жар мінезі – елдің ертеңін көрсетінін ескертеді. Автор позициясы бала тәрбиесімен айналысқан ана баласын қанатының астына тыға бермей, шешім қабылдай білуді үйретуі керек екен. Бауыр еті баласымен өзімен тең дәрежеде үлкен адам санап, санасып отыру керектігін ұқтырады. Мұндай ананың шектен тыс «қамқорлығы» баланың өміріне зиянын тигізетінін көрсеткен. Автор оқиғаны отбасының сырт көрінісі немесе қимыл-қозғалысы арқылы ғана танытпай, кейіпкерлердің ішкі жандүниесі арқылы танытуымен — бақыттың негізі жандүниеңнің тыныштығында екенін меңзеуде. Жазушы ашу мен кекке булыққан ананың аңдаған жолының қисынсыздығын Ардақтың ешбір адаммен сөйлесе алмауымен безбендейді. Ашу дұшпан екенін тәмсілмен жеткізуде. О.Бөкейдің қай шығармасын алсақ та мұңды боп келуі эмоциялық тәрбие мен дағдының тапшылығынан деп бағамдаудамыз. Адамның эмоционалдық жағдайы бақыттылығының деңгейін, алдағы өміріндегі сәттілікке ие болу мүмкіндіктерін көрсетеді. Өмірде адамға ең қажеттісі, әрине, қауіпсіздік ережелері болмақ. Иә, біз бүгінге дейін бірінші орынға қауіпсіздікті сақтауды қойсақ, екінші – интеллектуальдық қабілеттілік маңызды деп санадық. Сезім әйелдерге ғана тән қасиет деп танып, оған аса мән бермеген екенбіз. Ата-ана бала есін білгеннен оқысын, көзі ашылсын деп түрлі үйірмелерге апарады. Бірақ ол баланың шынайы өмірде кездескен қиыншылықтарға төтеп бере алмай , өзіндік «менінен» айырылып қалуы әбден мүмкін екен. Қазіргі таңда адамды мақсатқа жеткізетін интеллектуальдық қабілетпен қатар, эмоциональдық таным екені: қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, қиын-қыстау кезеңдерде ашуға берілмей өзін қалай қолға алу, алға қойған мақсатына жету жолында кездескен қиындықтарға қолды бір сілтемеу, өзекті мәселесін қандай жолдармен шешетіндігі маңызды саналуда. Себебі біздің эмоциямыз, көңіл-күйіміз жақсы және қате шешімдерге келуімізге септігін тигізбек. Бұны ата-анаға тиісті тәрбие түрі деп қарамай, әр адамның өмір бойына керек тәрбие екенін ұғындық. Өз сезімін бақылай алмайтын адамдар басқалардың ыңғайына көнгіш, өз-өзін сыйламайтын адам болып қалыптаспақ, яғни өз-өзін басқара алмаса, өзгелер тарапынан басқарылмақ. Байқағанымыз, жеке адамның тұлға ретінде жетілуінде өзін-өзі бақылауда ұстау керектігі басты назарда екен. Әңгіме негізінде ұққанымыз:
- Ұлды шешім шығара алатындай, қызды батыл етіп тәрбиелеу;
- Идеал өмірге ұмтылмау.
«Жылымық» әңгімесінде ой қалай баяндалады? Мұндағы баяндаушы — Жанардың ағасы. Нарратор В.Василевтің «Жылымық» суретіне қарап, жылымықтағыдай өмір сүретіндерге олай өмір сүрудің берекесіздігін жеткізіп, табиғат заңына сай адам қалпында өмір сүруге бағыттайды. Жанардың балапан көңіліне кіршіксіз қаяу түсірмеуге тырысқан «ағасы» Жанардан көп нәрсе үйренеді: «Көру үшін тек қана көздің болуы жеткіліксіз, әлемдегі әр затты анықтап көру үшін жанның да жанары болуға керек …», «…Екеуміз қол ұстасып қатар келе жатқанда мен көретінмін, сен сезінетінсің. Күні бүгінге дейін көру мен сезінудің айырмасын, артықтығын таба алмай сандалудамын…», «Мен осы жазықсыз жанардан адамдықтың, әрі тазалықтың айтып жеткізгісіз жыры, көз тоймайтын сұлулығын таныдым…», «…Солардың ішінде қасқыр көздің, түлкі көздің, үкі көздің, қоян көздің, мысық көздің, тышқан, жылан, қара, көк, ала көздің барын да қайдан сезуші едің…», «Ал, көзімді жұмған сәтімде сенің қолыңнан мықтап ұстап адасып кетпекке бекінетінмін». Мұнда автор он екі мүшесі сау адамның ойсыздығын, әлсіздігін, рухани мүгедектігін жеткізуде. Өмірде өзін үнемі шаршаңқы сезініп, өміріне налып жүретін адамдардың жігерін жануда. Көзі көрмейтін адамды «рухани ием» дейді. «Мен бір адам- айдынның ортасында қалқып қалған аралдай жалғызсыраған зарлық едім», «Көзі барлардың менмендігі, менсінбей қарайтындығы, басынғысы – бас салғысы келіп тұратындығы. Олар бізді мүгедек деп ойлайды, бірақ олар тән мүгедегінен жан мүгедектігі әлдеқайда сорлы екендігін ұқсашы, шіркіндер». «Мен сізді аяймын, аға. Сау соқырлығыңыз үшін, тым-тым романтикаға берілгіш, шындықтан бұғып қалар жуастығыңыз үшін аяймын. Сіз менімен бірге Тасбөгеттің басында қалғып-шұлғып отырғаныңызда, талай-талай есеңізден құр қалдыңыз емес пе? Жылымық деген жақсы, егер бұл табиғаттың бораны соғып, жаңбыры жаумай тұрса, бірақ одан да жалығар едік қой. Асылы ер адамға жылымықтан гөрі ақырған аяз, ақ нөсерлі өмір жарасар»[6,96]. Жазушы өмір сүру кредосы ретінде табиғаттың өзін алады. Иә, дауылсыз, жаңбырсыз табиғат болмақ емес. Ондай өмір де болмайды. Жылымықта өмір сүргендей «жылынып» өз-өзін шектеп отыратын адамдарға ешкімге есеңді жібермей өмір сүр деп үн қатуда. Өйткені өз мүмкіндігін шектеп өмір сүргендер көп нәрседен құр қалатынын ескертуде. «Өтірік даяшы» секілді өтірік өмір сүрмей өз-өзіңді таны, өзгеге таныт, мәре-сәре боп өмір сүр деуде. Дені сау адамдардар бар мүмкіндігін пайдаланып, толыққанды өмір сүрсе екен деген ойды меңзеуде. «Жылымықта» автор позициясы — рухани жаңғыру, босаң, қиялшыл болмау, қасаң қағидалармен өмір сүрмей, толыққанды өмір сүре білу. Автор оқиғаны неге өзі баяндамаған? Не болмаса Ораш секілді кейіпкердің аты да жоқ. Нарратор — аға. Демек адресаты белгісіз, өмір сүруді білмейтін кез-келген адам. Ондай адамдар жарымжан күйден айырылып, өз қорқынышын жеңіп, рухани жаңғыруы керек. Бас көзімен ғана өмір сүрмей, көкірек көзімен түйсініп, сезініп өмір сүру керектігін ұқтыруда. Абай танымындағы «толық адамда да» «…ақыл, қайрат, жүрек үшеуің бір адамның бойынан табылсаңдар, басқан қадамының топырағын көзге сүртерлік қасиетті жан сол » деп берілген[7,42]7 Демек, жүрек дегеніміз – сезім, түйсік. Ұлылыр үндестігі — осы шығар, бәлкім. Иә, өмірде мұндай адамдар көп. Олар өмірінің мәнсіз, сүреңсіздігін өзінен емес, өзгеден іздеуде. Солайша өмір сүру циклі мүлдем басқа арнаға бұрылуда. Өз бойындағы мінді көрген әр адам өз-өзімен жұмыс жасаса, өзін тәрбиелесе, дамытса, көп кикілжің оқиғалардың алдын алған болар едік. Сонда ғана еліміз «қайырымды қала тұрғындарына» айналмақ. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бұл пікірі де біздің ойымызды қуаттай түспек. Әңгіме негізінде түйгеніміз:-Өзіңді өзің тану; -өзіңе сын көзбен қарай білу;-Толыққанды өмір сүруге ұмтылу;-Идеал адам болудан бас тарту;-Өмірді табиғатпен салыстыра тану;— Сезіну арқылы ойыңды, жандүниеңді, ішкі әлеміңді басқару.
ҚорытындыБразилиялық педагог П.Фрейре: «Балаларды көркем әдебиетті оқытуға үйрету жеткіліксіз, оларды күнделікті өмірде ойып орын алған мәселелерді шешуге үйрету керек» [8,65] деген пікіріне толықтай қосыламыз. Өйткені өмір тек тегіс жолдан тұрмайтыны ақиқат. О.Бөкейдің авторлық позициясын шығармашылық әлемінде жасаған кейіпкерлері, олардың бір-бірімен жасаған диалогтары арқылы бағамдай алдық. М.М.Бахтин атақты орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің шығармашылығын талдай келе, былай деп жазған екен: «Адамның шынайы өмірін сөзбен құрастырудың жалғыз ғана адекваттық формасы болып ешқашан аяқталмайтын диалог танылады. Өмір өз табиғаты бойынша диалогтік құбылыс. Өмір сүру дегеніміз диалогке қатысу: сұрау, тыңдау, жауап беру, келісу және т.с.с.» (8,153)Диалог — шығармадағы адам мінезін ашуда, көркем идеяны тануда, сырлы бейне жасауда шешуші қызмет атқаратын ең негізгі құрал [9,85]. Белгілі зерттеуші Виктор Шкловский сөзімен айтсақ, “Кейіпкер – өз орнын іздеген адам. Өйткені адамзаттың өзі құбылмалы, өз орнын іздеуші, өзімен-өзі болғысы келуші [1,105 б.]. Олай болса, кез келген автор қаһарманға тән поэтикалық та, эмоциялық та әсері күшті, барша адамзатқа ортақ “өмір прозасын” тудыруға тырысады. Кейіпкер – автордың идеялық мұрат-мақсатын шығарма мазмұнында жүзеге асырушы және сол жолда тынымсыз әрекет етуші көркем тұлға. “Көркем шығарманың өзге компоненттері сияқты кейіпкер сөзі де автордың белгілі бір идеялық мақсатын, көзқарасын, пікір-ойын білдіру үшін қажет” [10,74] деген ғалым Ә.Нарымбетов ойы автор мен қаһарман арақатынасын анықтай түседі. Тек қана персонаж өзінің сөзімен, адамдық бітім-болмысы мен қиян-қилы характері арқылы автордың идеясы мен суреткерлік позициясын уақыт бедерінде болашаққа жеткізе алады.Идея адам образы немесе кез келген құбылыстың символдық бейнесі екенін, тақырыптың өзі автор ойының тең жартысын көрсететінін білеміз. Сонымен зерттеу жобамызда жоғары дәрежелі сұрақ түрлерін пайдаландық. Нәтижесінде интерпретациялық диалог қалыптасты. Интерпретациялық диалогте тек қана ақпарат емес, сонымен бірге жаңа ұғымдар, түсініктер қалыптасады; үш әңгімеде үш түрлі авторлық позицияны кезіктірдік: «Жылымықта» «аға» арқылы автор шешімі – адамның өз-өзін табуы, толыққанды өмір сүруге ұмтылуы. Автор осылайша нақты өмірде де адам қиялға берілмей, қатып қалған қасаң қағидалармен өмір сүрмей өз-өзін тапса ғана шын бақытқа кенелмек деген ойға бағыттауда. «Ардақ» әңгімесінен саралағанымыз — «Бақыттың кілті — әйелде». «Тортай мінер ақ боз атта» — адам өзін-өзі сыйлау арқылы жетістікке жетпек. Мұнда Тортайдың эмоциясы арқылы адам тек басқа адамдармен қарым-қатынаста ғана дамиды, тек қарым-қатынас әрекеттері ғана бізді жаңа түсінікке әкелетінін ұқтық. Себебі Тортай балаға ұқсап ойнамайтын, өздігінше кітап оқи беретін. Егер де адамдармен сөйлесіп, пікір алмасып, жасқаншақтығын жеңгенде бәлкім, «ақ боз атты» меншіктер еді…Адам сөйлескен сайын дамыса, сөйлемеген сайын кері кететінін ұқтық. Әрине бұл эмоционалдық тәрбиенің маңыздылығын көрсетпек.Тоқсан ауыз сөздің сөздің тобықтай түйіні – автор үш түрлі нарратормен өз идеясын нақты білдіреді екен: «Ардақта» нарратор — автор. О.Бөкей әңгімесінде автор тікелей өзі баяншы болса өте құнды пікір білдіретінін ұқтық. Мұндай жағдайда барлық кейіпкердің іс-әрекетіне, жандүиесіне назар аударады екенбіз. «Ардақта» Қожаның анасы идеал өміріге жеткісі келеді. «Жылымық» әңгімесінде нарратор –Жанардың ағасы. Яғни автор ойын Жанардың ағасы секілді адамдарға бағыттауда. Ондай әлсіз адамдар іштей жаңармаса, оларға шын өмірде ешкім көмек бере алмайды екен. Автор ойы осындай адамдарды әрі-сәрі күйден мәре-сәре күйге жеткізу. Мұндағы кейіпкер идеалдыққа ұмтылды, бірақ өмірде идеал адамның өзі жоқ, ол кемшіліксіз жаратушыға ғана тән. «Тортай мінер ақ боз атта» — Ораш. Осылайша жетістікке жеткен кейіпкер мен жетістікке жетуі беймәлім кейіпкердің ішкі жандүиесін ашуда. Автор жетістік – өзіңді сыйлаудан, өзіңді бағалау мен бақылаудан бастау алатынын ұқтырады. Сонымен бірге авторлық позициямен нарратордың үйлесімі төмендегідей :«Ардақта» — әйелге табиғат нәзіктікпен қоса, еліміздің ертеңін тәрбиелейтін үлкен жауапкершілікті сыйлағанын;«Жылымықта» — қателеспеу үшін қателесу керек деген ұғымды қателеспеу үшін сезіну керек ұғымына алмастыруды;«Тортай мінер ақ боз атта» – өмірде адам өз құндылығын айқындай алғанда ғана мақсатына жетпек деген ойын білдіруде. Ұлттық әдебиеттану ғылымында бұл мәселе жан-жақты толық қарастырылған жоқ. Әлі де ізденуді қажет етеді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Оразбек М. Автор және шығармашылық процесс. –Алматы «Атамұра», 2006,-488 б
2.Байтұрсынов А. Ақ жол. Өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. –Алматы: «Жалын», 1991, -464 б
3. Әдебиет порталы. \ Әйгерім Наурызбай. Наррация эволюциясы. 31.07.2017
4.Бөкеев, О. Ән салады шағылдар…: повестер мен әңгімелер / О. Бөкеев. — Алматы: Жалын, 1978. – 280 б..5.Бөкеев, О. Қамшыгер: әңгімелер / О. Бөкеев. – Алматы, 1970. – 136 б.
6.Бөкеев, О. Ұркер ауып барады : повестер мен әңгімелер / О. Бөкеев. – Алматы, 1981. – 527 б.
7 Абай. Қара сөз. Поэмалар. –Алматы: «Ел», 1993.-272 б.
8.Әлімов А. Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер. Оқу құралы. –Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014.-188 б
9. Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: «Қазақ университеті», 1992.352 б.
10. Нарымбетов Ә. Кейіпкер сөзі және портрет. –Алматы: «Ғылым», 1985.-384 б.
Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.