Нұрперзент Домбай: «Барады көз алдымда өмір зырлап…» |

0


Оқылды:
673

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрперзент ДОМБАЙ қаламгер ретінде облыс жұртшылығына жақсы танымал. Кезінде Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі», Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысы бойынша меншікті тілшісі болды. «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған өңірі бойынша меншікті тілшісі, Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газетіне басшылық жасады. Қаламы жүйрік журналист ойлы, сырлы өлеңдерімен де жырсүйер қауымды қуантып жүр. Таяуда оның «Елім деп соғар жүрегім» атты өлеңдер жинағы Алматы қаласында жарық көрді. Алпыстың асуына көтерілген әріптесімізді мерейлі жасымен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілей отырып, бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қазағым

Алла өзі қолтығыңнан демеп тұр,
Нұрлы күнге жолыңды ашып жебеп тұр.
Қалғытпауың үшін ой мен санаңды,
Серпіліс те, сілкініс те керек бір.

Бақ дегенің қона бермес басыңа,
Бақытты шақ бабаң күткен осы да.
Ес жиюың екіталай қайтадан,
Тізгін беріп қойсаң егер қасыңа.

Армандаған күнің еді осы күн,
Ақырында алшы түсті асығың.
Қол астында мұнарланған биігің,
Жақындады жеткізбейтін қашығың.

Енді күнің қарамасын ешкімге,
Өз-өзінен өспейтін бе ед өскін де.
Ұлтың үшін ұмтылатын сәт қазір,
Ертең болар кеш мүлде.

Ажырамау айың туған кезіңнен,
Сән кетпеуі сұңғылалы сөзіңнен.
Не болмаса ұшырып ап бақ құсын,
Сан соғуың… бәрі, бәрі өзіңнен!..

Қазақ тілі

Қаным десе сені осы болмай ма?
Жаным десе сені осы болмай ма?
Сенде кие, қасиеттің барлығын,
Осы жұртым аңдамай ма, аңдай ма?

Даналықты мен өзіңнен сезіндім,
Даралықты мен өзіңнен сезіндім.
Сені сыйлау, сені сақтау – парызым,
Сен дегенің қарашығы көзімнің.

Қазақ тілі – кір шалмаған тұнығым,
Қазақ тілі – дәстүр, салтым, ырымым.
Сен дегенің –Айналайын, Айбозым,
Сен дегенің – Қарағым-ай, Құлыным.

Сен дегенің – тіршілігім, өмірім,
Сен дегенің – мінез-құлқым, көңілім.
Сен дегенің – қуанышым, шаттығым,
Сен дегенің – үмітім мен сенімім.

Сен болмасаң мен бір бейбақ сезімсіз,
Ғұмыр кешу нәрсіз, жерсіз, елімсіз.
Қазақстан бола алмаймын мен сенсіз,
Қазақ және бола алмаймын өзіңсіз.

Ұлытау

Мұнда бәрі, барлығы да киелі,
Табаныңа тасы жұмсақ тиеді.
Қасиетті өзені де, көлдері,
Қасиетті тоғайы, тал, терегі.

Келген сайын тебірендім, толқыдым,
Кезгенімде сай-саласын, ой-қырын.
Алтыншоқың анау аты әйгілі,
Ат шалдырған Ақсақ Темір жойқының

Бұл даланы бар даладан қызғанған,
Ірілерден өшпейтұғын із қалған.
Едіге мен Тоқтамыстай тарландар,
Ұлытауға табан тіреп көз жұмған.

Қатар жатыр қос алыптың денесі,
Екеуін де табыстырған жер осы.
Мәңгі дүние бесігі етіп басқа емес,
Ұлытауды таңдағаны о, несі?

Дала ұланы көрсетпеген жасық үн,
Кеуделерін көтертпеген қасының.
Шайқастан соң не шығарда шайқасқа,
Жан сергіткен жері осы Жошының.

Тығырыққа тірелгенде көшпенді ел,
Жәйсіз хабар жеткізгенде ескен жел.
Бабаларым басын қосып, жиналып,
Ел тағдырын, жер тағдырын шешкен жер.

Ынтымақты ел бірлігімен ықтырды,
Қызғанып та, қызығып та жат тұрды.
Ұлытауда ұран салған ұлылар,
Бар қазақты бір қазақ деп ұқтырды.

Күйзелткенде қу тіршілік ылаңы,
Жаншылғанда жан дүниенің құрағы.
Рухтанып қайту үшін қазақтар,
Ұлытауға жеткісі кеп тұрады.

Жүрегімнің жұлдызы

Ұлытаудың етегінде ай қала,
«Ай қалаңыз, – дейтін болсаң – қай қала?».
Ол – Жезқазған, жарқыраған, жайнаған,
Жез қала боп жер үстінде тұр дара.

Жезқазғаным асылымдай аяулы,
Алтын орда – оттай ыстық алаулы.
Мойындатқан дұшпанын да, досын да,
Мәртебелі жеңістері жалаулы.

Жеңістерін еңбек қуған ерлердің,
Ерлігіне қаһарманның теңгердім.
Марқасқалар, нарқасқалар мекені,
Маңғаз қала – мыс шаһарын мен көрдім.

Айналайын металлург атыңнан,
Кемдігі жоқ бәз-баяғы батырдан.
От-жалыннан алаулаған сескенбей,
Сары мысты сары қымыздай сапырған.

Жын ұрып па маңдай терді сезінбей,
Қаныш пен кен – айнымаған егіздей.
Ұрпағына аманат қып қалдырған,
Жезқазғаным – ұлы адамның көзіндей.

Бір құдірет – жүрегімнің сезгені,
Күңгірт ойлар көкірегімді кезбеді.
Сағыныштың тамшылары мөлт етті,
…Сайрап жатыр Сәтбаевтың іздері.

Бұлбұл ұшты жанарымнан бұлдыр күн,
Шумақтары «бал» татиды жыр-тілдің.
Тылсым сырдың тереңіне жетелер,
Толқып аққан толқындары Кеңгірдің.

Қызыққам да және сені қызғанғам,
Бұл жалғанда мазалаған аз ба арман,
Мендегі арман – жүрегімнің жұлдызы,
Жарқырай бер, жасара бер, Жезқазған

Бір ай, бір күндей…

«Сырда туып, қырда өстім…»

Шынболат Ділдебаев

Мен де солай,
Сырда туып, қырда өстім,
Қазалыға, Ұлытауға – жерлеспін.
Табан тіреп тұра алмайсың тартынып,
Тағдырының дегеніне ермес кім?

Әлдекімдер ер дегенге ерер ме ек,
Жөн-жосығын осы жолдың білер деп.
Сыр бойынан ұзамайтын секілді ем,
Ойладым ба, Арқа жақта жүрем деп.

Қанатыңды қомдатқанда құс әні,
Шалқып көңіл, шабытың да тасады.
Бауырына тарта берді анамдай,
Оттай ыстық Ұлытаудың құшағы.

Екі асыл анам бардай көрінер,
Қос анадан шапағат, нұр төгілер.
Тілектері – ақ, жүректері – ақ олардың,
Перзенті үшін қабырғасы сөгілер.

Қос топырақ – қасиетті, киелі,
Ұлдары бар, қыздары бар өрелі.
Бірін-бірін алалауға хақым жоқ,
Бірі – ай болса, бірі – маған күн еді.

Мендегі сыр өлең болып өрілмек,
Елжіреуден жалықпадым елім деп.
Айым тұрсын ай маңдайы жарқырап,
Күнім тұрсын шуақ шашып, күлімдеп.

Сағыныш

Құмға барсам көлді жүрем сағынып,
Таңдай кеуіп, құрғап ерін, жабығып.
Суды кешсем қырға кетер құмарым,
Жолға шығар күнді күтіп, сарылып.

Қала ішінде кең даланы аңсаймын,
Шалғынына аунасам деп әр сайдың.
Ен далада көңіл кетіп қалаға,
Әр түнімді өткізе алмай шаршаймын.

Жырақ жүрсем дос-жаранды сағынам,
Артық көрер барлығынан, жанынан.
Кездескенше ғашығыма айнамкөз,
Күндер өтпей ойға батып қамығам.

Күндерім жоқ сағынышсыз жүре алған,
Тұла бойым сағынышпен оралған.
Ет-сүйектен емес, сірә, бұл дене,
Құдай білер, сағыныштан құралған.

Жүрек үнін, жүрек сырын тыңдап ал,
Сағынышсыз өмір қалай жырланар?
Менің егер тіле қойсаң денемді,
Қан орнына сағынышым сорғалар.

Көңіл — мата

Қап-қара бұлт тас төбемнен,
Төніп тұрған секілді.
Бұлт емес-ау тас көтергем,
Мұң тұмшалап бетімді.

Тас болғанда зіл қара тас,
Сонша батпан болар ма?
Жалын-ұшқын бір қарамас,
Жолар емес жанарға.

Сұрқы қашып маңайыңның,
Сән-әрінен айрылған.
Үйдей пәле – уайымның,
Уы тарап, жайылған.

Дүние бұлдыр-бұлдыр,
Қанықтығы қашқан ба?
Қайда кеткен, дейсің құрғыр,
Еш хабарсыз достар да.

Кімге керек сенің сырың,
Сөзіңе кім иланады.
Көңіл-мата пырым-пырым,
Осындай да күй болады.
* * *
Аңдыған жұрт бір-бірін,
Құлатуға мүдделі.

Заманынан Күлтегін,
Елдің осы көргені.
Зығырданың қайнайды,
Мүжілесің ішіңнен.

Түнерткенмен мұң-қайғы,
Жанашыр жоқ түсінген.
Пәтуасыз тірліктің,
Әуеніне қайрансың.

Құны жоқ түк ерліктің,
Көңіл қайтіп жайлансын.
Шетсіз, шексіз шекісу,
Шырғалаңға салады.

Қайдан болсын жетісу,
Ұнатпаймыз дараны.
Суық дүние тұрғаны,
Жылылыққа жарымай.
Жапа шеккен ардағы,
Қайран, мына өмір-ай.

***

Өткен күн, өткен жылдар сағындырған,
Балалық қызық еді-ау сағым қуған.
Ілесіп жыл көшіне бір күндері,
Жастық та жетіп еді жалындаған.

Жастық шақ ол да кетті қолын бұлғап,
Айтқанмен оралмайды тілек мыңдап.
Жөңкіліп пойыз сынды алға тартқан,
Барады көз алдымда өмір зырлап.

Қайғысыз, уайымсыз күндер қандай,
Асқарға алып ұшқан армандар-ай.
Сәулелі сәттер тұрса күтіп алдан,
Сапарлар жалғасатын жол таңдамай.

Кедергі болмайтындай көрінетін,
Маңайдан күміс күлкі төгілетін.
Қызығын тіршіліктің қимағандай,
Батуға күннің өзі ерінетін.

Жүздері адамдардың жарқын еді,
Дос болу, бауыр болу – бар тілегі.
Сол жылдар жарығы мол қайда кетті,
Мекенін айтыңдаршы, кім біледі?

Өткен күн, өткен жылдар қымбат маған,
Жасымды сағынышым құрғатпаған.
Елеске осы күні айналыпты,
Сәттер-ай мөлдір, тұнық сыр сақтаған.

Күндерді күн дейміз бе еленбеген,
Қалсыншы естелік боп менен де өлең.
Қимасым қалғандай-ақ өліп-өшкен,
Соңыма неге апырмай қарай берем…