Нон-фикшн жанрындағы британиялық беделді марапат иегері анықталды

17

Нон-фикшн жанрындағы британиялық беделді марапат иегері анықталды

Гарвард университетінде Украина тарихы бойынша сабақ беретін профессор Сергей Плохийдің “Чернобыль: Трагедия тарихы” атты кітабы британиялық аса беделді әдеби марапатқа ие болды. Нон-фикшн жанрындағы бұл премияға Бэйли Гиффорд аты берілген.

Марапатты табыстау салтанаты 14 қараша күні өтті. Жүлде қоры 30 мың фунтты құрады. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Кітапта адамзат тарихындағы аса ірі ядролық апат туралы баяндалады. Автор өрт сөндіруші, ғалым, инженер, полиция қызметкерлерінен сұхбат ала отырып, мұндай жағдайдың орын алуына не себеп болғанын анықтағысы келеді. Оқиға 1986 жылы 26 сәуірде болған жағдайды көз алдыңа қайта елестетеді.

Жалпы, Бэйли Гиффорд премиясына биыл 200-ден астам кітап ұсынылған. Әділқазы алқасы құрамындағы Фиамметта Рокко Плохийдің туындысын “библиялық кітап” деп атады. “Бұл саяси цинизм мен ғылыми надандықтың салдары. Мұндай апаттан әлемді тек ерлік пен сәттілік құтқарып қалды”, – деді Рокко.

Плохийдің кітабы: “Адамзат апат болған уақыттан алыстаған сайын, ол бізге аңыз секілді естіледі. Сол себепті оның шын себебі мен салдарын анықтау мүмкін емес болып барады”,- деген сөздермен басталады.