Наурыз мейрамы құтты болсын! » Қазақстан ұстаздарына арналған

0

Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең», әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен, ән-жырымен қарсы алыңыздар.

Жастарыңыз ұзақ, көңілдерініз көтеріңкі, аспандарыңыз ашық болсын.

Күн мен түн теңелген,
Жер шуаққа кеңелген,
Наурыз келді әлемге!

Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Шашу шашып, ел боп қарсы алайық!

«Жеткен кезде Наурызымыз жапан біткен жаңғырар,
…Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар.
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар,
Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар.
Келе сала Наурызым жоқ нәрсені бар қылар!»

Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын!

Күллі шығыс жұртына ортақ мереке – Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан – дүниемізді шуаққа бөлейді, ой – ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар.

Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым – қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт – дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр.

Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт – береке әкелсін. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін!