MS Access патшалығына саяхат атты сабақ жоспары
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларды MS Access бағдарламасының басты терезесімен таныстырып, қарапайым және күрделі сұратулар құруға үйрету, жаңа термин сөздерді меңгерту, жоспарлы әңгімелеу.
Тәрбиелік: Оқушыларға ережені тұжырымдату арқылы сөйлеу мәдениетін жетілдіру, өз мүмкіндігіне сене отырып, шығармашылыққа, жүйелілікке, бірізділікке, білімділікке, ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға тәрбиелеу.
Дамытушылық: Оқушыларды өз бетімен ізденуге, ойын тұжырымдауға, өз көзқарасын айта білуге баулу. Шапшаңдық пен тапқырлық, танымдық және шығарма шылық қабілеттерін және жылдам ой қорыту қасиеттерін жан — жақты дамыту.
Пәнаралық байланыс: математика, бейнелеу өнері, ағылшын тілі
Сабақтың түрі: саяхат
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ — жауап, баяндау
Сабақтың көрнекілігі: MS Power Point бағдарламасында дайындалған
слайдтар, интерактивті тақта, үлестірмелі карточкалар, жауапсыз тест тапсырмалары, ребус, сәйкестендіру тесті.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру 2 мин
2. Үй тапсырмасын сұрау 10 мин
3. Жаңа сабақты түсіндіру 15 мин
(дәптермен жұмыс) 5 мин
4. Бекіту 5 мин
5. Қорытындылау 5 мин
6. Бағалау 2 мин
7. Үй тапсырмасын беру 1 мин
1. Ұйымдастыру бөлімі:
— Амандасу, сыныпты ретке келтіру, оқушыларды түгендеу.
2. Үй тапсырмасын сұрау
Сабақ «MS Access патшалығына саяхат» түрінде өтеді. Саяхатқа барар алдында оқушылар жеке басына қажетті нәрселерді сатып алуы қажет.
Оқушыларға интерактивті тақтадан MS Power Point бағдарламасында дайындалған слайдқа осы нәрселердің суретін қойып, артына сұрақ жасыру арқылы үй тапсырмасын сұраймын. Төменде слайдта дайындалған сұрақтар келтірілген:
1. Соңғы уақытта ең көп тараған деректер қоймасы қалай аталады?
(реляциялық деректер қоймасы)
2. MS Access – те бүкіл ақпарат қандай түрде беріледі? (кестелер)
3. Олар тізбектелген түрде сақталады, бұл іздеу кезінде кестенің жазуларына тікелей қатынауды қамтамасыз етеді. (кілттер)
4. MS Access компоненттерін ата. (кестелер, пішіндер, есеп берулер, сұратулар, деректерге мүмкіндік беретін беттер, макростар және модульдер)
5. Бір объект туралы толық ақпаратты деректер қоймасының қай бөлігінен табуға болады? (жазудан)
6. Мазмұны тек бір типтегі деректер орналасатын кестенің элементі қалай аталады? (өріс)
3. Жаңа сабақты түсіндіру
Саяхатқа қажетті заттарымызды сатып алдық. Бүгінгі саяхатымыздың маршруты мынадай: MS Access патшалығы құпиялар аралында орналасқан. Саяхатты алдымен «Ертегілер аралына» жетіп, одан әрі қарай қайықпен «Құпиялар аралына» жетеміз. Әр аралға тоқтағанда зәкір тастап отырамыз. «Құпиялар аралында» әр түрлі сұратулар жүргізіп, MS Access патшалығына жетеміз.
MS Access деректер қоймасындағы барлық кестелерді, есеп берулерді, пішіндерді, сұратуларды, қатынас құру беттерін, макростарды және модульдерді сақтайды. Экран бес аймақтан тұрады: тақырып, меню жолы, саймандар панелі, қалып – күй жолы және деректер қоймасының терезесі.
MS Access қосымшасы бір уақытта тек бір ғана деректер қоймасымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді (бірақ ол кез келген сыртқы көздерден деректер ала алады). MS Access терезесінің ішінде қойма, кесте, пішін, сұрату, т. б. құратын объектілер терезелерінің шексіз саны ашық тұруы мүмкін.
Тақырып басты терезенің жоғарғы жағында орналасқан. Меню жолы ағымдағы терезе менюін құрайды. MS Access менюі істегелі жатқан жұмысыңызға байланысты өзгеріп отырады. MS Access – тің саймандар панеліндегі батырмалардың көпшілігі көбінесе меню командаларын таңдау немесе пернелер комбинацияларын басу арқылы жүргізілетін операцияларды орындауға арналған. Қалып – күй жолының сол жағында кесте немесе пішін өрістерінің сипаттамасы, жұмыс режимінің индикаторы бейнеленеді.
Деректер қоймасының терезесі оның жоғарғы жағында орналасқан жеке саймандар панелінен және сол жағында орналасқан объектілерді басқару панелінен тұрады.
Объектілерді басқару панелі белгілі бір типтегі объектілерге (кестелер, сұратулар, пішіндер, т. б.) қатынауды қамтамасыз етеді. Сәйкес категорияларды таңдағанда, деректер қоймасы терезесінің жұмыс аймағында көрсетілген типтегі бар объектілердің тізімі бейнеленеді. Кестелер, сұратулар, пішіндер, типтер үшін тізімнің жоғарғы жағында, сәйкес конструктордың немесе шебердің көмегімен көрсетілген типтегі жаңа объектілерді құруға арналған құралдар орналасқан.
Саймандар панелінің сол жағында Открыть, Конструктор және Создать батырмалары орналасқан. Открыть батырмасы таңдалынған объектіні ашуға арналған. Бұл объект кесте, сұрату немесе пішін болуы мүмкін. Кестені ашқанда кесте терезесі ашылады және кесте деректерін көріп, оны түзетуіңізге болады. Сұратудың ашылуы таңдалынған сұратуды орындауға және іріктеу нәтижесін көруге әкеледі. Конструктор батырмасы таңдалынған объектіні толықтыру үшін, ал Создать батырмасы жаңа объект құруға арналған.
Біз өткен сабағымызда деректер қорын ұйымдастырған болатынбыз. Бүгін сол өзіміз құрған деректер қоймасынан сұрату жасауды үйренеміз.
Сұрату – бұл деректер қорынан қажетті ақпараттар орналасқан жазулар мен өрістерді ажыратып беретін деректер қорының объектісі. Сұратулар қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Қарапайым сұрату бір ғана шарт қою арқылы, ал күрделі сұрату әр түрлі өріске бірнеше шарт қою жолымен жасалады. (дәптермен жұмыс)
Қарапайым сұрату. №1 – тапсырма.
Дүние жүзі елдері деректер қоймасынан мемлекеттер атауы мен олардың астанасынан тұратын сұрату құру.
Ол үшін Сұрату → Жасау → Қарапайым сұрату → Ок (Запросы → Создать → Простой запрос → Ок) командаларын орындаймыз. Бірнеше деректер қоймасының ішінен өзімізге қажетті кестені таңдап, сол кестедегі өрістердің ішінен сұрату қажетті өрістерді ерекшелеп аламыз да, Келесі (Далее) батырмасын шертеміз. Сұқбат терезесінде сұратуға ат беріп, Дайын (Готово) батырмасын басамыз. Қарапайым сұратуымыз дайын.
Конструкторда сұратулар құру. Таңдап алу шарты бойынша сұрату.
№2 – тапсырма. Дүние жүзі елдері кестесінен «А» әрпінен басталатын мемлекеттер тізімін сұрату.
Ол үшін Сұрату → Жасау → Конструктор → Ок (Запросы → Создать → Конструктор → Ок) командаларын орындаймыз. Сол кезде кестелерді қосу сұқбат терезесі пайда болады. Қажетті кестемізді таңдаған соң, кестелерді қосу сұқбат терезесін жабамыз. Сұрату конструкторына қажетті өрістерді біртіндеп әкеліп қоямыз. Таңдап алу шарты мемлекеттің атауы өрісінде «А*» — деп енгіземіз. Мұндағы, * — кез — келген символды бейнелейтін арнайы белгі. Сұратуға «Мемлекеттер — А» деп ат беріп, сақтаймыз.
Конструкторда параметрлі сұраныс құру. №3 – тапсырма.
Астанасын енгізгеннен кейін ғана сол мемлекет туралы барлық ақпаратты беретін сұрату құру.
Ол үшін Сұрату → Жасау → Конструктор → Ок (Запросы → Создать → Конструктор → Ок) командаларын орындаймыз. Қажетті кестемізді таңдаған соң, кестелерді қосу сұқбат терезесін жабамыз. Сұрату конструкторына қажетті өрістерді біртіндеп әкеліп қоямыз. Астанасы өрісінде таңдап алу шартын [Астанасын енгіз] тік жақшаға алып жазамыз. Себебі, MS Access бағдарламасында шарт жазған кезде символдар тізбегі тік жақшаға алынып жазылуы керек. Сұратуды «Параметр» деп ат беріп, жабамыз. Енді параметр сұратуын ашып көрейік. Астанасын енгіз шартына Астана деп жазсақ, Қазақстан мемлекеті туралы толық мәлімет алуға болады.
4. Бекіту
№ 1 – тапсырма
«КИПиА 1 – курс» деректер қоймасынан «оқушының тегі», «оқушының аты», «сынақ кітапшасының нөмірі» өрістерінен тұратын қарапайым сұрату құру. Сұратуға «таңдау» атын беріп, сақтаңыздар.
№2 – тапсырма
№3 – тапсырма
«КИПиА 1 – курс» деректер қоймасынан «оқушының аты» өрісіне [оқушының атын енгіз] таңдау параметрін қою арқылы сұрату құру. Сұратуға «параметр» атын беріп, сақтаңыздар.
5. Қорытындылау
Сабақты оқушылар «мен – саған, сен — маған» ойынымен қорытындылайды. Сыныптағы оқушылардың барлығына да бір — бірден «зәкірдің» суретін таратамын. Оқушылар жұптасып, біріне бірі сұрақ қояды. Сұрақ қойған оқушы қарсыласының жауабына қанағаттанса, бір «зәкір» береді, қанағаттанбаса, өзінде қалдырады.
1. MS Access — тің басты терезесі қандай элементтерден тұрады? (тақырып, меню жолы, саймандар панелі, қалып – күй жолы және деректер қоймасының терезесі )
2. Открыть батырмасының қызметі қандай? (Открыть батырмасы таңдалынған объектіні ашуға арналған.)
3. Конструктор батырмасының қызметі қандай? (Конструктор батырмасы таңдалынған объектіні толықтыру үшін арналған)
4. Создать батырмасының қызметі қандай? (Создать батырмасы жаңа объект құруға арналған)
5. Сұрату дегеніміз не? (Сұрату – бұл деректер қорынан қажетті ақпараттар орналасқан жазулар мен өрістерді ажыратып беретін деректер қорының объектісі.)
6. Сұратудың қандай түрлері бар? Айырмашылықтары неде? (Сұратулар қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Қарапайым сұрату бір ғана шарт қою арқылы, ал күрделі сұрату әр түрлі өріске бірнеше шарт қою жолымен жасалады)
7. Кез – келген символды бейнелейтін арнайы белгіні ата.(*)
8. Символдар тізбегі таңдап алу шартында қалай жазылуы қажет?( MS Access бағдарламасында шарт жазған кезде символдар тізбегі тік жақшаға [ ] алынып жазылуы керек).
9. Деректер қоймасының негізгі белгісі қандай? (ондағы ақпараттың жылдам ізделуі)
10. Қарапайым сұрату қалай жасалды? (Сұратулар →Жасау→Қарапайым сұрату→Ок (Запросы→Создать→Простой запрос→Ок)).
6. Бағалау
Оқушыларды үй тапсырмасы және жаңа сабақтың бекіту, қорытындылау сұрақтарына жауап беруіне қарай, тапсырмаларды орындаған кезде зәкір (якорьдың суреті) таратамын. Зәкір санына қарап бағалаймын.
7. Үй тапсырмасын беру
Оқулықтан «MS Access басты тереземен танысу» тақырыбын оқып келу. «КИПиА 1 — курс» деректер қоймасынан 1995 жылы туылғандардың тізімін беретін сұрату құрып келу.