Мемлекет басшысының сарабдал саясаты |

- Жарнаманы баса кетіңіз -


Оқылды:
10

ҚР Тұңғыш Президенті күнін атап өту мақсатында облысымыздың әр түпкірінде түрлі сипатты шаралар ұйымдастырылып, Мемлекет басшысының сара жолы кең көлемде насихатталды. Соның бірі – «Достық үйінде» өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің форумы. Форум жұмысына қалалық және аудандық қоғамдық келісім кеңестерінің, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, аналар кеңесінің мүшелері, қайырымды меценаттар клубының және «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері қатысты.

Президент бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестері бүгінде маңызды міндеттерді шеше алатын, қоғамды жауапкершілік және азаматтық борышта тәрбиелей алатын институтқа айналды. Іс-шараның модераторы – облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков сөзін былай деп бастады: «Санаулы күндерден кейін тәуелсіз Қазақстанда айтулы үлкен мерекелердің бірі – Тұңғыш Президент күнін атап өтуге барша қазақстандықтар дайындық үстінде. Баршаңызды осындай бірегей мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгінгі форумға облысымыздың экономикалық, әлеуметтік салаларын дамытуға үлес қосқан апаларымыз, әкелеріміз қатысып, шараның мән-маңызын арттырып отыр» – деген ол, форумға облыс әкімінің кеңесшісі, қоғам және мемлекет қайраткері Рымбала Омарбекованың қатысып отырғанын ерекше атап, сөз берді.

Мерекенің мәні мен мәртебесі жөнінде сөз мәйегін ағытқан Рымбала Кенжебалақызы Елбасы саясатының ерекшеліктерімен қатар, Қазақстан қоғамының бейбітшілігі мен біртұтастығы төңірегінде ой өрбітті. Елбасы өзі бастап құрған Қазақстан халқы Ассамблеясының дәнекерлігімен азаматтық қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының заманауи құралдарының бірі – қоғамдық келісім кеңестері екені кездейсоқ емес. Бірнеше жыл ішінде қоғамдық келісім кеңестерінің жүйесі қалыптасты, бірыңғай әдіснамалық база құрылды, белгілі бір жұмыс тәжірибесі жинақталды. Осылайша, бүгінгі таңда Қарағанды облысында Қоғамдық келісім кеңестері этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл мәселелерін шешумен ғана шектелмей, әлеуметтік процестерді шешуге белсенді қатысатын қоғамның тиімді тетігіне айналды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні облыс бойынша түрлі деңгейдегі 216 Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді, оның ішінде облыстық – 1, қалалық – 8, аудандық – 9, ауылдық – 195, кәсіпорындарда – 3 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс атқарады. ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің қатарында мемлекеттік органдардың, аналар кеңестерінің, ғылыми-сараптамалық топтың, журналистер клубының, медиаторлардың, «Нұр Отан» партиясының, кәсіподақтардың, қоғамдық, ардагерлер кеңестерінің, діни бірлестіктердің мүшелері және басқа да қайраткерлер бар. Облыс бойынша жалпы саны 1550 адамды құрайды.

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбековтің айтуынша, жыл бойы қоғамдық келісім кеңестерінің қатысуымен 3 мыңнан астам іс-шара өткен екен. «2018 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Мемлекет басшысының берген хаттамалық тапсырмасын орындау шеңберінде облыстың Ақтоғай, Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет аудандарында және Балқаш, Приозерск, Қаражал қалаларында ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдерімен көшпелі кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы, азаматтардың сұрақтары әртүрлі сипатта болады. Сараптамалық-талдаулар көрсеткендей, азаматтардың өзекті мәселелерін шешудегі Кеңестердің белсенді жұмысы әлеуметтік шиеленісті азайтады және тұрақтылықты нығайтады. Бұған мысал ретінде Ғабиден Мұстафин атындағы елді мекенде жүргізілген жұмыстарды атап өтуге болады. Бұл ауылдың тұрғындары бастарынан өткізген жағдайды жақсы білеміз. Жергілікті Кеңестің бастамасы бойынша мұнда көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл ауылдағы демалыс саябағы абаттандырылып, кітапхана жанынан коворкинг орталығы құрылғанын» атап өтті. Сонымен қатар, Бекзат Қомарұлы қоғамдық кеңес жастардың патриоттық тәрбиесіне, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан үлесі туралы да жан-жақты тоқталып өтті.

Биыл «Арселор Миттал Теміртау» және «Шұбаркөл Көмір» кәсіпорындарында коғамдық келісімнің 2 кеңесі құрылғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл кеңестердің қызметі – біздің ортақ Отанымызда бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға бағытталған Президенттің алға қойған міндеттерін іске асыруға үлес қосқан игі істер десек, артық емес.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов ҚХА қоғамдық келісім кеңестерін агроөнеркәсіптік сектордағы жұмысқа тарту мәселесі бойынша пікір білдірді.

Форум барысында қатысушылар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған жобаларды жүзеге асыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, «Болашақ» академиясының бірінші проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнара Рысмағамбетова сөзінде: «Қазақстан тарихы біздің аумақта тұратын көптеген этностар үшін ортақ игілік» деген ел Президентінің сөзін толықтай қолдайтынын тілге тиек етті. «Бұл мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжатының жалғасы және еліміздің терең тарихын жандандыруға бағытталған. Шынында да, мақала біздің халқымыздың және мемлекеттің тарихын зерттеу ісінде жаңа парақтарды ашады. Өзгелерге паш етіп, мақтануға тұрарлық құндылықтарымыз аз емес. Менің ойымша, көптеген адамдар үшін, әсіресе, жас ұрпақ үшін бұл мақала өз құндылықтарымызды қайта зерделеуге себеп болады», – деді ол.

ҚХА жастар Үйлестіру кеңесінің атынан «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының жетекшісі, «Дакия» румын мәдени қоғамы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашов сөз сөйледі.

Кеңестердің тиімді қызметін зерделеу мақсатында 2019 жылы ҚХА қоғамдық келісім кеңестері арасында облыстық байқаудың басталатындығы жарияланды. Кезекті форумда кеңестер өздерінің іс-әрекеттері туралы көрнекі материалдар мен есептерді ұсынуы керек, онда байқаудың қорытындысы қаралатын болады.

Іс-шара соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін кеңестің төрағалары, сондай-ақ, форумның кейбір қатысушылары марапатталды.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Загрузка...