Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын халық ауыз әдебиет түрлері
Кіріспе
Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу; білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген [1].
Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану процесінде әр халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтап қалу, ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтарының ақпараттар ағынына төтеп беруі және жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынына ілесіп кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімінің берік, білігінің бекем болуы тиіс. Әрине, ол жалпы білім беретін мекемелердегі оқу-тәрбие жүйесінің қалай ұйымдастырылуына тікелей тәуелді. Әсіресе, қазіргідей пәндік білімге ғана негізделіп отырған оқу процесінде баланың жалпы дүниетанымының қалыптасуы, өміртанымдық дағдыларының жетілдірілуі гуманитарлық пәндердің жаңарған мақсат-міндеттерінен бастап оқытудың әдістемелік жүйесінің әр бөлігінің (білім мазмұны, оқыту түрлері, оқыту әдістері, білім нәтижелері) түбегейлі өзгертілу деңгейіне қатысты екені сөзсіз. Бұл орайда әр ұлттың бүкіл танымдық әлемінің көрінісі, рухани мәдениетінің дамуының тетігі халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың ішкі сұраным қажеттігіне сай бағытта оқытылуы шешуші рөл атқарады.
Еліміздегі мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін қай ұлт өкілі болғанына қарамастан, қазақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстырып, оларды байырғы халықтың рухани қазынасы арқылы сәбилерді отаншылдыққа баулу тәрбиешілердің міндеті болып табылады. Ата-бабалардың қиялынан туған ғажап оқиғалы ертегілер мен терең мәнді аңыздар, батырлық жырлар мен өмір тәжірибесінен ой түйетін мақал-мәтелдер, халықтың салт-дәстүрінің энциклопедиясы болып тұрмыстық жырлар, философиялық тұжырым жемісі жұмбақтар мен жаңылтпаштар-мінезі дархан осынау халықты, оның ұлан байтақ жерін сүюге, шынайы патриот болуға тәрбиелейтін дүниелер. Осынау мол қазынамен ауыз әдебиеті үлгілерімен балаларды таныстыру үшін, алдымен сәбилерді сабаққа даярлап, оқылатын материалдың көлемін, мазмұнын анықтап алу маңызды. Материал мәтінінің мазмұны балаларды қызықтыратындай тартымды, жалықтырып жібермейтіндей шағын болғаны жөн [2]. Ия, расындада балаларға қолданылатын әдебиеттер шағын, сонымен қатар қызықты болса баланың сол шығармаға деген қызығушылығы артады.
Балалар бақшасының тәрбиеленушілерін ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстырып, олардың өмірін байыта түсу тәрбиешілердің міндеті болып саналады. Олар ертегілер оқып, әңгіме мазмұнын жүйелі байланыстыра отырып әңгімелеуге үйретіп, ертегі-әңгімеде кездескен кейіпкерлердің іс-әрекетіне сай образды сөздер мен диологтарды, кейбір өлең шумақтарын бұлжытпай жатқа айта білуге баулиды.
Қиял — ғажайып дүниесінен туған сан қилы оқиғалы ертегілер, батырлар жыры, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — мақал-мәтелдер, ой қозғайтын сыр сандықты жұмбақтар, қиыннан қиыстырылған тақпақ жаңылтпаштар балалар бақшасында кең қолданылатын дүниелер болып саналады[3].
Сонымен қатар балабақша балаларын тәрбиелеуде кеңінен қолданылатын халық ауыз әдебиетінің бір саласы мақал-мәтелдер болып саналады. Қазақ халқының мақал-мәтелдеріне мынадай адамдық қасиеттер өзек болған: қайырымдылық, кішіпейілділік, адамжандылық, жақсылық, ізгілік. Бұған мысал ретінде Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет, Адамдықтың белгісі — иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі — көп кешікпей келгені, Жақсы болсаң — жақын көп, Ұлық болсаң — кішік бол т.б. мақал-мәтелдерін атап кетуге болады.
Ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда, мақал-мәтелдердің де өзіне тән ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар.Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық өмірде кездесетін әртүрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады.
Мақал-мәтел ойды қысқа да ұтымды жеткізетін өмір тәжірибесін қолдана айтатын сөздер. Онда ел, халық, Отан, ерлік, бірлік жайында айтылған өнегелі сөздер өте көп. Туған жерге туың тік, Ер өзі үшін туады, елі үшін өледі, Ел іші-алтын бесік дейтін мақалдар ертедегі батырлардан бастап, Отан соғысы күндеріне дейін елді ерлікке шақырған, патриотизмге баулыған асыл сөздер болған [4].
Халықтық шығармалар ішінде баланы тәрбиелеумен қатар дұрыс айқын сөйлеуге үйретіп, тілін дамытатын жанр — жаңылтпаш. Сәбидің тілі шығып, балдырған жасында сөздік қоры молая бастаған кезде кейбір дыбыстарды айта алмаса, кейде қинала айтады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін бала қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтқызып, жаңылмай жаттықтыру керек.
Тәрбиешінің міндеті — жаңылпаштарды балаларды тәрбиелеуде олардың жас ерекшеліктеріне сай, сауат ашу сабақтарының мазмұнына лайықты етіп, тіл дамыту құралы ретінде дұрыс қолдана білу. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін тәрбиеші қазақ халқы мен өзге халықтардың көркем сөзді қандай жаңылтпаштары бар екенін жақсы білуі қажет, бала жанын баурап алатын, тіл дамытудың қисынды қиюластырылған көркем жаңылтпаштардың әр түрін сараптап, талдай алатындай болуы шарт[3].
Мектеп жасына дейінгі баланы айналасындағы қоршаған әлеммен таныстырудың тағы бір құралы ол — жұмбақ. Жұмбақтар тіл мәдениетін тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой-қиялын ұштастыруға әсер етеді, баланың ойлау қабілетін дамытады. Ол баланың күнделікті өмірде көріп жүрген жанды-жансыз заттарына ұқсас нәрселерді сипаттай отырып, сол нәрсенің негізгі белгілері қандай, ол немен салыстыруға болады деген ой елегін көз алдына елестете отырып, қоршаған дүниені бақылап, бағалауға баулиды. Жұмбақтың жауаптары, көбіне, табиғат жайы, адамның денесі, хайуанат пен өсімдік, бақташы, егінші, елдің еңбек процесі, еңбек құралы, азын-аулақ техника жайы сияқтылар болады.
Жалпы алғанда жұмбақ адамның дүниетану жасындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді деп жазған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. өзінің Жұмбақтар туралы атты мақаласында жұмбаққа көптеген сипаттама береді. Бұл мақалаға біздің алып-қосарымыз шамалы. Тек қана, алдында айтылған мақал-мәтелдер тәрізді, жұмбақтар да балаларды ерлікке, отаншылдыққа, патриоттыққа үндейтін маңызды құрал екенін көреміз[5].
Кейбір әдебиеттерде …Ауыз әдебиеті шығармаларында халық өзінің өмірін, тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, әлеуметтік-таптық көзқарасын, еңбек кәсібін, басынан кешірген тарихи жағдайларын, қуанышы мен күйінішін, арман-мүддесін, таптық-қоғамдық тілектерін т.б. бейнеленген. Ауыз әдебиетін тудырушы және оның иесі — халық… делінсе, фольклортанушылардың зерттеулері бойынша да халық ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі дәлелденеді.
Халық ауыз әдебиеті шығармаларын іздеп, жинап зерттеуге В.В.Радлов, Н.Березин, А.Алекторов, Г.Н.Потанин, П.М.Мелиоранский, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, Ж.Көпеев, М.Қалтаев, т.б. үлкен үлес қосты [6]. Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балаларды халық ауыз әдебиеті арқылы патриоттық тәрбие берудің маңызын Қ.Жарықбаев, М.Х. Балтабаев, Б.М. Бекмұхамедов, Л.С. Сырымбетова, Р.М. Айтжанова, Г.Қ. Белгібаева сияқты қазақстандық ғалымдар өз зерттеулерінде қарастырды.
Зерттеудің мақсаты: мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде халық ауыз әдебиетінің маңызын анықтау.
Зерттеудің нысаны: мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу процесінде.
Зерттеудің міндеттері:
— Халық ауыз әдебиетін оқытудың теориялық негіздеріне түсінік беру;
— Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда халық ауыз әдебиетін қолдану маңыздылығын қарастыру;
— Мектеп жасына дейінгі балаларға халық ауыз әдебінің сабақтарда тигізетін әсерін анықтау.
Зерттеудің пәні: мектеп жасына дейінгі балаларды халық ауыз әдебиетін қолдану арқылы тілін дамыту.
Зерттеудің болжамы: егер, балабақшада балаларға білім беруде халық ауыз әдебиетін кеңінен қолдансақ, онда балалардың тілі қарқынды дамитын болады.
Зерттеудің әдісі: зерттеудің мәселесі бойынша психологиялық, педагогикалық, көркем әдебиеттерге талдау жасау; балалардың тілін дамытуда халық ауыз әдебиетінің жанрларының әсерін анықтау.
1 Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде халық ауыз әдебиетінің алатын орны
0.1 Халық ауыз әдебиетін оқытудың теориялық негіздері
Фольклорлық шығармалардан халықтың дүниетанымы, өмірге көзқарасы көрінеді, халықтың ұғымы мен түсінігі байқалады. Бұны қалыптастыруға, әрине, жалпы білім беретін мектепке дейінгі сатысында мүмкіндік мол. Өйткені Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында: Балабақшаның өзінде баланың барлық танымдық және психологиялық мүмкіндіктерін жетілдіріп, адамның күнбе-күнгі өмірінде білім алудың қандай келешегі болатынына оның көзін жеткізу қажет. Бұл кезеңде гуманитарлық-эстетикалық бағыттағы пәндерді кеңінен енгізу керек, өйткені осы жастағы балалар әсершіл, әрі ұғымтал келеді. Бала балабақшадан кейінгі кезде төңірегіндегі оқиғалар жайындағы әсерін қисынды да жүйелі түрде баяндап, жанындағы адамдармен ешбір қиындықсыз, белсене қарым-қатынас жарауды үйренуге, алған білімін түйсініп, өмірде қолдана білуді талап ететін міндеттерді шешу дағдыларын толық игеруге тиіс, — деген талаптар қойылған.
Халық ауыз әдебиетін халықтың ауызша шығарған, ауызекі айту түрінде таратқан көркем шығармалары құрайды. Ауыз әдебиеті ғылыми термин ретінде фольклор деп аталады, мұны алғаш рет 1846 жылы ағылшын ғалымы Вильям Томс ұсынған. Халық фольклорының ішінде қазақ балалар фольклорының өзіндік орны мен маңызы зор. Фольклорлық туындылардың ішіндегі қазақ балалар фольклоры — тек балаларға ғана арналған халықтық шығармалар.
Қазақ әдебиеті энциклопедиясында: Қазақ балалар фольклоры — ауыз әдебиетіндегі балалар тәрбиесіне арналған халықтық педагогиканың өмір тәжірибесінен алынған шығармалар жиынтығы. Қазақ балалар фольклоры балалардың психологиясына, олардың жас ерекшелігіне қарай қалыптасып, оларды адамгершілік, ізгілік қасиеттерге тәрбиелейтін ең сенімді құрал болып келді. Негізгі салалары — бесік жыры, жаңылтпаш, жұмбақ, өтірік өлең, мақал-мәтел, ертегі, аңыз-әңгіме, батырлық жырлар, — деген анықтама берілген.
Балалар фольклорына негізінен, үлкендердің балаларға арнап шығарған шығармалары, балаларға тән болып кеткен үлкендердің шығармалары және де балалардың өзінің шығармашылығынан туған халықтық шығармалар жатады. Мұндай шығармалардың басты ерекшелігінің өзі балалардың жас ерекшелігін есепке алуынан, баланың жан-дүниесін танытудан көрінеді [7].
Қазіргі қазақ балалар фольклорын зерттеуші фольклорист-ғалымдар өз еңбектерінде қазақ балалар фольклоры әлі күнге дейін үлкендердің фольклорлық шығармаларынан ара-жігін ажырата қоймаған, фольклортану ғылымында ғылыми-зерттеу тұрғысынан кенжелеу қалып келе жатқан сала екенін атап көрсеткен. Сондықтан да қазақ балалар фольклорын оқытуды халықтық шығармаларға сүйене отырып, оларды мүмкіндігінше өз алдына бөлектей топтап, жіктеп қарай келе, баланың жалпы дамуындағы ізгілік, көркем-эстетикалық құндылықтар тұрғысынан қарастыруды жөн санадық.
Мысалы, М. Дулатов: Балабақшада алған тәрбиенің әсерлі, күшті, сенімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғаттан жазылып, баяндап, оқытудың асыл мақсатына мүафиқ үйретуден, осылай біліп, баяндап айтқанда, балқыған жас баланың ойына, қиялына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұматты алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды. Қандай болса да тіршілігінде қандай ауыртпалық, өзгерістер көрсе де, ұлт ұлы болып қалады, — деп берілетін білімнің маңыздылығын айқын көрсетеді.
Түркі халықтарының әдебиетін жинаушы, әрі зерттеуші ғалымдар В.В.Радлов, Г.Н. Потанин, Ә. Диваевтар да қазақ халық ауыз әдебиетінің мазмұндық, тілдік сипаттарына жоғары баға берген болатын.
Қазақтың белгілі ғалымдары М. Әуезов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Б.Кенжебаев, М. Жолдыбаев, Ә. Қоңыратбаев, Ө. Тұрманжанов, М. Қаратаев, Қ.Бекхожин, Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин т.б. әдеби мұраларды игеру, зерттеу, жинақтап жариялау, оларды оқулық көлемінде баяндау мәселелерін көтерді.
Мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол әр жанрды оқыту барысында айқын байқалады [8].
Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың ақыл-ойын байытып, арман-қиялын биіктетуде, халықтың бейнелі тіліне талпындыруда, сұлулық талғамдарын, ізгілік қасиеттерін қалыптастыруда зор маңызы бар.
Ең бастысы, оқуға ұсынылатын ауыз әдебиеті шығармаларын көлеміне, мазмұнына, жанрлық, тілдік ерекшеліктеріне мән бере таңдау, іріктеу, сондай-ақ, баланың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескеруді назарда ұстау қажеттігі туындайды.
Әр халық өз ауыз әдебиетінен нәр алады, соған сүйенеді және оны оқу-тәрбие ісінде қолданудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін қарастырады. Әсіресе, әлемдік тәжірибеде Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А Сухомлинский, В.Г.Белинский, М.Горький т.б. сынды көрнекті тұлғалардың ұлт тәрбиесіндегі халықтық шығармалардың мән-мағынасын ашып, оның рөлін айқындаған еңбектері баршаға белгілі.
Мектеп жасына дейінгі балаларға халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту тұрғысында әдіскер-ғалымдар Н.П.Каноныкин, Н.А.Щербакова, Е.А.Адамович, С.П. Редозубов, Н.Н. Шепетова, Н.Н. Светловская, Т.Г. Рамзаева, Т.АЛадыженская және т.б. өз еңбектерінде қарастырған.
Алайда Республика көлемінде қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту әдістемесі жөнінен арнайы ғылыми-зерттеу жұмысының жоқтығын айтуға тура келеді.
Сонымен, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің рухани құндылықтық мәні мен оның ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерттелу деңгейі арасындағы; халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланы дамытудағы педагогикалық мүмкіндіктерінің тереңдігі мен оның оқу-тәрбие үрдісінде жүзеге асырылуы арасындағы; халық ауыз әдебиеті үлгілерінің білім мазмұны жүйесіндегі алатын орны мен олардың оқу бағдарламаларында қамтылу деңгейі арасындағы; халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытудың әдістемелік жүйесінің жаңаша негізделуі мен қазіргі оқу үрдісіндегі қалыптасқан бағыттар арасындағы қайшылықтар біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігін бекіте түседі.
Қазақ Совет энциклопедиясында: …Ауыз әдебиеті шығармаларында халық өзінің өмірін, тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, әлеуметтік-таптық көзқарасын, еңбек кәсібін, басынан кешірген тарихи жағдайларын, қуанышы мен күйінішін, арман-мүддесін, таптық-қоғамдық тілектерін т.б. бейнеленген. Ауыз әдебиетін тудырушы және оның иесі — халық… делінсе, фольклортанушылардың зерттеулері бойынша да халық ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі дәлелденеді.
Бірінші ерекшелігі — халық ауыз әдебиеті шығармаларының белгілі авторының болмауы. Мұның себебін ауыз әдебиетін зерттеуші-ғалым М.Ғабдуллин былай түсіндіреді: …ертегі, әңгіме жырлардың қайсысын болса да, әуел баста жеке авторлар шығарған. Бірақ ол кезде жазу-сызу өнері болмағандықтан, авторлардың өмірбаяны, аты-жөні сақталмаған. Ал, шығармалары ауызша айту ретімен тарап кеткен. Олардың авторлары халықтың өзі болған. Ауыз әдебиетін — халық әдебиеті деп танушылық, міне, осылай туған.
Екінші ерекшелігі — ауыз әдебиеті шығармаларының көп нұсқалылығы. Бұған Алпамыс жырын, Қожанасыр әңгімелерін әр халықтың өз мұрасына балап, өзінше айтып келгендігі дәлел. Өйткені әр халықтың жадында бұларға қатысты сан түрлі нұсқадағы еңбектер сақталған [9].
Үшінші ерекшелігі — ауыз әдебиетінде қалыптасқан дағдылы сөздер мен сөйлемдер, сөз тіркестері, тұрақталған ұйқастардың жиі кездесетіндігі.
Төртінші ерекшелігі — ауыз әдебиеті шығармаларында өнердің бірқатар түрінің араласып келуі. Сол себепті халықтық шығармаларда сөз өнері, ән-күй, жыр, би, сахналау т.б. көркем өнер түрлері өзара ұштасып, кірігіп жатады. Небір дүлдүл жыршы-жырау, ертекшілердің бір басынан өнердің барша түрі табылып, олардың есте сақтау, шебер орындаушылық қабілеттілігі арқасында халықтық шығармалар ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған.
Халық ауыз әдебиеті шығармаларын іздеп, жинап зерттеуге В.В.Радлов, Н.Березин, А.Алекторов, Г.Н.Потанин, П.М.Мелиоранский, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, Ж.Көпеев, М.Қалтаев, т.б. үлкен үлес қосты.
М.Жұмабаев: Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр, — деп қазақ сөз өнерінің туындылары туралы дәл пайымдаған. Ал А.Байтұрсынов: Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек, — деп көрсеткен.
Фольклорист ғалым М.Ғабдуллин Қазақ халқының ерте заманда жасаған мәдени мұрасының бір түрі — халықтың ауыз әдебиеті, — деп айтқан Қай халық болмасын ауыз әдебиетінде ең алғаш пайда болған шығармаларын балаларға арнаған. Қазақ балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш. Ахметов: Балалар ауыз әдебиетін жасаған — халық. Адамға баласынан жақын, баласынан артық еш нәрсе жоқ. Халық еш нәрсені де өзінің баласынан жоғары бағалаған емес. Сондықтан халық ең алғаш өзінің жақсы ойын, жақсы қиялын өлең етіп, ән етіп тұңғыш рет баласына арнаған. Жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш еткен. Баланы жұбату, ойнату, тәрбиелеу, оның алдына неше алуан тілек, мақсаттар қою өлеңмен, жырмен, көркем сөзбен айтылған — деп, баланы өз өмірінің жалғасы ретінде ұққан қазақ халқы да асыл мұрасын әрқашан балаға арнаудан, айтып-дәріптеуден жалықпағандығын айтады[10].
Халық ауыз әдебиеті қай заманда болмасын балалардың қызыға тыңдап, сүйіп оқитын шығармалары болған. Балалар қызықты ертегі, жырларға үлкендердің айтуымен, оқып беруімен ерте жастан-ақ қанық бола бастайды.
Ш.Ахметов балалар фольклорын бірнеше сатыға бөліп көрсете отырып, Балалар фольклоры тек балалардың психологиясымен, олардың жас ерекшелігімен санасудан туған және оларды тәрбиелеу ісінен шыққан игілік, -деп орынды баға берген.
Әсіресе, түркі халықтарының фольклорын жинап, зерттеуге, жариялауға айырықша еңбек сіңірген академик В.В.Радлов өзінің Образцы народной литературы тюрксих племен атты еңбегінің 3-томын қазақ фольклорының үлгілеріне арнаған. Зерттеуші өзінің осы еңбегін былайша түсіндіреді: Қазақ тілінің мұндай тазалығы мен қолтумалығы, сондай-ақ, оның кең таралғандығы бұл бөлім бойынша мүмкіндігінше толық материал жинап, әдебиет үлгілерінің бүкіл бір томын арнауға мәжбүр етті. Мені бұған итермелеген тағы бір жай қазақтардың басқа тайпаластарынан суырып салуға ұста, тамаша шешендігімен ерекшеленетіндігі болды. В.В.Радловтың бұл еңбегіне фольклорист-ғалымдар Б.Уахатов, С.Қасқабасов, К.Матыжановтар: В.В.Радловтың осы кітапқа негіз болып отырған айтулы еңбегі — тек көлемі жағынан ғана емес, ғылыми мәнділігі тұрғысынан да қазақ фольклорына арналған ең алғашқы толыққанды жинақ. Біріншіден, бұл қазақ ауыз әдебиетінің барлық дерлік жанрын толығырақ қамтыса, екіншіден, жинақта халық тілінің ерекшелігі толық сақталған. Аталған басылымның тағы бір құнды жағы қазақ фольклорын жанрларға бөліп орналастыруында, — деп баға береді [11].
Қазақ фольклоры мен этнографиясын ғылыми тұрғыда зерттеп, жарыққа шығарушы Г.Н.Потанин ертектерді тез арада жинап алу керектігін, мұның халық тұрмысындағы жағдайларға байланысты ұмытылып, жоғалып кетуі мүмкін екендігін ескерткен. Сондай-ақ, бұл іске жұртшылықты тарту ісін ұйымдастыру жолдарын көрсеткен. Ол ғылым үшін қажетті ауыз әдебиеті шығармаларының нұсқаларын жинауға да атсалысты. Г.Н.Потанин сол кездегі ескерілмей, зерттелмей жүрген балалар фольклорына көңіл бөліп, оны жүйелеуде, бастыруда көптеген нақты іс-шаралар жасағаны тарихтан белгілі.
Халқымыздың ұлы тұлғалары Шоқан, Абайлардың балалық шақтарында халық ауыз әдебиетімен сусындап өскендері мәлім. Осы ұлы адамдардың сана сезімінің, арман-қиялының ерте оянуына ауыз әдебиеті түрткі болғаны анық.
Шоқан туралы еңбекте былай дейді: Жасөспірім Шоқанның өз құралпастарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі — Айғаным. Ә.Марғұланның Айғанымды Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы, — деуі сондықтан.
Ал М.Әуезов Абай жолы роман-эпопеясында Абайдың Зере әжесінің әңгімелерін тыңдағысы келгенде; Е-е, бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен? — деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді. Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. Еділ-Жайық, Жұпар қорығы, Қара мерген — бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті, көш бойы да Абай айтқыза беретін болды, — деп жазады. Шоқан мен Абайдың ауыз әдебиетіне деген сүйіспеншілігін оятқан Айғаным, Зере әжелерімен қатар, сол кездердегі Арыстан, Барлас сынды ақын-жыршылардың да әсері болды.
Қазақ халқының ойшыл ғалымы Ш.Уәлиханов ғылыми ізденісін осы ауыз әдебиеті ескерткіштерін жинап, қағазға түсіру жұмысынан бастаған. Атап айтқанда, бұл салада Қозы-Көрпеш — Баян сұлу жыры, Едіге жырының нұсқалары, Шамандықтың қазақтардағы қалдығы, XVIII ғасыр батырлары туралы аңыз-әңгімелер және т.б. еңбектері бар.
Ш.Уәлихановтың халық ауыз әдебиетінен тарихи өлеңдер, жоқтаулар, айтыстар, батырлар туралы аңыз-әңгімелер, қазақ-қырғыз халқының мифтері, әдет-ғұрыптары туралы мол мұраларды хатқа түсіруінің фольклор тарихы үшін зор маңызы болды.
Орта Азия мен Қазақстан халықтарының фольклорын зерттеуде Ә.Диваевтың еңбегін ерекше атауға болады. Ә.Диваев қазақтың Қырық өтірік, Тазша бала, Алдар көсе, Жиренше шешен тәрізді ертегілері мен аңыз-әңімелерін жинап жариялады. Балаларға тарту деген еңбегінде бесік жыры, тақпақтар, ойындар, өтірік өлеңдер, төрт түлік туралы жырлар т.б. ауыз әдебиеті үлгілері көрініс тапты. Ә.Диваев ауыз әдебиетінің үлкенді-кішілі қай жанрын болмасын, жинап алысымен ретке келтіріп, орысшаға аударып, түсініктемелерін жазып, жариялатуға асыққан. Және қай жанрды жинамасын, қазақтың тұрмыс халінен, әдет-салтынан, тарихы мен күнкөріс кәсібінен мағлұмат берердей үлгілерін баспа бетіне ұсынуды әдетке айналдырған.
Әрі ақын, әрі ғалым М.Ж.Көпеевтің қазақ фольклорын жинау, жүйелеу жөніндегі еңбегі ерекше. М.Ж.Көпеевтің ел аузынан жинаған Мес атты қолжазба мұралары Тұрмыс салт жырлары, Аңыздар, Ақын-жыраулар туралы, Айтыстар, Ертегілер, Батырлар жыры туралы деп топтарға бөліп шығарған ғалым С.Дәуітов Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімінің ел ішінде аңызға айналауына ақындығы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры болғандығы да себеп болса керек — дейді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев халық ауыз әдебиетінен нәр алып, шығармашылық еңбегіне арқау еткен. Абай энциклопедиясында Абайдың баласы Тұрағұл әкесінің халық ауыз әдебиетіне деген сүйіспеншілігі жайлы былай деген: Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, иә өзі айтып отырғыш әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда бұрын есітпеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң айтушының адасқаны болса айтып береді. Қазақ ертегісінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар, қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені, қаракеті не екенін, елдің арманы, білімнің қандайлық кезінде шығарғандығы көрінеді деуші еді. Абайдың мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің мән-мағынасын асқан шеберлікпен көрсете білгендігін Қара сөздерінен көруге болады. Ол өзінің Жиырма тоғызыншы сөзінде: Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар, — дей келіп, Жарлы болсаң, арлы болма дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Қалауын тапса, қар жанады, Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой. Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Осындай білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек, — деп ескертеді. Бұл қағида бүгін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өйткені бастауыш сынып оқушыларына ұсынатын мақалдарды іріктеудің бір критерийі етіп, Абай тұжырымын алуымыз қажет деп есептейміз [12].
Халық ауыз әдебиетінде адам баласының дүниеге келуінен бастап, қартайғанға дейінгі өмірі, тұрмысында кездескен, басынан өткерген жағдайларының суреттелуін терең сезіммен ұғынған Абай: Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең, — деп парасатты ой түйіндеген.
Қазақ халық ауыз әдебиетін мәдени мұра ретінде игеру және оның тарихын зерттеу мәселесіне әдебиетші-форльклористер М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Б.Адамбаев, С.Садырбаев, Б.Уақатов, С.Қасқабасов және т.б. үлес қосты.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған халық ауыз әдебиетінің дүниетанымды кеңейту, ақыл-ойды өсіру, тіл дамыту, тәлім-тәрбие беру жолында қашан да таптырмас әрі өміршең құрал болғандығы сан ғасырлар бойы дәлелденіп келеді.
Фольклорист ғалым М.Ғабдуллин өз еңбектерінде ауыз әдебиеті туралы ғылыми тұрғыда түсініктер беріп, ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен айырмашылықтарын, қазақ ауыз әдебиетінің зерттелу жайын қарастырды. Сондай-ақ, тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар, төрт түлік мал жайындағы шығармалар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, аңыз әңгімелер, батырлар жырына кеңінен тоқталып, олардың тақырыбы, түрлері, өзіне тән ерекшеліктері туралы Қазақ халқының ауыз әдебиеті, Қазақ фольклористикасы атты еңбектерінде зерделеді.
Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің балаға тигізер әсерін, үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесін ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырған бірден-бір зерттеуші ғалымның бірі — Ш.Ахметов. Ол қазақ халық ауыз әдебиетінің мән-мағынасын ашып, әрбір жанрға жеке-жеке тоқтала отырып, әрқайсысына анықтама беріп, өзіндік ерекшеліктерін сипаттап, баланың ақыл-ойын, қиялын, танымын, тілін дамытуда атқаратын қызметін дәлелді түрде көрсетіп берді.
Ш.Ахметов Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі атты еңбегінде: Балалар әдебиетінің негізі ауыз әдебиетінде. Сондықтан балалар әдебиетін зерттегенде, халық ауыз әдебиетін аттап өтуге болмайды. Өйткені халық ауыз әдебиеті — балалар әдебиетінің алтын қоры, алтын бесігі, — деп айтқан. Ғалым балалар фольклорын мынадай кезеңдерге бөліп, түсіндірген: Балалар фольклорындағы бірінші сатысы және ең бастысы бесік жырымен ашылады; балалар фольклорының екінші сатысы Тұсау кесу жырымен басталады; үшінші кезеңі балдырғандарды айналадағы өмірмен, жәндіктер тіршілігімен жөне өздеріне ең жақын мал шаруашылығымен таныстыруға бағытталады; төртінші кезеңі балдырғандарды енді жыл мезгілдерімен, соған байланысты өзін қоршаған ортамен таныстыруға бет бұрады; бесінші кезеңінде ойын-сауық көркіне байланыстыра отырып, балаларды дұрыс та анық сөйлеуге жаттықтыру үшін жаңылтпашты қолданады; алтыншы кезеңінде балалардың ақыл-ойын дамыту үшін жұмбақ жанрын пайдаланады.
Ш.Ахметов үлкендер тарапынан балалардың дүниетанымын қалыптастыру, тіршілік қалпын таныстыру, тәлім-тәрбие беру, ақыл-ойын өсіру, тілін ұстарту Ана сүті — бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді — деген халық қағидасына сүйене отырып, кезеңдерге бөлген. Осы еңбекте халық өлеңдері, жаңылтпаш, өтірік өлеңдер, мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілердің маңызы туралы жазған. Ғалым Қазақ балалар әдебиеті атты еңбегінде балалар ауыз әдебиетіндегі эстетикалық идеалға, оның ішінде бесік жыры, тұсау кесу жырындағы эстетикаға айырықша тоқталған. Сонымен қатар төрт түлік мал туралы өлеңдердегі халық даналығын, жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілердің тәрбиелік мәнін ашып берген [13].
Халықтық мұраларды жинап, зерттеуші ғалым Б.Адамбаев Ауыз әдебиеті — халық оқулығы — деп айтқан. Ғалым қазақ мақал-мәтелдері мен шешендік өнерінің қалыптасып, дамуына арналған еңбегінде Ауыз әдебиетінде мақал-мәтелдің араласпайтын жанры жоқ. Ертегі, аңыз, әңгіме, дастан-жыр, халық өлеңдерінде, тіпті жұмбақтар мен тақпақтарда да сөзді әрлеу үшін мақал-мәтелдер дәлел, айшық ретінде қолданылады, — деген. Ғалымның осы айтқаны ауыз әдебиеті үлгілерін кешенді түрде ұсынуға болатынын дәлелдей түседі.
Педагог-ғалым Ә.Табылдиев Қазақ халық педагогикасы және тәрбие, Халық тағылымы, Қазақ этнопедагогикасы атты еңбектерінде халықтық шығармаларға ғылыми түсініктер бере отырып, оны оқу-тәрбие ісінде пайдалануды қарастырған. Онда бесік жыры, тұсау кесу жыры, жаңылтпаш, санамақ, жұмбақ, мақал-мәтел, балалар жыры, шешендік сөз, тұрмыс-салт жырлары, батырлық жырлар туралы түсінік беріп, тұжырымдар жасап, тәрбиелік мәнін ашып көрсете отырып, оларды пайдалануға әдістемелік нұсқаулар ұсынған.
Ғалым: Ең әуелі ата-аналар мен семья ересектері мектеппен тығыз байланыс жасай отырып, үй ішінде халықтық педагогиканы дамытып, баланың өзіне батырлар жырын оқытып, пікірлесіп, аңыз әңгімелерден үзінділер айтқызып, жаңылтпаштар айтысып, ой-өрісін кеңейтіп, тілін ширатып, жұмбақ айтысып, жұмбақты көп айта алғанға ұпай жинатып, не сыйлық ұсынып, санамақтар айтып, оны шешуден мүдірмеген баланы мадақтап, мақал-мәтел жаттаудан озған балаға құрмет көрсетіп, шешендік сөздерді жаттатып, ұлттық дәстүрлерді талап ете білу керек, — дейді.
С.Қалиев өзінің Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі атты еңбегінде ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тәрбие бастауларын ашып көрсеткен. Ғалым халықтың ғасырлар бойғы бай қазынасы ауыз әдебиетінің үлгілері: өлең-жыр, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, афоризм сөздер, ән-күй, би музыкасы, зергерлік қолөнері, ұлттық ойын түрлері т.б. өнер атаулының бәрін ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы етіп пайдаланғанын айта келе, халық педагогикасындағы тәрбие түрлері: тән және тазалық тәрбиесі, еңбек пен өнер тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, имандылық пен адамгершілік тәрбиесі тұрғысында ауыз әдебиетінде көрініс тапқан тәрбие негіздеріне талдау жасаған.
Сонымен, қазақ халық ауыз әдебиетінің мәселелерін әр қырынан қарастырған ғылыми еңбектерге талдау жасай келгенде, бұл саладағы мәдени асыл мұраларымыздың ертеден-ақ отандық та, шетелдік те ғалымдардың назарына ілінгендігі байқалады. Ал алғашқы кезеңдегі зерттеулерде халық ауыз әдебиеті туралы тұжырымдар жинау, құрастыру, сипаттау бағытында болса, кейініректе олардың халық өміріндегі орны, тәрбие жүйесіндегі маңызы сөз болғанын көреміз. Кеңестік кезең саясаты тұсында да фольклортанушы ғалымдардың бұл жанрды тереңдей зерделуі жалғасын тауып отырған. Сондай-ақ олар қолда бар қазыналы мұралардың жанрлық, тағылымдық, тілдік мәселелерін жіктеп айтуға ұмтылған [14].
1.2 Халық ауыз әдебиеті арқылы баланың сөйлеуін дамытудың педагогикалық-психологиялық мәні
Мектепке дейінгі балалардың сөйлеуін дамыту мәселесі ең негізгі талаптардың бірінен саналады. Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық қызмет атқарары сөзсіз. Айнала қоршаған ортаның қыр-сырын, сын-сипатын танытып, таным әрекеттерін, яғни қиялын, ойлауын, еске сақтауын, тілін дамытады. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті барлық мүмкіндіктер ауыз әдебиеті үлгілерінен табылады. Сол арқылы бала халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшырататынына көз жеткізеді.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, — дей отырып, басым міндеттерінің бірі ретінде жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту, — деп көрсеткен.
Ата-бабамыздың ұрпағына мұра еткен бар асылының қаншама ғасырлар бойы өшпей, жалғасып келе жатқаны — тіл құдіреті мен танымының тереңдігінің көрінісі. Адам баласының өз тіршілігінде көрген-білгенінен, тоқып-түйгенін ойлап-толғап, қорытып, келешек ұрпағына мирас етіп қалдыратыны — табиғи заңдылық. Мұндай дүниелер әр түрлі жолдармен де берілетіні белгілі. Соның бірі — ата-бабамыздан қалған мәдени мұра — халықтың ауыз әдебиеті. Әрбір халықтың ұрпағы өзінің ауыз әдебиетінің мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алады. Халықтық шығармалар заман талабына сай жаңарып, толығып отыратын бірден-бір жасампаз мұра [15].
Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді. Тұңғыш рет ана тілінде оқулық жасаған көрнекті педагог Ыбырай Алтынсарин алғашқы оқулығы — Қазақ хрестоматиясына балаларға жақын, өмірден таныс әңгімелерді енгізді. Ы.Алтынсариннің көздеген мақсаты баланы адамгершілікке, бауырмалдылыққа, еңбексүйгіштікке, әсемділікке тәрбиелеу болды. Ы.Алтынсарин оқулыққа өзі жазған әңгімелері мен аудармаларды, мысалдарды енгізумен қатар қазақ халық ауыз әдебиеті шығармаларына айырықшы мән берген. Қобыланды батыр жырынан үзінді және Қара батыр ертегісін, Жиренше шешен туралы әңгімелерін, мақал-мәтелдерді ұсынуы педагог-ағартушының білімпаздығын көрсетеді. Ы.Алтынсариннің еңбегіне балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш.Ахметов былайша баға берген: Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы бастырып шығарған Киргизская хрестоматия деген кітабына Қобыланды батыр жырынан Тайбурылдың шабысы туралы үзіндіні тектен-тек енгізбеген. Бұл Қобыланды батыр жырының баспа бетінде бірінші рет көрінуі еді. Бұдан ұлы ағартушының көшпелі қазақ ауылы баласының ұғымына жеңіл тиетін, кәсібіне, мал шаруашылығына байланысы бар, өздеріне таныс жайларға көңіл бөлгендігі байқалады. Бұл пікір Ы.Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің атасы деген ойдың орындылығын бекіте түседі.
Ахмет Байтұрсынов — бастауыш мектепте оқыту мен қазақша сауат ашу мәселесін көтерген ірі ғалым. Әдістеме мәселелері бойынша Баяншы (Қазан, 1920 ж.); Тіл жұмсар (Қызылорда, 1928 ж.), Қай әдіс жақсы (Мақала. Жаңа мектеп, 1927 ж., N11-12) және т.б. құнды еңбектер жазды.
Педагог-ғалым А.Байтұрсынов қазақ халық ауыз әдебиетінің оқыту процесіндегі құндылығын жоғары бағалағандығын Қырық мысал, Ер сайын, 23 жоқтау, Әдебиет танытқыш деп аталатын еңбектерінен білуге болады. Әдебиет танытқыш (1926 ж.) атты еңбегінде қазақ ауыз әдебиетін жұмсалатын орнына қарай екі салаға бөліп, оларды төмендегіше сипаттап берген: 1) Сауықтама 2) Сарындама 3) Сауықтама саласына барша сауық үшін айтылатын сөздерді жатқызса, сарындама саласына жұрттағы келе жатқан салт сарынымен айтылатын сөздер кіреді деген. Сауықтама іштей ермектеме, зауықтама тарауларынан тұрады. Ермектеме (ермек сөз) деп ермек үшін сөйлейтін сөздер айтылады. Мәселен: ертегі, ертегі-сымақ, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш сияқты сөздер.
Сондай-ақ, осы еңбекте халық ауыз әдебиеті үлгілері ертегі, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал, мәтел, жарапазан, баталарға арнайы тоқталып, олардың ерекшелігі, мән-мағынасы туралы түсінік беріп өтеді. Ғалымның ауыз әдебиеті үлгілерінің әрқайсысына берген анықтамалары мен олардың тәрбиелік сипаты жөніндегі тұжырымдары халықтық шығармаларды оқытудың педагогикалық негіздерін айқындаудың бастамасы деп санауға болады. Өйткені ол өзінің Оқу құралында (1912 ж.) Жаңылтпаш, Жұмбақ, Мақалдар, Өтірік өлеңдер деп осы еңбектерді жеке-жеке тақырып ретінде ұсынған. Ал, Әліп-би (1928 ж.) оқулығында жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдерді әрбір тақырыптың мазмұнына сай енгізіп, олармен жұмыс жүргізуге әр түрлі тапсырмалар берген.
Қазақтың психолог-ғалымдары М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов және т.б. қазақ халық ауыз әдебиетінің мән-маңызын педагогикалық-психологиялық тұрғысынан қарастырған [15].
Қазақтың зиялы азаматы Мағжан Жұмабаев Педагогика атты еңбегінде қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың психологиясына тигізер әсер-ықпалына терең мән береді. Қазақтың бесік жырының баланың есту сезіміне, ертегілердің ақыл-ойына, мінез-құлқына, тілін, қиялын дамытуға тигізетін әсерін дәйектеп көрсеткен. Мысалы ертегінің бала дамуындағы маңызы туралы былай дейді: Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей, Егер сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Ғалымның бұл педагогикалық түйіндеулері оның бастауыш мектептегі баланың психологиялық ерекшеліктерін дәл анықтай алғанын дәлелдейді. Себебі бұл жастағы балалар білуге құштарлығымен, әсершілдігімен ерекшеленеді. Сондықтан оларды сендіре отырып оқытудың жолдарын табу ұтымды болатыны ескерілген. Екінші жағынан, бастауыш мектеп баласы тез жалыққыш. Педагог-ғалым олардың бұл ерекшелігін де ескереді. Оларды жетелеп отыруда шағын жанрларды араластыра қолданудың тиімділігіне баса назар аударады.
Жүсіпбек Аймауытұлы да Психология атты еңбегінде қиялды дамытудағы ауыз әдебиеті шығармаларының маңыздылығына басым көңіл аударған. Ол қиялдың құрастыру қызметі туралы: …ойдағы нәрселерді құрастырамыз. Әрі адам, әрі кісі жандықтар туғызамыз. Сөйлеуші жануар, алтын балық, алтын алма, сүт өзен, кәусар көл, аққу-пері қызы, жалғыз көзді жалмауыз, жалғыз аяқ сұмырай, тажал жасаймыз. Мұндай құрастыру көбінесе ертегіде, дін кітаптарында ұшырайды, — деген.
Психолог Қ.Жарықбаев Қазақ психологиясының тарихы еңбегінде Мақал-мәтелдерде қай халықтың болмасын ішкі психологиялық түсінігі болады, оларда қазіргі жалпы психологиялық жас ерекшелік, медицина, музыка, спорт, қоғамдық психология деректерімен астарлас нақты іс-тәжірибеге негізделген қызықты идеялар топтасқаны хақ… — дей келе, мақал-мәтелдерді психологиялық тақырыптарға топтастырып көрсеткен.
Сондай-ақ, ғалым Психология атты еңбегінде жаңылтпаштардың балалардың сөйлеуінің дамуы және оны тәрбиелеуге тигізетін пайдасы туралы былай дейді: Бала тілінің кемістігін түзетудің жолдары, тіпті, фольклорда да мол. Соның бірі — жаңылтпаштар. Мұны тілдің қайрағы деу өте орынды. Мәселен р, қ дыбыстарын дұрыс айта алмайтын бірінші класс оқушыларын Ай, Тайқарбай, малыңды ақ шағылға жай, Тайқарбай, Ай, Тайқарбай дегенім, қай Тайқарбай деген сөйлемдегі Тайқарбай сөзін жылдам айтқызып үйретсе, (егер бала қате айтатын болса, бірнеше рет қайталаттырса), бұрынғысынан гөрі анық сөйлеуге машықтанатын болады, сайып келгенде, баланың сөздік қорын қорландыруға да себін тигізеді. Баланың дұрыс сөйлеу дағдыларын дамытуда ғалымның бұл ойлары ескеріліп отырды.
Психолог Ә.Алдамұратов оқыту процесінде сөйлеудің дамуына қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тигізетін әсері жөнінде: Қазақ этносы баланың тілін дамытуға айырықша мән беріп, оны бесік жырымен сусындатқан, бала кезіне-ақ оған қысқа-қысқа өлең-жыр, жұмбақ пен тақпақ, жаңылтпаш пен ән үйретіп, оның ақыл-ойын, пайымын, сөйлеу мәнерін өрістетуге тырысқан, — деп айтқаны жоғарыдағы психолог-ғалымдардың ойларымен үндесіп жатыр [16].
Ғалымдар Қ.Жарықбаев, С.Қалиевтың авторлық бірлестікте жазған Қазақ тәлім-тәрбиесі деп аталатын еңбектерінде халық ауыз әдебиетінің тәрбие саласындағы маңызын ғылыми тұрғыдан сипаттай келе, халықтық шығармалардың тәрбие негіздерін дамытудағы мәнін төмендегідей ашып көрсеткен: …мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда — ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика — тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы.
Қазіргі кезде біздік қоғамымыздың ілгерілеу процесіндегі адам факторын және оны жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту жағдайында адамгершілік тәрбиесінің мәні мен оның проблемалары күрделендіріп отырады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан халқының дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі екендігін адам құқығы мен бостандығын танитындығы, демократиялық қоғам мен құқықты мемлекет құруға бекем бел байлағандығын азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ететіндігі көрсетілген.
Қоғамның тарихи даму тәжірибесінің проблемалары үнемі жаңа адам тәрбиелеу міндеттерімен байланысты болып келгенін дәлелдейді. Соның ішінде философия ғылымы адамгершілік тәрбиесін ең негізгі проблема деп қарастырды. Ал, жалпы педагогика мен психология адамгершілік тәрбиесі теориясын жеке адам және қоғам туралы ғылымдардан бөліп қарамайды, оның ажырамас бөлігі деп есептейді. Ол әр уақытта да философия, социология, психология мен физиологияның табыстарына сүйенеді.
Ғылыми диалектиканың дүниетанымы ілімі адамгершілік теориясы мен практикасының методологиялық негізі болып есептелінеді. Дүниені ғылыми танып білу табиғаттың біртұтастығы, табиғат пен қоғам құбылыстарының өзара байланысы және олардың даму заңдарының бір-бірімен сабақтастығын ғылымаралық байланыс білдіреді.
Халық педагогиканың әр түрлі жақтарын сөз еткенімізде, алдымен дене тәрбиесін бірінші орынға қоюдың өзіндік себеп, дәлелдері бар. Өйткені адам баласы алғаш дүниеге келген … жалғасы
Дереккөз: https://stud.kz